Кинорежиссердің кезекті кітабы…
17.03.2017
1138
0

Қырағы көзқарас пен ерекше дарынды талап ететін өнер саласы бір-бірімен астасып, байланысып жатыр. Өнер тауының қай биігін бағындырамын десеңіз де өз еркіңіз. Себебі, өнер сахнасында шектеу жоқ. Әлқисса…

Оныншы наурыз күні Т.Жүр­­ге­нов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы «Көзімнің қара­сы» мә­дени-танымдық клубында ки­но­­режиссер Сатыбалды Нарым­бе­тов­тың «Көзімнің қарасы» атты кі­табының тұсаукесері өтті. Кешті жазушы Смағұл Елубай жүргізіп, кітап авторы хақындағы көптеген ес­теліктерімен бөлісті. Тұсаукесер рә­сіміне зиялы қауым өкілдері мен өнер және қоғам қайраткерлері қа­тысып, өз пікірлерін ортаға салып, көп­шілікті келелі әңгімелерімен бау­рап алғандай. Әсіресе, Мұрат Әбу­­ғазының орындауындағы «Сал­­танат» күйі тыңдарман көңі­ліне ерекше әсер сыйлады.
Са­ты­бал­ды Нарымбетов тұсау­кесер рә­сімінде: «Бұл кітап­тың жарыққа шығуы оңай болған жоқ. Үш-төрт жыл­дай баспаханада жатып қалды. Кі­табым туралы министр Арыс­тан­бек Мұхамеди­ұлына айтып едім. Ол қолдау білдіріп, шығаруға көп көмектесті» деп туындысының шығу тарихымен бөлісті.
Тұсауы кесіліп жатқан кітап ту­­расында сөз қозғар болсақ, «Кө­зім­нің қарасы» – С.Нарымбетовтың ав­торлық әлемімен қатар жан сарайын аша түсетін туынды екені байқалып тұр. Кинорежиссерлік өнер мен жазушылық қабілетінің түйіс­кен тұсын осы еңбегі дәлелдеп тұр­ғандай. Мұнда автордың өнер­дің сан-салалы сыры мен қыры, замандастары жайлы, қоғам мен руханият, қала берді мәдениет тура­сындағы толғамдары, эсселері мен естелік жазбалары қамтылған. Ав­тордың суреткерлік қолтаңбасы мен азаматтық һәм адамдық болмысын кеңірек көрсететін кітапқа ре­жиссердің киносценарийлері де ен­гізіліп отыр.
Әдеби кештің барысында жылы лебіздер мен жүрекжарды тілектер толастамады десек те болғандай-ақ. С.Нарымбетовтың әр жылдары жа­рық көрген «Тентек», «Ассалау­ма­ғалейкүм, Атлантида!» атты по­весть, әңгімелер жинағының соңын алған бүгінгі кітабы да тал­ғампаз оқырмандар жүрегіне жол тартпақ. Біраз игі-жақсылардың ба­сын қосып, кітапсүйер оқыр­ман­ға естен кетпес кеш ұйымдастырған «Кө­зімнің қарасы» мәдени-таным­дық клубы мен Ш.Айманов атын­да­ғы «Қазақфильм» киносту­дия­сы­ның ұжымына алғыстан басқа ай­тарымыз жоқ.
Тұсаукесер соңында бүгінгі сыр­лы сұхбаттың иесі Сатыбалды На­рымбетовке сөз беріліп, автор осы күнге дейінгі көрген-білген, түй­ген ақыл-кеңесін және әде­биет­ке, әсіресе кітапқа деген сүйіс­пен­ші­лігінің қалай пайда болғанын тың­­дарман қауымға толқып отырып жеткізді. Кітап иесінің сал­мақ­ты сөзінен соң өнер мен жазу­шы­лықтың жолын қиюластырған ав­торға деген таңданысымыз һәм құр­метіміз арта түскендей. Бүгінгі тұ­саукесер рәсіміне куә болып отыр­ған жас тыңдармандар көкей­дегі сауалдарын қойып, лайықты жауап­тарын алып жатты. Режис­сер­лік таланты мен қаламгерлік қа­бі­летін ұштастыра білген Сатыбалды Нарымбетовке шығарма­шы­лық табыс тілейміз.

Маржан ӘБІШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір