Ойындардың төресі
30.03.2017
1143
0

Алматыдағы Оқушылар сарайында журналистер мен блогерлер арасында шахматтан турнир өтті. Aikyn media open сайысына жалпы саны 30 адам қатысты. 

Еліміздегі беделді басылым­дардың бірі «Айқын» республикалық қоғамдық-саяси газеті 13 жылдық мерейтойына орайластырылған ша­раға қаламгер қауым өкілдері қа­тысты. Ойын швейцар үлгісінде өткендіктен, қатысушылардың қай-қайсысының да жеңіске жетуге мүмкіндігі жоғары болды. Қа­тысушылардың жеті айналымда да жи­наған ұпай сандары есептеліп, қо­рытынды шығарылады. Үздік шық­қан журналистке Air Astana әуе­ко­мпаниясы Тегеранға бизнес-клас­қа екі билет табыстады. Жеңім­паз аталған жолдамамен Иранның ас­танасына осы жылдың аяғына дейін қалаған күнінде бара алады.
Бас жүлде «Ұйғыр авази» респуб­ли­калық қоғамдық-саяси газетінің тіл­шісі Арсилан Алахуновқа бұйыр­ды. Жас блогер, шахматтан І-раз­ряд­­қа ие Қуаныш Сүлейменге екін­ші орынды иеленіп, «Кернеу Limited» атынан планшет табысталды. Қола жүлдеге талас қызу болды. Жа­рыс қорытындысында ұпай сандары тең түскен төрт ойыншыға да үшін­ші орын берілді. Дегенмен, коэф­фициент бойынша Құмар Бақ­дәулет басым түсіп, планшет иегері атанды. Сәйкесінше, Байпейісов Ас­қат, Қаматаев Қанат пен Түсіпхан Нұрбек есімді журналистер де жүлделі үшінші орынды иеленді. Бұдан бөлек, белсенді қатысқан бір­қатар тілшілерге бағалы сый­лықтар табысталды. Сонымен бірге, Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырсқа және БІЗ» кітабы мен Ермахан Шайхының «Қоңыр қажының күнделігі» кітабы турнирға қатысу­шыларға сыйға тартылды.
«Газетіміз биыл бірінші мүшелге кел­ді. Осы айтулы мерекені қалай өт­кізсек деп көп ойландық. Нәти­же­сінде шахматтан турнир өткізуге бел байладық. Бұл арқылы мық­ты­лар ойынын кеңірек насихаттағымыз келді. Елімізге белгілі жас шахматшы Жансая Әбдімәліктің шахмат академиясы біздің ұсынысымызды жерге тастамай, сайысты осы жерде өткізуімізге келісім берді. Осы шара­ның өтуіне атсалысқан барша жан­дарға алғыс білдіреміз. Турнирді ал­дағы уақытта дәстүрлі түрде ұйым­дастырамыз деген жоспар бар», – дейді «Айқын» газетінің бас ре­дакторы Нұртөре Жүсіп.
Ал белгілі қаламгер Аян Ны­са­на­лин шара туралы: «Шахмат – ойын­дардың төресі. «Айқын» газе­ті­нің ұжымы келер бұл шараны бұдан әрі жалғастырар болса, келер жылы турнирді Тәкен Әлімқұловтың құр­метіне қойса екен деген ұсыны­сым бар. Өйткені, қаламгер-журна­лис­тер арасында дәл Тәкен ағаға тең ке­лер қарсылас болмаған. Өз ара­мыз­да кішігірім сайыстар жиі өтіп тұрады. Ардагер болсақ та, мүм­кін­дігінше қатысамыз. Ұйым­дас­тырушыларға рахмет айтқым келе­ді», – деген ойымен бөлісті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір