Шет жердегі қазақтар хақында хикая
30.03.2017
1964
0

Әнеубір әзірде Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының «Атажұрт» баспасынан жазушы Дәлелбек Батырдың «Тілеп алған қасірет» атты екі повестен құралған кітабы жарық көрді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, «Біз – тығырықты тар заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын Атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің біріміз». 1992 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің арнайы қаулысы шығарылғаннан бергі уақытта елімізге 1 миллион қазақ оралды. Солар­дың бірі – Ресейдің Алтай өлкесінде туған Дәлелбек қазір Алматыда тұрады. Қаламгердің «Тілеп алған қасірет» кітабының геройлары – сол өзі дүниеге келген өңір қазақтары. Ресейдің Таулы Алтайының Қосағашын бүгінде 10 мың қандасымыз жайлайды.

Аталмыш повестің алғашқы­сы­ның арқауы – Кеңес кезіндегі кол­­хоз қойшысы Асубай мен оның оқу­дағы баласы Алшағырдың ара­сындағы тартыс. Орыс әдебиетінің клас­сигі Иван Сергеевич Турге­нев­тің атақты романындағы әкелер мен балалар арасындағы тартыс ХІХ ғасырдың 60-ыншы жыл­да­рын­дағы дворян мәдени дәстүрлері, өнер мен ғылым, адамгершілік, тәр­бие, қоғамдық борыш мәсе­ле­лері төңірегінде өрістейтіні мәлім. Ал қазақ жазушысының шығарма­сын­да бұл іспетті тартыс адам мен та­биғат проблемасына байланыс­ты да­миды.
Асубай көршілері алтайлық тө­леңгіт Малқадырдың соғым ғып соймаққа семіртіп жүрген сарлы­ғын (Алтайда қоданы осылай атайды) оңаша оттап жүрген жерінде шапқан кеудесінде қара дағы бар жыртқыштардың аузынан айырып алған бойда өзі жәукемдейді. Кі­тап­ты көп оқып, ондағы игі қағи­да­­ларды бойына сіңіріп өскен Алша­ғыр әкесі Асубайдың ұрлық-қар­лығына қатты наразы. Әке мен бала арасындағы кикілжің қодық жымқырылған оқиғадан соң ши­ры­ға түсіп, шарықтау шегіне жете­ді.
Хикаят оқиғасы Алшағырдың әкесі Асубай атып өлтірген сұр­қан­шық­тан қалған жалғыз тұқым – үшті-күйлі жоғалып кеткен Сұртө­бет­ті іздеп, қалың орманға шы­­­ғуы­нан басталады. Алшағырды қалың нуға жетелеген және бір се­беп – Даниэль Дефоның «Робинзон Крузосының» геройына елік­тегендік. Робинзонда – жалғыздық пәлсапасы. Оқшау шығып бір жағы ойын таразыламақ, екінші жағы әкесіне көрсеткен қыры да еді. Жоқ жерден оңай олжа табуға қы­зық­қыш, оның бер жағында күшік ке­зінен өсіріп, жанындай жақсы кө­ретін итін атып тастаған әкесіне на­разылығының арты трагедияға әкеп соғатынын қайдан білсін…
«Орман іші қоңыр салқын. Анда-санда уілдеп өткен жібек жел ағаш жапырақтарын сипап өтіп, ай­налаға шөккен мылқау тыныш­тық­тың шырқын бір шайқағандай болады. Бірақ шамалы уақыт өткен соң айналадағы жасыл әлем өзінің байырғы қалпына келіп, сол бір тамаша әдеміліктің құшағына ене­ді. Ештеңе болмағандай зәулім қа­рағайлар мен тоңмойын теректер ұшар басы көгілдір аспанға атып, талай жылдардан бергі мыл­қау әдеттеріне салып, мелшиіп, ай­налада болып жатқан дүниелерге қа­тысы жоқтай маңғаздана тәкап­парлана баз кешеді. Ұйыса өскен ағаш көлеңкелерінен күннің ша­шыраған сәулелері жердегі қаулап өскен шөп атаулының тек әрбір бөліктерін ғана шарпып тұр. Ағаш қаншама қалың өскенімен екі аяқ­ты адамның, төрт аяқты жануардың жосылта жүгіріп өтуіне мүмкіндігі мол. Зәулім ағаштардың жоғары жа­ғындағы ұйыса өскен бұтақ-жа­пырақтары бір-біріне сәлем берген­дей түйісіп тұрса, төменгі жақ­та­рындағы түйе бойындай биіктікке тебіндеген қысқа бүрлері тіршілік иесіне кедергі жасай қоймайды. Табиғат осының бәрін шебер қию­ластырып, әр нәрсені өз орнына, бір-біріне кедергі жасамауларын қа­дағалап, зергерлік дәлдікпен ор­наластыра білген».
Бұл көз суарар әсем пейзаж ғана емес. Оң мен солын айыра білетін ес­ті бала Алшағырдың осы ішкі мо­нологы арқылы жазушы төң­ке­ріл­ген аспан, жан-жануар, жәндік өзі бір сұлу әлем, тебіреністі тірші­лік екендігін көрсеткісі келген.
Оқиға хикаяның бас кейіпкері ба­ла жігіт атынан баяндалып, бір­те-бірте үшінші жаққа ауысады. Хи­каятта Алшағырдың шешесі Ақ­зейнеш сонау Шүй бойындағы Сартоғай деген ауылға төркіндеп барғанда тұңғышы Алшағырды ала кеткен болатын. Нағашылары Алшағырға қазақы дәстүр бойынша жиенге сыйлануға тиісті қырық серкеш есебінде құлағына ен сал­ған қозы және жаңа туған, көзі де ашылып үлгермеген, сұрғылт түсті күшік сыйлайды. Онысы ұрғашы боп шығып, қаншық итті өлердей жек көретін Асубай күшікті өл­тірмекке ұмтылғанда, Алшағыр әкесінің қолынан жұлып алады. Сол қаншық өсе келе күшіктегенде Асубай иттің басының мылжа-мыл­жасын шығарып атып өлтіреді. Өлген иттің қыңсылай бастаған же­тім күшіктерін көріп Ақзейнеш­тің зәресі ұшады.
«Әрбір тіршіліктің киесі бар деу­ші еді үлкендер. Асубай-ау, не іс­те­дің, ол иттің жазығы не еді?! Ит­ті аямасаң да, анау оқудағы ұлың­ды аясаң етті. Күшік кезінен асы­раған Алшағыр еді ғой, енді оған неңді айтасың? Мына шиеттей күшіктерінің қарғысын арқа­лап жүрмесек болғаны. Бұл да анау сенің бүлдіршіндерің сияқты сә­билер ғой, құдайым артын тыныш қылсын, – деді жас жуған бетін күйеуіне қаратып».
Хикаяның лейтмотиві, жетек­ші идеясы осы бір репликада жи­нақ­тал­ғандай. Табиғатқа, жан-жануар­ға жасалған қиянат адам өмір-тағ­ды­рына кері әсер етпек, арты зауал­ға, ауыр трагедияға ұшырат­пақ. Асубай күшіктерді жарты ша­қырымдай жердегі орманға апарып тастаған соң шиеттей тіршілік иелерінің жылаңқы дауыстарын естігісі келмей желдей жосылта жөнелгенде, мінген аты байқаусызда аяғын тараққұйрық­тың ініне ты­ғып алып жығылады. Үстіндегі Асу­бай мұрттай ұшады. Оң қолы сы­нып, жаз бойы гипсте жүреді. Бі­легінің сүйегі қисая бітіп, ой­ла­маған жерден денесіне бір кем­ші­лік­ті өзі тілеп алғандай болған.
«Тілеп алған қасірет» мұнымен аяқ­талмайды. Далаға апарып тас­таған күшіктің екеуін қасқыр асы­ра­ғаны белгілі болады. Бейкүнә кү­шік­тер қандыауыз жыртқыш­тар­ға айналады. Ақзейнеш жайылып жүрген тоқтыны жеп кеткен солар екенін Асубай болған жәйтті мойындап айтқан соң барып түсінеді. Жыртқыштар тоқтыға тап бергенде басқа малдың дүркірей үрік­пегені содан екенін ұғады.
Хикаят оқырман ойын шар­та­рап­қа шарықтатады. Мынау бейне ақ, анаусы қара деп басында кесіп ай­татындай көрінгенімен, сюжет аяқ­тала бергенде, бұл туынды пәл­сапасы әлдеқайда күрделі шығарма екеніне көз жеткізесің. Орманға Сұр­төбетті іздеуге шығар алдында Ал­шағыр әкесіне бір жапырақ қа­ғаз жазып қалдырады: «Көке, мен сенің істеп жүрген қылықтарыңа ри­за емеспін, сондықтан мені ізде­мей-ақ қойыңдар» деген. Бірақ тұң­ғышының тәулік бойы хабарсыз кеткені мазалаған, оның үстіне Ақзейнеш үшті-күйлі жоғалған ба­ланы тауып кел деп қысып бара жат­қан соң атқа қонған Асубай ке­нет қалың орманның ішінде ағаш қуысынан бал тауып жеп отырған аю­ды кезіктіреді. Мылтығын кезеп, қаннен-қаперсіз отырған жырт­қышқа терісін олжаламақ боп оқ атады. Бірақ оғы көздеген же­ріне дәл тимейді. Өлмеген жаралы жыртқыш салт атты Асубайға тап береді. Астындағы атын барынша көсілтіп шапқанымен жаралы жыртқыш қуып жетіп, сояудай тыр­нағымен санынан осып өтеді. Сол мезеттерде жанына же­тіп үлгерген Алшағыр әкесінің қан­сырап өлуге таянғанын көріп, зә­ресі ұшады. Айнала төңіректі жаң­ғыртып дауыстайды:
«Ой, қайран көкем-ай, асқар тауым, қорғанышым-ай, сенен де көз жазып қалдым ғой! Енді не іс­тей­мін, тәтеме не бетімді айтам-ау, а-уу!..».
Дәлелбек шығармасының сю­жеті жағымды һәм жағымсыз кейіп­керлердің шиеленісін шер­те­тін үйреншікті схемаға емес, әлде-қай­да күрделі тартысқа құрылғаны осы тұстарда анықтала түседі. Асубай образы бастапқыда өз құлқы­ны­ның құлы, рухани мүгедек кө­рін­ге­німен, хикая финалында өз­ге­ше қалып танытады. Денесінен жан кетіп бара жатқанын сезген ме­зетте Алшағырға өз өмір-тірші­лі­гінен түйгенін баласына өсиет ете­ді.
«Балам, – осы жолы Асубайдың сөзі анық шықты. – Бұл жарық дү­ниеде саған айтарым – ешкімнің ала жібін аттамай таза жүрші, ай­на­лайын… Мен олай-бұлай болып кетсем, анау қызылқасқа тайыншаны Малқадырға айдап апарып бер. Былтыр күзде анау автодүкен ай­дай­­тын жігітке елу сом жетпей қа­­рыз болып қалып едім, соны бе­ре салыңдар».
Асубайдың сана-сезіміндегі күрт өзгеріс айнала төңірек, эко­ло­гия­ға абай болу, табиғатпен жара­сым­ды өмір сүру керектігі туралы хикая идеясын паш етеді.
Көбімізге бейтаныс Қосағаш өңі­рін тартымды да қызықты су­рет­теген, кейіпкерлері Асубай, оның бәйбішесі Ақзейнеш, балалары Алшағыр образын ойдағыдай сомдаған жазушының енді өз өмір­тарихын да біліп-қанғың келеді. Сол сауалымызға жауапты аталған кі­таптағы «Аңсау» атты хикаят-эс­се­ден табамыз.
Жазушының балалық шағы өт­кен ғасырдың алпысыншы жылдары Алтайдағы Қосағашта өтеді. Интернатта жатып оқиды. Көрген қиыншылықтарын, қазақ ішінің сол кездегі өмірін суреттейді. Қо­са­ғаштағы қазақтардың тірлігі Ата­мекендегілерден пәлендей айыр­машылығы байқалмайды. Тек кей тұстары Қазақстанның тәуел­сіздік алғанға дейінгі қазақ мек­тептері күрт азайып, ана тілі­мізден айырылып қала жаздаған шақтағы жәйтті еске түсіртіп жүрек сыздатады.
Хикая-эсседе жасы елулерге тая­ған Мәжит деген кісі сөзін үне­мі орысша, қазақша араластырып сөй­лейді. «ИЖ» мотоциклін жыл­дам­­дығын сағатына қырық шақы­рым­нан асырмайтынын білетін балалар «Неге қатты жүрмейсіз?» десе, Мәжит күліп: «Бұл тоже конь ғой, зачем его мучить» дейді. Балаларға те­кенің жүнін қалай тарау керек­ті­гін айтады: «туда-сюда сделай, та­рақпенен глади»…
Мәскеулік «Литературная газета» соңғы уақыттарда «право рус­ско­го на русскость» деген те­зис­ті жиі қайталайды». Қазақтың қа­зақ болып қалуы да – замана тілегі. Ана тілінен айырылдың – ұлтың­нан айрылдың. Осы тұрғыдан Дә­лел­бек хикая-эссесінде және бір тол­­ғақты проблема көңіл аударт­пай­­ды емес. Кешегі сталиндік науқанда Қосағашқа да жер ауда­рыл­ған шешендер аттың төбелін­дей азшылығына қарамастан ауылда өк­темдік жүргізуге тырысады. Қай­­да жүрсе де ышқырларына қыс­­­­­тырған қынаптарында жүзі ұстарадай пышақтары бар. Қаймана қазақ олардың еркінсігендеріне, бассыздығына «мұсылман баласы ғой, жетіскендерінен тентіреп жүр дейсің бе» деп, кешіріммен қарай­ды. Тек бір мәселеде ғана ондай жай­барақат емес.
…Оныншы класта оқитын бір қа­зақ қызы үш күн қатарынан са­бақ­қа келмеген. Ахмет деген бір ше­шен жігітпен шатасып жүргені анық­талады. Сол қызды дереу тауып, комсомол жиналысына салып «тәубесіне келтіру керек» деген мә­селе көтеріледі. Дәлелбек туындысы ойлантпай қоймайды. «Қыз бала – ел көркі» дейді атам қазақ. Ол – болашақ ұлт анасы. Ендеше, бұл мәселеде қазақы кең қолтылық­қа салыну қалай болар екен?!
Көркем әдебиет – бүгінгі идео­ло­гиялық күрестің елеулі факторы. Дә­лелбек туындысының Ресей же­ріндегі таулы Алтай облысында тұра­тын қазақтар тілін, ділін, өне­рін, салт-сана, әдет ғұрпын толық сақтап, ұлттық қаймағын бұзбаға­ны көрсетілген. Жалпы, облыс бойын­ша Социалистік Еңбек Ері атан­ған колхоз бастығы Алаш Қо­жа­баев – ел мақтанышы.
Хикая-эссе шағын-шағын әң­гі­мелерден тұрады. Әр әңгімесін қа­зақ мақал-мәтелдерімен түйіп тас­­­тайтын ерекшелігі бар. Қоса­ғаш­­та қолданыста жүрген кейбірін өз басым қағазға түсіріп алдым. Мы­салы, «Аты-тоны бар кісіде Әзі­­рет-әлінің күші бар; «Тәтті өті­рік­­тен ащы шындық артық»; «Бұйыр­­ған олжадан бүйі де құр қал­мас»; «Біреу көріп зерек болады, біреу оқып зерек болады»; «Қа­рыс жерде қаза бар»; «Ескінің көзі жаңада»; «Жақсы ұстаздан шәкірт, жаман ұстаздан мәңгүрт шыға­ды».
Бұл көркем туындыны оқып шық­қаныңда бұрын көрмеген
Қо­сағашты, сондағы ағайынды көр­гендей әсер аласың. Кітаптың көз сүріндіретін жағына келсек, ол – республикамызда бүгінгі баспа­гер­лік істің ойқы-шойқылығынан ха­бардар ететін стилистикалық ағат­тықтары, әсіресе итті «кә-кә-кә деп шақыратын тұстың кейде «ко-ко-ко» деп басылған емле қа­телері…

Шериаздан Елеукенов.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір