ДӘУІР ҮНІ, ЗАМАН СЫРЫ ШЕРТІЛДІ
07.04.2017
1560
0

«Көп жұрт Нұрланды драматург деп біледі, пьеса жазушы деп ұғады. Нұрланның поэзиялық шығар­ма­ларына зер сала бермейді. Зер салмаған адам күміс­ті де қола дей салуы әбден мүмкін.
Мен өзім Нұрланды қазақ поэзиясындағы санаулы ақындардың бірі деп қабылдаймын… Нұрлан өмір­дегі барлық болмысқа, құбылысқа ызасы бетіне теуіп, тепсініп қарамайды. Ыза – ақылдың жауы. Ақыл жұ­­қар­ған жерде ақиқат та сылти басады. Ақын жақ­сылы-жа­манды тіршілік болмысына биіктен, парасат биі­гінен байыппен қарайды. Бұл – суреткерге аса қажет қасиет. Көбімізге қонбай, қолымызды жеткізе алмай жүрген қасиет», − деген екен жыр патшайымы Фариза Оңғарсынова Н.Оразалин туралы жазған «Қыр­дың қырмызы бояулары» атты мақаласында. Осы сөздерден ақынның өлең өрнегі, сол өрнектен өре­лі ой желі тартып, желкен кереді.
«Оңымнан соққан жел ме екен,
солымнан соққан жел ме екен,
салғырттау жүрген кезімде,
сабылып қайдан келді екен!?», –
деп сабылып келген сол өлеңнің құдіреті бөлек екенін бір тұста:
«Өксітпеңдер өлеңді!
Жалынға орап күйдірмеңдер Киені.
Балта сілтеп, қуратпаңдар еменді,
Өлең – орман… Киесі ауыр тиеді», –
деген жолдармен еске салады.
Қабырға бекітіп, қалыптасудың оңай болмайтыны әлімсақтан мәлім. Бұл жолдардан өту қай кезде де қиын екенін ақын мына өлең жолдары арқылы ал­дыңа тартады.
«Қозғалыста мәңгілік – миым, арым,
көк нөсер боп күрсінсем – құйылар үн;
Құдай ғана қиналсам – сүйінерім,
бабалардың аруағы сыйынарым», –
дейді де:
«Жырым ұшып құстайын көк төріне,
ойым ұлып ғасырдан кетті өріне…
Заманменен азулы алысам деп,
Мен де айналып барамын көк бөріге…», –
деп айбынын аңғартады да, өзі күн кешкен заманның кейбір күй­кі көрінісін бүгіп қалмай, ашық айтып:
«Қайыршы да көбейді, ұры-қары,
қайда жолдың белгісіз бұрылары.
Ақындардың көзінде азап-қайғы,
азаюда қазақтың жыр ұғары», –
деп бүгінгі күннің кейде әттеген-ай дегізетін ақи­атын алдыңа өткір өлең жолдарымен ұсынады.

Иә, заманға қарай ма, қасиетті қа­зақ сөзінің қадірін, бүкіл ұлттық бол­мысымыз көрінетін әр ғасыр­дың тірі куәсі іспеттес поэзияға де­ген құлшыныстың уақытша бол­са да құлдырап бара жатқанын еш­кім жоққа шығара қоймас.
Өмір көшінде бұл жолдан ақын ғана емес, кез келген адам өтетіні хақ. Ақынның ақындығы осыны жыр жолына түсіріп жұртқа жет­кізуін­де жатыр. Жыр майданын­дағы ақынның ізденісі өзінің ғана тыныс-тіршілігі емес, өзгенің де шаттығы мен шамырқанған сәтін тап басып, қамшы өріміндей өлең жол­дарына түсіру арқылы құнын арттырып, көптің көкейіне оны ұя­латып қана қоймайды, сәтімен са­бақ алуға үндейді. Бұл тұрғыдан кел­генде Н.Оразалиннің қай өлеңін алсаң да дәуір үні, заман құ­былысы, алмағайып уақыттың тарам-тарам тағылымы маржандай болып көзге жылы ұшырап, жан дүниеңді тербетеді. Басар жол, асар белестерді, алдағы үкі­ле­­ген үміттерді тереңнен қозғай ке­ліп:
«Үзіле жаздап дірілдеп,
тербетіп, талып бір үн кеп.
Сөйлеп тұр ғалам кеудемде
жазбаған мұңды Жырым боп…», – деген байламға тоқтайды.
Шынында, ақынның ой әлемі жер басып жүргенде бір сәтте толас тапқан ба? Шырт ұйқыда жат­қан­да да өлең әуезінен жұдырық­тай­жүрегі шымырлап, кейде түн түңлігін түріп, қағаз қаламға жар­­­масатын сәттері аз болмайды. Оған арыға бармай, қазақ ақын­да­рының өмір жолына бір сәт ой жі­берсең бәріне көзің жетіп, көңі­лің иланады.
«Ақындық мазасыздық пен ма­ғыналы тірліктің ұштасып, жақ­сы бір сәтте жарқ етіп қанат қағуы.
Ақындық… Аласапыран іші­нен тыныштық табу, ой қорыту. Айтамын дегеніңді жасырмай ай­ту, жалған сөйлемеу. Ақын­дық­тың ең басты шарты осылар деп ой­лаймын мен», – деп қазақ жы­ры­ның шашасына шаң жұқ­тыр­маған жүйрігі тұнық лириканың бірден-бір иесі Тұманбай Мол­да­ғалиев ағамыз айтпақшы, алдағы үзік-үзік шумақтарда ақын айтқан қағиданың бәрін қалыбында ұс­та­ған Нұрлан Оразалинге арнал­ған бір әдемі де әсерлі жыр ке­ші сейсенбі күні Елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде өткен  еді. Оған ұйытқы болған білім ордасында көптен бері халықтың зиялыларын жұртшылықпен қауыштырып, табыстырып жүрген «Кәусар» атты клуб екенін айта кетуіміз керек.
Бұл дидарласуға универ­си­тет­тің ұстаздары, студенттері, сонымен қатар, Елорданың рухания­ты­ның алтын діңгегіне айналған зия­лы қауым өкілдері, ел Пар­ла­менті Сенатының депутаттары, қа­лың жұртшылық қатысып, кәу­сар жырмен сусындады. Өлең оқы­лып, ән мен әспеттелген кешті қа­зақ өнерінің өрен жүйрігі, Қа­зақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбаев бар салтанатымен жүргізіп отырды.
Ақынның әр жылдарда жазыл­ған өлеңдерін іргелі оқу орнының студенттері бірінен кейін бірі оқып, жанды жадыратты. Мысалы, журналистика және саясаттану факультетінің 1 курс студенті Ә.Қанафин «Шекара», филология факультетінің студенттері А.Са­дақ пен И.Тәттібек «Сәуір қыз­ғал­дақтары», «Боздүние» өлеңдерін нақышына келтіре оқыса, сазгер Мейрамкен Ахметбеков ақынның «Қайыңмен тілдесу», «Заман қа­шып барады» деген өлеңдеріне жаз­ған әнін гитарамен орындап, қа­лың қауымды бір серпілтіп тас­тады.
Жалпы, осы жыр кешінде 15-ке таяу студент бірінен кейін бірі жа­рыса шығып, өлең оқып, поэ­зия­­ға деген құлшыныстың бар еке­нін көрсетті.
Кездесу барысында жырсүйер қауым өлең тыңдап ғана қоймай, Н.Оразалинге Жазушылар одағы­ның басшысы ретінде, Мәжіліс, Сенат депутаты кезінде атқарған жұмыстары жайлы да алуан түрлі сұрақтар қойды. Оған ақын халық қалаулысы болып жүргенде, жазу­шыларға тиесілі қаламақыны кө­теру мәселесін қозғағанын, ол таяу арада заң жүзінде шешімін тауып қалатынын айтып, оралмандар мәселесіне де көңіл бөлгенін жеткізді. Ал Жазушылар одағы мүшелерінің 800-ге таяу екені туралы пікірге Орта Азия ел­деріндегі қанаттас мемлекеттерде 1500, тіпті 2000-нан асатынын айтып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды тарих анықтайты­нын тілге тиек етті.
Қазақ әдебиетінің анау жыл­дардағы қарымды шағында жыр кеші десе үлкен кіші жұмылып ба­рып, ұлтымыздың айтулы ақын­дары, алыптардың бірі Сәбит Мұ­қановтан бастап Әбділда Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайыр­беков, Қадыр Мырзалиев, Тұман­бай Молдағалиев, Сағи Жиенбаев, өзге де өрен жүйріктердің өлеңін тың­дап, бір жасап қалатын еді. Мы­на жыр кеші, сол бір кезді алдыңғы толқынның көз алдына елес­теткені анық. Әсіресе, жас­тар­дың өлеңге деген құлшынысы ерек­ше байқалды. Ендігі жерде олар­ды балапандай баули алсақ, күні ертең қырандай қалықтап шы­ғары күмәнсіз.
Дүрілдеп өтіп жатқан ақынның жыр кешіне тілектерін білдіруге бет алған қазақ ғылымының айтулы өкілдері, 80 жас пен 90 жасты қанжығаларына байлаған, ұлы­лардың сарқытындай қос саңлақ Серік Қирабаев пен Мырзатай Жол­дасбеков сахна төріне бет ал­ған­да бірі жетпіске қарап, екіншісі алпыстан асқан ақын мен әнші орындарынан ұшып тұрғанда: «Е, бәсе, қазақтың ұланы осылай бол­са керек еді, кіші үлкеннің алдын қимаған, мамырлай басып келе жат­қанда қорғасындай салмақ­танбай, осылайша орнынан тұра­тын дәстүр бар еді-ау!», – деп абыз­дар жайлы креслоға жайғас­қанда «жастар» ағаларының иы­ғына қолдарын қойған сәт әсерлі шықты.
Академик С.Қирабаев ақын­ның көп екенін, бірақ ақын көп болғанымен биіктен бәрі көріне бермейтінін, жас таланттардың арасында өзі Нұрлан Мәукенұлын қатты қадірлегенін айтса, Мырзатай Жолдасбеков шәкірттерімен мақтанатынын, сол шәкірттерінің бірі Нұрлан екенін жеткізіп, таяуда ғана қолына тиген 10 томдығы туралы шешіле сөйлеп, шешен­дікпен жазылған мақалаларына тереңдеп барды.
Өлең оқып, алуан түрлі сұрақ­тарға іркілмей жауап берген Нұрлан Оразалин жыр кешін қорытындылау сәтінде алдыңғы толқын ағаларының шарапаты туралы, бүгін қатарында жүрген замандастары, көз жазып қалған қанаттастары жайлы тебірене сөй­леді. Дәуір үні, заман сыры шер­тіл­ген жыр кеші қаумалап келген жұрттың көңілінен шығып қана қой­май, осы үрдіс жалғасын тапса де­ген тілектеріне ұштасып жатты.
Дидарласудың соңында уни­вер­ситеттің Ғылыми кеңесі ақын­ды «Күлтегін» төсбелгісі мен марапаттау жөніндегі шешімін оқу орнының проректоры, профессор Дихан Қамзабекұлы оқып, рек­тор­дың атынан табыс етіп, келе­шек­те де ақынмен байланыс үзіл­мей­тінін атап айтты.

Сүлеймен МӘМЕТ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір