Сатираның жайы осындай
17.03.2017
2755
0

«Сатира – күштілердің қаруы» дегенге сенсек, қазіргі қазақ сатирасына бірлі-жарым кітаптарымен енген сатириктер «сол қаруды» белдеріне байлауын байлағанымен, көтере алып жүр ме деген сауалға жауап іздеп көрелік. Жауап – оп-оңай. Солардың шыққан кітаптарына үңіле талдау жасасақ болғаны.

Менің қолыма Александр Алхан­ның «Пардон, пародия»!, «Күл­кі – ғажап кеме», Көпен Әмірбектің «Шәмшінің әндері мен әзілдері», Кәдірбек Құны­пияұлының «Кемпірауыз» пародияға құрылған сатира­лық жинақтары түсті. Осыларды парақтап отырып, өзімізге өзіміз сұрақ қойған мәселе­лерге жауап тапқандай болдық.
Ең әуелі, маған осы кітаптары арқылы ғана таныс болған Александр Алханның шығармашылығына аздап зер салайық. «Күлкі – ғажап кеме», «Пардон, пародия» атты қос кітабы да қомақты әрі қалың. Енді сол қомақтылық пен қалыңдық сатираның жүгін көтере алып тұр ма деген сауалға жа­уап іздейік. Сөздеріміз дәлелді болу үшін, пікірімізді ортаға салалық. Әуелі «Күлкі – ғажап кемесін» алайық. Кітаптың аты да лайықты қо­йылмаған. Орысша оралым. Қазақ еш­қашан да күлкіні ғажап кемеге теңемеген.
Енді сол қолдан жасаған «кемеге» мініп, саяхат жасап көрелік.
Кітаптың бірінші жартысы \шығарма иесінің тілімен айтқанда\ «Пардон, пародия!» деп аталады. Бұл бөлім Әбдіжәміл Нұрпейісовтен бастап,Шерхан Мұртаза, Төрегелді Шарманов, Ғафу Қайырбеков, Дүкенбай Досжан, Райымбек Сейтмет, Дулат Исабеков, Мұхтар Шаханов, Темірхан Медетбек, Мархабат Байғұт, Нұрлан Оразалин, Иран-Ғайып, Есен­ғали Раушанов, Ханбибі Есенқарақызы, Роллан Сейсенбаев,Күләш Ахметова мен Зейнеп Ахметова, Байдулла Қонысбек, Сәкен Иманасов, Әбдіраштың Жарас­қаны, Серік Тұрғынбекұлы, т.б. толып жатқан ақын-жазушылар мен журналис­терге арналған пародияларымен өрнек­телген. Бұлардың бәріне жеке-жеке тоқталмай-ақ, ортақ кемшіліктерін айтсақ та жеткілікті. Пародиялар тым ұзақ, шұбалаңқы. Пародия деп айтуға да келмейді. Көп сөзділікке бой ұрған әрі езу тартар күлкі де жоқ. Ең болма­ғанда біреуіне болмаса да екінші біреуіне мырс етпеудің реті келмегені – пародия деп атаудың салмағын көтеріп тұрмаған­дығында болса керек.
Екінші жартысы «Сатириктер сапта тұр» деген атаумен берілген. Оның «біссімілдасы» қазақ сатирасының атасы Оспанхан Әу­бә­кіровтен бас­тау алған. «Ос-ағаға ша­ғым» деп аталатын өлеңі ұзақтау болса да кішкене сатираға жақын, бейім. Аздап болса да күлкі шақы­рады. Мысалға жүгінейік:
Айналайын Ос-аға!
Ыңғайлы деп осы ара,
«Ұр тоқпаққа» арқа сүйеп,
Өзіңізге шағынамын.
Бұл күні пара бермесең,
Өзіңіздің сөзіңіз,
Өзіңіздің сөзіңізбен
Сөйлейтін болдық көбіміз, –
деп басталатын өлең осы екпінінен таймай соңына дейін барған. Одан кейінгі «Оспанхан – классик» деген өлеңі тым шұбалаңқы. Аяғына жеткенше не айтпағын ұмытып қаласың. Ол аз десеңіз, «Сатириктің ізімен» деген бір өлеңі тағы да Оспанхан Әубәкіровке арналған. Оны қалай білдің дейсіз ғой.
«Бір дөй дене қазанбас,
\Оның бітім, пошымын
Адам айтып жаза алмас\
Ел мінбеген мәшине мініп келеді, –
деп басталатын өлеңі Ос-ағаңның өлеңімен үндес. Ол да солай басталады. «Оспанханшалар» деген бөлімдегі
Талпынсақ та жетпедік
Оспанханға қанша біз.
Есесіне жетерлік
«Оспанханшамыз», –
деп эпиграф қойылған «Хал сұрама, құры­сын» өлеңі сол Ос-ағаңның «Ақырзаманның адамы» өлеңінің ізімен жазылған. Ізімен жазылса да Ос-ағаң өлеңінің маңына да жуықтамайды. Біз іздеген күлкі де, сатира­ның уытты тілі де жоқ. Тек ұйқас қуып бас­тан аяқ баяндап шыққан. Ары қарай тізер болсақ, «Иттік», «Әйелдердің салмағы», «Түкпірдегі ауыл», «Армансыз арбалар», «Не жоқ болса, сол қорлық», «Шұрқ тесік үй», «Не­рв неден қағынды?», тағы басқа толып жат­қан өлеңдер Ос-ағаңның өлеңдерін қай­талау, солардың көшірмесі секілді. Тың ой да, осыған орай тың күлкі де жоқ.
«Кімісі мінеді?» деген өлеңінің басталуы тәп-тәуір:
Бәрінің де
Жылы-жұмсақ орында
«Сам» болғысы келеді.
«Шуақ шашқан
Кімге, онысы белгісіз»
«Шам» болғысы келеді.
Болмағанда «зам» болғысы келеді…
Тақырыптағы«кімісі» несі? «кім мінеді» десе, шекесіне тар келе ме?
Ал енді «Сатириктің монологі» деген өлеңі тура 200 жолдан асады. Айтары жоқ. Тек Ос-ағаңның шыққан өлеңдерінің тізімін жасаған. Ары қарай пародияға ұласып Мыңбай Рәштен басталып,Ғаббас Қабыш­ұлы, Үмбетбай Уайдин, Қойшы­ғара Сал­ға­рин, Сейіт Кенжеахметұлы, Көпен Әмірбек, Ал­пы­сбай Боранбайұлы, Мейірбек Ақын­бе­ков, Берік Садыр, Еркін Жаппасұлы, Бей­себай Кірісбайұлы, тағы басқаларға тоқтал­ған. Осыншама адамға пародия жазу оңай ма? Әрі олардың барлығын зерттеп, терең біліп барып, жазу керек. Олай емес, атүсті жазылған, күлкі шақыратын тұстары мүлде жоқ десе де болады.
Көпен Әмірбекке арнаған өлеңдері тіпті көп. Соншама арнау өлеңдері арқылы оның образын ашпаққа ұмтыл­ған. Бірақ онысы сәтті аяқталмағанын өлеңдеріндегі қай­та­лау­­ла­рынан-ақ аңғарасыз. Алпысбай Боран­байұлына арнаған пародиялары да жетерлік. Бір тақырыпты шиырлай бергенімен, ішінде іліп алар ештеңе жоқ. Өлең санын көбейтуді мақсат еткені көрініп-ақ тұр.
Мұнысы сатириктің тақырып аясы­ның тарлығын көрсетсе керек. «Оспан­ханның» ізімен жазылған өлеңдерінен де еш жаңалық таба алмадық. Ос-ағаңның өзі жазған өлең­дерінің қайталамалары ғана болып шыққан. Бұл Оспанханның өлеңдерін редакциялау ма, не екенін түсінбедік.
Енді ақын Кәдірбек Құныпияұлының «Кемпірауыз» атты пародиялар жинағына кезек берейік. Көркем жыр иесінің паро­дияға бет бұруы оқыс оқиғадай көрін­генімен, тұшымды дүниелері баршы­лық.
Ақынның Төреғали Тәшеновтің «Шүкір­лік» деген өлеңіне жазған пародиясына зер салайық, Тәшенов:
Айға қарап ақырдым,
Күнге қарап кіжіндім.
Жерге қарап жекірдім,
Көлге қарап түкірдім.
Қара жердің бетінде
Сонда да аман, бүтінмін.
Аллаға айтам шүкір мың, –
десе, оны Кәдірбек «Дөңайбат»-ында:
Әкімдерге ақырдым,
Министрге жекірдім.
Әруағымды шақырдым,
Үкіметке секірдім.
…Сынға қамшы салдырмай,
Шенеунікті даттадым.
Дымын, түгін қалдырмай
Депутатты боқтадым.
Бойды билеп күпір мін,
Парламентке түкірдім.
Оппозиция сияқты
Сонда да аман, бүтінмін,
«Аллаға айтар шүкір мың!».
деп әжуалайды. Ешкім қарсы сөз айта ал­мас­­тай орнын тапқан қағытпа ғой.
Менің қолыма түскен жинақтар туралы айтарым – осы.
Енді мінбеге шыққанымды пайдаланып, бірер ұсыныс жасауды жөн санадым.Шымкент облыстық сатира және сықақ театрын белгілі сатирик, осы өңірдің тумасы Са­дықбек Адамбековтың, рес­пуб­ликалық қуыршақ театрын Оспанхан Әубәкіровтің есімімен атаса, жұртшылық қуана қол соғар еді-ау! Қуыршақ театрына Оспанхан ағамыздың атын беру туралы ұсыныс бұған дейін де айтылған. Шіркін, жүзеге асып кет­се, қазақ сатирасына деген үлкен құрметтің, қам­қор­лықтың бір белгісі болар еді. Бұл енді би­лік басында отырғандарға қаратылып айтылған сөз. Олар үкілі үмітімізге құлақ түрер деп сенеміз.

Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір