Болымсыз уақиға
17.03.2017
1247
0

Бояуын күн жеп, қабыр­шық­танған шарбақтың алдына тоқ­та­дым. Аула ішінде біреу шөп шауып жүр. Мені көріп, шалғысына сүйе­ніп қарап тұр. Маңдайшасына түсі оңа бастаған көк ту ілінген кеңсеге қарай беттеп келе жатыр едім, шал­ғышы қарсы жүрді.
– Темекіңіз бар ма? Темекі алып бердім. Қарманып оттығын із­дей бастап еді, қалтасынан бір қо­рап темекі түсіп қалды. Ыржиып күлген болды.
– Бұл арзан темекіні тарта-тар­та тіс сарғайды. Қаланың жақ­сы темекісінен тартайыншы деге­нім ғой. Жымиған болдым.
Кеңсеге кірген бойда әлдебір екі адамның даурыға сөйлеп жат­қа­нын құлағым шалды. Тың-тың­дап сол жаққа жүрдім. Адам аяғы ти­се сықырлайтын ағаш еденді еп­пен басып, есікке тақау орын­дық­қа келіп отырдым. Жартылай ашық тұрған есіктен іштегі екеудің әңгімесі анық естіліп тұр.
– Болмайды аға!
– Неге болмайды? Енді тағы қан­ша жыл тұрады?
– Мың жыл тұрса да жоғарғы жақ­тың пәрмені болмаса ала ал­май­мыз.
– Тозып кетті ғой, әріптері өш­кінденіп, суретінің де кетеуі ке­тіп қалды.
– Мейлі. Бәрібір болмайды аға!
– Қаңылтырды бермесең бер­­мей-ақ қой, тым құрыса жа­-
зуын жаңалап, ауыстырып қой­саң­­дар­шы.
– Аға-оу, сөзі де, өзі де ауыспаса мен не деп ауыстырамын оны. Құ­дай-ау, мен не деп кеттім! Астапыралла! Жынды қылатын болды­ңыз ғой. Айттым ғой Сізге қаңыл­тырды алуға болмайды!
– Қап, шөп қораның сыртын қаптатып жатыр едім, бір қаңыл­тыр жетпей тұр еді. Он бес жылдан бері күнге қақталып, жаңбыр шайып, қурап тұрғанға ешкімге керегі жоқ-ау, обалды қылмай ке­рекке жаратайын деп едім, оған да бермейсіңдер. Тым құрығанда шөп қораның бір бұрышына қа­ғылып пайдасы тиер еді ғой.
– Ақсақал, не деп тұрға­ныңыз­ды білесіз бе? Үлкен кісінің ұла­ғат­ты, көреген сөзі жазылып, ел-жұрт біліп жүрсін деп ауыл шетіне, биік­ке орнатылған қаңылтырды… шөп ­қораға… Мынауыңызды менен басқа ешкім естімесін! Біле білсеңіз, бас кететін іс! Ол қаңыл­тыр менен үлкен. Мен мектепке барғанда тұрған!
Үнсіздік орнады. Іле таяқтың тықыры естілді де есіктен көне­тоз­дау қоңыр костюм, басында жаз­дық шляпасы, үлкен көзілді­рік­ті, аласа бойлы ақсақал шықты. Мен жаққа қарап сәл бөгелді де, сақалсыз иегін бір сипап:
– Берсе қолынан, бермесе жолынан аламыз. Алдынан өттік, – деп жүре сөйлеп, сыртқа беттеді.
Кабинетке кірсем, әкім темекі тартып отыр екен. Мені көріп қуа­нып қалды.
Бұл ауыл тым шалғайда еді. Кейін жолым түспеді. Қаңыл­тыр­дың хикаясы ұзаққа созылып, әлгі ақ­сақал істі болып, ауыл жылу жи­нап құтқарып қалыпты.
Қаңылтыр шынында да ескі еді. Адам бейнесін әрең ажыратасыз. Кейбір әріптері өшіп кеткен жазу­дың не жайлы екенін болжап бі­ле­сіз. Сол жолы барғанымда қаңыл­тыр орнатылған темірге сиыр сүйкеніп тұрғанын көріп, «құ­латады-ау» деп ойлағанмын. Құ­ламаған екен…

Өміржан Әбдіхалықұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір