ІШТЕ ПІКІР ӨЛГЕНШЕ…
30.03.2017
2392
1


1. Қарасөз бен Қараөлең

Ерекше сезімтал, сергек, көргек адамдар болады. Керісінше, салмақ­ты, сабырлы, салиқалы адамдар болады. Алғашқысы (мінез-құлықты айтам) көбіне ақындарға тән, кейін­гісі жеті өлшеп, бір пішетін қара сөз иелеріне лайықты. Иә, Назым мен Насыр. Уақыт деген ұлы мәртебелі ұғ­ым-танымды кез-кезеңімен сал­мақ­тап-сараласақ, екеуінің қоғамға, әлеуметтік ортаға қызмет атқару ая­сы әрқилы. Солай болып көрін­ге­німен, ортақ мақсат: бағзы-баяғы мен бүгін-ертеңнің арасын алтын жіппен әдіптеу, ой мен сананы үнемі алға оздыра отырып адамзат әлемі­нің рухани өсу, даму үрдісін назарда ұстау. Мұндай ұстанымды келер-кетер уақыт, озар-көшер замана тек осы бір өнермен де өлермен жандарға беріпті! Алладан келген аманат! Ал өңгесі – пенденің пейілге сай пешенеге бүйырған жазмышы. Одан өзге болуы да мүмкін емес.
«Қар кетеді – жер қалады,
Хан кетеді – ел қалады…», – бағ­зы-баяғы аксиома. Өйткені, «Ақын­ның аузына Алла сөз салады». Жазушы, Ақын деп айдарла­ғанымыз бол­маса, екеуінің де анасы – Сөз. Ана­ның әзіз омырауын еміп өскен егіз­дер. «Түгел сөздің түбі бір, түп а­тасы Майқы би» іспетті қазақы қа­лып ілкідегі сөзді берегіректе қостай, үстей түседі деп ұғынсақ керек.
«Заманына қарай амалы» демек­ші, біздіңше, дәп қазір қандай ауырт­палық кезеңді, мойынсал мез­гіл­ді басынан кешіріп жатқанына қа­рамастан, поэзияның қан тамыры ісініп-тасынып кетпесе де үрдісінше үздіксіз бүлкіл қағып тұр. Бұл асыра, не әсіре әспеттеу емес, әдеттегі әділ шындық. Мұны сөйлесе, сырласа қал­саңыз қарасөз өкілдерінің қай-қайсысы да мақұлдайды. Кезінде, а-на-ау он тоғызыншы ғасырдың қат-қабат қапталында қарасөздің қатепті қара нардай ауыр да абыройлы жүк арқалағанын көзіқарақты жұрт жақсы біледі. Бұл кезең Батыс­пен қоса, орыс жазбагерлерінің қалам қарымына бірдей қатысты.
Уақыт өзгерді. Одан бергідегі қым-қуыт оқиғалар сүреңін алға тар­тпағанның өзінде, ілуде бір болатын формациялар алмасуы адамзат баласының өмір сүру, ғұмыр кешу салтына күтпеген өзгерістер әкелді. Дүниенің тең жартысы жарты ғасыр­ға жетер- жетпесте «жаздық, жаңыл­дық» деп сол баяғы қартаң қара жол­ға қайта келіп түсті. Алланың бұйрығы шығар – құйрық жағына. «Төрдегілер күлсе, ауыз үйдегілер ыр­жия­­дының» кері болды да шықты. Басқаны қайдам, біз пақырларға, яғни руханият пен өнер өкілдеріне бұл заманауи төңкерістен кем соққан жоқ! Сол үшін де біз күні кешегі «қырғиқабақ дәуірдің» «қызылда­рын» да, «ақтарын» да ешқашан, ешуақытта кешіре алмақ емеспіз!..
Қалыптан шыққан үрдіс адам баласының қас-қабағына қарап жатпайды. Қаладың-қаламадың, жаңа ғасыр әлетіндегі өмір өрісі өз керегіне сай сипат алды. Идеология есіктен сығалап, саясат төрге озды. Күнкөрістік дейсіз бе, дүниеқоңыз­дық дейсіз бе, патша көңіліңіз біл­сін: қанағатсыз, тоңмойын тойымсыз бір әлуетті күш атқа мінді. Оның айтқа­ны мен дегені – баю, тою, кердең қа­ғу, кекірік ату екен. Ол сіздің ақыл-кеңесіңізді, парасат-пайы­мы­ңыз­ды, Алла дарытқан даналығыңыз бен даралығыңызды аса керек етпейді екен. Керек ете қалғанның өзінде, сізді пұлдық құндылық пен құлдық психология ұғымында ұс­тағысы келеді екен. Әрине, бұл риуатта Рухани дүниеңіз (әлгі Алла дарытқан) баяғы занжырлы (шынжырлы) зәңгілер сияқты оның не қолжаулығына, не құлақ­кесті құ­лы­на айналмақшы. Солай болып та жатыр! Дәл қазір біз бей­бақ – Қарасөз бен Өлеңсөз иелері, айтты-айтпады, дәл осы бір келеңсіз кесірлі кеспірді бастан кешіп жатырмыз. Ширек ғасырдан бері. Өкініш­тісі сол, бұған әй-шәйсіз етіміз де үйреніп үлгерді.
Шын асау шуламайды, тулайды. Алғашқы кезде туладық та…Тула­ғаны сол – қағазын өртеп, қаламын тастағандар қарамызды азайтты. Бірақ ешкімнің бұған қылы қисая қоймады. Жүні жығылғандардың біразы әлі де арамызда жүр. Біреу­лер­ден бірдеңені дәметіп… «Жығыл­ғанға – жұдырық» демекші, рухани демеушіміз, айналайын мың болғыр, Оқырманымыздан да ада-күде айрылып тыныппыз. Оның ішінде әке-шешемізден бастап алыстағы, жақындағы жаппай қазақы жұрты­мыз бар еді… Затты жоғалтсақ, бірер күндік өкініші бар еді, бәрінен де жалпыны жоғалтқан жаман екен:
«…екі көзден мөлтілдеп жас келеді…». Бөле-жарып қайтеміз, бұл «әттең-ай» бүгінде бәрімізге ортақ опыныс. Кі­тап оқымайтын да жұрт бар екен – көріп те жүрміз, көніп те жүрміз.
Бұрын ұсақ-түйекпен араласы жоқ марғау, маңғаз қазақ баласының сарттың салты – саудаға араласып, сақалын сатуы қарадай өліммен қарайлас кеп екенін шыққыр көзіміз көрді. Сөйтсек, ол да бір кәсіп пен нә­сіптің арасындағы өлдімтал «өн­ердің» бірі екен. Талғажау тірлік тау­қыметті тағдырымызға айналды. Абай заманындағы «сияздан», Бе­йім­­бет заманындағы «даудан» дал болып қайтатын қазағыңыз бүгінде «қайдан келесіз?» деген қалыпты сауалдан қара басын алып қашатын болды. Кешегі алушыңыз – бүгін сатушы. Ал сатушыңыз Сана деген саяқ философиялық категориядан гөрі санау, санақ деген есеп-қисапты өзіне өте-мөте жақын көреді. Былайша айтқанда, сіздің санатта бол­ма­ғыңыз күнбе-күнгі санаққа тіке­лей байланысты һәм бағынышты. Аз жыл ішіндегі осынау алай-дүлей өзгеріс, әсіресе, санаткерлер ауылы­ның «сал-серілеріне» сойқанды бол­маса да сойыл-соққы болып ти­гені анық. Сойылды соққыны баукеспе барымташылардан хабары бар адам жақсы біледі. «Абай» романын оқыған шығарсыз?..
Роман демекші, осынау рухани «ұрдажықты» ең алдымен біздің «ауыр артиллериямыздың» санақта­ғы сарбаздары мен санаттағы сардарлары алардай-ақ алды десек, қа­­телеспейтін шығармыз. Дәуір мен кезең оқиғаларына аспан асты, жер үстінен ақыл көзімен, сабыр тезімен қарайтын қарасөз майталманда­рының қарасы бүгінде қарашаның қырбақ қарындай қараң-құраң. Бірі алаң, бірі елең. Есін жиып, еңсесін тіктеп дегендей, есік пен төрге көз салғандары бірен-саран. Дүние дүмінің шолақ екендігін күні бұрын сезіп-біліп қойған ерекше, бөлекше дарын иелеріне келсек, баланың ойынындай мына бір жайдақы, бой­дақы тіршілікке көре тұрып көнгісі де, сенгісі де жоқ. Әліптің артын ба­ғайын десе, әлекедей жаланған аял­сыз да аяусыз қу тірлік айласыз, амал­сыз өтіп-кетіп барады… Құдайға мың шүкіршілік айтсақ болады, бұларға қарағанда Қараөлеңнің қа­тардағы қағілез жауынгерлері әлдеқайда ширақ та шымыр. Екі ке­зең арасының алтын көпірі демесек те, талассыз таразбаны осылар. Адам тағдырына алаңдап, қоғам қолам­та­сын жалаңаш қолымен уыстап ұстап, ауызбен үрлеп, әлгі-анау Прометей­дің от-жалынын өшірмей келе жат­қан осынау жазбагерлердің бүгінгі жан­кештілік жаратылысына таң қал­саң болады! Баяғы сопылық шаһбаз шайырлардың тәркідүниелік тәуекелі мен тәубашылдығы тәрізді! Сенбесеңіз, көріңіз, біліңіз, көз жет­кі­зіңіз – баяғы ішу, іш пысудан мүл­дем аулақ, тапқан талқаны мен тал­ғажауын (өжет те өміршең өле­ңін, өнерін) ананың да, баланың да аузына тосып, ар-ожданын қам­шылап қаратер күн кешіп жүргендер де осы бәтшағарлар! Шынтуайтына келгенде, бірінің күйі жоқ, бірінің үйі жоқ. Бірақ қайыршы емес! Қаң­бақы да емес! Мына қауқарсыз, қау­мет­сіз қауымға, анау ат төбеліндей «ақсүйек» ауылға қаймана да бола алмайды! Бірі Алатауда, бірі Қа­ра­тауда, бірі Ақтауда, бірі Көктауда, бірі Ұлытауда… «Қыран құс не алмайды, салса баптап!..». Бәрібір, Қансонарда! Шаңқылдаған шабытты шағында!.. Әлдебір Атымтай жомарт уысындағы жәми жұлдыздар жауһарын таң алдында жан-жаққа жамырата, шашырата шашып жі­бер­ген тәрізді! Қолына қалам ұстаған бү­гінгі ақберен ақындардың тұ­ла ­бойы тумысында осындай бір сұлу да суық сұс бар! Мейлі, астарлап айт­сын, мейлі, тұспалдап айтсын, мейлі, ашынып айтсын, мейлі, ашылып айтсын, бүгінгі қоғамның бүр­ке­мелі шындығы оларды сынай
отырып шыңдау үстінде!..

2. Шындық шырағы
Ебіден ескен желдей есі-дертің­нің емі – көнеден қалған көз, атадан қалған сөз. Ақтамберді айтады:
– Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет.
Бірлігіңнен айрылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке.
Араз болсаң алтыауыз,
Еліңе кірген әреке…
Бабалар айтудайын айтқан-ау, бірақ… балалары – мына біз бұған құл­ақ асып жүрміз бе? Өсиет, әдет­те, дуалы ауыздан адым сайын шыға бермейді, ілуде бір айтылады. Ілуде бір айтылған сөзді ізет пен ілтипат иесі желге ұшырмай, жерге түсірмей іліп алмақ керек, ішкі астарын біліп алмақ керек.
«Біліп алмақ керек…» демекші, осындағы «әреке» сөзіне келгенде тоқталып қалдым, тосырқап емес, әрине. «Еліңе кірер әреке… Әңгіме бірлік жайында болып отырғанда әрекенің жәй сөз емес екені анық. «Бүлік», «іріткі» «алауыз» сөздерінің баламасындай көрінеді. Бірақ тілі­мізден түсіп қалған, ауызға да жиі оралмайды. Таңсық сөз болса таңдай қағып тамсана қайталар ма едік. Айтыла-айтыла ақжем болған деуден де аулақпыз. Кірме сөзге де қи­маймыз. Әлде, архаизм ауылына аттанып кетті ме екен? Бәлкім, тіл біл­гірлері көмекке келер?.. Ақтам­берді бабамыздың аузынан шыққан сөз ғой бұл?! Астарында өміршең Өсиеттің түпкі мәні жасырын жатса не дейсіз? Алды-артымызды орай қамтып отырған ақынды бұдан кейін абыз демей не дейік?! Сол бір­лік, сол татулық тағылымы әлі күнге дейін біздің – қазақы болмыстың тағдыр-талайында екені талас тудырмайтын шығар-ау…
Біз көбіне «ақыл айтатын ақса­қал­дарымыз ақаба судай азайып ба­­­рады…» деп ауызды қу шөппен сү­р­­т­уге машықпыз. Түк те олай емес! Саңлаулы санаға қай кезде де сәуле са­райы айқара ашық. Барды жоқ деу­іміз Жаратқанның жарлығынан ем­ес, пейіл, зейініміздің тарлығынан. Тар шеңберден шыға алмаған пенде ие­сі өзін де, өзгені де ажалдың аузы­нан, тарының қауызынан іздей­ді.
Сонау бір кездегі сопылардан бастап кешегі ғұламаларға дейін «Алланы танудан бұрын әуелі өзіңді танып ал» деп емеурін танытқанын, күні кеше ғана Мұқағалидың ту сыртынан келіп: «Шеңберден шық, Фариза, шеңберден шық!..» деп әулиедей үн қатып, тәңірдің тал түсінде ғайып болғанын біреу біліп, біреу білмес. Бірақ бұл аян емес, шындық. Ал шындықты шырақ алып іздеудің қажеті жоқ. Ол сіздің ішіңізде – жүрегіңіздің түкпірінде. Тар кеудеңізді, тор кеудеңізді жа­рыққа шомылдырып тұр. Шын­дық шырағы! Шел басқан кез сияқты жел кернеген кеудеде ақыр бір күні оның өшіп қалуы әбден ықтимал. Көрдіңіз бе, Шырақ үйге ғана емес, кеудеңізге де керек екен! Алыстан іздеп әуре болмаңыз, бұл сөз Абайда да бар: «Кеудеңде шырағың болмаса…» немесе «Жүректің көзі ашылса…».

3. Күлгін түс
Жұмекен Нәжімеденовтің «Же­ті­­бояуы» ойға оралып отыр. Танымал ақындардың ол кездегі жарық көрген әр кітабын жаңа туған Айға балаушы едік. Таласа оқып, жарыса жазатын жақсы ғадетіміз де бар еді. Сол кітаптың бірі осы «Жетібояу». Атының өзі затынан хош хабар беріп тұрғандай. Жас баладай сусамыр көңіл, Абай айтпақшы, сыртын қойып ішіне үңілуге асығатын. Енді қарасақ, заты былай тұрғанда, атында да біраз гәп бар екен-ау… Жеті күн, Жетіген (Жеті кен), Жеті муза, Жеті бояу… Орекеңнің «Радугасын» Жұ­ме­кең жеті бояу деп қазақылан­дырыпты. Жарасып-ақ тұр! Бұрын-соңды қалай ойымызға келмеген? Айтпақшы, «Кемпірқосағымыз» да бар емес пе еді? Атамзаманнан бері…Неге бұлай деп қойды екен ата-баба­ларымыз? Бұл да ойланатын сұрақ. Аңсар-ауанымыз әр саққа алып қа­ша­ды. «Қосақ арасында кет­пейік…» дейді бір пысықай ел-жұрт­қа ескертпе жасап. Ендеше «кемпір» мұнда неғып жүр? «Екеуін қосақтап тұрып сабады-ай кеп, сабады!» дейді ендігі бір ділмәр жазушымыз. Не керек, «қос» түбірінің тамыры тарам-тарам, бұтағы бұлың-бұлың. Менің бір түйсігім былай деп түйіндемек болады: кәдімгі Өрмек. Қызыл-жасыл бояулы. Өрмекке алшая қонып алып өрнек салып отырған Қаракемпір. Өрімдей қыз-келіндеріне өнеге көр­сетіп… Қалай десеңіз де жерден кө­те­ріп алып, аспаннан түсіре салған әу­лекі сөз емес бұл! Әйдік-ақ есті­леді. Сөйте тұра Жұмекең әдейі өз­гер­­тіп отыр мұны. Осындай да «қи­сық-қыңырлығы» бар-тын ол кісі­­нің…
Әдетте, «бояу» басқа, «түс» басқа. Бояу жетеу де, түс түрліше. Мұны мы­на бізден гөрі суретші ағайындар өте-мөте жақсы біледі. Жақсы білген соң да бір бояуды екінші бір бояуға араластырып жіберіп керегінше түр-өңі мен іреңі ерек-бөлек басқа бір түс жасап алады. Мысалы, ақ пен қа­раны араластырып көріңізші, қандай түс шығар екен? Әрине, күлгін – не ақ емес, не қара емес. Ақын Жұме­кең, күйші Жұмекең, ойшыл Жұме­кең, суреткер Жұмекең осыны білген соң да кітап атын «Жетітүс» емес, «Жеті­бояу» деп айшықтап, айдарлап отыр. Әрі-беріден соң «Өң» де, «Түс» те Бо­яу­ға балама бола алмақ емес, сыңар былай тұрғанда!..
Қазақ өлеңі. Ұлттық поэзия. Кешегі эпостық жыр-дастандардан бастау алған бүгінгі өлең өрнегі, өмір өрімі… «Жоқ» деуге жоқтаушысы да, «дат» деуге даттаушысы да болмауға керек бояуы анық, болмысы қанық кірпияз әлем. Әуенді де сазды, назды да намысты, ойлы да ожданды, пайымды да парасатты, айдынды да айбынды, шабытты да шалқарлы, жайсаң да жауһарлы ұлан-ғайыр бір дүние!.. Алуға сараң, беруге жомарт халықтың қанына сіңген қасиетті рухани қазынасы. Хақ қалауына жақ қауым, жұрт қана осыншама дү­ниенің қадіріне жете алса керек-ті. Анығында солай ма?
Фейсбукқа үңіліп отырсам, өзі де өлең жазатын жігіт болуы керек, «Аға, бір сұхбатыңызда: «Сын өлді…» депсіз, мұныңыз тым артық емес пе?» депті. Бұл, әрине, ішкі қарсы­лық. Мен не дейін, «Өлтіріп қайтеміз, бұл кеше болатын, ал бүгін ше?..» деп қайыра сауал тастадым. Ол «дұ­рыс шығар…» деп дүдәмалдау жауап берді. Көрдіңіз бе, «әр кәллада бір қиял». Үлкені бар, кішісі бар, әр ақын өз алауы мен қалауында. Бірақ ішкі әлемі қандай – бай ма, кедей ме, әлде жарлы-жақыбай ма? Өлеңдегі байлық әлемдегі ұштағанмен өл­ше­нсе керек – Кеңістік, Тереңдік, Биік­тік.
Жастарды көбірек оқуға бейіл­мін. Жөні келсе, өздерімен де сырласамын, мұңдасамын. Кітаптарын сұрап алып жаратылысына жақын­дай­­мын, табиғатын танимын. Құ­дайға мың шүкір, білімді, таным-тал­ғамы ақыр-тақырдан аулақ. «Өйт-бүйт» дейтін ақыл, кеңеске де зәрулігі байқалмайды. «Мені» де өз болмысы меңзеп тұрады. Сынай көз салмағаныңмен, мінездері де мінсіз деп айта алмайсың. Несі бар, Қадыр ағамыз айтқандай, ақынға бәрі жарасады: еркелік те, еркіндік те, асаулық та, албырттық та…
«Сырт көз сыншы» дейді қазақ. Мұндайда әлгі «өлген сын» өн ­бойың­да өре түрегеледі. Ерсі мінезді, ебедейсіз қылықты кешіруге болады, ал өлеңдегі өгейлік пен індетті «ізденіске» немкетті қарай алмайсың. Бір жеміс ағашына екінші бір жеміс ағашының бұтағын әкеліп теліген­мен (мұны бағбан баламасында будандастыру, пәйуанттау дейді) ағза­ара­лық исіну алпыс екі тамырды бой­лап кете қоймайды. Ең жаманы – бойға тарамаған өгейлік өзекке де, тамырға да залалын тигізеді. Жалған өлең де бір – жасанды түсік те бір. Жоғарыдағы Жұмекен: «Тамырым менің тереңде, жапырақтарым биік­те…» деген сөзді өзіне емес, Өле­ңіне айтқан!..
Бір қызығы, «Постмодернизм» ауруына осыдан біраз жыл бұрын жас прозашыларымыз шалдыққан болатын, бұл «үрдіс» енді бірте-бірте жас ақындарымызға ауыз сала бас­тапты. Көзіқарақты кісіге оны аң­ғару қиын емес, алғашқы және кейін­гі жыр жинақтарын немесе бас­ылымдарда жарық көрген бірен-саран топтамаларын оқысаңыз аңғара қоясыз. Жасыратын несі бар, «батысшылдықпен» қазір біздің бүкіл өнеріміз, мәдениетіміз, эсте­тикалық көзқарасымыз, тіпті, ең соңғысы – рухи әлеміміз көпе-кө­рінеу кеселдену кеспірін бастан кешіруде. Керісінше, бұған қайраты қажып, қауқары таусылғанша ақын­дар ауылы, тұтас қаламгерлер қауы­мы қарсы қайрат көрсетуі тиіс-ақ еді! Амал қанша…
Басқаны қайдам, ақындар үшін айдай анық ақиқат – Шығыс әле­мін­де! Мұны анау бір ақтаңдақ жыл­дары Мағжан ақын иісі қазақ бала­сының алдына салған. Кезінде Гете табын­ған Жеті ұлы ақын да жетелі сөзге ал­тын арқау. Жетеуі де сопылық ілім-білімнің жалт та жұлт жаһани жау­һарлары. «Айтыңызшы, бола­шақ­та қазақ өлеңінің өрісі мен өресі қай тараптан табылмақ?» деген са­уа­л­ға, Алла аузына сөз салды ма, кім білсін, Есенғали (Раушанов): «Шы­ғыс әлемі, оның ішінде сопы­лық поэзия» деп жауап бергені есім­де қалыпты. Мұнымен ақын Батысты толайым тәрк етіп отырған жоқ, керісінше, сонау Иран Тұран зама­ны­ның өзінде-ақ Шығыс жұртының бізбен тарихи, рухани жағынан жақын әрі жадуалдас екенін меңзеп отыр. Ізденістің ілкі ілімін меңгер­гісі келген менің інілерім осы тұсқа ат басын бұрса, әлі де кеш емес. Оны айтасыз, күллі Түркі дүниесінің ата-бабаларымыз тау мен тасқа бедерлеп кеткен, таспаға түскен талайғы тарихи таңбаларын қашаннан бері танып-біліп жарытып едік? Көне де жаңа Руна жазуларының біз мүлдем ауызға алмайтындай нендей кемістігі бар?
Ең болмағанда тұрқы түркі тұқы­мының ортақ олжасына татитын еді ғой?.. «Күлтегін», «Тоныкөк» ескерткіш-мұраларының тарихи-танымдық құндылықтарын абыздарымыз бен нағыздарымыз қашан әлем алдына жайып салмақшы? Кең тынысты, кемел сипатты эпостық жыр-дастандарымыздың өмірлік, өнегелік үлгі-үрдісі батысыңыз бен шығысыңыздың біз өлердей өнеге тұтып жүрген қай «шедеврінен» кем болыпты?! Тіпті, Абайдан арғы-бер­гі­дегі «зар заман» ақындарының тол­ғау, терме, жыр үлгілері қай қа­зақ­­тың тақиясына тар келіпті?! Грузиндер бір ғана «Жолбарыс тері­сін жамылған батырын» дәріптеу­мен даңқын да, абыройын да асқақ­татып жүр. Мына жанымыздағы қырғыз ағайын несімен маңғаз? Әри­не, «Манасымен»! Ал біз… кеше орысшыл едік, бүгін батысшыл болып барамыз. Сол батыстың бағзы-бая­ғы­дан бері қарай қаншама Шы­ғыс жауһарларын өзімшілдікпен өздері­нің қанжығасына байлап, қан-жы­нына араластырып жібер­генін біле­сіз бе? Әмірхан (Балқыбек) іні­міздің «Қасқыр құдай болған ке­зі» мен «Ақын апологиясын» оқыңыз…
Қазақ ақыны үшін басты критерий – Көркемдік. Мұнда бәрі бар: қазақы өлең өрнегі, теңеу, кейіптеу, эпитет, образ, т.б. Кезінде Квятков­скийдің «Поэтическое слово» кіта­бы­ның да орысша нұсқасын оқы­ғанбыз. Өйт­кені, керек болды. Мақсат – өзіміздегі барды толықтыра түсу. Сөйтсек, жоғарыда айтқан қазақ поэзиясының бұрынғы-соңғы мұраларында нешеме формалық, мазмұндық, иірім­дік, ырғақтық үлгі, үрдістер жетіп-артады екен ғой! Біз оларды үйреніп, игеріп қана қоймай, әлгі Баты­сыңыз­ға да, басқаңызға да ұрымтал тұс­та ұғымды ыңғайда ұсына білуіміз керек екен!
Абай не деп кетті?
«Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,
Ол – ақынның білімсіз бейшарасы…».
«Бөтен сөз» орыстың, не шүршіт­тің емес, өзіміздікі, бірақ ол ауызша қолданыстағы сөз. Поэзияның өз тілі бар. Жоғарыдағы түрліше компоненттер ең алдымен ТІЛ-ден бас­тау алады. Ділмарсып отыр демеңіз, шын­дығы осы. Абстракциялық ойлау жүйесі бәрібір көркемдік ен­діктен аттап кете алмайды. Абай­дың «Сыңғырлап өңкей келісім…» деп отырғаны да осы тараптан табылады. «Ақ өлең» порымының өзі ауа жайы­лып кетуді аса ұната бер­мейді.
…Ізденіс аясында шек жоқ. Сол шексіздіктегі сіздің өміріңіз бір тамшы көздің жасындай ғана. Жас құрғайды… Жас көлге айналады…Жас телегейге айналғанда жағалау көзден бал-бұл ұшады. Жанкешті Жаһанкез жағалаумен қоштаспайды. Ойында – оралу. Өмірдің өлеңге, өлеңнің ғұмырға айналмағы екіталай…

P.S.: Жеті күн, Жетіген (жеті кен), Жеті ақын, Жеті муза, «Жеті­бояу»… Күлгін түстің (сурет­шілерге болмаса), бізге керегі шамалы…
4. Ақын Аллаға ең жақын адам – Ақын, егер осылай айту айып саналмаса… Пәкиза пәктігімен, ана сүтіндей ақтығымен. Ницшенің: «Ақындар өтірікті көп айтады…» деген сөзі жала, қисынсыз. Ақынтану ғылы­мына (егер ол бар болса) әбден қа­нық, Ақиқат әлеміне шындап бойлаған адам мұншалықты ұш­қа­ры, атүсті айтпаса керек еді. Амал қанша, «Сүрінбейтін тұяқ, жаңыл­май­тын жақ жоқ». Қандас, қалам­дас, отандас неміс ақындары болса бір сәрі, тұтастай «Ақындар пат­ша­лығына тас атқаны, тіс батырғаны несі?» екен деп ар-ожданым алатайдай тулады.
Кім біледі, «Әр кәлләда бір қиял» демекші, тым ойлы, тым пәл­сапашыл Фридрих сан қырлы, сан сипатты санаткерлер салмағын со-нау қол жетпес биіктен сарала­ғысы келді ме? Әлде, Ницше көз жеткізгендей, әлемдік ауқымда бірегей бітімді, біртуар шайырлар шынымен-ақ, тақ-тұқ, ақыр-тақыр ма? Сонда деймін-ау, Алла елшісі Мұхаммед /с.ғ.с./ пайғамбары­мыз­дың «Мен пайғамбарлардың соңы­мын, менен кейін ақындар келетін болады…» деген уәлі уәжі далада қалғаны ма?..
Аттан салып андағайлап шық­пасақ та, намыс бар, ар-ождан бар демекші, патша көңілім парасатты адамның бұл пайымын айналып өте алмады. Бәлкім, Ницше әлдебір уақытта әлдебір ақыннан шатақтау, шалдуарлау сөз есітіп қалды ма ек­ен? Ол да мүмкін-ау… Бірақ… көрген көзде жазық жоқ, былай деп үзілді-кесілді жазып кетіпті: «Ақындардың айтуынша, егер кімде-кім көкмай­саға аунай кетіп айнала дүниеге құлағын түрсе, жер мен көктің арасындағы бірер жайға көз жеткізе алмақ. Нәзік те албырт болмысын аңғарған сайын көпшілік қауым ақындарға табиғаттың өзі ғашық, беймәлім, тылсым құбылыстар олардың құлағына өздері келіп сыбырлап, сыр ағытып жатады деп есептейді. Өтірік болсын, шын болсын, мұндай алып-қашпа сөз­дерге алдымен ақындардың өздері иланады. Несі бар, жер мен көктің арсында өнер адамының қиял қана­тына серік болатын нәрселер аз ба?! Оны айтасыз, аспан төрінде небір құдайларды ойлап тауып жүргендер де осылар емес пе? Қайдағы бір ойға келмейтін, келсе де орындалуы екі­та­лай нәрселерден қаншалықты мезі болдым, шаршадым десеңші!.. Әсіресе, әлгі ақындардан! Бұрынғы­сынан да, бүгінгісінен де! Мен үшін олар үстірт, тайыз, тереңге бой­лай алмайды, тереңге бойлай алмаған­дықтан да тереңінен ойлай алмайды. Айтқаны да, жазғаны да жалық­тырады. Олар шерткен Арфа үні мен үшін елес әлемінің елеусіз бір лебін­дей ғана. Жан алауы мен қалауы – дыбыстар дүниесі хақында олар не біліпті дейсің, тіпті, бүгінге дейін… Жүріс-тұрыстары да ерсі, ебедейсіз: тұнық судың тұнбасын лайлауға құмар. Терең бе екен деп телегейіне кейде тор тастайтыным бар, бірақ алтын балық орнына торыма ылғи да қайдағы бір «құдайлар­дың» бас сүйектері ілігеді де жатады. Тумысы сараң, тайыз судың тү­бі­нен асылдың орнына тас іл­і­гетіні сияқты. Теңіз демекші, қара судан алған қасиетін қараңыз: кеудемсоқ, менмен, өркөкірек. Ал тулаған теңіздің өзі мына мен үшін құйрық, қанаты қызылала Тауыс тәрізді. Иә, кәдімгі хайуанат дүние­сінің ең рабайсыз, ұсқынсыз жануары Буйволдың өзіне артын ашып мәз бола мақ­танатын! Ал жерден басын көтер­мейтін анау маубас үшін қызыл қанат құйрығы мен қисынсыз ерсі қылығы, ай­тыңызшы, неменеге керек болыпты?! Ақындар үшін бұл көп мысал­дың бірі ғана…».
Әрине, бір адам осылай айтты екен деп дүние қараң қалмас. Ни­ц­шенің де соңынан шырақ алып түсе қоймаспыз, әлем ойшылдары­ның бірі ғой… Ал егер, орекең айт­пақ­шы, «астамшыл ауру жұққыш» келсе қайтпекпіз? Оқырман мен Жазарманның арасына алда-жалда сына түсіп жүрмей ме? Онсыз да рухшылдар азайып, рушылдар ақылдан азып жүргенде? Қаламы мен қағазы бір ағайынның бірі Қабыл, бірі Әбіл болғанынан кім не ұтыпты? Бәлкім, кінә ақын-ша­йыр­­лардың өзінде де бар шығар? Кейде жеңілтек, кейде қоңылтақ… Кейде кө­белек, кейде ебелек… Кейде кө­кірек, кейде жетімек… Екі ақынның басы бір қазанға сыймай жататынын да жадымыздан шығара алмаймыз. Мысалы, дүниеге келіп жатқан егіз­дердің екеуі де ақын болып туыпты деген сөзді естіген­деріңіз бар ма? Бәлкім, бар да шығар… Өйткені, ақын көп. Әсіресе, бізде – қазақта. «Ақын халықпыз…» дегенді бас­қалардан гөрі өзіміз жиі айтамыз. Бұрыннан солай. Әсіресе, әдеби жиын-бәйгелерде, айтыс-мүшәй­раларда. Бәрінің ішінде, кем дегенде, бір-бірден «Мен» бар. «Мендер» Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған­да қарасы көбейетіні сонша, аласын да, қуласын да таппай қаласың! Елп етпе есек дәмең де, ел қатарлы еншің де әдірем қалады. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» деген сөз қай ауыздан шықты екен осы, Абай заманынан әрі ме, жоқ бері ме? Ойланатын нәрсе екен. Әзілі усойқыдай уытты Дулаттың да (Исабеков) «ауылдағы бір досым, ішіне ужылан ба, сужылан ба кіріп кеткен кезінде, жақын отырған адамға: «өзіңді мына жұдырықпен бір періп ақын қып жіберейін бе, ә?!» дейтіні есіме түсіп отыр. Тәтті жымиыстың астарында ащы мыс­қыл жасырын жатқанын аңғару қиын емес.
…Ақындарды арашалап отырған түгім жоқ, әзірге «Сырт көз сыншы» дей тұралық. Бәлкім, күндердің кү­нінде қауын пәлегінен, күріш елегінен ажырар. Күте тұруға тура келеді.

Исраил САПАРБАЙ

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір