Өнер аясындағы өмір (Қилы-қилы тағдырлар)
17.03.2017
2306
0

Шамасы жүз жылдық қазақ театрының тарихында ұлы актерлер аз болған жоқ. Бірақ өкінішке қарай, уақыт заңдылығымен кезінде сахнада жарқырап, замандас көрерменді дүрілдетіп, кейін аққан жұлдыздай ұмытыла бастайды, бүгінгі жастарға беймәлім болып қалады. Солардың ішінде әке-шешеме жақын дос, маған өмір бақи жанашыр апа болған КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева еді. 

Бала кезімде Хадиша апамен көп жылдар бойы көрші тұрдық. Кез­­дескен сайын қасына шақырып, ба­сымнан сипап, денсаулығымды, оқуымды сұрап, қолыма түрлі тәт­тілер ұстататын. Онысын шешеме де­ген адал достық көңілі деп қа­был­­­дап жүрдім. 1970 жылы аспи­ран­­турада оқып жүріп, үш-төрт ай Ленинградқа барып зерттеп жүрген тақырыбым бойынша атақты ға­лым-академик В.В.Радлов жайын­­да материал жинап қайтпақшы болдым. Жолға шығар алдында үйге Ха­­диша апам кіріп келді. «Жол бол­­сын айта келдім! Аналық ақ ті­­леуім – қайда жүрсең де аман бол, ұлым», – деп мені маңдайымнан мерейлене иіскеп, жол мәзірін жасады. Келесі жылы қорғаудан кейін әкем (Шах­мет Хұсайынов) тойға бір топ жазушылар мен ғалымдарды үйіне жинады. Ол кезде мейрам­ха­на­да тек шіреген байлар ғана тойларын өткізуші еді. Қонақтардың ішінде Сәбит Мұқанов, Ғабит Мү­сірепов, Ға­биден Мұстафин, Әб­ділда Тә­жі­баев, Сырбай Мәу­ленов, Ісмет Кеңес­баев, Ғайнетдин Мұса­баев, т.б. болды. Сол күні Хадиша апам бір оңаша қалған сәтімізде маған жіңіш­­ке шынжырымен қалтаға са­­лып жүретін алтын сағат сыйлады. Осыны байқап қалған Әбекең (Әбділда Тәжібаев) жездем көзіне жас алып, бір толқыды. 1972 жылы әкем жүректен қайтыс болды. 1988 жылы көктемде Хадиша апам мен шешем екеуі залда қатар отырып, док­торлық диссертациям­ның қор­ғауына бірге қатысып, артынан иығыма шапан жапты.
Театрға шешем мені жиі апаратын, әсіресе әкемнің пьесасы бойын­ша қойылған немесе өзі қа­тысқан спектакльдерінің премьерасынан қалмайтынбыз. Хадиша апамды алғаш Шекспирдің «Асауға тұсаудағы» Катарина рөлін ойнаған кезде көрдім. Сол спектакльді бір­не­ше рет көрдім, көрген сайын ас­­тар­лы сөздерінің мәнін, ерекше әре­­кеттерінің себебі мен мағы­на­сын толығырақ, тереңдеу түсіндім, жаңаша ұқтым. Хадиша апамның Катаринасы – Италияның сұлу та­­биғатында, көкпеңбек теңіздің жа­ғасында еркін өскен, өжет, қай­сар мінезді, сөзі өткір, жаны таза, намысын бәрінен жоғары ұстайтын қыз. Мәнерлеп, айқын айтылған сөздері мен біресе батыл, біресе май­­да, жанға жайлы тиетін дауысы Ка­таринаның күрделі ішкі әлемін ше­бер көрсетеді. Ондай қыз-келін­шек­тер қазақ топырағында ел бас­қарып, еркектер соғысқа кеткенде ауыл­ға шапқан жауға найза-қы­лы­шымен қарсы шығатын еді. Атақ­ты ағылшын, орыс артистері ой­наған қойылымдармен салыс­тыр­ғанда біз­дікі еш кем емес. Ал Мұхтар Әуе­зов орысшадан жа­са­ған аудар­ма­сы­ның тілі қандай бай, қандай көр­кем десеңізші! Көзіңді жұмып спектакльдің кейбір диалогтарын тыңдап отырғанда, қазақ қыз бен жі­гіттің сөз айтысын тыңдағандай боласың.
Хадиша апамның жан-дүние­сіне, табиғатына тән, адами қасиеті мен мінез ерекшелігін ашып көр­се­тетін рөлдері көп. Олардың ішін­де Назым Хикметтің «Фархад-Шырын» пьесасындағы Мех­­­­мана­бануы. Бұл образда табиғат берген сұлулығын туған сіңлісін өлімнен сақ­тау үшін құрбан еткен патша әйе­лінің ғашықтық жүрек күйзе­лі­сін шебер көрсеткен Хадиша апам­ның ойыны маған қатты әсер еткен. Басқа да ерекше шыққан рөл­дері туралы пікірімді айтуға бо­лар еді, бірақ театр өнерінің ма­ма­ны болмағандықтан бекер біл­гіш­сініп қайтейін. Онан да жарты ғасырдан астам сахнада бірге ойна­ған әріптесі, Қазақстан Республи­ка­сының халық артисі, туған анам Бикен Римованың өткен ғасырдың 80-ші жылдары жарық көрген, Ха­диша апамның шығармашы­лы­ғына арналған көлемді мақа­ла­сының бір үзіндісін оқылық.
«Хадиша екеуміз театрға соғыс жыл­дарында келдік. Бірге жасасып, қара шаңырақтың өткен жо­лын­да салтанатты шақтарын да, сәт­ті шыққан табыстарын да, кем­шіліктерін де, дағдарыста өткен күн­дерін де бірге көрдік, бірге өт­кердік. Актер зейін қойса, бірігіп рөл­ дайындап жүріп те, бірінен-бірі көріп, үйреніп өседі. Өз басым, ал­дымдағы апаларым – Рахия, Хадиша мен Сәбирадан, қатар құрбым Шолпаннан, сіңлім Фаридадан да көп үйрендім.
Қырық жылдан аса шығарма­шы­лық өмірімде Хадишамен бір­неше рөлді бірге жасастым, бір­не­ше спектакльде бірге ойнадым. Атап айтсам, Мольердің «Сараңын­да» сараңның қызы Элизаны, Ә.Тә­жібаевтың «Майрасында» Майраны, Морито Коорудің «Бел­гі­сіз бір бейбағында»Сидзу ханымды, К.Симоновтың «Келер кезегін­де» мұ­ғалима әйелді, «Қозы Көр­пеш – Баян сұлуда» Баянның шешесі Күнікей рөлдерін бірге дайындап, кү­ні бүгінге дейін бірге ойнап ке­леміз. Бірде оның аты озды, бірде ме­нің атым озды.
Осынша жыл бірге жасасып, бір­ге ойнап жүріп, өз басым Хади­ша­дан іштарлық, қызғаншақтық сияқты ұсақтықты көрген емеспін. Ха­диша жалғыз менен, әріптес жол­дастарының ешқайсысынан еш­темені қызғанып, көпсініп көр­ген емес.
Біздің Хадишаның өзгемізден ерек­ше бір қасиеті – өз ісіне әмсе есеп беріп отыратын ойлылығында, өз кемшілігін өзі көріп, соны түзеу жолында қандай қиындық кездессе де, жеңуге тырысатын қайсар­лы­ғы. Өзін аямай еңбектенетін іс­кер­лігінде. Жаңалық іздеуге жа­лық­пайды, көп оқиды.
«Қобыланды» спектаклі 1946 жылы сәуір айында сахнаға шықты. Драмадағы ең қиын образдың бірі Қар­лығаны жасау Хадиша үшін оның шығармашылық өмірбая­ны­ның ең бір асулы белесі болды.
Қолым тисе-ақ болды, «Қобы­лан­дыны»көруге асығатын едім. Сон­дағы Құртқа мен Қарлығаның кез­десу сәттерін Хадиша мен Шол­панның қалай ойнағандары әлі күн­ге көз алдымда. Хадиша бұл кө­ріністе өзін өте ұстамды, сабырлы салмақпен ұстайтын, ішкі жан-дү­ниесі от боп жанып-ақ тұр дерсің. Құртқа Қобыланды махаббатына лайық әйел екенін сезген сәттерін, соншалықты бір өте нә­зік­тікпен жеткізетін. Хадишаның сол кездің өзінде-ақ талантының қа­лыптасып, іріленіп келе жатқан кезі болатын. Қай жанрда болмасын, Хадиша ойнаған рөлдер бірін-бірі қайталамайтын. Оның кейіп­кер­лері – өз сезімін бүге білетін жә­не де оларды тежей алатын күш-жі­гердің адамдары. Хадиша жаса­ған образдардан актрисаның өз мінездері әрқашан да ұшқындаған сәуле беріп тұрады. Бұл жағынан Хадиша көбімізден ерекше.
1943 жылы қойылған «Асауға тұ­сау» спектаклі актерлерімізге де, театрдың да, еліміздің де мақта­ныш мерейіне айналған атақты туынды екені бәрімізге аян. Жиырма жылдан аса сахнадан түспей, үлкен табыс, абыройымен жүріп жатты. Қа­либек Қуанышбаевтан бастап, бә­ріміз сахна сыртында орынға та­ласып отырып, Петручио мен Ка­таринаның айтысын тама­ша­лай­тын едік. Өкінішке орай, қазіргі жас­тардан ондай әдетті сирек кез­дестіреміз.
Жалпы, аударма пьесаларда клас­сикалық шығармалар кейіп­кер­лердің характерін ашу шебер­лі­гі­не Хадиша бәрімізден бұрын жет­ті. Өйткені, ол И.В.Мейерхольд, В.Г.Меркурьев, Н.В.Серебряков сияқ­ты ірі ғалым ұстаздардан оқып тәр­биеленді, оқу бітіріп театрға кел­геннен кейін де алғашқы қада­мын Г.Рошаль, Г.Товстоногов,
О.Пы­жова, Ю.Завадский, А.Мадиевский сияқты орыстың үлкен режисселерінің қарамағында жұ­мыс істеуден бастады. Хадиша ше­бер­лігінің қалыптасып өсуіне, сөз жоқ, солардың көмегі болды. На­зым Хикметтің «Фархад-Шы­рын» спектакліндегі Хадишаның Мех­манабануы қандай десеңізші! Сондағы Хадишаның толғанысы, жан күйзелісі, махаббаты үшін өмір­мен арпалысқан өкінішті, күйі­нішті, аянышты кездері ғажап бо­латын. Күні бүгінге дейін көз ал­дымызда. Тағынан түсе, биік бас­қыштан күйреп құлайтын жері ке­ремет еді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық дана­лығы. Хадиша өзі ойнамаса да, «Ана – Жер-Ана» спектаклін сан рет келіп көріп, Сәбираның, Фа­ри­даның, бәріміздің шығарма­шы­лық табыстарымызға, сәтті шық­қан рөлдерімізге бірге қуанып, бір­ге қызықтап жүреді.
Жақсы актер болуың мүмкін, бірақ ұстаздықта осал болуың да мүмкін. Үлкен ұстаз педагог болу жұрттың бәрінің қолынан келе бермейді. Қазірде Хадишаның жүз­деген шәкірттері бар. Өз ортамыздан осындай ұлағатты ұстаздың шық­қаны біз үшін үлкен қуаныш, үлкен мақтан! Ұжым ішінде жас­тардың өсіп, қалыптасу жолына үнемі қамқорлық жасап, үлгілі ба­ғыт беріп жүрген де Хадиша. Қазір де өзінің ұзақ жылдық тәжірибесін жастарға беріп, жас ұрпақты өнерге баулып, ертеңгі орнымызды басатын талантты жастар тәрбиелеуде. Алғаш ұшырған қарлығаштарының біразы біздің театрда, өз ортамызда. Олар: Р.Машурова, М.Өте­ке­шова, Ғ.Байқошқарова, Ә.Сығай, Қ.Тастанбеков, Т.Жаманқұлов, Ә.Кен­жеев, т. б. Шәкірттерінің ал­ды Қазақ Республикасының халық артисі деген атаққа ие болды. Бұл Хадишаның ұстаздық еңбегінің же­місі, мерейі. Бұл жастар өнер жо­­лын Хадишаға шәкірт болып бас­тағандарын ұмытпауға тиісті. Шә­кірттерінің алғашқы рөл­дері­нің сәтті шығуына да аз жәрдем еткен жоқ. Қазір де бос уақыттарын жібермей, күнбе-күн ойындарын көріп, бағыт беріп, кемшіліктерін жөндеуге үйретуде. Студент шә­кірттерінің жоқ-жітігін бүтіндеп, қарны ашса, қаражат беріп, аяқ киімдеріне дейін сатып алып беріп жүретін. Оның дүниеге жомарт­ты­ғына, мырзалығына баға жетпейді. Ал енді, біреуге барып, үлкен дәре­жесін пайдаланып, өзіне жақсылық істеу жағына орашолақтау.
Өз әріптестерімнің ішінде, әсі­ресе Хадишаға деген ризалығым ерек­ше, оның үй-ішімізге, бала-ша­ғамызға деген риясыз адал, дос­тық көңілі үшін алғысымды айта отырып, ерекше атағым келеді. Ша­қаң барда да, жоқта да біздің үйдің небір қуанышты күндері Хадишасыз өткен жоқ. Бірге қуа­нып, бірге той­лап жүрдік» (Бикен Римова. «Өнердегі өнегелі өмірлер». Алматы: «Білім», 1997. 104-113 б.б.).
2000-шы жылы қаңтар айының ба­сында ауыр халде жатқан анаммен әртістердің соңы болып қош­та­сып, артынан жылы естелік ма­қа­ласында Хадиша апамның мы­нандай сөздері маған өте ыстық: «Бикеннің балалары кішкентай кездерінен бастап мені «Тетя Хадиша» деген, әлі де сол қалпынша сый­лап, еркелеп тұрады. Менің өз­деріне деген болмашы ілтипа­тымды көтере көрсетіп, қуаныш-қиындықта ұмытпай ескеріп жү­реді. Бұл анасының тәрбиесінен. Қа­шан да бармын деп аспай, жоқ­пын деп саспай, қашан да бірқа­лып­ты сыйласты қалпынан айны­май­ды» (Саналы өмірдің мәнділігін көр­сетті. Бикен Римова. «Өмір бе­лес­тері». Алматы: «Арыс», 2003. 128-129 б.б.).
2005 жылдың күзінде 60 жас ме­рейтойыма шақыру үшін алдын ала келісіп, гүлдерімді ұстап, жал­ғыз тұрған (жұбайы – Қазақстан Республикасының халық артисі Байғали Досымжанов бірнеше жыл бұ­рын қайтыс болды)Хадиша апам­ның Құрманғазы мен Зен­кова­дағы үйіне бардым. Басында ақ сары сәлдесі, иығында аппақ креп­дешин көйлегі, қара барқыт шалбарлы үйдің иесі есік ашып, қар­сы алды. Өзімізсініп бауырсақ, пә­рамаш иісті ас үйіне кіре сала амандығымды сұрап, келген себе­бімді білгеннен кейін: «Асықпа, алдымен өзіңе арнайы жасалған дәмнен ал. Шарап, коньяк, қай­сы­сын ішеміз?», – деп сұрады. Сөй­лесіп отырып, апам хрусталь бокал­дан француздардың қызыл шарабын аз-аздан ұрттап отырды, мен болсам рюмкамен армян конья­гін іштім. Көп ұзамай, бір сәтте Хадиша апам бетіме ойлы көзімен үңіліп қарап: «Өскен сайын әкеңе ұқсап ба­ра жатырсың. Білесің бе, жас ке­зінде о кісі қандай болған…», – деп соң­­ғы сөздерін сәл дірілдеген мұң­­лы даусымен со­зыңқырап ай­тып, тоқтап қалды.Нені ойлап отырды, маған қарап, өмірінің қай көріністерін есіне алды, белгісіз. Бәлкім, Ленинградта оқып жүрген­де оқу бітіргенше шешесіне қал­дыр­ған, ержетіп қай­тыс болған ­ба­ла­сын елестетті ме, жоқ әлде 40-шы жылдардың ба­сын­­да Шымкент театрында менің әкем­мен кез­десіп, ерлі-зайыпты бо­лып тұр­ған жылдары есіне түсті ме, біл­мей­мін. Келесі сәтте Хадиша апам күрт өзгерді – қасымда жаңа ғана иық­тары түсе бастаған тоқсан­да­ғы әйел емес, сымбатты, ер жүрек Қар­­лыға мен байсалды пат­ша әйелі Мехманабану отырды.

Көбей Шахметұлы,
филология ғылымының докторы, профессор.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір