Буын алмасу кезіндегі келбет
07.04.2017
2046
0

Қоғамның жаңа бағытқа бет түзеуі ондағы тұрғындардың өзгеруіне байланысты. Алдыңғы толқын ағаның ескі көзқарасының, кейінгі толқын ініге қолайлы бола бермейтін тұсы, яки кейінгі толқын інінің пікірі алдыңғы буын ағаға жат болып көрінуі кезең-кезеңмен айналып келер заңдылық іспетті. Бұл үрдісті біртұтас образ ретінде елестетсеңіз, заманалар ағысының қалың көші көз алдыңыздан өтіп бара жатқандай әсер береді. Көштің сипаты жыл өткен сайын жаңарып, түлеп, алуан түске боялатынын сезесіз. Тек жаңарған сайын о бастағы сипатынан ажырап бара жатқаны да шын. «Ақынмын» деп қопаңдап жүргендердің бәрінен десі басым Қасым Аманжолов «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ, қараймын елесіңе мен таңырқап» деп жырлағанда қай ұрпақты ойлады екен?.. Жаңарған заманға түрлене қадам басқан әр буын, Қасым ақынның осы өлеңіндегі бақытты ұрпақ бізбіз деп айтқысы келетіндей… Мағжан сенген жастар қадам аттаған сайын қазақ ұлтының рухын асқақтатуды ұмытпаса алдыңғы толқын ағалар кейінгі толқын інінің «Бақытты ұрпақ» болғанына сүйсініп,
мейірленетіні сөзсіз.
Қазіргі жас буынның ұлттық құндылықты ұстануы мен жаңа заманға бейімделуі жөнінде біз бүгін әлеуметтанушы Серік Бейсембаевпен мәдениеттанушы Жеңісбек Төлен мырзалардың пікірін сұрадық.


Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы:

– Қоғамдағы буын алмасу үр­ді­сі қалай жүріп жатыр?
– Қоғам алға жыл­жыған сайын буын алмасу процесі жалғаса береді. Буын ал­масу процесінің біздегі бір ерек­ше­лігі – өскелең ұрпақ пен орта және аға буын арасын салыстырып қарасақ, құндылықтар тұр­ғы­сынан айтарлықтай үлкен айыр­машылық байқалмайды. Қо­ғамдағы ең басты құндылық отбасын құру, карьера жасау, жұмыс табу деп есептесек, осы құнды­лық­тар жастар үшін де бірінші орын­да тұр. Бұдан біраз уақыт бұ­рын қазіргі жастар басқа бағыт­қа бет бұрып кетті, өзге құн­ды­лық­тарды жоғары қояды, отбасы мү­шелері арасында түсініспеу бе­лең алды деген көзқарас қа­лып­­тасқан еді, ол әлі де бар. Алай­­да, әлеуметтану саласын­дағы зерт­теулер құндылықтар тұрғы­сынан аға буын мен жастар арасында үлкен айырмашылық жоқ екенін алға тартады. Қазіргі 16-18 жастағы буынның ерек­шелігі – телефон, интернет, әлеуметтік же­лі олар үшін ма­ңызды ком­па­нент­ке айналды. Олар жаңа өмір­ге әбден бейім­делген, ақпаратты өз­геше формада ұсынады. Өмір сүру салты басқаша болғанмен от­басылық құндылық, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мызғымаған. Мұны тек біздің халыққа тән ерекшелік деуге болмайды, жастарға қа­тыс­ты зерттеулерде ресейлік әлеу­мет­танушылар да осыны бай­қаған.
– Қоғамның өзгеруіне жаңа буын қаншалықты ықпал ете алады?
– Буын алмасумен қоғам си­патының өзгеретіні анық. Қазіргі ұрпақ жаңашылдыққа әл­деқайда жақын. 10 жыл өткен соң қазіргі 12 мен 20 жас ара­лы­ғын­дағы балалар қоғамға тіке­лей араласа бастайды, сол кезде ғана олардың қоғамға  ық­па­лы туралы нақ­ты айтуға болады. Ме­нің ойымша, олар өзде­рінен бұрын­ғы буынның өкіл­деріне қарағанда әлдеқайда ашық-жар­қын болады. Әлемдік мәдениет тануға құштар. Ал­дың­ғы толқын ұлттық діл, тіл, дін­ді қалай сақтап қаламыз деген сұраққа көп мән беріп, оны көп талқылайды. Ал өскелең ұрпақ ­бұл мәселелерге қатты назар аудармайды. Оларды Қазақстанның өзге елдермен терезесі тең дамуы, көш­тен қал­май ілгері жылжуы анағұрлым көбірек мазалайды. Өйткені, бұл буын ақ­парат­тық тұрғыдан мүлдем бөлек кеңістікте өмір сүріп, шетелдік фильмдері арқылы тәрбиеленіп, youtube, в контакте секілді әлеу­мет­тік желілерден ақпарат алып өсіп келеді. Олардың өзге адаммен қарым-қатынас жасау, байланыс орнату тәсілдері бөлек.
Әрине, ол қоғамның саяси, мә­дени, экономикалық өміріне әсер етеді. Менің ойымша, ендігі жерде саяси шешімдер, саяси жүйе, осы ұрпақтың ыңғайына қа­рай өзгеуі керек. Оларды бұрын­ғыдай тек теледидар арқы­лы бір идеологияға бағындырып, сол жүйе бойынша жүргізу мүм­кін емес. Жаңашылдыққа қарай бұрылу саяси, мәдени өмірде жаңа технологиялардың ролін ес­керу барлық сала бойынша іске асып, жалғаса беруі керек. Жаңа­шылдықты енгізбей тек ескі сүр­леуге жүгіну буындар арасында қарама-қайшылық тудырады.


Жеңісбек ТӨЛЕН,
Сүлеймен Демирел университеті Әлеуметтік ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы, PhD
– 2013 жылы диссертациялық жұмыс барысында жастардың қандай құндылықтарды ұстанатынын білу үшін әлеуметтік сауалнама жүргізген болатынбыз. Сол зерттеудің нәтижесі бойынша көп жағдайда жастар ұстанатын құндылықтар, оның ішінде ұлттық құндылықтар нақты айқындалмаған. Зерттеу барысында оған көптеген факторлар ықпал ететініне көз жеткіздік. Біріншіден, Қазақстан ресми түрде өз тәуелсіздігін алғанымен, елде саяси және мәдени тұрғыдан әлі де болса Кеңес үкіметі идеологиясының сарқыншақтары бар. Ол ұлттық құндылықтардың дамуына белгілі бір деңгейде өз кедергісін келтіруде. Екіншіден, мемлекет жүргізіп отырған идеологияда ұлттық идеологияға басымдық берілмеген. Ұлттық идеологияның әлсіздігі осы мемлекетте өмір сүріп отырған жастардың ұлттық құндылықтарының айқын болмауына тікелей әсер етіп отыр. Үшіншіден, әлемдік глобалды үрдіске айналған жаһандану процесінің ықпалы. Жаһандану еліміздегі өскелең ұрпақтың әр түрлі мәдениеттің ықпалында кетуіне әсер етіп отыр. Батыстық жаһандану процесі жастарды субмәдениеттерге жұтылуға әкеліп отыр. Сонымен қоса, дәстүрлі отбасы институтының орнын азаматтық отбасы (азаматтық неке) басуда, ал шығыстық, оның ішінде араб елдерінің ықпалы жастардың әр түрлі діни ұйымдардың өкіліне айналып, соның салдарынан Сириядағы жиһадшылар қатарынан бір-ақ шығуда. Біздегі кейбір жастардың санасы әлемдегі түрлі діни ұйымдардың уағызына шарпылғанын жоққа шығара алмаймыз. Есігін әлемге айқара ашқан бүгінгі заманда түрлі мәдениеттердің шырмауында қалғандықтан, жас буын өзімізге тән ұлттық құндылықтарды нақты айқындап, берік ұстана алмай отыр. Бұл еліміздегі ұлттық құндылықтың нығаюына кері әсер етіп отырған бірден-бір фактор. Ал бұрынғы қазақ қоғамында отбасы институты берік болды. Отбасындағы ата мен әже тәрбиесі жастардың ұлттық құндылықтармен толық сусындап өсуіне тікелей мұрындық болды. Қазіргі кезде бұл институттар әлсіреп, ата-әженің тәрбиесі былай тұрсын, әке-шешенің өзі күні бойы күйбең тіршіліктің қамымен жүріп, баланың тек қаржылай сұранысын өтейтін хәлге жетті. Ал баланы рухани, мәдени жетілдіру жағы кемшін түсуде. Осы жұтаңдықты сезінген бала әр түрлі мәдениеттің ықпалында кетуге бейім. Кеңес үкіметі тұсындағы тоталитарлық режим барлық адамды бір сызықтың бойымен жүруге тәрбиеледі. Ол белгілі бір деңгейде қоғамдағы тәртіпті нығайтқанымен, қазақы ұлттық идеологияға кері әсер етті. Ол кезең жастарының көзқарасы қазіргі жастардың ұстанымымен мүлдем сәйкес келмейді. Өйткені, қатаң басқару, қатаң қадағалау бүгінгі жастарға мүлдем жат, тәуелсіз елде туған ұрпақ әлдеқайда еркін. Жастар ұстанатын құндылықтардың әр алуандығына әсер ететін тағы бір фактор – әлеуметтік желі. Интернет қазіргі жастар өмірінің негізгі бөлігіне айналды. Еуропалық зерттеуші Х.О.Гассет айтқандай, ХХІ ғасыр бұқаралық мәдениет етек жайған ғасыр болып отыр. Оны біздің қоғамның кейпінен байқау аса қиын емес. Қоғамда жастардың азаматтық ұстанымы, өзіндік талғамының орнын бұқаралық көзқарас пен ұстаным алмастыруда. Яғии қандай да бір ақпаратты сараптап, саралауда көпшіліктің көзқарасы басып кетеді. Бір пікірді әлеуметтік желі тұтынушылары мүлдем теріске шығарып даттайды немесе төбеге көтеріп асыра мақтайды. Байыппен, саралап баға беру жоқтың қасы.

Дайындаған Назым САЙМАСАЙҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір