Әдебиет ауылындағы бәсеке
30.03.2017
2377
0

Әлемде әдебиет саласы бойынша өткізілетін бәйгелер жеткілікті. Біз солардың бірі Нобель сыйлығына ғана көбірек көңіл аударамыз. Ал одан өзге Хьюго, Сервантес, Джеймс Тейт, Х.Андерсен, Астрид Линдгрен, т.б. атындағы жүлделер, тек әйел жазушылар қатыса алатын және әділқазылар алқасы да ханымдардан тұратын Orange әдеби сыйлығы туралы, әлемде әдеби шығарма үшін ең үлкен сыйлық (100 мың евро) ұсынатын IMPAC халықаралық сыйлығы жайлы көп біле бермейміз. Оны былай қойғанда іргеміздегі Ресейдің өзінде бұндай әдеби сыйлықтардың саны өте көп. Бұл сыйлықтардың көбін мемлекет емес, жеке кәсіпкерлер ұсынатыны тағы бар. Ал бізде ше? Хас шеберлерді шыңдайтын қандай әдеби бәйгелеріміз бар? Әрине, ауыз толтырып ешнәрсе айта алмасымыз анық. Осындай ірі жүлделерге татитын бірнеше емес, бір ғана ірі әдеби сыйлық белгілеу қолымыздан келмей отырғаны өкінішті.
«Өнерің жетіп, өсе алмай қалсаң, сол қайғы… Күнде таласқан өнерің өнер болмайды!» деп Мұқағали жырлағандай, өнері мен өресі жете тұра, назардан тыс қалған жазушылар да, өнерді бәсекеге балап, әріптестерін күндесіндей күндейтін қаламгерлер де болған бізде, әлі де бар. Өнердің бәсеке екені рас. Бәсеке болмаса, үздік нәтиже болмасы да анық. Қаламгерлеріміздің қаламы ұштала түссін, жастардың төл әдебиетке ынтасы аусын деген ниетпен қазір түрлі жанрлардағы әдеби шығармаларға байқаулар арагідік ұйымдастырылып тұрады. Ашық айтылмаса да осындай бәйгелердің өткізілу мәдениеті, шын жүйріктерді сұрыптаудағы тазалық турасында сан алуан пікірлерді естіп қаламыз. Ал сол өнер бәйгелері әдебиетімізге, ұлтқа қандай пайдасын тигізіп жатыр? Ол өз алдына бөлек әңгіме. Кезінде бір жақсы шығарма жазылса немесе ақын-жазушылар мемлекеттік дәрежеде мойындалып, марапатталса, жұрт болып қуанып, ұлт болып серпіліп қалатындай көрінетін. Ал қазір кім не жазса да, қандай марапат алса да ешкім селт етпейтін болған. Мұндай немқұрайдылық бізге қайдан келді? Қаламгерлерімізді осы ойлар төңірегінде ой бөлісуге шақырдық.


Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
жазушы

ҚАЙСЫБІРІН АЙТАЙЫН
Әдеби шығармаларға бай­қаулардың жиі ұйым­дас­тырылуын тек құптау керек. Ондай игілікті шара қа­ламгерлерге рухани демеу болады ғой. Ал жүлдегерлерге ұсынылатын сыйақы мөл­шері спорт жұлдыздарына беріліп жататын қомақты сыйақылардан кем болмағаны ке­рек, артық болып жатса, тіпті жақсы. Ең­бегіне қарай – құрметі. Дегенде, біздің қо­ғамда бір парадокс пайда болды. Жеңіске жет­кен медальды спортшыға сыйақы ретін­де тегін пәтер беріліп жатады. Сол пәтердің құны қанша тұрады? Миллиондарға шы­р­қайды. Оны әдеби шығармалар байқауында жүл­деге ие болған қаламгерлерге берілетін сыйа­қымен салыстырғанда қонылтақсып қа­ла­мыз. Салыстыруға мықтағанда бір мил­лион теңге алар. Соны көп деуге бола ма? Көптігі – бір тамшыдай ғана.
Мейлі, бір тамшыдай болса да өнер бәй­гелердің үзілмегені жөн. Жөн дейтінім, ақын-жазушыларымыз қоғамнан шеттеп қал­ды. Кітабы шыға қалса, алатын қала­ма­қы­сы мардымсыз. Жазушыларымызға қара­ғанда, ақындардың жыр мүшәйрасына қа­тысып, бір серпілетіні бар. Олар сол кезде ғана көзге түсіп қалады. Ал жазушыларымыз көбіне жұртшылық назарынан тыс. Бұ­рынғы замандағыдай ел аралап, оқыр­ман­дарымен дидарласу сап тыйылды. Жал­пақ жұрт қаламгерлердің қандай шығар­малар жаз­ғанынан мүлде бейхабар. Ел ішінде әде­би шығармалар бұрынғы заман­дағыдай на­сихатталмайды.
Осындай жағдайда әдеби шығармаларға бай­қаулар ұйымдастырылып, бәйге белгі­леу­дің әдебиетімізге және ұлтымызға тигі­зер әсері қайдан болсын. Оның әсері тек бү­­­гіндік, шамалы уақыттан кейін ұмыт бо­лады. Өйткені, сөз болып отырған байқау­лар өт­пелі шара. Әдеби шығармаларды және оның авторларын барынша жүйелі наси­хат­тағанда ғана көпке тигізер әсері болмақ.
Ұйымдастыру, сұрыптау шараларына қа­тысып жүрсем екен. Басы-қасында бол­ма­ғасын киіп-жарып не дейін. Елдегі біздер бай­қаулардың өткізілгеніне, жеңіске жеткен авторлардың сыйақыға ие болғанына қуа­нып мәз болуды білеміз.
Үшінші сауал қай-қайдағыны еске сала­ды екен. «…қазір кім не жазса да, қандай мара­пат алса да ешкім селт етпейтін болған. Мұн­дай немқұрайлықтың бізге қайдан кел­ді?» деп төтесінен қойған. Дұрыс, орынды ой. Айтыла беретін мәселе. Самарқаулық біз­ге көктен түскен жоқ. Ұлттық мента­ли­тетімізде бұрыннан бар. Оның үстіне Брежнев билігі тұсында карьерасы биіктегендер­дің қоғамдық кеңшілігінен көңілдері де биіктеп кетті. Бір мысал келтірейін. 1974 жылы жер­лес жазушымыз Әбдіжәміл Нұр­пейісов Мұхтар Әуезовтен кейінгі КСРО Мем­ле­кеттік сыйлығының лауреаты (прозадан) бол­ды. Бұл дегеніміз жазушының кіндік қа­ны тамған жерде ұлан-асыр той болатын оқиға ғой.
Жоқ. Сол тұста Арал ауданын 12 жыл бас­қарған республиканың жоғарғы советіне үш шақырылым бойына депутат болған «қозықарыны» былқ етпеді. Облыс бас­шы­сының құттықтаған жеделхаты автордың қо­лына тимеген, Одақтың тартпасында жа­тып қалған. Облыстың қазіргі әкімі Қы­рым­бек Көшербаев жазушының 90 жасқа толуы орайымен ортамызға шақырып құр­меттеді. Ағамызбен бірге болып бір серпіліп қал­дық. Сөйтіп, айтарыңыз не, Әбең жерлес оқырмандары ортасында тек сол жолы, ара­да 40 жыл өткенде ғана болып қайтты.
Тағы бір оқиға. Ғалым-жазушы Тұрсын Жұрт­байдың Қызылордаға келіп кеткенін мен кейін білдім. Күні кеше М.Шоқайға ес­керткіш орнату салтанатында ескі таныс, мұ­ғалім болған зейнеткер мені көріп, жа­ғам­нан ала кетті. Т.Жұртбаймен өздерің кез­десіп, бізге неге айтпайсыңдар деп. Не дейін, ұйымдастырушылар сонда қаламгерді ар­дагерлермен кездестірмей, кімдермен кездестірген?


 

Мархабат БАЙҒҰТ, жазушы
НЕМҚҰРАЙДЫЛЫҚ – ДЕНДЕГЕН ДЕРТ
Айналайын Абайыңыз­дың өзі сайлау мәселесі-нен меселі қайтып, қатты түңіл­ген. Қазақты сол сай­лауыңыздың қалай бөлетінін, қайтіп бұ­затынын, партия-партия болмақтың із­гілікті ірітіп, ынты­мақты ыдырататынын күйі­не айтып, кіртие жазған. Бірақ бүкіл адамзатыңыз сол сай­лауыңыздан артық, сол сайлауыңыздан же­тілген нәрсені әлі күн­ге дейін таба алмай ке­ле жатыр.
Біздіңше, әдебиет, өнер, т.т. және т.б бойын­­­ша ұйымдастырылатын бәйгелер, кон­курстар, мүшәйралар да шамамен ал­ғанда сайлау сияқты сезіледі. Бәйгелер бұ­рын да болған, бүгін де бар, келешекте де жалғасын табатын шығар.
Бәйгелерде озып шыққан, қомақты-қо­мақты жүлделерді қанжығаға байлаған туын­дылардың бәрі бірдей алған атақта­ры­на, иеленген байлықтарына лайық бола бер­мейтіні де, түгелдей әдебиетіңіз бен өне­ріңіздің, ұлтыңыздың қазынасына айнал­май­тыны да аян-дүр. Мұның түрлі-түрлі се­бептері бар. Жауаптарын және де айналайын Абайыңыздан анықтайсыз. Жетіс­пей­тіні: Әділет. Имани гүл. Пайда ойлама, ар ойла; т.т және т.б.
Біздің жасырақ жылдарымызда «Жалын» бәйгесі жап-жақсы ұйымдас­тыры­ла­тын. Мәселен, Тынымбай Нұрмағамбетов, Қа­­рауылбек Қазиев сияқты тағы да бірқан­ша таланттарыңыз сол бәйге арқалы топ жа­рып шыққан. Олардың «Қарлығаштың ұясы», «Иманжапырақ» сынды туындылары да әдебиетіңізге әйдік әсер еткен. Біз па­қы­рыңыз да «Жалын» жарысында екі-үш мәр­те жүлде иеленіп ек. Бір таңданарлығы сол, біз бәйгеге бірдеңемізді жібердік, жасырын атымыз мынандай, шығармамыз анандай деп біреуге айтудан, қоңырау шалудан аулақ болатынбыз. Ұялатынбыз. Ондай арсыз­дыққа бетіміз шыдамайтын. Бәйге алғаны­мыз­ды білмей де қалатынбыз.
Мына заманыңызда бар-баршасы бас­қа­шаланды ғой. Ұят пен аяттың қайда қа­шып кеткенін кім білсін-ай, кім білсін. Тіс қаққандарыңыз да, тістері енді-енді шығып келе жатқандарыңыз да жасырын, жабық бәй­гелеріңіздің өзінде таныстар іздейді, та­мырлар табады. Алдын ала айтудан ұял­май­ды. Айтпаса, айтылмаса, айтқызбаса, ар­ла­нады-ау қайта.
Бәрібір, бәйгелер керек. Сайлауыңыз сияқты. Сайлауыңызда сайланған бірен-саран депутат болмаса, көбіне көңіл толмайды емес пе? Әдебиетте де солай. Нем­құрай­дылық – барлық салада дендеген дерт. Абай айтып кеткен имани гүлдің арамшөпке айналуынан, әділеттің әлсіреуінен, тек­тіліктің табанға тапталуынан, шындықтың шет­қақпайлануынан, ардың пайдаға жұ­тылуынан… Бұлардың бәріне қоса іштар­лық­тың меңдеп, құштарлықтың жүдеуі­нен.
Бірте-бірте бұлтыңызда сейілер. Ұл­тыңыз да серпілер. Немқұрайдылық та айы­ғар. Неғыпты сонша…
Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ТАЛАП ПЕН ЖАУАПКЕРШІліК БҰРЫНҒЫДАН ТӨМЕН
Әрине, әдебиет саласындағы түрлі бәй­гелер өте қажет. Мұны дәлелдеп жатудың өзі орынсыз. Бүкіл дүниежүзі бойынша ал­ғанда, әдебиетті дамытудың бір жолы – арнайы бәйгелер жариялап, қаламгерлерді ынталандыру екендігі баршаға мәлім. Міне, осы тұрғыдан келгенде, бізде мұндай бәй­гелер әлде де аз деп ойлаймын. Алдағы уа­қытта оларды қазіргіден әлдеқайда көбейт­сек өте дұрыс болар еді. Мұндай бәйгелер, ең алдымен, әдебиетіміздің жаңа, жас тол­қынынның қатарын көбейтуге, олардың шы­ғармашылыққа деген ынта-ықыласын арт­тырып, дарын-қабілеттерін шыңдап, жұрт­шылыққа танымал болуына қолдау көр­сетуге негізделуі тиіс. Қаржылық жа­ғы­нан Қазақстанда бұған толық мүмкіндік бар; соған орай болашақты мұндай бәй­гелер­дің қажеттілігін түсінетін жанашыр­лық көзқарас қалыптастыру керек.
Әрине, мұндай бәйгелер қаншалықты нәтижелі болады және әдебиетіміздің дамуына қалай ықпал етеді – мұның бәрі бәй­­генің тағдырын шешетін әділқазылар алқасына байланысты. Сөз жүзінде мұндай бәйгелерде жүлдені ең сапалы, ең үздік шығармалар ғана алу керек дегенді жұрттың бәрі бір ауыздан өте жақсы айтады. Барлығы да әдебиетке өте жанашыр екендіктерін біл­діреді. Ал іс жүзіне келгенде, біраз мәсе­ле мүлдем басқаша шешіледі. Мұны әдебиет жөніндегі бәйгелерге қатысып жүлде ал­ғандар да, жүлдеден құр қалғандар да, ең бастысы, сол бәйгеге әділқазы болған са­рап­шы ағайындар да бізден гөрі әлдеқайда жақ­сы біледі. Сондықтан оның бәрін қай­талап, дәлелдеп жатудың өзі ыңғайсыз.
Дегенмен, соңғы уақытта әдебиет сала­сын­дағы түрлі бәйгелер мен сыйлықтарға ие болудың талабы мен жауапкершілігі бұ­рыңғы уақытпен салыстырғанда әлдеқайда төмендегені анық. Ал сонда бұған қалай тоқтау салуға болады? Бұл да ауызша айт­қанда өте оңай болғанымен, дәл қазіргі ке­зеңде бізде жүзеге асуы өте қиын мәселе. Қиын болатын себептер де сан алуан. Бірақ қалай болғанда да, мұндай бәйгелерді сарап­қа салатын қазылар алқасына әде­биетке шынайы жанашыр және өзінің бұл са­ладағы жауапкершілігін анық сезіне­тін­білгір мамандар көбірек тартылса дейміз. Бәлкім, сонда барлық өркениетті елдердегі сияқ­ты бізде де бәйгелер мен сыйлықтарды ең мықты, көркемдік сапасы ең жоғары туындылар ғана алатын болар.
Өркениетті елдерде бәйге алған шығар­малар жұртшылыққа жан-жақты, кеңінен насихатталады; соған орай ол барынша көп таралыммен жарыққа шығып, қалың көп­ші­ліктің қолына жетеді. Осының нәти­же­сінде кітап шығару мен тарату бизнестің ең тиімді түрлерінің біріне айналған. Біз бұл жөнінен де өзгелерден едәуір кейін қалған­быз. Бұған көз жеткізу оп-оңай; мысалы Ал­матыдағы кітап дүкендеріне барып қа­раңыз, ондағы сатылымға шығарылған кі­тап­тардың басым көпшілігі – Ресейдің өнім­дері. Ал сонда Алматыдағы қаптаған бас­палардың кітаптары қайда? Бұған әлі күн­ге дұрыс жа­уап берген ешкім көрінбей тұр.
Міне, осыған орай, алдағы уақытта бәй­ге жариялап, ол бәйгенің қорытындысын шы­ғарып, жеңімпаздарды жинап, мақтау қа­ғаздар мен тиісті ақшасын берумен ғана шек­телмей, ол жеңімпаз шығармаларды жұрт­шылыққа кеңінен насихаттап, мүмкін бол­ғанша көп таралыммен шығаруды қолға алу қажет.

Дайындаған Айнара АШАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір