Қарқынды өзгерістер қарсаңында

0
110 қаралды

Бұрынғылардың жатса да, тұрса да заманның тыныштығын, елінің берекесін тілеп, Жаратқан Иеге жалбарынатыны тегін емес-ау. Басынан небір зобалаңды өткерген қазақ жүрегіне ұя салған күдік пен үрейді сейілту оңайға соқпағаны мәлім. Сол бабаларымыз бастан кешкен қасіретті тағдырдың өтеуі – бүгінгі бейбіт күніміз. «Тату елге – тыныштық пен тоқшылық нәсіп», әлемнің әр түкпірінде болып жатқан алуан оқиғалар бізден тысқары, оларға еш қатысымыз жоқтай бейқам жүруіміз де тыныштықтың арқасы. Осы орайда тыныштық жөніндегі ұлттық түсінігіміз қандай, ұлттық тұрғыдан қарағанда саяси сергектігіміз, сауатымыз қай шамада? Біз егер көп жағдайға терең үңіліп, себептерін біліп, хабардар болып отырсақ неден ұтамыз? Жақсылық пен қатар жамандық нышанын сезіп, сақтанып отырудың шарты қандай?
Материалдық игіліктердің құлына айналу адам психологиясына қалай әсер етеді? Жалпы, материалдық байлықтан басқа құндылықтарды жарыққа қалай шығаруға болады деген сауалдар төңірегінде көп болып толғанған дұрыс та шығар.


Қалас ЖАМАЛОВ,
философия ғылымының докторы

Ғаламдық қарқынды өзгерістер және Қазақ Елі
Тыныштыққа қатысты ұлттық түсінік туралы айту қиын, өйткені әр түрлі ғылым салаларындағы оқы­мыстылардың ой-пікірлеріне, ұжымдық шешімдер мен жал­пыұлттық сауалнамалар нәти­же­сіне сүйенуіміз керек. Ал менің ойым­ша, бүгінгі бұл тыныштық қа­зақ халқы мен өзге ұлттар кү­ші­нің теңдігімен сақталып тұр. Ресей басшысы В.Путиннің «біз қайда болса да орыс тілді тұрғындардың мақсат-мүддесін қорғаймыз» деп әлемге жар салғанын білесіздер. Осы сөз орыс тілді қазақтар мен қ­а­зақ тілді қазақтарды бір-біріне ай­дап салғандай әсер қалдырады. Не десе де ауыз өзінікі. Дегенмен, ел­де пайда болуы мүмкін қақты­ғыс­тың өзімізге, онсыз да саны аз ха­лыққа қатерлі екені түсінікті.
«Көп қорқытады, терең батыра­ды» деген сөз бекер айтылмаса ке­рек. Өз жерінде бұрыннан саны жа­ғынан халықтың басым бөлігі бо­латын қырғыздар, өзбектер, әзір­байжандар өз-өздеріне деген се­німмен өмір сүруде. Олармен са­лыстырғанда, қазақтар 1970 жыл­дары Қазақстан халқының 30 па­йы­зын ғана құрады. Тағдырдың та­лай теперішін бастан кешкен ұл­ты­мыз өз жерінде азшылыққа ай­нал­ды. (Кеңес үкіметінің қолдан жа­саған ашаршылығында қыры­лып, шет мемлекеттерге жер ауып, сая­си қуғын-сүргін көріп, Екінші дү­ниежүзілік соғысқа қатысып, атом сынақтарының зардабын тар­тып)… Сондықтан дөңайбат, дөкір мінезден жасқаншақ боп қал­ған­быз. Кешегі Кеңес Одағының шең­ге­­лінен шыққан елдердің қайсы­сы­н­­да барлық деңгейдегі бас­қосу­­лар мен ресми жиындар орыс ті­­лінде басталып, орыс тілінде аяқ­талуда?! Тәуелсіздік алға­ны­мыз­ға ширек ғасырдан асып, ана тіл­іміз мемлекеттік мәртебеге ие бол­са да, қазақша сөйлеуге бас­қа­лардан жасқанып, орыс тілділердің қас-қабағына қарап, жалтақтап отырмыз.
Кезінде Мұса пайғамбардың ев­рей халқын құлдықтан құтқару үшін Мысырдан алып шыққаны­мен, бірден Құдайдың уәде еткен жеріне алып бармай, қырық жыл бойы шөл далада сандалтып, аш­тық пен азапты өмірге душар қыл­ғанын білесіздер. Неге олай істеді? Се­бебі, біреу таяқ көтерсе бұға қоя­тын, құлдықтан енді шыққан адам­дарға сенбейді. Қырық жылдан соң, құлдық көрген ең соңғы адам өледі. Өмірге кейін келген, құл­дықтың не екенін білмей өскен ұр­пақты ол Құдайдың уәде еткен же­ріне, сол жерді қоныстанып отыр­ған халықтан тартып алуға жі­береді. Еркін өскен, ешкімге кі­ріп­тар болып көрмеген, қорқы­ныш­ты білмейтін, санасы азат жаңа ұрпақ шөл даладағы жыңғыл, сексеуіл томарларын қолдарына ұстап, мұздай қаруланған адамдармен соғысып, жерлерінен қуып шық­қан екен… Біз де әлі құлдық са­на­дан толық құтылмаған сияқ­ты­мыз.
«Елдің тыныштығы» деген ұғым­ды абсолютті түсінуге бол­май­ды, өйткені Жаңаөзен оқиғасы қоғамда шешімін таппаған проб­леманың барын айғақтайды. Жас­тардың әр түрлі діни радикалдық ағым­дарға беріліп, шет ел асып, жиһадқа аттануы да бізді жақсы жағымыздан көрсетпейді. Елдегі жас­тардың жұмыссыз жүруі, өмір­ден өз орындарын таба алмауы, баспана мәселесінің қиындығы оларды әр түрлі келеңсіз әрекет­тер­ге итермелеуде. Қазақша айтқанда, «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар».
Біздің саяси сауатымыз да, сер­гектігіміз де ауыз толтырып ай­тар­лықтай емес. Өйткені, әлемдік даму­дың бағытын анықтап, соған сай шара қолданып жатқанымыз ша­малы.
Адамзат қауымдастығы ға­лам­дық қарқынды өзгерістер алдында тұр. Осы әлемдік өзгерістер көшіне Қазақ Елі қалай қосылады? Қосыла алмаса, өзгелерге мәңгі жалтақтап өтетіндей шарасыздыққа кезігері сөз­сіз емес пе? 2010 жылдар ша­ма­сын­да Қазақстан ғылымы тиім­ділігі жағынан әлемде 64 орында тұрған. Енді мектептердегі тарих пен географияны, тіл мен әдебиетті қосып бір пән жасалуда. Ал әлеу­мет­тану, саясаттану, мәдениеттану пән­дері жоғары оқу орындарынан мүл­де аластанбаса да, мүшкіл халге жетті.
ХХ ғасыр басында Алаш аза­мат­­тары айтқан «Оян, қазақ!» ұра­ны әлі де күн тәртібінен түс­пе­ген­дей. Өйткені, біз күтпеген әлемдік ала­пат қарқынды өзгерістер ұй­қы­дағы қазақ қоғамын жанай өтіп жатыр. Осыдан бүгін «Қазақстан­ның болашағы қандай, қалай бола­ды?» деген сұрақ әрбір санасында саңылауы бар адамды толған­ды­ра­ры сөзсіз.
Ресейдің ғылыми журналдарында оншақты жылдан бері «парасатты саясат», «парасатты эко­но­ми­ка», «парасатты өндіріс» туралы мәліметтер жарияланып келеді. Әлем­дік қарқынды дамудың ал­ғаш­қы қарлығашы, белгісі деп Гер­манияның «Индустрия 4.0» бойын­ша жоспарды жүзеге асыра бастағанын, Жапонияның министрлер кабинеті деңгейінде жасанды интеллект, «парасатты өнеркәсіп», «па­расатты ауыл шаруашылығы», үз­діксіз білім беру, қоғамдық ден­сау­лық сақтау орталықтары, қо­ғам­ның әлеуметтік дамуы концепциясын ұсынуын айтуға болады. Демек, көкжиектен жаңа цифрлық индустрия, жаңа цифрлық қоғам, жаңа цифрлық мемлекет, жаңа цифрлық ақиқат көрініс берді. Өмірде орын алып отырған мұндай шындықпен санаспасақ, қарқынды дамуға ілесе алмасақ, адамзат қауым­дастығы көшінің соңында мәңгі қалатынымыз түсінікті.
Қарқынды даму бағытына түс­кен, тез тұрмыстық, техноло­гия­лық өзгерістерге ұшыраған әлем біз­дің елімізден экономикалық дамудың жаңа үлгідегі жолына түсу­­ді талап етеді. 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлік қызмет көрсету индус­триялары дамыған елдердің эко­номикалық құрылымын түбегейлі өзгертіп, дәстүрлі салаларды жаңа сапалық деңгейге көтеруде.
Ел­басының республика жұртшы­лы­ғы­на арнаған биылғы Жолдауында ел дамуының басым бағыты Қа­зақ­стан экономикасының қар­қынды тех­нологиялық жаңаруымен бай­ла­нысты болатынына, заманауи тех­нологиялар негізінде жаңа, ке­ле­шегі бар салаларды дамыту қа­жет­­тігіне назар аудартуы бекер емес.
Қай заманда да қоғамның, әлеу­меттік ортаның дамуы тарихи дәуір тұлғаларын толғандырмай қойған жоқ. Жалпы, әлеуметтік проб­лема өз шешімін оңайлықпен тап­­тырмайтын, ең күрделі құбы­лыс. Өйткені, мұнда әлеуметтік ор­та құбылыстарымен санасып, со­ған тез бейімделіп, өз жұмыста­рын жалғастыратын, әр түрлі мақ­сат-мүдде көздеген қоғамдық күш­тер мен топтар өмір сүреді. Өз мақ­­сат-мүддесіне сай қызмет жа­сай­тын әлеуметтік күштер әрдайым қоғамдық қайшылықтар бастауында тұрады. Қайшылықтар әрқа­шан өзінің объективті зерттелуін, объективті қорытындылар шы­ға­рылуын талап етеді. Қайшылықтар болмаған жерде тоқырау, қоғамдық өмір келеңсіздіктері, қақтығыс-соқ­тығыстар ауылы алыс емес. Ке­шегі Кеңестер Одағы соның нақ­ты дәлелі. Кезінде В.И.Лениннің өзі де: «Құдайақы, өмір қайшылық­тар арқылы алға жылжиды, деп қарт Гегель дұрыс айтады» деген екен.
Қоғам өзінен-өзі дами ма? Жоқ. Ол яғни қоғам өмірінің шыңдалуы прог­ресс те, кері кетуі, регресс те сая­си күштердің әлеуметтік қыз­меті арқылы көрінісін табады.
ХХ ғасыр басында социалистік қо­ғам алдына қойылған бес міндеттің бірі – болашақ қоғам табиғатына сай келетін «жаңа ұрпақты тәр­бие­леу» еді. Ақыры не болды? Кеңес үкі­метінің тәрбиелеген «жаңа ұр­па­ғы» сол қоғамның түбіне жетті. Өйт­кені, қоғам өмірінде объективті заң­дар болатынын, сол заңдарды қызмет барысында басшылыққа алу қажеттігін білмейтіндер билік басына келді. Олар өздерінің тар ниет­ті мақсат-мүдделері шеңбе­рі­нен шыға алмады.
1980 жылдардың басында эко­но­мист А.П.Бутенко билік иеле­рі­нің мақсат-мүддесі мен халық ара­сында алшақтық барын, егер ол ұл­ғая берсе, өліспей беріспейтін ан­тагонистік қайшылық пайда бо­латынын мәлімдеді.
Өткеннің бәрін мансұқтамай, ел басқару жүйесінің үлгісін
В.И.Лениннен алса болады деп ой­лаймын. (Әрине, қазір оған деген көз­қарас жақсы емес, бірақ оның өз мақ­сатына жеткен үлкен тұлға еке­нін мойындаймын.) Ке­зінде сол кісінің нұсқауымен, эко­но­мист Н.Кондратьев «жаңа эко­номи­ка­лық са­я­сатты» теориялық жағынан не­гіз­деп, НЭП өмірге енгі­зілгеннен кейін, Кеңестер Ода­ғы ХХ ғасыр ба­сында пайда болған экономи­ка­лық дағдарыстан шық­ты, біршама же­тістіктерге қол жеткізді.
Ресей ғалымдары әлемде 270-ке тарта мемлекет барын, соның тек 50-інің ғана таңдаулылар қатарына қо­сылатынын, қазір барлық елдің мүмкіндіктері қарайлас екенін ай­тып, дұрыс ұстаным негізінде үл­кен жетістікке жетуге болады деп болжам жасауда. Ал қатарға қосыла алмаған елдердің қарапайым тұр­ғындары кедейлік қамытын киіп, озық ойлы, білімді тұлғалары да­мыған басқа мемлекеттерде жұмыс істейтіні айтпаса да түсінікті. Мұ­ның біздің елімізге де қатысы бар.
Әрқашан шикізат қорымыздың көптігін мақтан етеміз. Бірақ көк­жиектен көрініп тұрған жаңа тех­но­логиялық дамулар келешекте оны жылдам құнсыздандырып тас­тайтыны, шикізат көздерінің керек бол­майтыны ащы да болса ақи­қат.


Рамазан Саттарұлы, социология ғылымының кандидаты, Еуразия Ұлттық университетінің доценті 

КӨҢІЛІҢ ДҮНИЕГЕ АУСА…
Қазақ халқы ерекше қадір тұ­татын жағдай – ол ел-жұрттың ты­ныш­тығы. Амандасып, жөн-жо­сы­ғыңды біліскенде, «ел-жұртың тыныш па?» деп сұраған. Бейбіт за­манды бағалау адамзаттың көне тарихынан келе жатқан ерекше ұстаным. Мысалы, ежелгі Рим фи­лософы Марк Туллий Цицерон (лат. Marcus Tullius Cicerо), «Жаман бей­біт өмір – жақсы соғыстан ар­тық», – деген екен. Тарихшылардың айтуынша, қазіргі адамзат өрке­ние­тінің соңғы бес мың жылында, тек елу жылда соғыс болмапты. Бұл де­геніңіз, адамзат тарихы – соғыс­тар тарихы деуге болады. Қазақ да­ласы да ежелден соғыс аренасы бол­ғаны мәлім. Қыршыннан қиыл­ған жастардың асқақ арманы, аяу­сыз төгілген қарапайым ха­лық­тың қаны мен айтылған, айтыл­ма­ған мұң-зары, сонымен қатар жауынгерлердің батырлығы ұлт та­рихында, әдебиетте орын алған. Сондықтан болар, бейбіт өмір қа­зақ үшін баға жетпес құндылық. Өйткені, бейбіт өмірде ғана қоғам­ның даму үрдісін көре аламыз. Ұлт өсіп өнсе, ол тек тыныштықтың ар­­­қа­сында. Соғыс, өз кезегінде әлеу­меттік және саяси шиеле­ніс­тер­дің шешім таппай тығырыққа ті­реліп, дау-дамайдың ушығып, ашық текетірес, ұрыс-майданға ұласуы. Демек, ұлттың ұстанымы ел-жұрт тыныш болсын, бейбіт заман болсын дегені даму мен өркен­деу­ді тілеуі, жақсылықты жақта­ға­ны.
Заманауи ақпарат көздері бү­гінгі медиакеңістікті ұдайы саяси және басқа да жаңалықтармен үз­дік­сіз толықтыруда. Демек, кез кел­ген саяси ақпараттар халықтың талдауынан, сараптауынан өтіп, ой елегінен сұрыпталып жатыр десек, қа­телеспейміз. Өйткені, ел-жұрт алыпқашпа әңгімелердің жетегіне еріп, аяқ асты дүрлігіп, көше бойлап жүрген жоқ қой. Демек, ұжым­дық санада сабырлық пен са­лиқа­лық басым. Халықтың саяси сер­гектігі мен сауаттылығынан на­ғыз демократиялық билік пен аза­маттық қоғам қорықпауы керек, керісінше, соның арқасында жат қылықтан, жабайы дәстүрден құтылуды ойлағанымыз жөн. Нә­тижесінде халыққа жаны ашитын билік пен сауатты ел азаматтары өз­а­ра әріптес болып, жетістіктерге же­тетіні сөзсіз. Қоғам мен тұлға ұдайы өз тіршілігін талдап, есеп бе­ріп отыру керек. Былай қара­саңыз, аморфты, пафосты индикатор, бірақ басшының да қосшының да, қағанның да, қараның да тір­ші­лігінің, барлық әрекет қамының мән-мағынасы осы формулада. Са­налы адам жамандықты ажырата алады. Біледі, көреді. Ал жаман­дық нышанын дәл табу, түп-та­мы­рынан қиып, оны болдырмау тек ой талдау мүмкіншілігінде.
Қоғам мүшелері бәрі тең болуы мүм­кін емес. Сол теңсіздік ертең де жалғасын табады. Бірақ әр адам­ның өмір жолы траекториясы оның жеке қасиет пен іскерлік қа­білетіне сай болатынын ұмытпау ке­рек. Шынайы демократиялық қо­ғам ондай адамға жол ашып, адам­ның тегі мен нәсіліне қарамай, та­биғи және адами қасиеттеріне сай материалдық және рухани бай­лық береді. Егер де қоғамда барлық жетістік сыбайлас арқылы, таныс-тамыр демеуімен, көзбояушылық­тың пәрменімен болса көпшіліктің наразы болуына, халықтың қалып­тасқан жүйеден, соны тудырып, жақтап отырған биліктен жеруіне әкеледі. Нәтижесінде біреулер шірі­ген бай, жалғанды жалпағынан басып дүние жинауда, ал басқа­лар­дың жеке басының ұстанымдары дүнеқоңыздықтан жоғары болып, шын мәнінде еркін, егемен өмір сүру­де.
Осы тұрғыдан шын бай кім, шын кедей кім деп сұрақ қояйық. Ұй­қың тыныш, тілеушің халық бол­са байсың. Көңілің балаға емес, дү­ниеге алаңдаса, миың ел үшін емес, өз қарның үшін ашыса, онда азап­пен күн көрудесің.

Дайындаған Гүлім СЫДЫҚОВА.

Пікір қосу