Шымырлап шындық өрілген
17.03.2017
1382
0

Әдебиетті майдан десек, сол майданның жауынгерлерінің ішінде өзін-өзі көрсетуге бейім тұра­тын белсенділері де, ал жасаған ерліктері ешкімнен кем болмаса да аса көрінуге тырыспайтындары болады. Мен кезінде сын майданында қал-қадарымша біраз еңбектеріммен көріндім десем, мақтанғандық болмас. Алайда, ол шақтарда әдебиет майданы халықтық майдан болды десем, артық айтқандық емес. Қалық бұқара ол шақта әдебиеттің жауһары қайсы, жаманы қайсы екенін сараптай білетін шетінен білгір, шетінен оқымысты еді. Өкінішке қарай, тәуелсіздік жылдары сол қалың оқырманнан айрылып қалдық. Алайда, әдеби үдеріс тоқыраса да біржола тоқтап қалған жоқ. Шын жазушылар жазуынан жаңылмады. Қазір бұл рухани майданнан сырт қалсам да, кімнің кім екенін, кім қалай жазып жүргенін, халқына қандай шығармалар ұсынып жатқанына қарап, бағамдап отырамын. Мәселен, бүгін сөз еткелі отырған Ертай Айғалиұлының шығармашылығын бір кісідей жақсы білемін. Ертай журналистика әлемін­де танымал, ал әдебиеттегі еңбегін біреу білсе, біреу білмейді. Себебін жоғарыда айттым. Бағалайтын оқырман қауым кемшін, жазушы еңбектері­нің сол ортаға жетпей жатқандығы.

Бәрі өзгерген. Өмір аунап түс­кен­дей. Кеше ғана мектеп қабыр­ға­сында жүрген, бір-біріне жасырын хат жазып, ақ бұлақ басында анттасқан жастар бүгінде ер жетіп, есей­ген, оң-солын танып, жақсы мен жаманды айыра бастаған.
Жазушы Ертай Айғалиұлының «Мен Саған ғашықпын» роман күн­делігіндегі Мәлік, Ақтолқын, Орал тағдырлары осындай ойларға же­телейді. Оқырман жанын тербеп, терең толғандыратын алғаш­қы сцена – Мәліктің Ақтолқынға жаз­­ған хатының қолға түсіп, көп­шіліктің талқысына салынуы. Бір қарағанда балалық шақтың ажырамас бір қылығы секілді көрінетін осы бір жайтта үлкен сыр, астарлы мән бар. Өйткені, үлкен өмірге аяқ ба­са бастаған жастардың кіршіксіз се­зімінің суреттелуі, сынға түсуі, қа­раулық пен қиянаттың бой кө­тере бастауы – бәрі-бәрі осы хатпен байланысты. Бұл хат осыдан кейін өрбитін бар оқиғалардың өзегі, діңгегі се­кіл­ді. Мәлік жаз­ған ха­тым көптің күл­кісіне айналды, сырым ашылды деп есептемей­ді, қайта жалған намысты ысы­­рып тас­тап, таза сезімін жан аямай қор­ғауға дайын. Ке­рі­сін­ше Орал­дың адам сүймес қы­­лы­ғы іш жидырады. Осылайша бол­машы оқи­ғадан бастау алатын кейіп­кер­лер әрекеті бірте-бірте жон­данып, бірте-бірте тереңдеп, үл­кен тар­тыс­қа, шешуі қиын үл­кен түйінге ай­налады. Кейіп­кер­лер­ді үнемі іс-әрекет үстінде көр­сету, сынға салу, азаматтық бет-бейнесін ашу, керісінше аз­ғын­­дық пен аярлықты әшкерелеу бұл жазушының өте-мө­те құп­тар­лық үлкен машығы, твор­чес­тво­лық мәнері десе болады.
Хат оқиғасына байланысты жан толған татын, жүрек тербейтін нәрсе – осы оқиғаға жастар ұстазы Назгүлдің араласуы, оларға араша түсуі. Сол кездегі коммунистік қо­ғам­ның адам санасына салған шек­теуіне қарамастан жастардың кір­шіксіз сезімін қорғаған, жа­па­тармағай кінәлаудан жас­қан­ба­ған, шындықты жақтап отқа түс­кен ұстаздың бұл әрекеті ерлікке па­ра-пар. Бұл – есте қалатын, оқыр­­манның жүрек түкпірінде тұрып алатын жай.
Роман кейіпкерлері Мәлік пен Орал әр түрлі қырынан суретте­леді. Бірі Ақтолқынды шын беріле ұнат­са, екіншісі жас қыздың көңі­лін өзіне аудару үшін неше түрлі қу­лыққа, аярлыққа барады. Мәлік үл­кен адамгершілігімен, қайсар мі­незімен көзге түссе, Орал құрық бой­ламас қулығымен, жат пиғы­лы­мен есте қалады. Бұл кейіп­кер­лер образы бірте-бірте ашылады. Екеуінің арасындағы тартыс мәм­леге келмес үлкен тартысқа, жақсы мен жаманның, ақиқат пен жал­ған­дықтың арасындағы үлкен кү­­реске айналады.
Алайда, шығармадағы қым-қуат сюжеттің, драматизмге толы оқи­ғалардың шыңы Желтоқсан кө­терілісіне байланысты. Кешегі жа­сөспірімдер – бүгінде жан-жақ­ты толысқан, өмірдің неше алуан бұлталағынан өткен, от кешкен жандар. Ел аман, жұрт тынышта та­лай тағдырларды тас талқан ет­кен бұл оқиға ел тарихындағы ең ауыр, ең қиын кезең. Жазушы кейіп­керлері осы қияметтен өтеді. Өтіп қана қоймай, ұлт намысын қор­ғаған батырларға айналады. Жал­пы бұл жағдай өмірде кімнің кім екенін анықтаған, қайсарлық пен ездіктің, шындық пен өтірік­тің арасын ашқан жай болса, өнер­де батырлықты, ерлікті дә­ріп­тей­тін және керісінше озбырлық пен әді­летсіздікті, аярлық пен зұлым­дықты әшкерелейтін тақырып. Жан азабы мен тән азабын бірдей көр­ген Мәлік тағдырынан оның өмір­де ту етіп ұстаған сенімінен айы­рылмағанын, Ақтолқынға де­ген махаббатын ешқашан жоғалт­пағанын, ұлттың рухани жүгін ар­қалаған азаматқа айналғанын кө­реміз. Ал қулық пен сұмдықты таң­даған Орал түптеп келгенде өзін бақытсыз жан сезінеді.
Желтоқсан көтерілісі – айтыл­ма­ған ақиқат, жазылмаған жыр. Осы­ған дейін өмірге келген туын­ды­лар – тереңге түрең сала алма­ған, бұл трагедияға саяси-әлеу­мет­тік, философиялық тұрғыдан ба­ға бере алмаған шығармалар. Бұл тақырыпты көркемдік тұр­ғы­дан ойлау, оның батырларын көр­кем образ дәрежесіне көтеру әлі де жет­пей жатқан нәрсе, болашақ туын­дылардың арқауы деп білеміз. Осы тұрғыдан алғанда, «Мен Саған ғашықпын» роман күнделігі – бү­гінгі ақтаңдаққа су сепкендей бол­ған алғашқы көркем дүние. Көп қаламгерлердің бұл тақы­рып­қа бара алмай жүргенін, айналып өтетінін ескерсек, аталмыш роман – рухани санаға нәр берген алғаш­қы шығармалардың бірі. Жазу­шы­ның азаматтық позициясы дей­міз бе, жоқ әлде творчестволық ба­тылдығы десек пе екен, қалай айт­сақ та бұл роман-күнделікті сол аласапыран жылдарды бүк­песіз баяндаған, шындықты шыр­қы­рата айтқан, қабырғасын қа­қы­ра­та сөккен алғашқы көлемді шы­ғармалардың бірі деу керек.
Романдағы орталық кейіпкер­лер­дің бірі – әрине, Ақтолқын.
Бұл – жүздеген қарындастары­мыз­дың жи­нақталған көркем бей­несі. Егер не­бір сұмдық соғыс­тардың бәрі жас сәбидің бір тамшы жасына та­тымайды деген пі­кірді басшы­лық­қа алсақ, сол кез­дегі зұлмат қия­метті бастан ке­шірген қыз­да­ры­мыздың өксікті өмірі, қаяулы тағ­дырлары, керзі етікке тапталған арманы мен ар-ожданы қаншама көр­кем шығар­маға жүк болмақ? Қан­шама образ­дарға арқау бол­мақ? Міне, әдебиет галереясына осын­дай шақта, осындай уақытта ке­ліп қосылған Ақтолқын бейнесі – жалғыз тұр­ған оқшау бейне, ол­қы­ның орнын толтырған образ.
Аты айтып тұрғандай роман­ның жазылу тәсілі де өзгеше, жа­зу­­шының формалық жағынан да ізденгені байқалады. Шы­ғар­ма­ның өне бойын көктей өтіп жат­қан күнделіктер кейіпкердің ой-се­зімін, толғаныс тебіренісін ай­қара ашып, ақтара көрсетеді. Бұл күнделіктер романның жалпы сю­жетімен астасып, соның негізгі өзегі, лейтмотиві болып жат­қан­дай. Күнделіктер, одан кейінгі су­реттеулер мен баяндаулар оқу­шы­сын арғы-бергі уақыт өлшеміне апарып, өткен мен бүгінді сабақ­тас­тырып, тұтас бір сюжеттік же­лі­н­і құрайды.
Айта берсек, романның жақсы жақтары көп-ақ. Кейіпкерлер образын сомдау жағынан да, олардың ішкі толғаныстарын монологтар арқылы жеткізу жағынан да, фор­малық ізденулер жағынан да айтылар сөз аз емес. Тыңға түрен салуы, ат ізін салмаған тақырыпты кө­теруі өз алдына. Бірақ «әттеген-айсыз»шығарма, міні жоқ сом дүние десек, өзіміз үшін де, жазушы алдында да өтірік айтқан болар едік. Мәселен, жазушыға кейіп­керлер ой-сезімін ақтаруда, толғаныс-тебіреністерін жеткізуде ішкі психологизм неғұрлым мәнді де маңызды жайларға құрылса, кейіпкер бейнесін аша түсетін те­рең толғаныстарға арналса деп ті­лек айтар едік. Ал жалпы жасөс­пі­рімдердің бал сезімін, балауса дәуренін суреттеуден басталатын «Мен саған ғашықпын» роман-күн­делігі – осы кейіпкерлердің өсіп-өну жолын, есею кезеңін, кейін төрткүл әлемді дүр сіл­кін­дірген Желтоқсан күрескерлеріне ай­налғанын, батырлық эпопеясын алға жайған, ащы шындықты шал­қыта, шымырлата жазған шы­ғарма. Өмірлік фактіні бұрма­ла­май батыл пайдаланған, өмір шын­­­дығын көркем шындыққа ай­налдырған шұрайлы дүние.

Қамбар Керейқұлов.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір