Кеңгірбай бидің бір күні
30.03.2017
4695
0

Оқшау тігілген, еңселі ақбоз үй­­дің түңлігі жабық. Ауыл жым-жырт. Кеңгірбай би үш күн төбе көр­­сетпеді. Батылы жетіп, ешкім бас сұққан жоқ. Көбей кейде тың-тың­дап кетеді… Сезім – өт­кін­ші. Ой – ұшқыр. Жүрек қалауы не?.. Кең­гірбай би бәрін көріп, ес­тіп жатыр. « – Шариғат жолы – өлім! Еңлік пен Кебекті ат құй­рығына бай­лап өлтіру керек. Бітім іздеп, сөз қуған тобырдың – ше­шімі…». Баян­сыз дүние…! Тоқ­сан жыл то­ғыз күндей өте шық­ты. Малта құрт ас болып, те­бінгі шіріп, ат жалында өткен ғұ­мыр-ай!.. Қазақ қалай өссін.., өсір­меді. Жоңғарды қуып еді, қал­мақ келді. Көзін сүзіп, орыс пен қытай отыр. Сүйем жер үшін жан беріп, жан алысты. Мамыра­жай күн туып еді, жер мен жесір дауы қоздады. Әттең, сөз қадірін бі­­лер жан болса, шіркін..! Сөз – кие­­лі, иесі – Алла. Сөз – қонақ, са­­­наны нұрландырған – шырақ. Ой зердесінің – тиегі, елдік пен бе­­реке – бірліктің қазығы. Сөз­бен тілегім жетер ме екен ұрпаққа, жап­­пар ием, Алла, сан емес – са­на бер, иманды ұрпақ бер! – Кең­гір­бай би күбірлеп дұға оқыды.
– Ата, қымыз әкелдім. – Не­ме­ре­сін енді байқады. Өзі зерек әрі шап­шаң, түбі есті болар… Қы­мыз ішіп, сергіп қалды.
– Шырағым, түңлікті ашсын, үлкендерді шақыр? Шаңы­рақ­тан төгілген күн сәулесімен кеу­десіне әл­дебір жылу келді. Тік­теп, бойын түзеп алды. Көк бө­рі ғайыптан пайда болып, қа­сы­на келді. Бала кезден серігі ғой, көңілі жадырап сала берді… Та­балдырықтан аттап, аман­дас­қан көпшілікке назар аударды. Жүздері солғын, еңселері түс­кен… Би есіне алды. Тобық­ты­ның үл­кен­дері келген.
– Ат құйрығына байлап, азап­тап өлтіртеміз бе?.. Мұндай ша­риғат жолы құрысын!..
– Сабыр, сабыр, жалған на­мыс-жар­ға ұрындырар! Төрт құ­былаң тү­гел ме, Мамай мен Тоқ­та­мыс жоқ. Тобықты атқа қонса, ел­дігі­міз­ге сын емес пе? Бірлігі күш­тінің бе­реке – босағасында, Ын­тымағы күш­тінің несібе – дас­тарқанында… Үкім­ді наймандар шығарсын… Түн­делетіп Еңлік пен Кебек кел­ді.
– Кешір Би ата! – деді Кебек. – Үкімге мойын ұсындық, бата бер!.. Шіркін, дүние-ай, екі жас за­­манынан асып туған екен. Ел бір­­лігі үшін құрбандыққа дайын…
– Алла жар болсын! Әулиелер қол­­­дасын! Періштелер демесін! – Күңі­реніп сүре оқыды… Екеуі­нен нә­ресте қалды. Сол түні ел-жұрт­­қа біл­дірмей жолаушылаған керуен басына сәбиді аманаттап тап­сыр­ған. Аумалы-төкпелі уа­қыт-ай!
Ақбоз үй іші жым-жырт. Би ті­зе­­сіне көкбөрі басын қойып еді, шым-шымдап бойына қуат тарады. Ақтық серпіліс, соңғы бұл­қы­ныс. Өзі­не аян, мәре жақын. Бә­рін кө­ріп, біліп отыр. «Өліге – салауат, тірі­ге – ел бірлігі аманат..!». Лықсып кө­мейіне сөз кел­ді. Заман – ағым, уа­қыт – сағым. Дү­ние – алдамшы, фә­ни – жал­ған. Өмір – керуен, ғұ­мыр – серуен. Тағдыр сынақ, адам – қо­нақ!.. Келер ұрпақ Еңлік пен Ке­­­­бектің басын көтерер… Алла қа­зақ­қа баянды ғұмыр берсін! – Би құран оқып, бата берді. Ақбоз үй­дің еңсесі көтерілді, ел-жұрт бір сер­пілді.
– Атты ерттеңдер? – Би орны­нан жеңіл тұрды. Жиегі зерлі боз ша­панын киді.
– Әке, қайда барасың?
– Шыңғыс тауды аралаймын. Алаң болма, бойым мен ойым сер­гек. Ақбоз атты, боз шапанды би ұзап бара жатты.
– Биатам бой жазайын деген шы­ғар…
– Жалғыз жібергеніміз дұрыс болмады…
– Атам жалғыз емес, көкбөрісі бар! – Немере дауысы би құлағына жет­ті.
– Кәне?! – Жұрт аң-таң. – Ой, Алла, бұған да бірдеңе қонған-ау! – Жамырасқан жұрт даусын еміс-еміс естіді. Би өз ойымен өзі бо­лып кетті. «Қайғы мен қуаныш ор­тақ. Тір­шілік үзілсе де, өмір тоқ­тамай­ды. Біреу келіп, біреу ке­теді… Са­на­лы ұрпақ өссе – ел тіре­гі. Алты­ба­қан алауыз болса – елдің соры. Не­ге?!». Сезім – өт­кін­ші, ой – ұш­қыр. Жорға жүрісін үдет­кен сайын көңілі жадырап сала берді… Сәске түс. Саумал жел. Аспан шайдай ашық. Күн қызуы сүйек балқытады, би мен көк­бөрі жақпар-жақпар тасты дөң сілемдеріне жетіп, қалың ші­­лік пен қараған тұмшалаған, алып түйе тастың қақпа қуысына кір­­ді. Ат тұяғынан қиыршық тас шы­қырлайды. Көне соқпақ кілт тө­мендеп, қазақ үй тәрізді, аңғар үң­гірден шықты. Жоғары тас төбе саңылауларынан болмашы күн сәу­лесі түсіп, бұлақ суының сылды­ры естіледі… «Мың аттылы сый­ған – киелі үңгір, бар сырың ме­ні­мен бірге кетер… Қанды қырғында қаза болған боздақтарды саған жерлеп, сені паналадық. Алла жар болып, ру­хымыз бірікті. Жоңғар да, құба қал­­мақ та Шыңғыстауға кіруге ба­ты­лы жетпеді. Тұмсығына соққы тиген қорқаудай, жүндері жы­ғы­лып, айналып өтті. Бірлігіміз күш­ті, елдігіміз берік еді… Сарбаздарым, мен келдім!». Би жанарынан бір-екі тамшы жас үзілді… Құ­бы­лаға бет түзеп, құран оқыды, әуезді дауыс тербеліп, өрлеп бара жатты.
Сезім – өткінші. Ой – ұшқыр. Тол­қыған – көңіл. Жаным – арым­ның садақасы. Жанталасқан за­ман-ай!.. Сарбаздары жүрек жұтқан көк­жал еді. Дегелең мен Шаған өзе­ні бойымен ағылған жоңғардың зә­ре-құтын алды. Ағындаған ат үс­тінде алыстан атқан жебелері мүлт кетпеді. Іле-шала Жоңғар жа­сағына құйындай жетіп, әбігерге түскен шерудің бел ортасын тас-тал­қан етіп, мөңкіген аттар мен өлі де­нелер қалатын. Алла жар болып, киелі жер рухы қолдап, алай-дүлей бо­ран басталатын. Сарбаздар бір адам­дай жалт беріп, түтеген то­пы­рақ­қа сіңіп, Қоңырәулиедегі үлкен үң­гірге жасырынатын. Шәйт бол­ған­дарын жерлеп, келесі жорыққа дайындалатын. Ол – иманы таза, ақ өлім еді… Қазақ аз еді, жеріміз кең еді, алакөздер көп еді, жұтылып кетуге сәл қалған заман-ай!.. Үш арыстың ұрпағында бірлік те, ерлік те, махаббат та бар – өр халық еді. Ха­лық – Алланың бір есімі. Сон­дық­тан хан мен биге билік беріп, бұ­қара халық сайлады. Қасиетті сол елдің арда емген боздақтары едің. Хан Шыңғысқа жауды кір­гіз­бей, қазақтың бір керегесін сақтап қа­лыңдар. Сөз бен уәдеге берік, ірі едің­дер, арыстарым, имандарың жа­рық, жандарың жәннатта болсын! Би дұға оқыды… Ақыл – таразы. Ой – ұшқыр. Бәрі – қас-қағым сәт. Бір ұрпақты екінші ұрпақ жалғап, дү­ние дөңгелене береді. Жүрек қа­лауы не? Жоғары тас төбе­ден төгіл­ген қуатты жарық мар­жан­дай шашы­лып, түрлі-түсті сәу­леге ай­­­налды… Кеңгірбай би болашақты кө­ріп, біліп отыр. Деге­лең мен Са­май­дан көкке от шапшып, жойқын дауылға ұласты. Сұра­пыл күш, жа­лындаған аспан, қырылған жан-жануар, жер қоз­ғалып, жартастар тең­селеді…Таудан құлаған тас үйін­ділер аңғар үң­гір мен қоңыр әу­лие үңгіріне шы­­ға­­тын дәлізді ба­сып қалды. Жер ана ұзақ күңі­рен­ді. Бұл – соңы емес еді. Би сана­сында бүгін мен бола­шақ бір сәтке тұтасып кетті. «Отты қару билеген заман екен. Азулыдан иман кетсе – елге қиын, күтімі жоқ, жерге қиын. Зардабы – шаш-етектен, ұр­пақ­тан-ұрпаққа созылар. Сабыр бер пендеңе, жаппар ием, еліме бақ ­пен қызыр қон­сын, текті ұрпақ өс­сін!..». Тас төбе түрлі-түсті жа­рық­­қа бөленіп, бастау бетінде нұр­лы сәуле ойнайды. Би бұлақтан су ішіп, жан-дүниесі сергіді. «Екі дү­ние есігі – киелі үңгір, бар сырың ме­німен бірге кетер. Қасиетті еді – суың кәусар, бойға қуат, дертке дауа болар. Мәң­гілік мекен болдың, арыстарға, рухымыз тұтас еді, қош енді, кош, киелі үңгір!».
Күн, тауға иек артқан шақ. Боз­жорға жүрісін үдеткен сайын би өз ойымен өзі. Заман – ағым, уақыт – сағым, ой – ұшқыр, ақыл – таразы. Бар ғұмыр – қас-қағым сәт, өт­ті де кетті. Жүрек қалауы не?..
Қас Сақтан бері үш арыстың ба­ласы – тектілігін жоғалтқан жоқ. Та­лай-талай тар асудан: Ақтабан шұ­бырынды, Алқакөл сұламадан шар болаттай шындалып өтіп, же­ріне бас сұққан жауларын тізе бүк­тірді. Ұлан-ғайыр далада ата-ба­ба­лары жерленген қорғандар мен ма­зарлар тектіліктің белгісіндей үш арыстың айбынын асырып, азу­лы алакөздердің мысын басып тұр­ды. Әр руының тектілеріне ас бе­ріліп, үш арыстың баласы жиналып, тұлпарларын бәйгеге, па­луандарын күреске қосып, жамбы атып, көкпар тартатын. Бірлігі мен елдігі, жазира даласындай кеңдігі тұтасып, «Алла, өзің қолда, иә, аруақ!» деп атқа қонған рухани бірлік күшті еді. Қазақ аз еді, жері кең еді, қанды қырғындар ұрпақ са­нын өсірмеді… Әкесі – Жандос дүниеден өтті. Бөкенші мен Борсақ Жандостың денесін Түркістанға жеткізіп, Қожа Ахмет кесенесінің ішіне жерледі. Үш арыстың баласын шақырып, Әмір-Темір соқ­тыр­ған қасиетті, тай қазаннан ас бер­ді. Екеуі нардың жүгін көтерді. «Қаны бірдің – жаны бір», қалай ұмытсын, бесікте жатқан екеуін жау қолынан алып шыққан Жандос еді. Қанда бар иман мен тектілік қазақты жетелеп келеді, жетелей бер­сін, жаппар ием, өзің қолда!..
Би мен көкбөрі жа­зықты кесіп өтіп, Қарауыл тауына жетті. Көкжиек пен хан Шыңғыс жоталары батқан күннің қып-қы­зыл алауына малынып, тұтасып кет­кен. Үйір-үйір жылқы жусап, бөк­­терге беттеп барады. Үш арыс­тың баласы Шыңғысханды ақ киіз­ге салып, хан көтерген тау
менмұн­­­­далайды… Ақыл – таразы, ой – ұшқыр. Бидің көмейінде – сөз, жан-дүниесі – тебіреніс. «Ата қо­ныс хан Шыңғыс – құтты мекен, суың – бал, шөбің – шүйгін. Қазы­ғы ең – тектілердің, аманаты – ба­балардың, қалмақты да ығыс­ты­рып, туын тіктім – тобықтының. Бір­лік еді – көксегенім, жар бола гөр, жаппар ием! Қош енді, қош – құт­ты мекен! Ши бойында, дөңде – болар денем…». Толқыған – көңіл, жүрек қалауы не? Сағыныш екен. Билер мен батырлар жорықтан жо­рыққа қатар жортқан заман-ай!.. Абылайхан көріпкел, дана, қара сөз­дің ұстасы еді. Кейде пікірта­ластың қалай өрбитінін біліп, түйіт­кілді түйінді алдын ала тар­қа­тып отыратын. Көкшетаудан қал­мақты ығыстырған күндер ойға орал­ды. Күз еді. Қазақ сарбаз­дары­ның тегеурінді соққысынан соң қал­мақ жасақтары шегініп, хан­ның қызы қолға түсті. Абылай билер мен батырларды ертіп көгілдір көлге келді. Көл ортасында жылы жаққа ұша алмай қалған, жалғыз үйрек жүзіп жүр.
– Үйректі кім атып түсірсе, жас ару соған бұйырады, шешім осы! – де­ді Абылай. Садақтар тартылып, ысқырып ұшқан жебелер ны­­­санаға дарымай жатты. Әлдебір же­бе үйректі жантәсіл етті. Нө­кер­лердің бірі үйректі көлден алып шы­ғып, Абылайханға берді. – Бұл – Кеңгірбай бидің жебесі, олжа құт­ты болсын! – деді Абылай. Ол – сөз тамырын тереңнен тартып, бә­рімен тең сөйлесетін сұлтанның сұлтаны еді. «Абылайлап» жауға шапқан Әбілмансұр қазақтың бірлігін бекітіп, еңсесін көтерді. Бек­затым-ай, қу дүние – түлкі бұ­лаң, өтіп барады – дәуірі текті­лер­дің!..
Көк төрінде толған ай то­лық­си­ды. Жарқыраған жұлдыздар жер­ге жақындай түскен. Айнала сүт­тей жарық. Әлдеқайдан үкі даусы естіледі. Би мен көкбөрі ши бойындағы дөңге жетті. Ұшар ба­сындағы сандық тасқа көктен шұ­ғыла төгіліп тұр. Әлдебір күш демеп, жеп-жеңіл көтеріліп, шуақты жа­рыққа жетті. Қанат біткендей қалықтап, жандүниесі жеңілдеді. Он екі жасында дәл осындай сәт ба­сынан өткен. Ол жоғарыдан тө­гіл­ген қуатты сәуледен сескенген жоқ. Бала көңілде таңырқау басым еді. Ғажап бір сезім бойын баурап ал­ған. Құлағына дауыс жетті. «Бі­ле­сің бе, тобықтының таңбасы – екі әлемнің белгісі. Саған берген көк тастың қуаты күшті. Есіңде бол­сын: Ар-ұят жоғалса – иман өле­ді. Сананы байлық билесе – рух әлсірейді. Имансыз жиған – мал арам. Бәрі-бәрі есінде. Бұл сөздер – ғұмырына серік болды».
Сол аманатты ел-жұртына жет­кі­зе алды ма?.. Заман өзгерді. Тек­ті­лік бос белбеу мақтан болып, те­кетірес көбейді. «Сүрінгенге – ті­рек, жығылғанға – демеу» бо­ла­тын­дар «қатын-қалаш» сөзден ас­пады. Дүние – түлкі бұлаңсың, пен­дені арбап, алдайсың. Мансабын оның көтеріп, имансыз іске ите­ріп, байлықпен көзін бай­лай­сың. Ақырет досың – иманың, са­­ғатың соқса – білерсің. Жер мен ел­дің – иесін, киесі ұрса – білер­сің… Ел мен жер рухының бірлігі әл­сіресе – тамырсыз қалған бәй­терек. Би түпсіз терең шыңырауға түскендей күйзелді. Ақыл – таразы. Сабыр, сабыр, киелі арша қара тасты қақ жарғандай, қанда бар тектілік – түбі бір шығар. Жаппар ием, елімнің береке-бірлігі мен ру­хын көтер!.. Би таспиық тартып, дұға оқыды.
Түн пердесін түріп, таң ағарып келеді. Жылқы тұяқтары мен адам аяқ­тарының дыбысы естіледі. Бір­те-бірте жақындап, көпшілік дөңге же­те тоқтап, ұлы мен немересі жо­ғары көтерілді.
– Сендерді күтіп отырмын, ме­ні осында жерлеңдер, қазғанда бе­­тімді жабатын жалпақ тас шы­ға­ды, – деді би орнынан тұрып.
Сәске түс. Кеңгірбай би төсек­тен басын көтерді. Үй ішіндегілерге назар аударды.
– Ата, қымыз ішесіз бе? – деді не­мересі. Бір ұрттап қымыз ішті. Кө­бейді шақырып алды. – Мен са­парға аттанам. Бірлік пен бе­ре­кенің тойы болсын!.. Бірлігі күшті ел­дің – рухы күшті. Сақ бабадан бе­рі сол рух қазақты жетелеп ке­леді. Ел мен жер рухы – ұрпаққа ама­нат! Осы сөзімді жеткіз!.. Би кө­зін жұмды. Ашық қалған оң ала­қа­нындағы тұмардан моншақтай, кө­гілдір тас сусып шығып, босаға мен шаңырақты айналып, жар­қы­рап көкке көтерілді. Соңынан көк­бөрі ілесті. Ел-жұрты үшін дана әрі жұм­бақ, хан Шыңғысындай тау тұл­ға өмірден озды.

Бақытбек Танин

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір