Сөзге сөз қосылмаса – тіл қысқалық жасайды
07.04.2017
1450
0

Әдебиет – адамзаттың жетістігі һәм рухани меншігі. Ардың ісіне айналған әде­биетті қалыптастыратын да адам – талант иелері. Ал талант иесіне шығарма­шылық ой – тікелей Тәңірдің бұйрығы. Айналып келгенде адамның өзі жасаған әде­биеті өзіне қызмет етпек. Аспан астындағы кеңістіктің сұлу не сүреңсіз келбетін ақын өлеңі мен жазушы әң­гімесінен етене таныдық. Теңіздің тұнығын, айдың жарығын, күннің сәулесін, бұлақтың мөлдірлігін оқып отырған сәтте өзімізден өзге жаратылыстың бәрі көркем, әрі тылсым болып көрінеді. «Адамның кейбір кездерін» қара сөзбен көмкергенде өз хәлімізді дөп тапқандай күй кешіп жатамыз. «Бұл құбы­лысты қазіргі үздіксіз дамудың өтінде жүрген халық бойынан кездестіре аламыз ба?» деген күмәнді ой санамның қоңырауын соғып келеді. Барлық адам­дардың қоғам, табиғат, қала берді өмір хақында бейнелі (образды) ой ойлай алмауының айыбы мен обалы кімге?.. Кейінгі қаламгерлердің шығарма­ла­рында көркем ой мен бедерлі сөздің сиреп бара жатқаны тасқаланың тұрғын­дарына қаншалықты ық­па­лын тигізуде?.. Үп еткен самал желді жатырқап, жер бетіне үмітпен құлап түскен тамшы жауынға құшақ жая алмасақ, ақ басы аспанмен тілдескен тауға қарағанда арман-мақсаттарымыз ой алаңымыздан жүгіріп өтпесе, дос-жаранның «көйлегім емес, көңілім тозды», яки «құлазып отыр­­мын» сынды сөздеріне міз бақпасақ, ұйықтап жатқан теңіздің үнсіз тыныш­тығынан немесе ашу үстіндегі долы толқында­рынан әсер ала алмасақ, айтқан сөзіміздің дәмі болмаса, жапондықтардың қолынан шыққан роботтан қандай айырмашылығымыз бар?..

Ой – адам тіршілігінің бел­гі­сі, жемісі, әрі билеушісі. Ол адам­затқа ортақ емес: жеке. Әр жү­рек­те бір Ой, бір Сана. Айыр­­­ма­шы­лы­ғы: бөлек өре, алуан-алуан көз­­қарас. Ойлау – жеке адам­ды ай­наладағы барша жара­ты­лыспен та­ныстырушы, қауыш­тыру­шы жә­не өмір майданындағы жалғыз қаруы. Оның қай дәрежеде тиімді һәм қауіп­ті екендігін ешкім біліп, се­зген емес: қаншалықты пайдалы болса, соншалықты қорқы­ныш­ты.
Ой – өлшем: адамның ішкі мә­дениеті мен руханиятының те­реңдігін, яки таяздығын анық­тайды.
Ой – айна: жан дүниеңнің әр то­лқыныс, күйзелісін «жем­қор­лық­қа» бой алдырмай көрсетер жал­ғыз ақиқат.
Ой – сатқын: кейде расқа ай­налмай, өңі өзгеріп кетуі әбден мүм­кін.
Әлемдегі есімі ел есінде жат­та­лып қалған ойшылдардың жаңа­лық ашып, ақылға татырлық сөз айтып жүргені біз секілді ой­лай алатындығынан ғана емес: терең із­денісі мен талпысынан болса ке­рек. Әсіресе, көп оқитын­ды­ғы­нан. Бұл адам ойының же­тілуіне кітаптың әсері мол екен­дігінің тағы бір дәлелі. Еш­қандай дәрі-дәр­мексіз, құрал-саймансыз адам жа­нына тере­ңінен бойлап, он­да­ғы әр құбы­лысты бақылап, бай­қап, сезініп, күйін шерте алатын әде­биеттің адамзат өмі­ріндегі ро­лі басым, маңызы зор.
Адамзат игілігі жолында қыз­мет етіп жатқан сан түрлі сала­лар­­дың ішінде рухани мәде­ниет­тің өрістеуіне бірден-бір үлес қосу­шы – әдебиет. Табиғат пен тір­­­шіліктің, аң мен құстың, адам­дар мен олардың шешуі қиын мінезінің тілін табудың ас­та­рын әдебиеттен іздесең ғана та­басың. Ой мен әдебиет арасын­да­ғы шығармашылық байланыс­тың мығымдығынан болар адамдар танымында әдеби сана қа­­лыптасып, көркем сөз айтып, бей­нелі ой ойлауға дағдыланды.
Жазу деген ұлы қызмет иелері  айналаға суреткерлік көз­қарас­пен қарайды және елең ет­кен дүниесінен образ іздеуге ты­рысады. Осыдан болар, әде­биет­те біз сүріп жүрген өмірде жоқ көр­кемдік бар. Ауызекі ті­ліміздегі сөздер көркем шығар­ма­ға енгенде түр-түсі өзгеріп, ма­ғынасы әсерлене түседі. Ақын­дарша айтсақ, «хор қызына ай­нал­мақ».
«Құдай аузына сөз салған» ақын-жазушы атаулының адам өміріндегі алар бағасын ешкім бағамдап көрмепті. Айтар сөзінің өн бойына шындықтың өзгеше айшық өрнегімен қатар сурет сәулесін түсіріп, оқырманға образды сөз сыйлағысы келген ав­торлардың дүниені тануымызға сіңіріп жатқан еңбегі мақтаусыз емес. Бірақ биіктігінің өлшемі белгісіз мұнара тәрізді қазақ әдебиетінің ағысы әрқашан бір қарқында бола бермейтіні тағы бар. Ол да «түлкі шығып, тазы шалған» замандағы оқырмандар психологиясына қарай өзгеріп отырмақ. Ой табағын тот басқан, сезімсіз қалыпқа адами, саяси се­бептермен еріксіз түскен ха­лық­тың әдебиеті қандай болуы ке­рек екеніне кейде өзіміз де жауап бере алмай жатамыз.
Басқа халықтарды былай қой­ғанда, сөзуарлық һәм ділмар­лық қасиет қазақтың қанына сіңген баба мұрасы іспеттес. Арада қанша мың жыл өтсе де кешегі өткір сөзімен майданға түскен ата дәстүрі бүгінгі бейбіт елдің ұр­пағына жалғасты. Бірақ түп төр­кініндегідей салмақты ма­ғынаға ие деп айта алмаймыз: көр­кемдігі таяз, бедерлігі де басым емес. Аталған сипаттамаға се­­беп болар бірнеше тарихи, саяси пайым бар. Соның бірі: урбанизация және адам жанының табиғаттан ажырауы. Шынайы­лық пен табиғилықтан қол үзген шақта адамдар тереңінен ойланудан да қалады екен. Ойсыз шық­қан сөзде қайбір сүйкім, қай­бір көрік бар дейсіз. Осылайша бейнелі ойлаудың орнын адам жанын үйлесім мен адалдықтан алыс­тататын үстіртін жүйе ал­мас­тыр­мақ. Ол кезде адамға өзі­нен бас­қа ештеңе қызық емеске ай­на­лады-мыс. Айналадағы тыныс-тір­шілікке бір сәт адами көз­қа­рас­пен қарауға ықыласы жоқ пен­денің әдебиет туралы ойын сезінудің өзі қорқынышты. Қа­зақ руханиятының емшісіне ба­ланған  әдебиеттің бір  оқыр­ма­нының сиқы осы болса, қал­ғанын елес­тетуге жүрегіміз дауаламады.
Әдебиеттегі түрлі құбылыстар сол кезеңдегі халықтың санасына, түсінігіне ықпалын тигізбей қой­майды. Мәселен, қазіргі көзі тірі қариялардың «Е-е-е, кезінде айдың жарығымен кітап оқушы едік» дейтін өткен күннен сыр ақ­тарар сағыныш әңгімесі ке­йінгі буын­ға ер­тегі сияқты. Неге? Өздері ондай әрекетті көрмеген­діктен және кейінгі ав­торлардың шығар­маларын оқымаған­дықтан болар. Халық­тың образды ойлау дәрежесінің төменде­геніне қалам­герлердің оқиғаны ойната алмауы немесе та­қы­рыпты ашуда көркемдік ком­поненттердің аз қолданылуы ға­на себеп емес: уақыт пен кеңіс­тікте қандай өзгеріс орын алмасын, оның өз өрісіне жайылуы заң­ды құбылыс. «Айдың жары­ғы­мен кітап оқыған» уақыт пен бү­гінгі оқырманның оқыған кі­та­бының арасында біршама айыр­машылықтың бары рас. Біріншіден, ол уақыт – қазақ әдебиетінің ал­тын дәуірі болатын. Мүйізі қара­ғайдай бір топ классиктердің та­балдырық аттаған тұсы. Біз «клас­сик» деп отырған қалам­гер­лердің жазғандары қалың оқыр­манның жадында жатталып қал­ды. Неге десеңіз, ол сәтте мың бір түндік азаптан туған шы­ғармаңды оқитын адам да, оқырман құлшына оқитын кітап та бол­ды. Екіншіден, ол кез – ұлттық тәр­биенің қазаны қайнап тұрған сәт. Өткен уақыт­тың асық ойнаған немесе кітап құшақтаған баласы келешекке мәң­гілік образ болып қаларын кім білген?! Үшін­шіден, олар ру­хани шабуылдан ада еді. Аталған пайымдаулар қазіргі қоғамның сұлу сөз бен көркем ой тудыра алмағанын ақтай алмайды. Тек, Абай­дың «за­ман­ға адам күйлемек, за­мана оны илемек» дегеніне үн қос­қымыз келген еді…
Көркем сөздің тиегі алғаш ағы­тылған және оның әдебиет екенін жаңа түсінген уақытта адамдар әлемнің бейнелілік қа­сиетін танып, түрлі жаратылыс иелерін өзгеше кейіпте байқады. Жер бетін жаңа көргендей күй кешті. Сүйсінді. Таңқалды. Адам­­ның көкірек көзін ашып, оған таңданыс сыйлаған әдебиет болатын. Осы тұста Федерико Гарсиа Лорканың: «Поэтическое воображение странствует и перевоплощает вещи, придает им самый их чистый смысл и определяет взаимосвязи, дотоле неведомые» дегені есіме түсіп отыр. Қарапайым затқа жан бітіріп, оның түпкі таза мағынасын бе­тіне шығарар сөздің құдіретіне еш шек келтіре алмаспыз, сірә.
Жиырмасыншы ғасыр ба­сын­дағы жапондар Тургенев­тегі «листья шептались» деген жалғыз бейнелі тіркеске таңдай қағыпты. «Жапондар   ХІХ-ХХ  ғасырлар­дағы қазақ әдебиетін оқымай жүр. Оқы­са, таңдай қаққан еш­теңе емес, шалқасынан құлар еді» де­ген ойды қалай ойлап үлгерге­нім­ді өзім де байқамаппын. Ра­сын­да әдебиетімізде «листья шеп­тались» сынды бейнелі тір­кестер көп-ақ. Оған көз жет­кізу үшін жапондар Бейімбет шығар­ма­ларынан бастап парақтауы ке­рек болар. Қаламгердің сөз қол­даныстағы ерекшеліктері олар­дың өзіндік стилін қалып­тастырып қана қоймайды, жазу мәнерін өзгелерден айшықтап тұрады. Қарапайым ой қаңқасы да, көркем ойдың көріктеу бояуы да сөз дәлдігімен өлшенбек. Бұл­дыр ойдың сөзі күңгірт, алыстағы сағым сияқты бұлыңғыр болады. Ой жарысында сөз мерген атанған жазушылар қауымының басты түйінді мәселесі осы бұлыңғыр­лық­тан арылу шығар.
М.Әуезовтің сөз қолданысы көп қаламгерлерден айшықталып тұрады: ой қалың, сөйлем күр­де­лі. «Қораның ішінде Құнан­бай­ды қоршаған кәрі-жас Ырғыз­бай­лардың киім сәні бөлекті жә­не қаладағы саудагер, имам, қал­пелердің сәлделі, шапанды, құн­дыз бөрікті, байлық, барлық кө­ріністері де басқа… Ол екеуі қа­жыпталған түрлерімен, ашаң, жүдеу жүздерімен өзгеше сұп-сұр, көнетоз, жыртық киімдері­мен, ерекше бір азап дүниесінен кел­гендей». Ал F.Мүсіреповтің шығармаларынан әрқайсысы өз орнымен логикалық байланыста сап түзеген сөздерді жиі кездес­тіре­міз. Оның «бір үйір саудагерім бар» немесе самаурынды «пы­сыл­дақ сары», «сары бие» деген тіркестері оқырманды еріксіз жы­митады. Және жадымызда «қы­лышынан қан тамған уақыт» дей­тін тіркесті автор «қам­шы­сы­нан қан сорғалаған кез» деп бей­нелесе, Тұрлыбекті «Есенейдей ұрт мінез, өркөкірек емес, заң шеңберінен шықпайтын, жегін аттай жортақы адам еді» дейді.
Қазіргі прозаның артық­шы­лы­ғы, яки кемшілігі: көнерген, та­рихи сөздер тым сирек. Қазақ­тың көнерген сөздерімен жұмыс жасай­тын бірді-екілі автор ғана. «Ха­лық түсінбесе, қолданып керегі не?» деп ойлайтын жазу­шы­лардікі де жөн болар, бәлкім. Десек те, оқып жүргеніміз апта­лық газет, яки журнал емес, әде­би шығарма болғандықтан он­дағы мазмұн мен сөз қазақы­­­лықтан, қала бер­ді әдеби эстетикадан алыстамаса екен дейсің.
Түс көрдім. Түсімде таяқ ұста­ған ақ сақалдықариямен әңгіме­лесіп отыр екенмін.
Қария:
– Мен – жарлымын!
Мен:
–… түсінбедім…
– рухани жарлымын!
– атақтымын дегеніңіз бе?
– Ж-о-о-қ…көңілім жүдеу…
– …
– әнтек достарымды іздей­мін…
– …
– мұным әбестік болар, бірақ…
– …
–сырласар жанға зәрумін…
– …
– мажырап көрісетін ешкім жоқ.
– …
– бәрі манжамды, бірақ көңіл-пейілдері ондай емес.
– …
– көп тілдеспеген соң қа­райып қалдым.
– …
– енді, міне, көнбістік бо­йымды жайлап барады.
– …
– зейілім ештеңеге аумай жүр.
– …
– мұқым елге қапалымын!
– …
– Тағдырға айтар датым бар.
– …
– «Адамзат бүгін – адам, ер­тең – топырақ» дейді… Сен бала не­ге үндемей отырсың?
– сөздеріңізді ұға алмай отыр­мын…
– Е-е-е-е… екі қазақ отырып бірін-бірі түсінбеген заман-ай!
А.С.Пушкин: «дәлдік пен ық­шам­дылық: прозаның артық­шы­лығы осында. Ол терең ойды, пайым­дауды керек етеді. Олар бол­маса, әдемі сөздер мен сөй­лем­шелер өз мақсатына жете ал­майды», – деген екен. Жазылар шы­ғарма өз табиғатынан, әде­би­лігінен алыс кетпесе екен дейміз. Адамдар өздерін қоршаған ортаны, қала берді айналада болып жатқан оқиғалардың шынайы­лы­ғын әдеби көзқарасы арқылы та­нып, сұлу поэзиямен сезініп, қара сөз­бен әлемге жаяр қабіле­тінің барын көп байқай бермейді. Егер жер бетіндегі халықтың бәрі ми қа­батындағы образды ойлау те­тік­терін қосар болса, мына әлем өзгеше кейіпке еніп, өлшеулі ғұ­мырымыздың қадірін түсінер ме едік?! Сол уақытта қолдан жасап алған жасандылықтан қашып, та­биғи дүниені іздеп, ел кезіп ке­те­тін сияқтымыз.
Әдебиет – мәңгілікті сақтай­тын мекен. Жазушының жазған сөзі, ақынның шығарған өлеңі – мәңгілік. «Литературная газе­та­дан» оқыған мына бір сөйлем есімнен шығар емес: «поэзия – это самый действенный рецепт против конца света».
– Әдебиет, жер бетіндегі соң­ғы адамның ғұмыры таусылған уақытқа дейін аман бол!

P.S.:

Диалогтағы қарт кісінің сөзін түсіне алмай отырған, бүгінгі бала – ертеңгі алақан жайып, бата берер қария. Ол болашақ ұрпақпен қай «көркем­дікте» сөз қағысар екен!?

    Маржан ӘБІШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір