Жүйрікке жету мен жүрекке жету…
07.04.2017
1693
0

Жалпы, мінсіз жазатын жазу­шы бар ма екен, осы?..
Адам бойынан мін із­дей­тініміздей, жаңасы бар, ескісі бар, тым ескісі бар, жазылған көркем шығармаға да ерекше шұқ­шиятынымыз шындық. Оқыр­ман оқыған сайын қы­зы­ға, өзіне тарта түсетін поэзия, про­за, драма формасындағы көр­кемдік атты кеңістік Бізге әр­кез мінсіз секілді көрінеді. Бі­рақ бірде-бір сыншы, бірде-бір әдебиеттанушы, бірде-бір қа­ламгер, қажет десеңіз, ғы­лым­ның өзі оның мінсіздігінің сыр-құпиясын толықтай тү­сіндіре алмайтыны мен үшін қы­зық боп тұр. Қасиетті «Құ­ран-Кәрімдегі» аят, сүрелер де жазу ғой. Жазудың тым тылсым, тым сырлы, тым терең болуы­ның басты себебі – Жа­ра­тушының жазушы арқылы адам­затқа хабар жеткізуінде шы­ғар. Жазу – үлгі, жазушы – эта­лондай қабылданатыны да сон­дықтан болар. Жазушы бі­реу­ге қарыз, не біреудің алдында міндетті емес. Жазу, жазуға деген құштарлық – оның жан қалауы. Осы ғана!.. Жазудан қол үзсе оны ешкім соттамайды, жұмыстан шығармайды, жа­заламайды да. Алайда, ұлт, ел, адамзат алдындағы мораль­дық құқығы, парызы бар. Оның аты – аманат. Алланың аманаты. Бағзы Римдегі түсінікке сай ақын – «Құдаймен тікелей тіл­десетін» жаратылыс иесі. Кез келген туындыны оқыған­да-ақ ішінен өзімізге қажетті, өзі­мізге қатысты нәрсе іздейміз. Ол не нәрсе?.. Ешкім айта ал­май­­ды. Ұқсас, тағдырлас образ, еліктеп-солықтайтын кейіпкер, ме­кен, орын, жан жарасын ем­дейтін дәру, Әлемнен жырақ­та­ғанда, мына опасыз дүниеден қаш­қанда сол шығармамен ға­на жалғыз қалатын сәт, ләззат алу, туындыны терең түсіне оты­ра шаман, Тибет монах­тарын­ша ерекше бір халге түсу ме?.. Бұл не? Көзге көрінбейтін, қолмен ұстауға келмейтін, иісін немесе сипап сезе алмайтын, ес­туге болмайтын қандай ме­та­физикалық құбылыс, бұл – сөз бен жазу деген?.. Көркем шығармадан не кү­те­міз? Неге оны сынай отыра жақ­сы көреміз, жақсы көре отыра сынаймыз? Егер бір сәтке адамзат өмірінен, қалыпты тір­ші­лі­гі­нен Әдебиетті алып тастасақ не бо­лар екен? Ойлаудың өзі қор­қы­нышты. Құдайсыздар көбейіп, се­нім, үміт, сұлулық, махаббат, се­зім, әділдік, адалдық, ар-ож­дан сан мыңдаған этикалық, философиялық, діни сөздіктерде сақталғанымен де санадан өшіп, көңілден көшетініне еш күмән жоқ. Керісінше, зорлық-зом­бы­лық, жауыздық, суицид, күдік-кү­мән көбейген үстіне көбейе түсер еді-ау (Бұл нәрсе қазір де аз емес. Өйткені, Біз «асыл сөзден» алыстадық). Жалпақ  Жаһандағы те­пе-теңдікті – осы әдебиет, оның ішінде мінсіз жазуға аса құш­тар қаламгерлер ұстап тұр де­генді еш қымсынбастан айта ала­­мыз. Әр ойлы оқырман жаз­ға­нын сырттай оқып, ғашық боп, кездесудің ретін таппай жү­ре­тін өз жазушысы болады. Ол туралы сұрай қалсаң, аңыз бен ақиқаты аралас судыратып айтып береді. Ең негізгісі әдебиетке деген махабаттына риза бо­ла­сың…
Әр сәтті шығарма дер ша­ғын­да туатынына сенім мол. Және оның тууы мен содан кейінгі жағ­дайлар, яғни оны ел қалай қа­былдап, қаншалықты әсер ет­кені жөнінде мағлұмат іздес­тір­генде академик Серік Қи­ра­баевтың мына бір мақаласын таптық. Сонда сыншы бүй дейді: «Студенттер жатақханасында: «КазГУ-де Мұхтар Әуезовпен кез­десу болады екен», – деген хабар тарады. «Абай» романының екінші кітабы шығып, жаппай оқып жатқан кезіміз. Соған бардық. Кездесу екінші қабатта, 24 аудиторияда өтті. Халық сыймай кетті. Ел көрші ауди­то­рияға кіріп, екі бөлменің арасын­дағы қабырғаның жоғары жа­ғын­дағы терезеден қарап тұрып тың­дады. Мұқаң ұзақ сөйлеп, ро­манның жазылу тарихына, өзі­нің Абай өміріне қатысты де­ректерді жинау жолына тоқ­тал­ды. Әлем әдебиетіндегі тарихи адам­дар, әсіресе, ақындар жө­нін­де жа­зылған романдар жө­нінде әңгі­мелеп, олардың же­тіс­тіктері мен олқылықтарына тоқ­талды. Өзі­нің Абайды таныту концепциясы туралы айтты. Кейін жазу­шының «Абай ро­ма­нының жа­зылуы жайынан» атты мақа­ласын (1955) оқығанда еске түсті – сол мақаланың сүрлеуін Мұ­қаң бізге сол кеште айтқан екен. Роман да, оның авторы да, айт­қан әңгімесі де ұмытылмастай әсер қалдырды… «Социалистік Қа­зақстан» газетінде Сақтаған Бәйішевтің «Профессор Мұхтар Әуезов өткендегі қателердің шыр­мауында» деген мақаласы ба­сылды. Жазушының тарихты жазу­ға құмарлығы, бүгінгі заман тақырыбына елеулі шығарма бермегені кінә боп тағылды. Сол жылы елуге толған жазушының туған күні де аталмай қалды. Осындай ауыр таяқ астында жүрген жазушыға «Абай» ро­манының шығуы, оған оқырман қауымның жылы ықылас танытуы үлкен демеу еді. Партиялық басшылықтың көзқарасына қа­рамастан, жазушы беделі халық арасында арта түсті. Оның үстіне роман орыс тіліне аударылып, одақтық көлемде үздік баға­лан­ды». Осыдан түйетініміз – ұлт ой-са­насына, оның оянуына, түлеуі­не, көңіл-күйіне әсер еткен, бі­рақ кезінде түрлі себеппен сын садағына ілінген шығарма­лар неге екені белгісіз, уақыт өткен сайын мінсіз боп, белгілі бір ха­лықтың рухани «визасына» ай­налады. Өткен ғасырдағы сын мен сыншы турасындағы кітап­тарды ақтарыстыра келе, бүгін­дері есімдері ескі жинақтарда ұшырасқанмен ел есінде сақтал­май, рухани айналымға ене алмай қалғандардың қанша­ма­сымен танысып үлгердік. Мейлі ғой, араны елу, бопты алпыс жыл бөліп тұр, дегенмен «алпыс» деген алтын көпір емес, ол да ші­ри­ді, ол да құлайды. Мысалы, Ға­биден Мұстафинның «Ой әуендері», Ғабит Мүсіреповтің «Суреткер парызы», Тахауи Ахтановтың «Керуен», Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Толғауымен» қатар, Ғафу Қайырбеков «Бір кеменің үстінде» жинағындағы «Жыл әкелген жырлар» мақала­сында аты аталған І.Мәмбетов, Т.Шопашев, Қ.Мұқашев, Ғ.Жұ­мабаев, Ж.Қыдыров, Ә.Дүй­сен­биев, Е.Ибраһим, Т.Молдағалиев, Қ.Баянбаев, Қ.Бұғыбаевалар мен Нығмет Ғабдуллиннің «Уақыт сыры» кітабындағы «Твор­чество­дағы алғашқы қадамдар» мақа­ла­сындағы З.Шүкіров, С.Жүні­сов, С.Мұратбеков, М.Сүндетов, Н.Сералиев, Р.Тоқтаров, С.Сар­қасқаевтардың қатарынан біреу аталса, біреу аталмайды. Әшірбек Сығайдың «Сыр сандық» жина­ғында Әлжаппар Әбішев драматургиясы сөз болады. Құлаш-құ­лаш монолог, ұзақ сонар диалог, қимыл-әрекетке негізделмеген екі-үш кейіпкердің ұйқыға тартар әңгімесі мен финалы бұлың­ғырлау, сюжетті, конструкциясы шатқаяқтап тұрған шығарма бүгінгі қазақ сахнасының талабына сәйкес келе ме екен?.. Иә, к­езінде қойылды, мақталды, жа­зылды, бірақ қазір драма мен дра­машыға деген көзқарас мүл­дем өзгерген. Көбік-көлемді пье­са­ны оқу тұрмақ, қоюдың өзі мұң боп тұрған кезеңде, «Әбішевтің сахналық туындылары Уақыт сы­нына төтеп бере ала ма екен?..» деген ой мазалайды.
Сан ғасырлық тарихы бар көр­кем әдебиетті зерттеудің әдіс­тері өте көп. ХХ ғасыр әде­биет­тану ғылымы үшін үлкен жаңалық алып келді. Басқасын айтпағанда, Бахтин хронотопы, қазақшалағанда «уақыт пен мекен» ұғымы әдебиетке өздігінше қызмет ете алды. «Сол бір база­лық-материалдық игілікті игере алдық па?» деген сұрақ туады. Гейне «мінсіз қара сөз жазу үшін де өлеңдік өлшемдердің үлкен шебері болу керек» екенін ерекше ескертеді. Демек, «мінсіз жазу» туралы толғанғанда алдымен ойға оралатын аспект – тұтастық. Роденның Наполеон Бонапарт мүсінінің қолын сын­дыруының түпкі себебі де сол тұтастықты іздеуде жатыр дегіміз келеді. Кезінде ерекше баға­ла­нып, мақталған туындылардың кейін мүлде ұмытылып, ал айтылмай жүрген шығармалар араға біраз жыл салып барып өз оқырманымен қайта қауышқан сәт аз емес. Тәуелсіздікпен бірге ер­кіндік, сөз бостандығы, ең маңыз­дысы бұрынғы жазылғанға жаңаша қарау мүмкіндігі туды. Тайыр Жароков 1954 жылы Қа­зақстан Жазушылар одағы­ның III съезіндегі «Қазақ поэзиясы­ның азаматтық лирикасы туралы» атты баяндамасында: «Біздің қазақ ақындары ұлы М.Горький мен В.Маяковскийдің творчес­-
т­во­лық традициясымен өсті. Ақын­дарымыздың өсу кезеңде­рінде оқытушыларын сүйіндір­ген­дей тәуір шығармаларын берумен бірге, шеберлік жағынан бағзы бір кемшіліктері де болмай қойған жоқ», – дей келе, өзінің замандастары Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Әбділдә Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев, Қали­жан Бекхожин, Тәкен Әлімқұлов­тардың жетістіктерімен қатар кемшіліктерін де жіпке тізіп шығады. «Жақсының артынан сөз ереді, жаманның артынан бөз ереді» деген қазақ әр қа­лам­герден жаңа бір дүние күтеді. Зорлық-зомбылық пен зұлматқа то­лы жылдарда адамзат жылы­лық­ты, тазалықты, ізгілікті бұ­рынғыдан қатты іздеді. Әде­биет сол функцияны орындай алды. Соғыстан кейінгі романтикалық-лирикалық ахуал мықтап ор­нады. Бұл – «асыл сөз» бен мін­сіз жазуға тырысатын жазу­шы­ның арқасы. Ешкім нашар жаз­ғысы жоқ. Алайда, «өміршең шығарма қалдырамын» деген біраз қаламгердің бүгіндері аты аталынбайды. Газет-жорнал ті­гінділері, мұрағаттардағы құжат­тар мен бұрнағы жинақтардан ғана кезіктіріп қалатынымыз бар. «Толғауы тоқсан қызыл тіл, Сөйлеймін десең өзің біл» деген Абайды оқысаң қазір ғана жа­зыл­ғандай әсерде болатынымыз­дың сыры неде?.. Қаламгер лабораториясына үңілгенде біраз жайтқа қанық болатынымыз хақ. Жазудың белгілі бір формуласы, белгілі бір формасы, белгілі бір теория, теоремасы жоқ екенін білеміз. Дей тұрғанмен, әдебиетке енді келген талшыбық пен жазу деген жайлауда еркін көсілетін шығармагер өмірінде «адами фактордың» аз қызмет  етпейтінін ұғынасыз. Шеберлігі, парасат-пайымы, қисыны, қорыта білуі, ізденімпаздығы, еңбекқорлығы, бабы, бағы, күйі, халі, мінезі, қабілет-қарымы, дарыны, жан­кештілігі, әлеуметтік және пси­хологиялық жағдайы, тем­пе­раменті, ішкі ритмикасы, ден­­­­саулығы, дүниеге деген көз­қарасы, арлылығы, тазалығы, мұңы, наласы, зар-запыраны, Жаратушыға деген ғашықтығы, осының бәрі-бәрі жазушы деген ұғымды құраса керек. Кезінде түрлі себеппен қатты мақталған немесе тас-талқан боп сыналған шығармалар бүгіндері оқыла ма? «Әдеби киллерлердің» қырына ілініп оңбай «таяқ жегендердің» я «интеллектуалдық синдикаттардан» ыққан қаламгерлердің неліктен есімдері ел есінде қал­мады?.. Біздіңше, бұның сыры кезеңдіктік тақырыптар, тапсырыстар мен мақтау-мадақ сарыны басым болғандықтан дегенге тоқтадық. Бұдан бөлек, кезінде жақсы бастаған ақындар кейін ұмытылып немесе іздеусіз, сұрау­сыз қалады. Солардың бірі – Тұрсынзада Есімжанов. Өлең өрудегі өзіндік стилі, бояуы, ешкімге ұқсамайтын мәнері бар ақынның аталынбай кетуінің сырын оның шығармашылық жолынан іздеген жөн секілді. Шын жазарманда жазуға деген талап бөлек болуға тиіс дегіміз келеді. Мұхтар Мағауин бір сұхбатында: «Шағын әңгімені жазу – қиямет-қайым дүние. Екі есе еңбекті қажет етеді. Кейде бір күн, кейде екі-үш күн жазасың. Енді қараңыз, он әңгімең бір романның көлеміне жетпейді. Бірақ оған кеткен еңбек он есе деп айтпайын, екі-үш есе көп болады», – деген еді. Осы айтыл­ғанға құлақ түрсек теріс болмас еді. Немесе белгілі бір мықты қаламгерді оқып, жаттап, үлгі тұтып қана қоймай еліктеу-со­лықтай бастайтынымыз бар. Егер жазушы даму эволюциясын басынан өткергісі келсе, онда міндетті түрде «еліктеу» деген өткелден өтуге тиіс. Өте алмай қал­дың ба, соның көлеңкесіне айналып шыға келесің. Мысалы, қазіргі кезде Гүлнар Салық­баева­ға еліктемейтін ақын қыз­дар кемде-кем. Бәрі өлеңдерінде «Сіз» деп сызылғыш. «Сізді» де­ген­ді терең сезініп барып, өз тұла-бойыңнан өткізіп барып бір-ақ айтса ғана жарасады. Ал бір-екі жерден оқи салып, төрт-бес аударманы шола салып айтылған «Сіздің» ғұмыры қыс­қа. Ақын «эгосы» сол сөзді қалап тұр ма?.. Басты сұрақ – осы. Жас ақын қыздарға айтарымыз Ахматова, Цветаева, Ахмадулиналарша жыр жазу үшін жалаң се­зім аздық етеді. Уақытында мақ­талған шығармаларды сөз ет­кенде 1938 жылы «Халық жауы» деген атпен 10 жылға сот­тал­ған, дәрігерлік кәсіппен шұ­ғылданған Зейін Шашкин мен он үш жасында әскер сапына алынып, Ұлы Отан соғысына қа­тысқан Өтебай Қанахин ойға оралады. Зейін Шашкиннің «Тоқаш Бокин», «Теміртау», «Доктор Дарханов», «Сенім» ро­ма­ндары, «Темірқазық» повесті мен Өтебай Қанахинның 1947 жылы жарық көрген «Екі кез­десуінен» бастап 1974 жылы шық­қан «Жүрек қалауы», 1976 жылы шыққан «Бақыт бәй­ше­шегі­», 1979 жылы шыққан «Құді­рет», 1986 жылы шыққан «Қарт сарбаз хикаясына» дейінгі ара­лықтағы шығармашылық  жолды зерттеп, оның мән-маңызын ашып, бүгіндері көп аталын­бауының себеп-салдарын анық­тадық па?.. Қос авторды мысал ретінде ғана алдық. Ал қазақ әде­биетінде қайта оқығанда бір­ден тартып кететін шығармалар көп пе, аз ба? Бойында көптеген қасиеті бола тұра бір ғана ком­понеттің жетпеуінен жазуымыз ақсап жатады. Мінсіздікке ұм­тыл­ғымыз бар. Бірақ оған біреу ерте жетеді, біреу кеш жетеді, ал біреу мүлде жетпейді. Хемин­гуэйдің Достоевский жөнінде айтқан мына бір сөзі ойлан­тар­лық: «Сөз-сөйлемді салақтау қолданғанына қарамастан терең әрі мазмұнды». Тек қазақ қа­на емес Жер-дүнияның қалам­герлері де «мінсіз жазуды» арман­даған екен. Жазу – жүйрік ат, жазу – құс, жазу – сұлулықтан жа­рал­ған ерекше дүние. Сондық­тан шығарма жүректен жүрекке жету үшін де міннен барынша ада болуға тиіс…

Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір