Сөз – мінез
07.04.2017
1809
0

Ақ қағазға көк сияны жеделдете желдіріп, сөз сиқырын мінсіз меңгергеніңмен көп ортаға шыққанда ойыңа есі дұрыс екі ауыз жолды түсіре алмай әлек болатының бар. Мұндайда түнді таңға жалғап қағаз шимайлағаның да, қазіргі дәуір мен Сократтан тартып, сонау антикалық ойшылдардың ой тұңғиығына бойлағаның да бекер болып қалатындай. Өйткені, қай кезде де халық мінберде көсіле сөйлеген шешенді (егер ол шындықты айтса) жандарына жақын санаған. Сырлы әуенге құлақ құрышыңды қандырып, көкейдегі күйіңді күмбірлете тартқанын өз құлағыңмен еститін сәт кімге ұнамасын? Мұндай кезде іштегі мұң мен сырың сөйлеп тұрған сол сөзгердің көмейінде жанданып, толғағы жеткен тоқсан ауыз жолмен сыртқа шығып жатады. Қиқардың өзін қалыпқа салатын қасиетті сөз болса, оны айта білу де өнер екен. Өнер болғанда да екі сөздің басын құрап жеткізу емес, көкейден шыққан тыңғылықты ойыңды жиналған көптің жүрек сүзгісінен өткізу. Сөйлеудің ар жағында жауапкершілік деп аталатын жүгі ауыр міндеттің тұрғаны да осыдан көрінсе керек.

Дүниеге қамшы ұстар келсе «халықтың сөзін сөйлер азамат бол­сын!» деп тілек айтатын қазақ ежел­ден әрбір ойының астарына бір сыр бүгіп қалдырғандай. Сырт көз­ге бірін-бірі оңай мойындай қой­майтын қазақтың топ ішінде сө­зімен оқшауланған тілуарды көр­­генде соншалық қошеметпен қол­паштай жөнелетініне таң­да­на­сың да, соңынан мұның бәрі сөз құ­діретінің жемісі екен ғой деген ой­ға тоқтайсың. Әйтсе де «әр қазақ сөз­дің қадірін білген» деген тәм­сіл­дің бар екеніне қарамастан, хал­қы­мыз не себептен айналасында жүргендердің бәрін сөз­гер атай бермегенінің сырын ұқ­қың келеді. Бұқар жырау мең­зе­ген «шешімін таппас даулардың» шығуына да себепші шаршы топта сөй­леген «шешеннің» орамсыз ой­лары екенін аңғарасың. Көп ал­дын­да қанша көсілгеніңмен бойыңа халықтық мінез дарымаса ел атынан сөз айтамын деу босқа әу­реленгенмен бірдей болып кө­рі­не­ді. Халықтық жадының адам сен­­гісіз кереметінің көрінісі болар, әде­биеттің өзін ғасырлар бойы ауыз­дан ауызға өткізіп, қазіргі кү­н­імізге жеткізген ділмарларды ес­тіп, дәріптеуге келгенде сөз таппай қи­наласың. Қара сөздің қасиетін та­ныған ауыл ақсақалдарының өзі әлі күнге Жамбыл мен Нартайдың жыр­ларын жатқа соғып отыратыны бар емес пе! Бойыңа ананың ақ сү­тімен дарыған өнерің, әкенің қа­бағынан аңғарып, жүрегіңе сіңір­ген мінезің болмаса мінберге шы­ғып даңғаза ойларды айтқаннан да ешбір абырой таппасың анық. Ел алдына шығып сөз айтудың өзі үлкен өнер екендігі өз алдына, мі­нез­ге де тәуелді көрінеді. «Екінің бі­­рі ақын» десек те, халық жадында тек санаулы тұлғаларды сақтап қа­лыпты. Олардың артықшылығы не­де екен деп санаңа сілку салар сан түрлі сауалдарға жауап іздеп ке­тесің.
Халық өз ішіндегі дертін дәл тауып басып, оны жан тебірентер жы­рымен ортаға салғанды – ақын, ал қызыл тілмен жеткізе білген кі­сісін – шешен дейді. Сөз қадірін түсі­нер басшыны төбесіне көтеріп, ме­рейін өсіретіні тағы бар. Әуелі көп­тің көкейіндегі ойды түйсі­гіңмен тоқып алып, оны көмейге келгенде көркемдеп жеткізе алма­саң жұрт атынан сөйлеуге хақың жоқтай кө­рінеді. Ахмет Байтұр­сыновша айт­сақ, «бір нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп» жет­кізе білудің өзі үлкен өнер екен­дігі. Қазақ қара сөзден қаймақ сүз­ген хас таланты­ның бағасын жақ­сы білген. Содан болар, «ха­лық­тық ақын», «халық­тық жазушы» де­ген тәмсілдер әде­бие­тімізбен бір­ге жасасып келеді. Халық кімді сүйе­ді, кімге сенеді, кімді үлгі тұ­та­ды деген сауал ерте­ден-ақ қалам ұстар әрбір адамды толғандырған бол­са керек. Сөз дарыған шешенді көр­генде халқы да баласы көкпар шапса үй­де отырып тақымын қысатын анаға ұқсап дүл­дүліне қарап «апыр-ау, айта біл­се екен» деп оты­ра­ды. Айта білудің астарында ел­дің естігісі келген мұңы жасырынып жатқан­дай. Ақиқатында са­харада шөлір­кеп қалған жо­лау­шының бір шөл­мек суды дә­ме­теті­ніндей, ділмардан да халық мау­қын басар нәрлі сөз күтеді. Мейлі сөз бастаған шешен, ел басқарған көсем, не болмаса тілдің көркін кір­гізетін ақын-жа­зу­шы болсын, одан халықтың күте­тіні – шындық. Топ ішінде дараланған біреу шын­дықты айтып тұрса, шыбық тисе де шыңқ етпестеріңнің өзі делебесі қозып, қолпаштай жөнелмей ме?
Көп алдына шығып сөйлеу қан­дай қиын болса, сол топтың іш­кі әлемінде жасырынып жатқан дерт­тің тамырын дәл тауып басу, сон­да тұрған әрбір адамның жүре­гіне қозғау салу да оңай болмасы анық. Аудиторияда дәріс оқып тұр­ған дәріскер сондағы жиырма сту­дентке осылай әсер ете алса, уақыт өте келе ол сүйікті ұстазға айналады. Құрметтеу де осыдан келіп туатындай. Адам жанына әсер ету арқылы мойындату әу бастан-ақ Құ­дайдан берілген қасиеттің та­лант­тың ерік-жігерімен ұштасуы бол­са керек. Құлагердің топ жүй­ріктен оза шабуы, қыран құстың үнемі қиядан көрінуі, тумысынан тұлғасына тектілік дарыған ақтаң­гер­дің әсірелеуден алшақ жүрері де кез­дейсоқтық еместей.
Бір сәтке көз алдымызға сансыз халық жиналған үлкен сахнаны елестетіп көрелікші. Мінберге ақын көтерілді. Сілтідей тынған тыныштықтан кейін шабыттың үні естіле бастады. Үйлесімге құрылған ғажайып картинаны көруге келгендердің жүзінен не өкініштің, не бір күмәннің табы байқалмайды. Бәрінің көзінде баяғыда ұмыт қалған сағыныш деп аталатын сыр жасырынған. Ақын көмейіне сыймай сыртқа ұмтыла шашыраған әрбір өлең жолдары бейнебір жиналған көпшіліктің көкейіне құйылып жатқандай. Құмға сіңген судай емес, өзенге құйған бұлақтай мөлдір. Сіздіңше, бұл мінберге шық­қан ақынды халқының ол тек ақын болғандығы үшін ғана ұйып тыңдауының көрінісі ме? Көпті сөзіңе іңкәр ету үшін өлең, не монолог жазып қана шек­телу аздық ететіндей. Жазған дүниең тау суындай тұнық болғаны өз алдына, сол толғамыңды көпке жет­кізу үшін іштегі бұрқасын да­уыл­ды сыртқа, мыңдаған тыңдар­ма­ның сағына жиналған сахнаға да алып шығуың талап етіледі. «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» де­мей ме Абай. Өлеңді жаза білумен қа­тар, өзің оқи білу де өнердің ішін­дегі ұлығы. Тағы да бір сәтке қия­лы­мыз­дың көкжиегіне көтеріліп көрелікші.
Ұлылыққа ұмтылған тәкаппар тір­шіліктің шерлі құпиясын тар­қат­қан кім бар? Қаумалай қоршаған қарақұрым көпшіліктің толассыз шапалақ соғуына масаттанғандай оң қолын алдаспанша жоғары сермеген ақын өз өлеңін оқып тұр. Бір мезетте миллион адамның жүрек қы­лын үзіп түскендей болды. Жи­налғандардың бірінің көзінде жас, ал енді бірі өлеңмен өрілген шек­сіздікке қайта-қайта қарай бергісі келеді. Ақын жырларымен бұрын таныс болмағандар жанындағы сері­гін түрткілеп, ым-ишарамен «Бұл кім?» деп сұрауда. Тұла бойды шы­мырлатар сырлы әуенге елітіп тұр­ған тыңдаушы «Евтушенконы біл­мейсің бе?» дегендей, сұрақ қой­ған серігіне таңырқай қарайды.
Бұл көрініс Евгений Евту­шен­коның Аугусто Пиночета режимі құлағаннан кейін Чилидің ең жо­ғарғы үкіметтік марапатын иеле­ніп, Ла-Монедадағы президент са­райы балконынан мыңдаған адам­ның алдында «Сантьягодағы кө­гершін» поэмасын оқып тұрған сәті. Оның бұл поэмасы Чилидегі төң­керіс пен президент Сальвадор Альенде қазасынан кейін туған еді. «Менің ең жақсы көретін дүнием – «Сантьягодағы көгершін». Ол мың­ға жуық адамды өз-өзіне қол жұм­саудан алып қалды және бұл көр­сеткіш келген хаттардан оқып біл­ген мәліметтерімнің бір сарасы ға­на» дейді Евтушенко. Жақында ға­на оқырмандарын тастап, мәң­гілік мекенге аттанған орыстың ұлы ақынының жырлары оның өз мінезіндей адуынды еді. Бұл көрі­ніс ақын сахнаға көтерілгенде қы­­лаң беретін. Айтпағымыз – ақын­­ның да арасында көкіректегі лау­ла­ған жалынды сыртқа шебер­лікпен шығара білетіні, айта алатыны болады деген ой ғана. Ал сол ше­берліктің астарында таланттан бұ­рын қалыпқа сыймас мінез жасырынып жатқандай көрінеді.
Халықтың ыңғайына қарап, бұрынғы бабалар философиясын мең­герген тұлғаның мерейі басқа елді былай қойғанда, өз елімізде қа­шан да құрметті екенін көреміз. Сөй­лей білуді өнер деп атасақ, әрі қа­рай тереңдеп барғанда оның үл­кен ілім екендігін де аңғаруға бола­ды. Бұл ілімді грекше «риторика» деп атап, оған ағылшын ойшылы Фрэнсис Бэкон: «Риториканың мақ­саты – өз ниетін табысты жү­зе­ге асыру үшін ақылын қиялға қа­рай бағыттау. Әрине, «өз ниетін та­бысты жүзеге асыруды» «қоғамға әсер ету» деп те айтуға болады» де­ген анықтама береді. Сонда Бэкон айтқан «өз ниетін табысты жүзеге асыру» дегенге мән берсек, халық алдына шыққан әр адамның ішкі өз мақсаты болатынын және ол адам сол мақсатына қарай бағдар ала­тынын білу қиын емес. Сөйлер сөз­ге келгенде қиып түсер қылыш­тай қайсар мінезімен көзге түскен Қазыбек би он төрт жасында-ақ шешендігінің арқасында жоңғар ха­нына қарата «…Дұшпан басын­ба­ған елміз, басымыздан сөз асыр­ма­ған елміз» деп сөз семсерін жұм­са­ған күннен бастап Қаз ­дауысты Қазыбек атанды емес пе? Тұлым­шағы желбіреген баладан бастап, бойына «тура биде ту­ған жоқ, туғанды биде иман жоқ» де­ген қа­ғи­даны сіңіріп, әділет­тілік­ті аңса­ған, шымбайына батса шын­дықты айтатын арлан мінезді құп­таған да қазақ. Тұлғасына сөз д­арыған кісіден қай кезде де ұлттық дәстүр мен халықтық мінез кү­теті­нің де осыдан болар. Мұн­дайда «Жам­был – менің жай атым, Халық – менің шын атым» деп жырлаған жыр алыбы ойымызға оралады. Ха­лық­тық мінез демекші, әр адам­ның өзіндік мінезі болатынындай ұлт­та да мінез болады екен. Әйтпесе «жыл­қы мінезді қазақ» деген сөз­дер айтылар ма еді? Сөз өнерін ба­ғалаған қазақтың сонау көшпен­ді­лік кезеңінен бастап ақын-жы­рау­ларды ерекше қадір тұтуы­ның себебін іздегенде, олардың ха­лық­тық дәстүрдің темірқазығы екен­ді­гін ұғып, сауалыңа жауап тап­қан­­дай боласың. Жүйелі сөздің ре­ті осындай болады екен ғой деп қа­зақтың қанына сіңген бия­зы­лығын көнбістікке балағандар ха­­лықтың атынан сөйлеуге өзін құ­қылымыз деп санап, тірілерді бы­­лай қойғанда, сүйегі асыл Абай мен Жамбылды тілдейді келіп! Өл­геннің артынан сөз айтпаған қа­зақ­тың қасиетті салты өзгергені ме? Әлде, бұл Абай айтқан бес нәр­сенің үшеуі «өтірік, өсек, мақ­тан­шақтықтың» қатар келген көрінісі ме екен. «…Мініңді ұрлап жасырып, Майданға түспей бәйге ал­ма…» де­ген Абай сөзі ойға орала береді. Әсі­лінде бұрын да ондайлар бол­ған. Бір қызығы, халық олардың еш­бірін жадында сақтап қалмапты. Осы­ған қарап халықтық жадының қа­сиетіне тағы да бір қайран қа­ласың. Бір адам не болмаса бір топ емес, қа­лың ­­бұқара халық жүрегінің тө­ріне жай­ғастырған алыптарға бо­йындай­ ғана биіктіктен қарай­тындарды кез­дестіргенде, санаңа сіңген ой­лар­дың сапырылысқан тұңғиығына қайта сүңгисің. Сүң­гисің де, «мың­мен жалғыз алысқан» Абай да, ха­лық­тық жадының бейне­бір  айнасындай Жамбыл да тұлға­сы биік­­те­ніп, өз тұғырында бекем тұр­ғанын көресің. Кейінгі тол­қын­ды былай қойғанда, тарихтың алтын тақтасына есімін қалдырған алып­тардың өзін мойын­дат­қыз­байтын адам көкірегіндегі қандай күш болды екен? Әйтсе де, Құла­гер­ге қас­тан­дық қылған Батыраштардай, шын мықтыны мойын­да­майтын­дардың болуы да заңдылық сияқ­ты көрінеді. Олар бізге әділет­тілік пен әділетсіздіктің, жақсылық пен жа­ман­дықтың, арсыздық пен адал­дықтың формуласы жоқ бол­ғанына қарамастан уақыттың өзі бел­гісіз бір дәлдікпен алыптарын ас­пандата түсетінін дәлелдеп тұр­ғандай.
Жамбылды миллион жол өлең­ді жатқа айтқан деседі. Ел ішінде қарапайым халықтың ақынға деген көзқарасын сезінгенде, оның құ­діреті халықтық әуенмен сүр­лен­ген тума талантында екен ғой деп ұғасың. Ішке сыймаған дарын өлең  өрнегімен көркемделіп сырт­қа шыққанда жарды соғып ағатын асау өзен толқындарындай арнаға сый­маса керек.
Сөз деп аталатын теңіздей те­рең­дікке бойлап кеткенде ол әлем­нің құпияларына кезігіп, ойың сан саққа жөнеледі. Сер­гел­дең­ге түсіп, санаңда буырқанып қай­наған ой орамдарына сүңги бас­тайсың. Сол ойды қағазға түсіру қан­дай қиын болса, көп алдына шы­ғып, сөз айту да сондай болып кө­рінеді. Мұның бәрі сөз деп аталатын үлкен ғимараттың ішіндегі жиһаздары ғана сияқтанады. Іштей «сөз алып, мен де сөйлеймін, мен де айта аламын» дейсің. Бірақ са­наңның төрінде жан-жағыңнан қа­далған мыңдаған көздер «сенің алдыңда да талайлар шыққан. Айт­саң, Бауыржандай тіліп айт. Айта алмайды екенсің, қасиетті сөзді қор қылма!» деп тұрғандай көрінеді. Осын­дайда халықтың мінезі, ха­лық­тың қа­лауы, халықтың арманы «Қара сөзімен» қазақты оятқан Абай­дың қаламы мен Жамбылдың қаба­ғында жасырынған екен ғой деп, ішкі рухыңды сеніммен суарып ала­сың.

Нұрлайым БАТЫР.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір