Сұрақ көп, жауап аз
30.03.2017
3249
0

Әрбір қоғамдық формация мемлекет тарихында өзіндік із қалдыратыны белгілі. Дамудың өзге саласына көшкен мемлекеттің өткеннен сабақ алып салауат айтуы оның әр басқан қадамын нықтай түсетіндей. Халықтың басынан өткен қилы кезеңнің мемлекет пен оның тұрғындарына тигізген салқыны іштегі кекті үдеткеннен гөрі жүрісті өндіруге қамшы болғаны абзал. Бүгін біз қазақ халқы бастан кешірген қилы кезеңнің халық жадында қандай із қалдырғаны туралы саясаттану саласында іргелі ізденіс бастап, соны пікірлер айтып жүрген Саясаттану мамандығы бойынша философия докторы (PhD), конфликтолог Мұхтар СЕҢГІРБАЙМЕН бір-екі ауыз әңгіме өткіздік.

– Өткен жылдар туралы айт­қан­да, көбіне біржақты көз­қарасқа мойынсұнып кететініміз бай­қа­лады. Кеңестік кезеңге қатысты пі­кірлер екіге жарылып, бір жар­ты­мыз жатта кеп жаман­дасақ, қал­ғанымыз мақтауын асырып, өт­кенді аңсаймыз. Бұл көзқарас­тар нені білдіреді?
– Бұл «постимпериялық де­тер­минизмді» білдіреді. Яғни біз қазіргі қазақ қоғамындағы бар мәселенің түп-төркіні Ре­сей­дің отарлау саясатында жатыр деп есептейміз. Дәстүр-салт­­тың ұмытылуы, отбасылық құн­дылықтардың төмен­деуі, жем­қорлық, ішімдікке құмар­лық, тіпті ата-әжелерді қарттар үйіне өткізу, тастанды бала, суи­цид мәселелерінің туын­дауы­на сол Кеңес Одағы кінәлі дей­міз. Анығында, бұған Кеңес Ода­ғының соңғы жылдарындағы қай­та құру мен жариялылық нау­қанынан бастау алған ұлттық ояну кезіндегі нарратив себеп бол­ды. Қоғамдық пікірдің қа­лып­тасуына әсер еткен ірі шы­ғармалар, соның ішінде ғылыми, көркем кітаптар, спектакльдер, әндер, өлең-жырлардың бар­лы­ғы «тағдырдың тезінен аман қал­ған» қазақ ұлтына 300 жыл­дық отаршылдықтың тигізген ке­сірі туралы айтты.
– Мұның бәрі дұрыс емес пе?
– Дұрыс емес деуге болмайды. Бұл – постколониалдық қо­ғамның даму заңдылығы. Үл­кен жарақат алған ұлттар, әсі­ре­се, постколониалдық қауым­дас­тық­тар осындай реакция біл­­­діреді. Бірақ ол жарақаттарды ем­деудің жолдарын қарастырған жөн. Мұнымен қоса, өзін қор­сыну, өзгелерден қауіптену, ин­теграциядан қашқақтау сияқ­­ты сезімдерден арыла бас­тау керек. Мұндай постко­ло­ниал­дық ойлау жүйесі біздің ра­ционалды ұлт ретінде дамуы­мызға кедергі жасайды. Біз әр нәрсенің астарынан жаушылдық із­деп отырғанда, басқа ұлттар ғы­лым мен техниканы, техноло­гияны, өндіріс пен бизнесті да­мы­тып жатыр.
– Мұның бәрін реттейтін жүйе­ні мемлекет қалыптас­тыр­ғаны жөн емес пе?
– Әрине, негізгі идеологияны қалыптастырып, бағыт сіл­тей­тін, мәселелерді күн тәртібіне шы­ғаратын – мемлекет. Қа­ра­пайым халық көп нәрсені мем­лекеттің түсіндіруі бойынша қа­былдайды. Бірақ ұлттық тарих, отаршылдық, ондағы Ре­сей­­дің ролі дегенге келгенде би­лік пен интеллигенцияның пайым-түсінігі бір-бірінен ал­шақтап барады. Бір қызығы – отар­шылдық езгі, ашаршылық, қу­ғын-сүргін, Желтоқсан туралы ауыр жайттардың барлығын ал­дымен биліктің өзі күн тәр­тібіне шығарды да, кейіннен олар­ды кейін ысыра бастады. Ең бас­тысы – 1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың ба­сын­да отаршылдық дегенде сын садағы тиетін басты нысан – патшалық Ресей және оның жал­ғасы ретінде КСРО аталатын. «Өшкеніміз жанып, өлге­ні­міз тірілді» деген сөз жиі ай­ты­­латын сол тұста отаршылдық ке­зіндегі кеткен есемізді қай­таруда билік өте белсенді болды. Мәселен, Желтоқсан көтері­лі­сі­не қатысқан тұлғалар Тәуел­сіздік жарияланардан төрт күн бұрын ақталған. Бұған Семей ядролық полигонын жабу сияқ­ты ірі тарихи оқиғаларды қо­сыңыз. Сол тұста биліктің өзі та­рихтың ақтаңдақтарын ашуға көп күш салды. Бірақ кейіннен бұл үрдіс саябырсып қана қалған жоқ, мазмұны да өзгеріп, абст­рак­тілі, қандай да бір ұлтпен қа­­тысы жоқ «тоталитаризм» де­ген сияқты ұғымдарға қарай кө­­бірек бұрыла бастады.
– Мұның себебі неде?
– Мұны өте қарапайым се­беп­­пен түсіндіруге болады. Ком­­мунистік партияның шек­пе­­ні­нен шыққан саяси элита са­насы оян­ған қазақ ұлтының көш­бас­шысы ретінде билік тіз­гінін қо­лына алып, оны ны­ғай­туы керек бол­ды. Алда мемле­кет­­ті құру мін­деті тұрды. Эко­­­номикалық жағ­дай нашар болғандықтан және халықтың ішінде кеңестік кезеңнен қалған элитаға деген күмән болғандықтан, биліктің даусы қоғамдікімен үндес шық­қаны жөн еді.
Бір жағынан тәуелсіздік эйфориясы басылған соң Қазақ­стан­ның көпұлтты мемлекет еке­нін ескере келе осы жолды дұ­рыс деп тапқан шығар. Яғни тарихтың ресми интерпретациясы «Ресей отаршылдығынан» «тоталитаризмнің сабақтары» сияқ­ты нысанасыз бағытқа ойысуы 1995 жылы Конституцияны қабылдау кезінен бас­талды деуге болады. 1993 жыл­ғы конституция Қазақстанды «өз мәртебесін өзі айқындаған қа­зақ мемлекеттілігінің формасы» деп таныса, жаңа Конституцияда «тарихи тағдыр біріктірген Қа­зақстан халқына» айналды.
Сол кездегі Мемлекеттік хат­шы М.Тәжиннің ұлттық тарихты зерделеу жөніндегі 2013 жыл­ғы баяндамасы тарихқа деген ен­дігі көзқарастың қандай болатынынан хабар береді. Тәжин ХХ ғасыр тарихын «ұлттық» пен «тоталитарлықтың» қақтығысы ретінде сипаттайды, әрі тоталитаризм деген аяусыз машина ұл­тына қарамай қазақты да, орыс­ты да, украинды да, бәрін жаныштады дейді.
Оның үстіне билік тотали­та­ризмнің зардаптарын мысалға келтіру арқылы өзінің де­мок­ра­тиялық сипатын дәріптеуге ты­рысады. Яғни кеңестік идеология «Зар заман ақындарын» пат­шалық империализмді, фео­дализмді сынауға пайдаланған болса, қазір де барлық жаман­дық­­ты кеңестік кезеңге арту үр­дісі бар.
– Мұны постколониалдық қор­сынудан арылуға жасалған қа­дам дей аламыз ба? Өткеннің зар­даптарына қадалып қалмай, ал­ға жылжуымыз керек емес пе?
– Бірақ жарақатты жазу үшін оның беті ашылуы керек. Яғ­ни тарихты зерделеу оны де­мок­ратияландыру жолымен жү­зеге асуы тиіс. Тарихи мұра тек жарияланып қана қоймай, оны түрлі көзқараспен интер­пре­тациялауға мүмкіндік бе­рілуі тиіс. Яғни отаршылдық тұ­сын­дағы жақсы мен жаманның бә­рі объективті талқыға түсіп, пікір-таласқа арқау болуы керек. Ресейдің бұрынғы отарындағы постколониалдық көңіл-күй туралы объективті зерт­теулер шетелдерде шығып, тал­қыланып жатыр. Мәселен, жа­қында Жапонияда тұратын ға­лым Т.Дадабаевтың кітабы шық­ты. Оның жүргізген зерт­теу­лері бойынша, Кеңес Ода­ғы­ның жүргізген саясаты түгелдей отаршылдық сипатта болмаған, социалистік мемлекет құру идея­сы басты орында тұрған.
– Сонда сіз айтқан тарихи жа­ра­қатты жазу үшін не істеу ке­рек?
– Біріншіден, ауыр тарихи оқи­ғаларға қатысты ашық пі­кір­талас болуы керек. Мәселен, 1931-33 жылдардағы ашаршы­лық­қа қатысты бірнеше пікір бар. Ең кең тараған пікір – Ре­сей­дің қазақтарды қырып-жой­мақ болған отаршылдық саясаты. Бұдан басқа «ұжымдастыру ке­зінде жіберген қателік­тер» де­ген де пікір бар. Тың игеру, Жел­­тоқсан, Арал мәселесі, полигондар – барлығы отар­шыл­дық­тың салдары саналады. Мұн­да тек жылап-сықтау емес, бұл оқиғалардың қалай, неден бол­ғаны анықталып, басқа ко­лониалдық қоғамдардағы осы та­қылеттес оқиғалармен салыс­тыра талдануы керек. Яғни та­рих­қа салқынқанды көзқарас қа­жет.
Екіншіден, халық көкейдегі сұрақтарына жауап алуы керек. Қазақтар орыс бодандығына өз ер­кімен кірді ме, жоқ па? Ашар­шылықты геноцид деп тану керек пе, жоқ па? Желтоқсан ұлт-азат­тық көтеріліс пе, жоқ па? Ха­лық, әсіресе зиялы қауым өкіл­дері, белді тарихшылар бұл сұрақ­тарға саяси тұрғыда жауап бе­рілгенін қалайды. Мәселен, М.Қойгелді сынды тарихшыларымыз қазақ халқының соңғы ғасыр­лар­да орыстардан үш рет ойсырай жеңілгенін айтады. Тә­уел­сіз­діктің алғашқы кезе­ңін­де күн тәртібіне шығып, со­дан бері кө­кейде қалып қойған осындай сұрақтарға жауап алмаса, сыз­даған жара сыздап тұра береді.

Сұхбаттасқан Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір