Дүние өзгерсе де өзгермеңдер…
17.03.2017
1502
0

Қазақ ертегі-әңгімелерінде мынандай бір көрініс көптеп айтылатын. Жер шетінде бір кейуана отырады. Жолаушы: «Шешей, не істеп отырсыз?», – деп сұрайды. Сонда әлгі кейуана: «Жердің жыртығын жамап отырмын», – дер еді. Қазақ әйелі, қазақ анасы, қазақ әжесінің ел мен жер үшін қылған басты қызметі де сол: жыртықты бүтіндеу, жоқтан бар құрау, ел мен ел арасын жақындату, көңілге сәуле түсіру…

Ұлтты тәрбиелеген де «жер жыртығын жамап отыратын» әже­лер дәстүрі десек, қате емес. Ұлт­тың дәстүрін қалыптас­тырған қазақтың парасатты сөзі ғой. Үй­де де, түзде де «Үлкенді сый­ла», «Құдайдан қорық», «Ала жіп­ті аттама», «Адамның еңбегін жеме», «Жақсының көңілін қал­дырма», «Шыншыл бол» деген сөз­дерді аналардың, әжелердің айтуымен санамызға құйып өс­тік.
Әсіресе, елге барғанда сондай аналар, әжелер жалғастығы әлі де үзілмей келе жатқанына кө­зің жетіп, көңілің беки түседі. Бұл әжелер, аналар жастайынан бей­нет көрді, өткен заманның дәс­түрін бүгінге жеткізді, бейбіт күн­ге қуанды, барға шүкір қы­л­ды, жоққа қанағат етті. Жастайынан өнерге ұмтылды, білімге құл­шынды. Бауырмал болды. Адам­ды аяды, дәмді бөліп ішті, киім­ді де ауысып киді. Сөйте жү­ріп адал жар, аяулы ана, мейір­бан әже қалпынан айныған жоқ.
Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі, ақын Әдепхан Тө­реханұлының жары Ырысжан Жа­­расбекқызын біз бала күні­мізде ақын жарынан бұрын мейірбан ана қалпында танитын едік. Үлкен әулеттің ұйытқысына ай­налып, он ұл-қыз өсіріп, алтын алқа таққан апаның жүзіне ұялаған мейірім шуағы арада жыл­дар өтсе де еш өзгермегенін бұр­нағы жылғы бір кездесуде т­ағы байқаған болатынбыз. Ана­ға тән сабыр­лылық пен мейір­бан­дық сүйексіңді болып кететі­ні­не сол жолы көзді тағы жет­кіз­ген­біз.
Қоғамның бастауы – отбасы де­ген пікірмен келіспейтін жан жоқ шығар. Ұлт дамуында отба­сы­ның қомақты ролін жоққа шығару тіптен ұят. Бүгінгі қо­ғам­ның қалыпта­суына үлкен сер­пін бер­ген де отбасы еке­нін ма­ман­дардың өзі мойындайды. Ен­дігі тол­қын­ның мінез-құл­қының қалып­тасуында да от­ба­сылық тәр­биенің маңызы зор. Осы жағдайда отбасылық дәстүр­ді берік сақтап отырған аналар тағылымына бас иесің. Әдепхан Тө­ре­ханұлы мен Ырысжан Жарас­­бекқызының бауырынан өрген он ұл-қыздан тараған не­мере-шөбере осы күні үлкен отбасы – қазақы үлкен әулеттің дәстүрін жалғастырып, бауыр­малдық, бірлік пен татулықтың үлгі-өнегесін көрсетіп келеді.
Ырысжан апа туралы айт­қанда, тағы бір дүниені айналып өтуге болмас. Ырысжан Жа­расбекқызына, не болмаса жазу­шы жарына қа­тысты емес. Тұтас әйел заты туралы сөйле­генде, қа­зақ әйелінің негізгі қызметі «қазан қайнатумен» ғана шектелмеген болар деп болжамдаймыз. Қазақ әйелі күллі ұлттың өткені мен бола­ша­ғын бір жіпке тізіп, оның бір ұшы­ғын бүгінгі күнге аман-есен алып келгенін ешкім жоқ­қа шы­ғара қоймас. Левшиннің қазақ болмысын зерттеген еңбегінде де қа­зақ әйелінің ер азаматпен үзең­гі қағыстырып шайқасқа шы­ғатынын, білек күшінің ер аза­маттардан кем түспейтінін ай­та­ды. Жалпы, көшпенді өрке­ниетіндегі әйел ролі ақыл­дылық пен жанкеш­тіліктен құралғанын ешкім жоққа шығара алмас. Ал бүгінгі қазақ анасы, әжесі өмірлік серігінің жан жолдасы болуымен қатар, күллі ұлттың болмысын бү­тіндеп, жамауын жасқап отыр­ғандай көрінеді.
Елге барып, үлкен әже, апа­лардың мейірім төгілген жүзіне үңілгенде, осындай бір сезім бой­ды тербеп өтеді.
Өткеннің өнегесін берген үлкендерге қарап бұрын мен бүгіннің жалғастығы беки түссе дейсің…

Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір