Өткен жылдың өлеңдері: жемісі мен кемісі
17.03.2017
2460
1

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты


Менің мақсатым – қазіргі қазақ поэзиясының беталысы, сыр-сипаты жөнінде пікір бөлісудің рәсімі. 2016 жылы кімнің және қандай жыр жинақтары жарық көргеніне және Одаққа тапсырылғанын, менің қолыма тигенін тізіп өтейін.

Нұрлан Оразалиннің «Боз дү­ние», Ғалым Жайлыбайдың «Есіл ағады», Жүрсін Ерманның «Ұларың қайда, Ұлытау», Софы Сматаевтың «Ботасымын бозда­ған боздаланың», Рафаэль Нияз­бек­­тің «Тауқымет», Оразбай Бай­бақ­ұлының «Желқайық», Төрегелді Тұяқбайдың «Төртта­ған» және «Аушадияр» қостом­дығы, Мағиза Құнапияқызының «Қызыл қайың», Ақ-Бөрі Қы­дырдың «Сақ-малақ», Шаяхмет Құсайынұлының «Өлең-өрім», Болат Дәулетовтің «Сыр мен жыр», Өсербай Қарасаевтың «Өм­ір-өрнектері», Гүлнәр Шәм­шиеваның «Жәннаттың төрiндей болып», Қуандық Шолақовтың «Таңдамалы» (1 томы) деген 2016 жылы жарық көрген кітаптары.
Биылғы жылғы поэзиялық кітаптардың ішінен айрықша бөліп-жарып айтуға лайықтысы – Нұрлан Оразалиннің «Боз дүниесі» мен Ғалым Жайлыбай­дың «Есіл ағадысы». Нұрлан ақын­­ның жаңа жинағын оқу ба­ры­сында ойыма оралып, көңіліме түйген пікірім бір жерге түйісті. Мынау мазасыз мезгіл, дүниені дүрліктірген оқыс оқиғалар, ел мен жердің тағдыры толғандыр­ған сәттері маржандай тізіліп ақын өлеңдеріне көшіпті. Қара­қан ба­сы емес, жалпы жұрттың ой-сана­сын сансыратқан сан сұрақ­тың жаны күйіп жауабын іздеген, табуға тырысқан ақын­ның аза­мат­тық сөзіне сүйсінесің. Мына бір үзік жыр шумақтары үздіктіре жетелей жөнеліп, сенің де сезіміңді тербейді:
Заман өзгерді…
Ғалам өзгерді…
Адам да…
Бүтін дүние бөлінді жақсы,
жаманға.
Біреуді біреу тани алмастай
күй кешіп,
«Майдан» жүруде.
Өнер дейтұғын алаңда…
Заман өзгерді…
Қоғам өзгерді…
Жүрегің…
Жаһандану кеп
Өзгертті бәрін білемін…
Темір қаптаған дәуірде
мынау тынымсыз
Күн кешу қиын…
Өмірді қалай сүремін?!
Осы өлеңнің әр тармағының соңына көп нүкте қойылған. Ол, әрине, бекер емес. Дүние құ­бы­лыс­тарының астарлы сырының түп­сіз тереңде жатқанын жами­ғат­пен бөлiсе отырып та, оқыр­ман­ға ой салған. Қанша қамығып, жабығып жабырқаса да ақынның келешек күндерге деген күдiгiнен гөрi үмiтi басым. Заманның өз­гере­рiне, тұрмыстың түзелерiне сенiмiн серiк еткен ақынның ұл­тына арнаған ұлағатты сөзi жа­ның­ды жай таптырады:
…Сабыр, сабыр!
Өтер-кетер желтоқсан,
Келер көктем қаһарлы
қыс артынан…
Тәуелсіздіктің туы желбіреп тұрғанда тарыққан мен зарыққан сәттерде төзімділік көрсеткен елдің ертеңі мәңгілік, бақыты баянды боларына сендіретін салмақты сөзді азамат ақын ғана айта алатыны ақиқат. Нұрланның ақындық, азаматтық көңілін алаңдатып, алты Алаштың ғана емес, жер бетіндегі барша адам­зат­тың асыл арманына жетуіне жебеу болғандай жігерлі жырлары бүгінгі қазақ поэзиясының парасат биігіне көтерілген белесті кезеңіне жарқын дәлел. Мына бір шумақтан-ақ шұғылалы ойға шомыласың емес пе?!
Жарық нұрға
жан-жүрегін бұрғандар,
Ой-сананы тербетіңдер,
Ырғаңдар!
Дүниенің жанарында сұрақ көп…
Ауыр сұрақ…
Уақыт жоқ бұлғаңдар…
Жас жағынан ағалыққа жарап қалған Ғалым Жайлыбайдың тарлан тартқан талантының ар­қа­сында бүгінгі қазақ поэзия­сы­ның төріне жайғасқанына да сандаған жылдар артта қалды. Ар­қалы ақынның ырғағы ерке Есілдей есілген, сөзі кең даладай көсілген жібек баулы жырлары, алтын сандықта сақталған сырлары қалың оқырман қауымның жүрегін тербеп, жанын жебеп жүр­геніне сырғыған уақыт сыны­нан сүрінбей өткендігі куәгер. Ға­лымның соңғы жылдары жа­зыл­­ған екі поэмасына тоқтала кеткенді жөн көрдім. Оның да екі себебі бар. Біріншіден, қазіргі таңда қазақ ақындары қысқа қайы­­рым өлеңдерді жазудан кен­де емес, көлемді поэтикалық туын­­д­ылардың кемшіндігі рас. Сол олқылықты толтыруға ерекше үлес қосып жүрген Иранбек, Жәркен, Серік Тұрғынбеков пен Серік Ақсұңқарұлы, Несіпбектер­дің қатарын толықтырған да осы Ғалым. Оның оннан астам поэмалары бар. Екіншіден, ақынның күрделі де тарихи тақырыптарға арнаған арналы туындыларын ұмыт қалдыру ұят. Әңгіме «Қара орамал» мен «Тамакөшкен» поэмалары хақында.
Кешегі кеңестік зұлмат заман­ның зорлық-зұлымдығы­ның ой­­ранды ошағы болған әйгілі Кар­­лаг – Қарағанды лагерінің тұтқындары бастан кешкен қия­мет қайымды жырына қосып, қан­ды қасаптың қасіретіне қар­ғыс айтқан ақын поэмасы «Қа­ра орамалдың» реквием деп таң­ба­лан­уы­ның өзі-ақ көмбедегі көп сыр­ды ағартып тұр. Соттал­ған­­дар­дың саны 1,5 миллионнан ас­там екен. Жазықсыз жазаланып жапа шеккендердің дені атақ­ты адамдар: ақын-жазушы, әр­тіс, суретші, ғалым, қоғам қай­рат­­керлері, әскери басшылар жә­не солардың әйелдері мен бала­лары. Міне, Қазақ Елінде қоныстанған сол Қарағанды ла­герінің ХХ ғасырдың жүрегін­дегі қара таңба, басындағы қара орамал болғандығын егіле баяндап, ел есіне түсірген қаралы өлеңін ақын қара ниет қоғамның Қарлаг емес, зұлмат лагеріне теңеп су­рет­­теуі­­нің сырын осы бір сөздің ас­та­рынан аңғарамыз. Қарлагта қорлық көріп, азап шеккен шермен көңіл адамдардың қайғы-шерін азамат ақын шежірелей шерткен-ақ! Поэманың өне бойы дәйекті деректерге толы. Қарлаг­тің қара кітабындағы жазбалар, сотталған суретші Ирина Борх­ман­­ның «Үзілген сапар» карти­на­сының сыр-сипаты, Ахметжан Сармантайұлының «58 статья» күйінің мазмұн-мағынасы, сон­дай-ақ топтағы сормаңдай тұт­қын­дарға әуелде тас лақтырғаны несі деп тіксініп, кейін қазақ бала­ларының құрт лақтырғанын біліп қайырымдылықтарына таңғалып, алғыс айтқандары – бәрі-бәрі поэманың бағасын асы­рып тұр.
Қазақ өмірінің қаралы күнде­рінің – басына күн туған жаралы жыл­дарының тарихынан сыр шерткен «Тамакөшкен» поэмасы қолдан жасалған сұрқия саясат­тың – әйгілі ашаршылықтың қырсы­ғы­нан қопарыла көшіп, Арқадан Са­рысу өңіріне жер ауған тама руы­ның азапты сапары кешеге дейін айтылмай келген ақиқат болатын… Сол ел – Жаң­аар­қа же­рін­де туып-өскен, ел өмі­рі­нің өткен-кеткен замандағы оқиғала­рын естіген Ғалым ақын сол қара­лы оқиғаны зерделей зерттеп, құ­жат­тық деректерге, ауы­зекі әң­гі­мелерде сақтал­ған фактілерге сүйене отырып, тари­хы­мыздың жабық бетін ашып, шындықты жарыққа шығарған. Поэманы оқи отырып, қазақ өмі­рінде өшпес із қалдырған тарихи оқиғаларға тіл бітірген ақынның алмастай өткір сөзі мен парасатты пайымына айызың қанады. Кесек туындының тұшымды түйінін тарқату үшін поэмадан бірер шумақ мысал алайын:
Атылды,
Арып-ашты
Қанша ауды, адам?
Құтылмай жарық таңда, жан
сауғадан…
Қарағым біздің тарих
Шерлі тарих –
Ішінен парағының қан саулаған.
Танғанда заман естен
Адам естен,
Сарнаған сарыбелден
самал ескен…
Жоғалған сол кітаптың
жалғыз беті –
Тама босқан немесе
Тама көшкен, –
дей келе ақын ақ тілегін айтып, сөзін былайша аяқтайды:
…Ұрпақ бар аққу құстай
таза, әдемі,
Қанатын көкке самғап,
жазады елі.
Дауылын дәрия
өмір жолықтырмай –
Бауырың бүтін болсын,
Қазақ Елі!
Өткен жылы осы екі поэма да қазақ-орыс тілдерінде жеке жи­нақ болып шықты. Бұл енді туын­дының көркемділігі мен өр­кен­ділігінің айғағы екендігі айтпаса да түсінікті.
Оразбай Байбақұлының «Жел­қайық» өлеңдер жинағы жарық көріпті. Бұл қазақ поэзиясында есімі белгілі ақынның кезекті кітабы. Баспасөз беттерін­де ара-тұра жарияланып жүрген өлеңдерін көзім шалғаны болмаса, шынымды айтайын, шығар­ма­­шылығымен таныстығым жоқ. Менің міндетім – жаңа жинағын­дағы өлеңдеріне ғана пікір айтумен шектелу. Сондықтан бүгінгі пайым­даудың оның жалпы ақын­дық жолын бағалауға қаты­сы жоқ…
Шола парақтап, шала пікір айтты демес үшін «Желқайықты» бастан-аяқ оқып шықтым. Қол­таң­басы қалыптасқан ақын екен­дігі күмәнсіз. Өлеңдерінің та­қыры­бында алабөтен жаңалық болмаса да, өрнектеуінде өзіндік өрнек, өзіндік түйін бар. Ақын адамгершілік, адалдық, достық, парасат, парыз, кісілік сынды адами қасиеттер мен әлеуметтік өмірдегі өзгерістерді ой-сана елегінен өткізіп, өзінің азаматтық көзқарасы тұрғысынан сыр ақтарған. Өлең кейіпкерлері өз за­мандастарымыз. Олар оқыр­мандарға өз бастарынан өткеріп жатқан қилы-қилы оқиғаларды, тұрмыс түйткілдерін баяндай отырып, соған орай көңілдеріне түйген ойларымен бөліседі. Ащысын да, тәттісін де жасырмай, ақиқатын айтуға асық. Сол себепті де, ақын өлеңдерінің өмір­шеңдігіне риясыз сенесің. Әсіресе, шыншылдығы мен сыр­шылдығы жүрегіңді бірден баурап алады. Кейіпкер бейне бізбен дастарқан басында ашық-жарқын әңгімелесіп отырған сияқты әсерге бөленесің. Өлең кейіп­кер­ле­рі­нің (ақынның өзінің де) өмір-тіршілікке өкпе-назы да аз емес. Алакөңіл ағайын мен дос­тың, байлыққа мастанып, көзі жұмылған пенделердің, биліктің буынан басы айналған басшылар­дың, әлеуметтік ортадағы орын алған олқылықтардың бетпер­де­сін ашып, ашына жазылған өлең-жырлары бүгінгі қазақ қоғамы­ның боямасыз көрінісі. Қанша тұрмыс тауқыметін тартса да, қазіргідей тәуелсіздікке тәубе жа­сап, азаматтық таныту әр қа­зақ баласының борышы екендігін есінен шығармаған шайырдың сөзі ірі. «Адалдықтан аттап өту – қиянат, Ұмытпадым ынсап ке­рек екенін, Анық бастым, алды-артыма қарап ап, Жасап келем, қолда барға қанағат» деген жыр жолдары осы пікірімізге нақты дәлел.
Өткен жылғы қазақ поэ­зиясы­ның табысы деп танылуға тиіс туынды айтулы ақын Рафаэль Ниязбектің «Тауқымет» кітабын­дағы «Тамұқ отына жанбаған» жыр-дастаны. Бір кітапқа А. Ас­қаров туралы екі бірдей туынды топтасқан: біреуі роман, ал екін­ші­сі біз пікір айтып отырған жыр-дастан. Бұл шығармалар ұлт ұрпағының, халқының біртуар ас­ыл азаматтарының өмір-тір­ші­лігінен тәлім алып, өнегесін үлгі тұтуын көксеген ақынның мақ­сат-мұратының айғағы. Жетпіс жыл бойы бодандықтың бұ­ғауын­да ғұмыр кешіп, тәуелсіздік алғаннан соң ғана азаттықтың көк туын көкке көтерген тұста қазақ қауымының өмір өткел­дері­нің қияметті қыл көпірінен бүгінгі күнге қалай амалын тауып, аман жеткендерін, жүрекке жол тауып, жарқырата жазып, жақұт жыр дестелеген дарынды ақынның көрген қорлыққа, зор­лыққа төзгені, алайда жігері жа­сынды, ар-намысы арынды, рухы ұранды қазақ ұлтының бекзат болмысын көркем кестелеп, ел тарихына таңбалап, өлеңсөзбен суреттелген поэмасын поэтика­лық полотно десе жарасар… Жанр шер-дастан аталғанына қарап,
А.Асқаров сынды ел азаматының жазықсыз жапа шегіп, абақты аза­бын тартқан, қилы тағ­ды­ры­ның баяны – кеңестік сорақы саясаттың құрбандығы болудан құтылып шығуының шындығын жырлай отырып, сол қисапсыз қиянаттан, ұлттық қорлықтан құтқарған тәуелсіздігіміз екенді­гін еске салып, еркіндігімізді көз­дің қарашығындай сақтау арқылы армандаған мәңгілік ел болатынымызды айтып отырға­нын аңғарамыз. Ендеше Рафаэль ақынның парасатты поэзиясы­ның жалғаса беруіне тілектестік білдіргеніміз жөн болар.
Талмас талантының қос қана­ты – проза мен поэзия жанрында (драматургиясы тағы бар) қазақ әдебиетінің қазынасына шұрай­лы шығармаларымен сүбелі үлес қосып, қалың оқырмандардың көңілінің төріне шыққан қайрат­ты қаламгер Софы Сматаевтың «Ботасымын боздаған боздалам­ның» деген жаңа кітабы жарық көріпті. Оның мазмұны мен мақ­сатын, төрттаған жанрын өркен­дету­ге арналғанын ақын өзінің беташар өлеңінде – арнауында тайға таңба басқандай атап көр­сет­­кен екен. Соған құлақ түре­лік:
Алашым, ұлтым!
Әдетің, ғұрпың,
Жоғалмасын деп
Сендерге арнадым бұл еңбегімді.

Қазағым, халқым!
Санаң мен салтың
Тоналмасын деп,
Сендерге арнадым бұл еңбегімді.

Қасиетім – Елім!
Киелі жерің
Таланбасын деп,
Сендерге арнадым бұл еңбегімді.
Содан қалыңдығы қос елі кі­таптың бесінші бетіндегі «Әлқис­са­дан» 422 бетпен аяқталатын «Түйініне» дейінгі әр парағында кемі 5 шумақ төрттаған басылған кітаптың ішкі сыр-сипатына үңіліп, санамызда саралап көруге тырыстық. Сондағы көңілімізге түйген тұжырымды ойларымды қысқаша баяндап берейін.
Қазіргі Қазақ Елінің тыныс-тіршілігінің төрт құбыласын тү­гел қамти өлеңге көшіріп, ағы­нан жарылып, ақтарыла мұңы мен сырын жамиғатқа жайып сал­ған ақынның жанайқайы деп қабылдайсың. Еркіндікке енді қолы жеткен Қазақияның қа­быр­­ғалы ел болып, өзгелермен тең болып, тезірек қатарға қо­сыл­уын армандаған Софының аталы сөзі, ақ тілегі бар қазақтың жүрек сөзі. Осынау төрттағандағы ой-толғамдар тұтастай тоғысып, қайтсек мақсат-мұратымызға жетеміз, еңселі ел болуымызға қыр­сығын тигізіп жүрген ман­сап­қорлық, жемқорлық, пара­қор­лық, төрешілдік, мақтаншақ­тық, жағымпаздық сынды мерез мінез, жаман ғадеттен қалай ары­ла­мыз деген мәселені мәніс­теу­ге арналған. …Ашынып ай­тыл­­ған ақиқат жаныңа батса да, мойымай мойындайсың. Шым­бай­ға батса да шындықтың алдында басыңды иесің. Ақын төрт­тағандарының пәлсапалық түйіндерінің мән-маңызын жан-жүрегіңмен қабылдайсың. Асыл сөздің құдіреті деген осы болар. Ой мұңын, жан сырын ақтарып, ұлтының ұраншысына, жанашырына, тілекшісіне айналған Софы ақынға ел-жұрты риза екен­дігі риясыз шындық. Ақын­ның боздаланың ботасындай боздауы – ұлтының арман-аңса­рын қозғауы бекер емес, қалың елі – қазағының бүгіні мен бола­ша­ғының қамын жеп, рухтандыруы.
Айтқандайын, өткен жылдың қазақ поэзиясының беделін биік белеске көтеріп, абыройын асыр­ған шығарма ақын Несіпбек Айт­ұлы­ның «Жұлдызда» жариялан­ған «Жер – жаннан қымбат» поэмасы. Онда ұлтына ұстын бол­ған, бақандай алты облысты Ресейге қосып алудың аяр амалына көшкен сын сәтте ел намы­сын қорғап, биік мәнсабынан айы­рылса да, Алаш арыстарының жолынан таймаған ержүрек Жұмабай Тәшеновтің азаматтық тәлімін сырлы жырында нұрлы сөздермен төгілте де егілте жаз­ған Несіпбектің бұл поэмасы ақ­ын қайраткерлігінің айғағы. Поэма бір жағынан ел басына күн туған қысылтаяң шақта азамат­тың ерліктің өшпес өнегесін көр­сеткен тұғырлы тұлғаға жырдан соғылған ескерткіш болса, екіншіден, күні кеше жер саудаға түспесін деп өре түрегелген на­мыс­қой ел азаматтарының кү­ре­сіне қолдау көрсеткен, жұр­тына ұлтының сөзін жеткізген, сөйтіп перзенттік парызын өтеген Несіп­бек ақынның ар ал­дын­да­ғы адалдығы деп баға­лаймыз.

Жүрсін Ерманның «Ұларың қайда, Ұлытау!» жаңа жинағынан ақын­ның жыр жұлдызының жар­қырап жоғарыда тұрғанын айғақтайтын, айшықты өлең­де­рін оқисыз. Кітаптағы беташар өлең «Ұлытауға бардың ба…». Осы бір санаңды сарсылтып, ор­ман­дай ойды адастырып, қия­лың­ды қырық құбылтатын өлең өрімінің өне бойы толы сұрақ-жауап. Ұлары жоқ, мұнары бар Ұлытаудың ұлдарына қарата аталы сөз арна­ған ақынды тыңдап көрелік:
Ұлы туым, Ұлығым,
Ұлтым менің,
Ұран ілер басыңа бұлт ілмедім.
Ұларыңды ойлама, ұлыңды ойла,
Бауыры бүтін бар дейсің
бұл күнде кім,
Ұлытауым, Ұлығым, Ұлтым менің!
Иә, ғасырлар бойы ұлтымыз­дың ұясы болған қасиетті мекеннен басын мұнар бүркеп, ұлар ау­са да ел аман, жұрт тыныш еке­нін еске салып, қашқан құсты емес, ұлыңның тағдырын ойла деп бір толғанса, өлеңінің соңын­да Ұлытауды ұлық ұлтына теңеп, тосын түйін жасаған. Тілі шұрай­лы, ойы шырайлы ақын айтса айтқандай, сөзінің дәмі таң­дайы­­­мызға татитыны, өлең­де­рінде жүрегінің дірілі бар екен­дігіне «Сөзге құрметтегі» мына жолдар: «Сәждеге қоймай жүрген басымды иіп, Ана тіл – ардағыма тағзым еттім!» – бұлтартпас дәлел емес пе?!
Жүрсін ақынның кез келген өлеңін оқи бастасаң болды, осы ой неге менің қаперіме түспеді ек­ен деп қапыласың. Оның оқыс­тан ойына түсе кететін тапқырлы­ғына да таңданасың. Мысалы: «Мен үйіме асығатын себебім – Менің жарым – асыл жардың үлгісі…. Анамдай боп аймалайды бетімді, басқа түгіл, оның жұмсақ үлгісі». Осындай тұрмыстық та­қы­рыптың өзінен жан сүйсіндірер сөз айтып, жүрегіңді жаулап ала­ды. Өзі айтқандай, «уайымның уын ішіп» жүріп жазған ақынның өрттей өлеңдерінің жалыны жү­де­ген жүрегіңді жібітіп, суынған се­зі­міңді жылытып, ойынды оя­тып, қаныңды қыздыратын қуа­ты­мен баурап алады. Жүрсіннің бірде қалтаңды, бірде малтаңды ойлап, қу тіршілікке бой үйретіп жүргенде басыңнан елес-өмірдің өте шығарын ескерткен есті жы­ры жүрегіңді сыздатып, қалың ойға батыратыны шындық қой. Осы бір қарапайым қағиданы пен­делікпен ұмытып кететініңе өкінтетін өлең.
Жүрсіннің жырлары – көне тарихымызды тірілтіп, тәуелсізді­гі­міздің тұғырлы болуын аңсап, ұлт рухының асқақ болуын көк­сеп жанын сала жазған, қай-қай­сы да көңіліңді көкке көтеретін өмірлік өлеңдер. Арқалы ақын­ның жанарға жас алғызып, езіл­тіп, еңіретіп, елжіретіп жүректі от­тай жандыратын жырлары жалғасты болғай!
Төрегелді Тұяқбайдың қос том­дығы көңілімізге көп ой сал­ды. Алғашқы кітабының жарық көргеніне қырық жылдай уақыт өтіпті, жеті-сегіз жинағы шық­қан. Әйтсе де, әдеби ортада, сын­да есімі еленбей жүрген ақын еді. Мына жаңа кітаптары оның атын шығаратын, оқырмандарын жалт қарататын поэзиядағы жаңа сөз. Төрегелді ақынның өлеңдерінің сыры мен сымбатын, ұңғыл-шұң­ғылын, тылсым табиғатын, қал­тарыс-құбылысын танығысы, білгісі келген оқырмандарға оның өзіндік ерекшелігін, жаңа­шыл­дығын сөзбен жеткізу өте қиын. Оны оңашада қолыңа алып, өзің оқуың керек. Ақын­ның тынымсыз ізденісінің тынысын сонда ғана түсініп түйсінесің. Өлеңдерінің өрім-пішімі, маз­мұны, мақсаты да өзгеше, яғни әуез-әуені, мәнер-мақамы, қоңыр күйдің сағынышты сазын­дай жүрегіңді тебіренте тербей жөнелетін сиқырлы сазға толы.
Гүлнәр Шәмшиеваның есімі елге таныс болуы тиіс. Қолыма кеш тисе де жаңа кітабын түгел оқып шықтым. Көптеген өлең­де­рің­нің басты тақырыбы, жалпы мазмұны көздеген мақсаты (идеясы) Құдайға құлшылық қағидаттары десем, әсте қателесе қоймаспын. Бір Аллаға сеніп, сы­йынып жазылған жырлар. Алла­ны ұлықтап, Мұхаммед пайғамбарға мадақ айту арқылы мұсылмандық имани қасиетті кие тұту жөніндегі ақынның көң­іліңе қонымды, жаныңа жа­ғым­ды уағыз сөздері – ислам дінінің иманшарттарына жүгін­ген жұртымыздың жүректерін нұрландырары ақиқат. Гүлнәрдің «Жомарт Аллам, «Уа, Мұхаммед», «Жұма намазға бар, бауырым», «Сен – ұлы Тәңірсің», «Салауат әні», «Қадыр түнінде», «Оразаның отыз күні», т.б. өлеңдерін оқыған сәтте осындай ойларға батасың.
Бір ескертпем бар: Гүлнәр ақ­ын өлеңдерінің ер-тұрманын жа­сақтауға аса мән бермейтін сыңайлы. Бірқатар өлеңдерінің әр шумағының ұйқасы да, буын саны да әрқилы. Сөз қолданы­сын­да да салақтық бар. Сосынғы бір айтарым – өлеңдерінің өңкей 12, 14, 16, 18 буынға құрылуы оқу­ға да, зейін қойып зерделеуге де өте ауыр. Өлең емес, күрделі қа­ра сөз оқып отырғандай әсерге бөленесің. Оншақты кітап шы­ғар­ған ақын үшін осылардың бә­рі үлкен кемшілік саналуға тиіс…
Менің алдымда талқыға түс­кен тағы да төрт кітап жатыр. Оның біреуі Ақ-бөрі Қыдырдың «Сақ-малақы». Автор екі елдің – Қазақстан мен Өзбекстанның Жазушылар одағының мүшесі, ха­лықаралық айтыстар мен мү­ш­әйралардың жеңімпаз-жүлде­гері, фестивальдың Гран-при иегері (қандай фестиваль екенін білме­дік), республикалық терме­шілер байқауының лауреаты, 12 кітабы шыққан. Ал бәкінің қы­рындай (аңдатпада осылай депті) кітапты ерінбей оқып шықтым. Өлеңнің құрамы қа­жетті талапқа сай: ұйқасына, теңеуіне, тақы­ры­бына кінә қоя алмайсың. Алайда, кө­ңі­ліңе қонатын, ойыңды қоз­ғай­тын жаңа сөзі жоқ. Ертеректе жазыл­ған ескі өлеңдер. Соншама кітап шығарып, қаншама атақ алған кісінің өлеңдері атына заты сай еместігін айтпасам, адалдық­тың ала жібін аттаған болар едім.
Сондай-ақ, Болат Дәулетов, Шаяхмет Құсайынұлы, Өсербай Қарасаевтың өлең-жырларын, отбасы, ошақ басында бір оқып шығуға жарағанмен, нағыз поэ­зия­ның талабына сәйкес келмей­тін туындылар деп турасын айт­пақпын. Ащылау айтылған сөзі­­­ме аты аталған авторлар рен­жімесе екен…
Сонымен, сөзімді түйіндей ке­ле, қазіргі қазақ өлеңінің өресі мен өрнегін қай қырынан алсаң­да: Тақырыбы, көркемдігі, жанры жағынан парасатты поэзияның биік талаптары деңгейінде екен­ді­гіне көз жеткіземіз. 2016 жылы да қазақ поэзиясының ұлты­мыз­дың рухын ұлықтап, жанына же­беуші, жолына демеуші бол­ғанын айта отырып, оның ке­ле­шек­те де қайырлы да табысты сәттерінің жалғаса беретініне бек сенімдімін!

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 06.02.2020 | 21:30

Маған өлені керек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір