Өсер әдебиетке төзімді сын керек
17.03.2017
1928
0


Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін сыни мақалаларымен әдеби ортаға қозғау салып, тұтас бір дәуір әдебиетіне бақылау жасаған академик Серік Қирабаевтың тұлғасы қазақ халқы үшін қашан да биік. Саналы ғұмырын ғылымға арнаған ғұлама осы салада көптеген ғылыми еңбектер мен оқулықтар жазды. Теңіздей терең білім иесінің шаңырағына барарда бойымызды ерекше сезім билеп, қобалжығанымыз рас. Бүгінде бір өзі бір академия болып отырған тұлғаның есігінен жасқаншақтай енгенімізде қарапайымдылықтың үлгісін тағы да бір дәлелдегендей жылы шыраймен қарсы алды. Қазақ әдебиетінің айбоздары Мұхтар, Ғабит, Ғабиден, Сәбиттермен үзеңгілес болған іргелі ғалым басынан өткен ғибратты естеліктерін бүкпесіз әңгімелеп берді. 


 

– Өткен замандағы қазақ әде­бие­тінің абыздарымен етене аралас­тыңыз, әңгімелерін тыңдадыңыз. Сол кісілерден үлгі ал­дыңыз. Өмі­рі­ңіздің осы бір белестері жайында айтып берсеңіз?
– Қай заманның болсын өзінің әдебиеті, мәдениеті, дәстүрі бар. Оған келген адам содан хабары бар болып келуі керек. Осы арқылы өзі­нің оқимын, зерттеймін деген дәуірінің әдебиетін біртіндеп із­денуі, табуы, соған сауаттануы, со­ны біліп шығуы керек. Менің де ізденісім осылай басталды. Мен 1943 жылы мектеп бітіріп, 1947 жылға дейінгі аралықта төрт жылдай оқымай қалған адаммын. Мек­тепте мұғалім болдым, әскерге алып кетеді деп әскери қызмет іс­тедім. Басында техникалық ғы­лым­дардың біріне барсам деп жүрген бала едім. Төрт жыл қа­райың­қырап қалғаннан кейін ол ғылымдар қиындау болды. Бірақ әдебиет пен өнерді де, шығар­ма­шы­лықты да мен бала кезімнен жақсы көретінмін. Бала күнімде бір оқыған өлеңдерді, екі-үш рет қайталап оқыған дастандарды айта беретінмін. Соның салқыны әлі де біраз бар. Сондықтан да мен не болса да филологияға барайын, филология жағынан өзімнің бақы­тымды табармын деп ойладым. Төрт жыл бойы оқуға келуім қиын болды. Алыс аудан, ол кездегі аудан бөлімінің бірі саналатын Жаңа­­арқа деген жер болатын. Кезінде Жаңаарқадан Сәкен Сейфуллин, Жанайдар Сәдуақасов сынды бір-екі революционер ғана шыққан. Бірақ олар кейін халық жауы болып, елмен қарым-қаты­насы үзілген. Олардың атын атау біздің жақта болмаған. Оның үстіне отызыншы жылдардың ішінде Жаңаарқада үлкен жәрмеңке болып, сонда негізгі қаражаты жоқ халыққа тауар, тамақ алсын деп ма­лын сатуға мүмкіндік жасап, олар жәрмеңкеде мал сатып, бір жағынан сауда жасаған. Осыдан кейін қазақтың малын қырып жі­беруге жағдай жасады деп 1937 жылы ауданның басшыларын түгел ұстап әкетті. Сәкен Сейфуллинге, Жанайдар Сәдуақасовқа келіп амандасқан адамдардың өзін тізімдеп, мынау анаған амандасты, мынау анауменен бір үйде отырды, қолын алысты деп, сол елдің бәрін тексерген. Сондықтан да мұның тарихи жағдайлары көп. Ал енді біз сондай үзіліп қалған жерден келдік. 1934 жылы біздің елімізде орта мектеп болған жоқ. Бірінші рет бес-алты бала жеті жылдық мектеп бітірді. Жеті жылдық мектепті бітіргендер Алматыға оқуға кетті. Біз бала кезімізде сол қатарда тұ­рып, оқуға кеткен балалар болса қы­зықтайтынбыз. Жаспыз ғой. Со­лар Алматыға келгенде оқуға түсетін жол жоқ, себебі жоғарғы мектепті бітірмеген. Содан әйтеуір қосымша оқитын курстарға түсіп оқып, сосын артынан КазПИ-ге оқуға түскен. Солардың бірқатары әскерге кетіп, оралмай, Жаңаар­қа­дан білім алушылардың арасы үзі­ліп қалды. Соғыстан кейін біз­дің ұрпақ келді. Біз секілді жұмыс істеп келген тәжірибелілері де, әскерден келгендері де, жаңадан мектеп бітірген шикі балалар да бар, әйтеуір бәріміз топтасып кел­дік. Содан кейін осында қалыптас­тық. Соның ішінде мен әдебиет, филология факультетіне бардым. Барғаннан кейін бұрын жақсы оқы­ған атым бар, қайткенде де жа­ма­натқа қалып атымды шығар­мау үшін күрестім. Менің осы күн­ге дейінгі әдетіммен таңертең ерте тұрып келіп партаның алдына оты­рамын. Содан басымды алмай, мұғалім не айтса соның барлығын түгелдей жазып алатынмын. Менің конспектілерім бірімен-бірі түп­тес­тіріліп тігілген дәптерлердің екі-үшеуі болды. Соның бірқатарын кейін оқулықтардың жоқ кезінде аспиранттар, студенттер пайдаланды. Тіпті кейбіреулерін «Жақсы көретін ұстазым едіңіз. Сіздің дәрістеріңізді осылай жазып едім, өзіңізге сыйлаймын» деп мұғалім­дер­дің өздеріне сыйға тарттым. Ахмеди Ысқақов деген үлкен ға­лым кісі болатын. Біз келген уа­қыт­та ғылым кандидаты ғана еді. Сосын докторлық қорғаймын деді. Тіл­ші­лердің бір ерекшелігі доктор­лық қорғайтын сөздік жинайды. Менің тәуірлеу оқитынымды біл­геннен кейін «Сен маған морфо­логиялық тұлғасы тұтас сөздерден сөздік жи­нап бер, ақысын төлей­мін» деді. Мен «Жоқ, ақысын алмаймын, бір­ақ көмектесейін» дедім. Морфология деген қазақ тілінің ең бір үлкен тарауы. Соны жазып шықты. Бұл қазақ тілінің тұтас жазылған ғылыми морфологиясы болатын. Ол 1960 жыл­дар­дың ішінде жазылып шыққанда «Маған осыны жазу­да материал жинауға көмектес­кен» деп бес-алты адамға алғысын айтыпты. Соның ішінде менің де атым бар. Бірақ олар мені бауырына тартып тілші бол дегенімен тіл­ші болмай әдебиетші болып кеттім. Әдебиет пен тілдің екеуін де жақсы оқыдым. Әдебиетшілер менен әдебиетші жасағысы келді. Ал тілшілер тілші-ғалым жасағысы келді. Ахмеди Ысқақов, Сәрсен Аманжолов сынды профессорлар бір жаққа барса сол жақтан тіл білі­мінің кітап­та­рын, ғылыми грамматикалар алып келіп, маған оқуға беретін. Сол мені іш тарта бастаға­ны­ның белгісі еді. Бірақ мен әде­биет­ші болып кеттім. Оның да себеп­тері бар. Біз­де Қайнекей Жар­мағам­бетов деген мұғалім сабақ берді. Ол соғыс­тың алдында ғана біз оқыған «Қазақ тілі мен әдебиеті» факуль­тетін бі­тір­ген, екі тілде бірдей сауатты кісі бо­латын. Бірақ әскерге бармай комсомолдың қызметіне қалып, комсомолдың орталық комитетінің хатшысы болды. Жазушылар ода­ғымен, жас әдебиет­шілермен байланыс жасады. 1947 жылы респуб­ликада бірінші рет жас ақын-жазушылар­дың слеті болды. Соны ұйымдас­тыр­ған Қай­некей Жармағам­бетов еді. Жазушылар одағының басты­ғы Сәбит Мұқа­нов­тың өзіне баяндама жасатты. Сондай үлкен конференция ұйым­дастырған еді. Біз КазПИ-де, тағы басқа жерлерде оқитын әдебиетші жастардың бәрі бас қосып, бірінші рет сонда таныс­қан­быз. Осы жерде Зейнолла Қаб­доловты көрдім. Берді­­бек Соқпақ­баевпен бірге оқы­­дым. Сол секілді көптеген жас­тармен таныс­тық. Қайнекей әде­биет үйір­месін басқарды. Әдебиет үйірмесі, тіл үйір­месі деген ол кезде үлкен үйір­мелер болатын. Тіл үйірмесін бас­қар­ған адамдар жас­тарды ғылы­ми тілге қарай ыңғай­лап, тапсырмалар беріп, баяндамалар жасатып, тіл­ші болуға да­­йын­дайды. Әде­биет­шілер әде­биет жолына дайындайды. Со­ғыс­тан кейін 1947 жылы бір үйірмеге келгенде Қайнекей бізден «Алған кітаптарың бар ма, не оқып жүрсің­дер?» деп сұрады. Мен қолыма Жа­қан Сыздықовтың жаңадан сатып алған «Қос қыран» деген кі­табын ұстап келіп едім. Ол кезде кітап жоқ, кішкентай ғана брошюра еді. Ақындардың өлең­дері кішкен­тай форматпен шығады ғой. Сосын тағы бір жігіт өзінің әкел­ге­нін көр­сетті. Соларды қарап шық­ты да, «Қос қыранды» оқиық. Со­ғыс тақырыбына жазылған екен. Оның үстіне Жақан деген кісі ескі әде­­-
би­ет­­­шілердің бірі. Бірақ кейінгі кезде шығармашылық жағынан қалың­қы­рап қойып, ептеп арақ ішіп жүре­тін еді. Бұл қалай екен, соны оқиық. Сен баяндама жасап, осы­ған дайындалып кел», – деді. Мен дайындалып келдім. Қалған­дары да дайындалыпты. Барлығы жаппай пікір алысты. Сол пікір алысу­дың негізінде менің сөзім өтті. Мен «Кітап өзінің мақсатына жауап бермейді. Отан соғысының батыр­лары­ның, кешегі екі қыздың ерлі­гін көрсете алмайды. Өлеңнің фор­масының өзі де қазақтың ескі жырларының үлгісімен кеткен ек­ен» деп сынадым. Оның үстіне біз алғашқы оқуға келген кездері, 1946 жылдары Мәскеуде «Ленинград» және «Звезда» журналы туралы» дейтін партияның орталық комитетінің үлкен қаулысы шық­қан. Ол ұзақ тарих. Оны сен естіме­ген де боларсың. Әдебиеттің тарихын, сынын білу үшін мұндай дү­н­иелерден хабардар болу керек. Ленинградта «Ленинград» және «Звезда» деген екі журнал шыққан. Соғыстан кейін «Соғыс кезіндегі әдебиет қалай болды?» деп Ленинградта осы екі журналдың бетіндегі әдеби шығармаларды талқылаған. Соның артынан ол талқылауды партияның орталық комитеті Мәс­кеу­ге алдырып, «Үлкен саяси қа­телік­тер кеткен» деген КПСС-тің қаулысы шықты. Өйткені, қателік­тер кетуі заңды да еді. Ол кезде соғыс жүріп жатыр, соғыс деген араласып кеткен дүние ғой. Жат нәр­се мен өзіңдікі деген жоқ, бар­лы­ғы араласып кетті. Оның үстіне соғыста Ленинград блокадасы ке­зін­де аштық-жалаңаштық, уайым-қайғы деген сұмдық болды. Орыс­тың Анна Ахматова деген ақын қызы, жалғыз мысығы бар екен, соны серік қылып барып өлең жаз­ған. Михаил Зощенко­ның «Маймылдың басынан кеш­кен­дері» деген сатиралық шығар­масы бар. Бұл кезде кеңес адамдары өзін-өзі ұстайтын, патриоттық, ер­лік көрсетудің орнына, міне, осындай төзімсіздікке, уайым-қайғыға бе­ріл­ген деп сынайды. Ол кездегі жағ­дайда адамның жеке басымен есептесу қиын ғой. Сол кездегі ВУЗ-дарда оқыта бастаған, сонда біздің сауат ашып қалғаны­мыз, осындай патриоттық идеяларды көтеру керек әдебиетте, жат идея­лар болатын болса оған соққы беру керек. Міне, осындай жағынан дәлдеу келді де жаңағы Жақан Сыздықовтың «Қос қыран» деген жинағы сыналып қалды. Сосын Қайнекей маған «Ел­дің пікі­рінің бәрі бір жерге сайып қалды ғой. Сен мақалаңды жөндеп, Мұ­қан Иманжановқа апарып бер», – деді. Мұқан Иманжанов деген жазушы «Социалистік Қазақстан» газетінде әдебиет бөлі­мі­нің басты­ғы болып істейтін. Ма­қаламды жазып, Мұқан Иман­жановқа апардым. Бірінші рет бар­ғандықтан, жасқан­шақтап кір­дім. Есіктен қай­та-қайта сығалап тұр едім, Мұ­қаң марқұм: «Әй, бала! Сен қайта-қайта сығалап жүрсің, кірші», – деді. Кірдім. «Неғып жүр­сің, бір­деңе әкелдің бе?», – деді. Жас бала өлең не бір шығармасын апар­ғанда жасқаншақтау болады емес пе? Соны ол түсінді де, бірден: «Не әкелдің?», – деп сұрады. Мен: «Ма­қала әкелдім», – дедім. Ол: «Кел, мұн­да отыр», – деп, не жөнінде жазға­нымды сұрады. Мен оған не туралы жазға­ным­ды айттым. Ол: «Оқы­шы», – деді. «Оқисыз ғой», – деп берейін деп жатыр едім ол: «Жоқ, сен оқы, мен тың­дайын», – деді. Мен оқып шық­тым. Мақа­лам­ды, негізінен, Мұқаң ұнатты. Алғашқы дүниеңде кем­шілік көп болады ғой. Стилдік қателер болады. Мақтауды асыра сілтеп кететін жерлері де болады. Сол жағының бәрін қарады. Сосын: «Мақалаң, стилің, сөйлеу мәнерің жақсы екен. Сен мына дүниелерді түзеп, ертең алып кел», – деді. Ерте­сіне түзеп, алып бардым. Сосын қолма-қол газетке басып жіберді. Бұл 1948 жылдың қазан айы болатын. Мен небәрі екінші курстың студентімін. Мақалам шыққаннан кейін әде­биет үйірмесіне таныс адам бола бастадым. Әдебиетшілер­дің ішінен бізден бұрынырақ оқы­ған Бердібек Соқпақбаевпен таныстым. Онымен кейін жақсы жолдас болып кеттік. Тұрсынбек Жабаев деген жақ­сы ақын бар еді. Кейін арақ ішіп, өмірден ерте қайтып кетті. Бір жылдан кейін әдебиет үйір­ме­сіне Ғафу Қайырбеков келді. Сол сияқты, ҚазПИ-дің өзінде бірте-бірте әдебиетшілер жинала баста­дық. Қайнекей ұстазымыз әрі әде­биет үйірмесін басқарды. Ма­қа­ла­ларды ойға алып, жазғымыз келсе Қайнекей де, Мұқаңдар да жас­тардың келген шығарма­шы­лығына ешқандай қарсылық жасамайтын. Сылтау айтып, кейінге қалдырайық, көрейік, кейін кел деген сияқты сөздер оларда болмайтын. Сондай бір керемет адамдар еді. Қайнекей Жармағамбетов ҚазПИ-дің жатақханасына жақын, көрші тұратын. Өзі қызметтен кеш қайта­ды. Екі-үш қызметі бар еді. Ол кез­­де комсомолдан қызметтен босап, Жазушылар одағының пре­зи­диумының хатшысы болып кел­­ді. Әрі «Әдебиет және искусст­во» («Жұлдыз» ол кезде солай деп аталатын) журналының бас редакторы болды.

Сөйтіп, екі қызметті бірдей ат­қа­рып жүрді. Әрі бізге сабақ беретін. Сол сабақтың кезінде «Қайнекей, сізге жолығуым керек. Бір көрсететі­нім бар еді» дедім. Ол «кешкі он бірде кел» деді. Кешкі он бірде бардым. Екеуміз отырып, асықпай оқи­мыз. Ол сосын шешімін айтады. «Мына жерін былай істе» дейді. Кей­де «Мынаны қайтесің?» деп, сы­­пайы тілмен бетін қайтарады. Міне, осындай дүниелер бізді әде­биет­ке баулыды. Сөйтіп барып, сол кезден біздің бетіміз ашылды. Сол кезде мен алғаш жазушылармен араласа бастадым. Бірде, қай жылы екені нақты есімде жоқ, кішкентай форматпен жазушылардың балалар­ға арналған бір серия кітаптары шықты. «Мектеп баспасы» деген бас­па болған. Соғыс кезінде ол жабылып қалды да, кейін қайта ашылды. Қайта ашылған кезде сол баспа­ға балаларға арналған әдебиет шы­ғару жүктелді. Оншақты кітап шығып, «Балаларға деген сылтаумен өздерінің өлеңдерін тықпалап жатыр» деп, ол әр жерде сөз бола бас­тады. Қайнекей бір күні маған: «Осыны сен қарап шықшы» деді. Қара­дым. Артық нәрселері бар, бала­лардың психологиясына кел­мей­тін дүниелердің өзін тықпалап шығарған екен. Жазғанымды Қай­не­кей оқып шығып: «Осының ішін жөнде. Мен сені Жазушылар ода­ғындағы бір үлкен жиналысқа алып барамын. Сен сонда сөйлей­сің» деді. Сөйтіп, жазушылардың балалар әдебиеті жөніндегі жиналысында мен үлкен сөз сөйледім. Бұл – 1949 жылдар ғой деймін. Кейін ол «Әдебиет және искусство» журналына мақала болып шықты. Сонда Тайыр Жароков сыртқа шығып ке­тіп еді. Есіктің алдынан сырттан келе жатқан Жұмағали Саинды көріп «Қирабаев деген біреу келіп, қиратып жатыр» депті. Соны Жұмағали Саин айтып келді. Ол менің баяндамамды сұрап алып, оқ­ып шықты. Ол маған қарсы сөй­леді. «Қарағым, Белинский мен Чер­нышевскийді көп айтады екен­сің. Классикаға сүйенеді екенсің. Бүкіл қаулылар тағы бар. Бірақ әде­биеттің өзінің төл ерекшеліктерін де ескеру керек» деп маған өзінің ақылын айтты. Сосын «Мен жаңа көрдім, Тайыр «Қирабаев деген келіп қиратып жатыр» деді. Сол пікір боп қалмасын» деді. «Оны пікір боп қалсын дегенім жоқ. Мен айтқан нәрсе емес қой» дедім де қой­дым. Сөйтіп барып мен Жазушылар одағына кірдім. Кейін Қай­некей өзі журналға ауыстырып, аспирантураға түскеннен кейін, мені бір жағынан аспирантурада оқып, бір жағынан қызмет істеуіме мүмкіндік болсын деп «Әдебиет және искусствоға» сын бөліміне бас­тық қылып алды. Сондай жұмыс істедім. Бізді тәрбиелеген осындай ұстаздарымыз. «Жазушы» баспасы ашылып, 1950 жылы «Жазушы» бас­пасының қызметкерлерін іріктеп алу үш-төрт адамға тапсырылды. Бас редакторы Ғали Орманов, бө­лі­мнің бастығы Тахауи Ахтанов, тағы да біреулер бар. Аударма секілді дүниелерден қабілеті қандай екенін білу үшін іріктеу жасайды. Сонда маған келгенде Ғали Орманов: «Ой, сені білеміз ғой. Мақалаңды күнде оқимыз. Сен ешқандай сынақ тап­сыр­май-ақ жұмысқа кіре бер. Мынау бөлімге бар, сонда жұмыс істей­сің» деді. Мен әдебиетшілермен осылай дос болдым. Жеке-жеке сын мақалалар жаза бастадым. Олардың ішінде артық-кемдері де бар. Аз уақыттың ішінде, 1953 жылы Жазушылар одағына мүше болдым. Біздің сын мақалаларымызды ағаларымыз оқып жүреді екен. Жазушылардың бір президиумында Мұхтар Әуезов сөз сөйлеп: «Осы жанрлар проза, поэзия екеуі ғана бо­лып қалды. Драматургияның өзін­де де қазір өсу жоқ. Сын деген мүлде қойылды. Бейсенбай Кенжебаев, Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайыловтар жоғарғы мектепке кетіп қалғаннан кейін жалпы сын жазатын адам қалған жоқ. Олар жо­ғар­ғы мектепке сабақ беруге кетті. Мен қадағалап, қарап жүремін. Айқын мен (Айқын Нұрқатов деген менімен бірге оқыған жігіт еді. Екеуміз бірге келіп, бірге жұмыс істеп, жаңағы жолдардың бәрінен бірге өттік – С.Қ.) Серіктің бірыңғай сынға берілгені ұнайды. Сын деген де кәсіп. Сол кәсіпті көтеру керек» деп ұсыныс берген. Ол кезде біз шын мағынасында сынды кәсіп деп ұқтық. Біз не жаңа кітап шығады, соның бәрін оқып, таза баға беруге тырысамыз. Осының негізінде жалпы сол кездегі әдеби процесс қалай дамып келе жатыр, негізгі әдебиет қандай тақырыптарды көтеріп, қандай мәселелерді қозғады? Әдеби процестегі осы мәселелерді қарас­тырып отыратынбыз. Негізгі үлкен, сүйекті шығармалар болса, солар жөнінде мақалалар жазуға тырыс­тық. 1970 жылдардың орта тұсына дейін мен сыншы болып жүрдім.
Кандидаттық диссертациямды қорғауым 1950 жылдардағы нау­қан­ның тұсына дәл келді. Ермұхан Бекмаханов, Қажым Жұмалиев­тер­дің ұсталған кезі. Мен 1956 жылы дайындап қойып, оппонент болмай қалды. Қажым Жұмалиевті 25 жыл­ға ұстап әкетті, Мұхтар Әуезов­ті Мәскеуге қуып жіберді. Сонда ғы­лымда екі-ақ доктор бар. Доктор­сыз оппонент болмайды. Тіл білімі ғылымы филология деп аталады. Бірақ оның докторлары әдебиеттің шығармаларына баға беруге жарамайды. Бірақ бәрі филолог қой дегенменен, тәуекел деп біздің совет Айқын Нұрқатов қорғағанда соның оппоненті қылып Сәрсен Аманжоловты жіберіп еді, соны ВАК созып, әу­ре қып, бекітіп берді. Бірақ енді қайтып ондай істемеңдер деді. 1957 жылдың басында Мұхтар Әуезов қайтып келді. Келгеннен кейін Мұ­хаңмен барып амандасып: «Мұха, сізді тосып жүрмін» дедім. Алдыннан таныстығымыз бар болғандық­тан ол: «Қалың қалай? Не істеп жүр­сің­дер?» деді. Мен «Сізді тосып жүрміз. Жұмысымыз тоқтап қалды. Маған оппонент боласыз ба?» дедім. Ол: «Пәлі, болғанда қандай?! Бәріңе, Зейноллаға да, Тәкенге де, Тахауиға да (ол кезде бұлардың бәрі сын жазатын – С.Қ.) қолдан келген жақсы­лық­тың бәрін жасау керек. Маған жұмысыңды әкел» деді. Жұмысымды көрсетіп, Мұхаң пікір жазды да, 1957 жылдың басында кандидаттық қорғап кеттім. Мұхаң Мәскеуден ғылыми жаңарып, жастарға қамқор­лық­ты қатты сезініп келді. Осыдан соң әдебиет тарихын жасау керек деген идеяны көтерді. «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» деген кітап дайындатты. Сол кітапқа біз­дің бәрімізге бір-бір тараудан бөліп беріп, автор етіп кіргізді. Ол кітап кейін Мәскеуде «Очерки истории казахской советской литературы» деген атпен орыс тілінде шықты. Со­ның барлығы Мұхаңның қам­қор­лығы болатын. Соныменен ғы­лым арқалап, ғылымға орнығып қалдық. Сынымыз азая бастады. Оның үстіне, жастар шықты. Сын­ның да өзінің талаптары бар. Сол талаптардың бәрін сақтап отыруымыз мүмкін емес. Оның үстіне, сын материалдық жағынан басқа жанрлардай емес. Күн көріске жайсыз. Мысалы, проза жазсаң әрбір баспа табағына үш жүз теңгеден, ол кездегі ақшамен үш мың теңгеден алатын­сың. Ал сынның көлемі кішкентай болады. Оның үстіне, сынды кітап етіп шығармайды. Осындай жағ­дай­лармен біз сыннан алыстаң­қы­рап кеттік. Дегенмен, 1970 жыл­дар­дың орта тұсына, партияның сын жө­нін­дегі қаулысына дейін мен сынды тастап кеткенім жоқ. Жазушылар одағының сын бөлімін басқардым. Мәскеудің сын кеңесі болатын. Сол сын кеңесінің қазақ бөлімін бас­қа­рып, Мұхаметжан Қаратаев екеуміз сол кеңеске мүше болдық. Әуелде ол бастық, мен мүше болдым да, кейін оның жасы келіп босатып, мен бастық болдым. Сын кеңесін басқарып, Мәскеумен де байланыс жасадым.
– Сын дегеніңізден туады, сын туралы «Бұл өзі дәрі сияқты, ішкенде ащы, бірақ денсаулыққа керек. Сын әдебиет үшін қажет. Соған қарамас­тан, кейінгі жазушылардың көпшілігі сынды көтере алмайды. Қазір сынды жоқ­қа шығаратындар да бар» деген еді­ңіз. Кейінгі жазушылардың сынды көтере алмауына не себеп? Бұл сын­шы­ға байланысты ма, әлде жазушыға ма?
– Егер біреудің намысына тие­тіндей сын болса, әрине, оған әр­кім-ақ ашуланады. Кешегі ком­му­нистік партия «Сын – өзара сын» де­ген ұран шығарды. Бұл кемшілік­терді жою үшін өзімізді өзара сынауымыз керек деген идея ғой. Сон­дықтан да елдің бәрі сынға тө­зім­ділікпен қарайтын. Сынды көп көрген адамдар кешегі Сәбит, Ғабит, Ғабиден, Мұхтарлар. Бұлар 1950 жылдардың ішіндегі айғай-шулар­дың барлығын көрді. Бекмахановтың ұсталып кетуіне тарихшылардың кінәсіне де бұлар қатысты болып шықты. Олардың жеке кітаптары­ның өзінен толып жатқан кемшілік­тер тауып, тіпті, жеке жолдарды із­деп жүрді. Солар сынға мейлінше төзімді еді. Не болса да ішінде болатын. Олар сынды жек көріп, оны жоққа шығарған жоқ. Соны олардың романдарын қайта бастырғанда байқадық қой. Біраз нәрселерден ой алып, пікірін ескерген. «Абай жолы» романының өзінде бірнеше қайтара сын болды. Соның кейбір жерлерін Мұхаң өзгерткен. Мысалы, «Абай жолы» романы ең алғаш шыққанда Темірғали Нұртазиннің жазған мақаласы бар. Қодардың жетім баласын ертіп келіп, Құнанбай Меккеге жүрейін деп жатқан уақытта қарызын беріп кет дейтіні. Сосын Құнанбай соған бес теңге, Абай бес теңге ақша берді дейді. Сонда Те­мір­ғалидың сыны «Бес теңге не болады? Ол оған үлкен рухани азық емес қой. Одан да ұмытылмайтын үлкен, өміріне, адамдығына жол ашып, көмек беруі керек» деген. Шы­нында солай болуы керек еді. Мысалы, оқуға орналастырып кетсе. Ал шындап келген уақытта сол Қодардың немересі басқа атпен жүр­ген Дәрмен еді. Сол Дәрменді қаншама оқытты, үйретті, өзінің шәкірті етіп, ақын қылып ұстады. Міне, осының барлығы содан кейін келген идеялар. Осындай нәрселер көп болды. Қазақтың ескі роман деген жанрының өзі қап секілді. Ішіне өмірде көрген біраз нәрселер­ден апарып ананы да, мынаны да тығуға болады. Қазақтың кейбір ескі мінез-құлықтарын бір жағынан халық білсін дей ме? Сонда бір отбасында бес жігіт басбұзарлау болады. Солар ашуланып отырып әйелдерін айырбастап жібереді. Мұхтар осыны жазған. Ол бірінші кітапта болатын. Кейін бір сын жаз­ған уақытта Ғабит Мүсірепов осыны жарамсыз нәрсе деп айтты. «Қазақта әр түрлі жаман әдет-ғұрыптар болды. Бірақ оның бәрін насихатта­ған­дай болып жаза берудің керегі не? Анау орыстар біз туралы не ойлайды? Әйелін айырбастау деген ол халық­тың намысына тиетін дүние» деген сөздер айтылды. Мысалы, ол кейінгі романдарында жоқ. Алып тастады. Көр­дің бе, сын деген, міне, осының бәрін айғайсыз жасау. Мұхаң сынды қабылдамады деген сөз емес. Мұхаң сынды жақсы қабылдайтын. Мұ­хаң­ның кейде бетпе-бет келіп қал­ған сындарда, жазықсыз кінә таққан жағдайларда мұрнын шұқып ашуланып, кішкене қатты-қатты сөйлеп кететін кездері де болатын. Ол әсіресе, 1950 жыл­дар­дағы айтыс-тар­тыстардың кезінде, Абай жөнін­дегі талқы­лау­ларда кездесетін. Бұл жағынан Сәбит те, Ғабит те жөндеді. Ал енді кейінгілер немене? Кейін­гілерді сынап көрші, жалына қол апартпайды. Бірнәрсе айтсаң, сені көрмей кетеді. Тіпті, ашық боқтайды да. Ал өсер әдебиетке төзімді сын ке­рек қой. Артық та кетуі мүмкін. Бә­ріміз де жаздық. Жас кезімізде шыдамай: «Өй, мынау өстіп көтере алмайды ғой» дейтінбіз де, алып сынайтынбыз. Мысалы, жаңа мен Жақанның кітабын сынадым дедім. Соның артынан Асқар Тоқма­ғам­бетов «Айтылмаған әңгіме» деген поэма жазып, ол «Қазақ әдебиеті» газетінде басылды. Сол газеттің бетінде мен «Айта алмаған әңгіме» деген мақала жаздым. Сосын Дихан Әбілевтің «Алтай жүрегі» деген поэмасы Алтайдың мысының Ленинге бағыт алуын жазып, бірақ соны жеткізіп айта алмаған деп со­ны сынадым. Ол «Социалистік Қаза­қстанға» шықты. Әуелде Дихан өкпелеп жүрді. Өкпелеп жүріп, соны жөндеді. Артынан «Алтай асулары» деген үлкен роман қылып шығарды. Риддер жұмысшыла­ры­ның Ленинге баруы, Лениннің қа­был­­дауы, сол кездің рухы мінбер­ле­ген саяси үлкен дүние болып шықты. Міне, осындай сындар бо­лады. Мысалы, Қапан Сатыбалдин деген, бір жағынан көршім еді, «Қазақ әдебиетінің» редакторы болды. Соның өлеңдерін бір сына­ға­ным бар. Бірде маған қарсы кез­десіп қалып: «Жоқ, мен сенімен сөй­леспеймін» деп шегініп кетіп ба­ра жатыр. Кездеспесе енді не істеймін? Артынан біртіндеп басылады ғой. Сын дегенде адамға кіш­кене төзімділік керек. Басылады. Сын ешқайда кетпейді. Осылардың бәрімен кейін дос болып кеттік. Қалижан Бекхожин деген мінезі қиын ақын болатын. Бір күні Түрк­ме­ния әдебиеті туралы қазақ әде­бие­тінің декадасы болады деп Түрк­менияға бір топ қазақ жазушылары кетті. Соның ішінде Қалижан бармай қалыпты. Қалижанның шығар­масы жоқ деп есептеген бе, солай бармай қалыпты. Ал Қалижан оның алдында «Қарақұм» деген сұмдық жақсы өлеңдердің циклін жазған. Мен соны газетке мақтап жазғам. Оны бірақ ешкім көрмеген. Оны Қа­­лижан да көрмепті. Артынан Қалекең мені бір күні қазақша боқ­т­ап: «Әй, сені білмейді деп айтуға болмайды. Әдебиетті сенен жақсы білетін ешкім жоқ. Бірақ сен әдейі айтпайсың» деді. Мен: «Қалеке, мен оны жаздым ғой. Көрмегеніңізге мен кінәлі емеспін» дедім. Соны естіген соң артынан ақкөңіл бала сияқты болған еді. Міне, осындай дүниелер бар. Асқар Тоқмағамбетов деген жаны жақсы адам еді. «Әуелі оқыған бетте ренжідім. Ал бірақ ой­лап қарасам, сенікі дұрыс екен» деді. Өзі Қызылордада тұратын. Бір келгенінде маған солай деп айтты. Қазір енді ол мақалалардың көп­ші­лі­гі жоқ. Оны архивті, сол кезде шыққан кітаптарды тексерген адам ғана тауып алады. Әйтпесе, көп айтыла бермейді. Бірақ сынға деген көзқарас, негізінде, осылай болуы керек. Сын өспейтіні, сынның бір жаман жері, сын сирек жазылады. Оның үстіне, шығармасы шығып жатса: «Әй, осыған қандай сын болар екен?» деп сынды әркім күтіп отырады. Ал егер ешкім айтпаса ол өкпелейді. Кейде «Сын жоқ бізде!» деп біреулері айғайлап шыға келеді. Сын жоқ деп өкпелейтіндер, көбіне­се, сөз тимей қалғандар. Жалпы, сын бар. Қазір әрине, тәуелсіздік заман­да кішкене әлсіреді. Бірақ сынның бізде арғы тарихы да бар. Кешегі біздің өзі­міз көрген кеңес заманындағы жазушылардың өзінде Сәбиттер, Ғабиттер, Мұхтар­ла­рың бәрі де сын жазған кісілер. Ол­ар­дың кейін бір-бір қалың кітап­тары шықты. Сын деген бүгін оқып қоя салатын дүние емес. Әр­қа­шан оқып отыру керек. Мәскеудің өзі де кезінде жазушылардың сын мақа­лаларын мезгіл-мезгіл басып тұрды. Сол себептен кейінгі жас­тарға сол сын үлгі болсын дейді. Біз де осыған жұмыс істедік.
– XIX ғасырдағы орыс әдебие­тін­де В.Г.Белинский ұшан-теңіз қыз­мет атқарса, совет әдебиетінің ал­ғашқы дәуірінде осындай қызметті М.Горький атқарғанын айттыңыз. Ал қазақ әдебиетінің мұндай жетек­шілік қызметті Мұхтар Әуезов ат­қарды деп жаздыңыз. Ал одан кейінгі, жаңа дәуірдегі қазақы әдеби үдерісте өзіңізге көрінген тұлғалар бар ма?
– Әдебиеттің тегін, үлкендігін та­нытатын дүние – ол көркем шы­ғар­­маның өзі. Пушкиннің «Евгений Онегині» тумаса Белинскийдің Пушкин жөніндегі мақаласы да ту­мас еді. Ол өлеңмен жазылған роман боп туды. Роман дегеннің өзінде кәдімгі өмірдің көп қырлы сырлары өлеңменен біздің тілде жай про­за­лық роман сияқты детальдық емес, кәдімгі жеке кусоктардың өзімен өмірдің шындығын көрсететін дү­ние­лер. Ал енді роман туғаннан кейін сын да тууы керек қой. Сосын Пушкин қайдан келді? Пушкиннің арғы тегінің бер жағында шығар­ма­шылық өсуінің қандай жолдары бар еді? Белинский тоғыз мақала жазды ғой. Сонда әрбір шығармасын жеке-жеке өзінің ретімен талдап, Пуш­кин­нің шын мағынасындағы кім екендігін дәлелдеп жеткізді. Бе­линс­кийді бәрі де сыйлаған, жақсы оқыған, оның шығармаларын, «Сочинение Белинского» дейтін үлкен қалың кітабы бар, соны оқып шыққаннан кейін Толстой «Вот я теперь понял Пушкина» депті ғой. Бұрын оқыған, бірақ шын ма­ғы­насында осы кітапты оқығаннан кейін түсінгенін айтқан. Сон­дық­тан әр нәрсені түсініп оқу керек. Сол Белинскийдің өзінің толып жатқан қағидаттары бар. Соның бі­рінде «Көркем әдебиетті бір рет қана оқу аз. Көркем әдебиетті қай­та-қайта оқу керек. Әр оқыған са­йын жаңадан ойыңа ой қосып, жаңа образдар табасың» дейді. Шынында Абайды оқып көрші. Абайды оқыған сайын бұрын оқымағандай болып оқисың. Әуезовтің өзін оқыған сайын оқымағандай болып оқисың. Қарап отырсаң, Абайдың қара сө­зінің өзінен кәдімгі жаңа бір образ­дар, жаңа тілдік өзгерістерді ыл­ғи тауып алып отырасың. Әдебиеттік сында осылардың бәрін ерінбей істеу керек. Әйтсе де, оның бәрін іс­теп отыратын ешкім жоқ. Оған шама да, қаражат та жоқ. Бірақ ол біздің жетіспей жатқан дүниеміз. Әр нәрсенің өзінің заманы бар. Біздің заманымызда да сондай. Мен, мысалы, жас ақындардың шығарма­шы­лығын қарап жүріп, Тәуелсіз­дік­пен байланысты тақырыпты жыр­лап, қайтыс болып кеткен Нұрлан Мәукенұлы деген ақын болды. Аллай-ай, қандай керемет лирик ақын. Тәуелсіздікті қандай қуаттады. Сөйтіп келіп, сол тәуел­сіздіктің ең бір қиын тұста­рында соның күйіктеріне, жоқ­шы­лық­тарына мойынсұнып барып, аяғын­да өзін-өзі құрбан қылып ал­ды. «Қайғы тым жеңіп кетіп» деп тал­дағаным бар. Сондай дүниелер­дің бәріне түсіністікпен қарау керек.


– Бір шаңырақта екі академик кездесетіні өмірде сирек кездесетін құбылыс. Әлия апамызбен өмір сүрген ұзақ та мазмұнды ғұмыр жо­лыңыз­ға көз тастап, біздерге де айтып берсеңіз.
– Бізде ондай үш академик бар. Академияның мүшесі, биология ғылымының докторы Нәйла Ба­за­но­ваның күйеуі Фазыл Мұхамед­қа­лиев те биолог. Бірақ ол әскерден кешігіп келіп, кеш қорғады. Осы екеуі де академик болды. Заңгер Са­лық Зимановтың әйелі химик Шар­бан Батталова. Екеуі де екі ғылымды меңгерді. Бір отбасында тұрды. Менің жарым Әлия Бейсенова – географ, эколог. Ал менікі таза өзімнің әдебиетім. Біз студент кезімізде отбасын құрдық. Жас үйлендік. Биыл отбасы құрғаны­мызға алпыс жеті жыл болды. Балаларымыздың үл­кені алпыс алтыға толды. Біздің сезімімізден ақылымыз көптеу бол­ды-ау деймін. Сол сезімнің ыр­қы­мен кетіп қалмай ғылымы­мыз­ды айналдырып, уа­қыт­тың көбін соған жұмсадық. Әлия­ның мамандығы географ. География деген ғылым Қазақстанда бұрын болған жоқ. Академияның құрамында жалғыз бір Фальгов деген ғалым болды. Оның өзі мұздық­тарды зерттейтін еді. Ол жер табиғатын білмейтін. Сосын осында қазақ бөлімін, аспирантура ашамын деп Утмағамбетов деген географ жігіт көп талап жасады. Бірақ артынан қайтыс болып кетті. Соңында Сәтбаевқа барып алған талабы осы аспирантураға орын еді. Сол аспирантурадағы орын­ Әлияға бұйырды. Оның тақырыбы «Қазақ­стан табиғаты зерттелуі­нің тарихы» болатын. Кейін Ташкентке барды. Олар да қарсы болған жоқ. Диссертацияны қалай құру, қалай жазу керек екенін көрсетіп, бір де бір бас-көз болатын адам бол­мағаннан кейін қиын ғой. Соңында Мәскеуге барды. Сондағы география инсти­тутының директоры үл­кен бір қарт адам еді, сол қабылдап, әңгімелесіп, талабын көріп «Тақы­ры­бың жақсы. Осы тақырыбыңды істе. Осындағы адамдардың барлы­ғы­мен әңгіме­лесіп, көмек ал» дейді. Орыс адамдары қандай ілтипатты. Қазақтың ғалымдарын шығарған орыстар ғой негізі. Қарамағындағы сөйлескен адамдарға «Сендер жеті сайын мына кісі не істеді маған есеп беріп тұрыңдар» деп көмектескен. Кейін барып сол диссертациясын Мәскеу­де қорғады. Екінші диссертациядан «Ерте заманнан бергі Қа­зақстан табиғатының зерттелуі» деген кітап жазып еді. Соны кітап етіп жазған уақытта Мәскеудегі кө­мек­тескен профессор сол кітапты алып оқып, Әлиға хат жазыпты. «Әлия, мынау дайын докторлық диссертация. Тек кейбір жерлерін түзеп жіберсе барлығы болайын деп тұр» депті. Фрунзеге географтардың съезіне барған еді. Ол сол жерде де осыны қайта айтыпты. Мен де осы тақыры­быңды аяқта деп айттым. Оған бала-шаға бар, содан кішкене шыға алмай жүретін. Мен балаларға «Шеше­леріңе мынандай хат түсіп отыр. Енді біраз уақыт оған жұмы­сын жетілдіруіне мүмкіндік бе­рейік» дедім. Өстіп жағдай жасадық. Ол мүмкіндікпен жайдан-жай бәрі бола салған жоқ. Бұл КСРО халық­та­ры­ның тарихында жергілікті табиғаттың тарихын зерттеген бі­рін­ші диссертация болып шықты. Қазақстанды, ар жағында Өзбек­с­танды, басқа жерлерді зерттеген. Әр елдің өз табиғаты бар ғой. Қазақ­стан табиғатының зерттелуі дегенде ар­ғы заманнан күні бүгінге дейінгіні алған. Осыған басқа республиканың адамдары, барлығы, одақтық академия география институты сұмдық отклик жасап, тақырыбына қатты қызықты. Тіпті, «Одақтық көлемде осы мәселені қозғаймыз, сен біздің жұмысымызға қатынас» деп өздері­нің жоспарлық жұмысына мүше қылып қойды. Жұмысын Мәскеуде география институтында талқылап отырған уақытта жиналысқа Әзір­бай­жан институтының директоры Әлиев деген кісі келіп тыңдап, риза болып: «Мынандай жап-жас талант­ты қазақ қызы, осындай мұсылман қыздары бізге келсе мен қорғатамын. Сенің тақырыбың да бізге жақын, бәрін қойып бізге кел» деп, сол Әзір­байжанға барып қорғады. Дис­сер­тациясының екеуі де жақсы өткеннен кейін ғылым да біртіндеп орнына түсе бастайды. Академияға мүше етіп сайлады. Географиядан маман жоқ қой. Кейін өзі бірнеше мамандардың басын қосып құрас­тыр­ды. Біздің отбасымыз ғы­лым­ға негізделген. Бір-бірі­мізге құрметті, сыйлымыз. Бір-бірі­мізге шығар­ма­шы­лық көмек керек болса көмекте­семіз. Доктор­лық қорғаған әйелдің тіршілігі де ауыр ғой. Біздің екі баланың арасы он ал­ты жыл. Біз өстіп тіршілік жасап жатырмыз. Жүйкеміз тыныш, жұрт­қа абыройлымыз, көп адаммен қа­рым-қатынасымыз бар. Ғылым, әдебиет, мәдениеттің көп адамдарымен байланыс жасадық.
– Сіздің «Менің әкелерім» атты естелік жазбаңызды оқығанда маған ілгері бейтаныс болып келген дәс­түр­ді көргендей болдым. Қазіргі жас­тарға бұл мүлде жат болып барады. Сіз осы жайлы не айтасыз?
– Қазақтың өзінде бала асырап алу деген дәстүр болған. Ме­нің үлкен әкелерім балаларын өзі асырамай інісіне асыратқан. Олар соның баласы болып кеткен. Аға­йын­ды үш адам, үшеуі бірінің балаларын бірі асырап алған. Мен бір жолы әкеммен сөйлесіп отырғанда: «Керегі не осының? Әрқайсысы өз әкесінде қалсын» деп талқыладым. Ол: «Өй, сен не білесің? Біздің ойымыз сендерді жат қылмау ғой» деді маған. Шынында, мен біреуінің ба­ла­сымын, кейін басқа үйдің баласы боп кеткенмен оныменен бірге туыс­қан әкелерімнің басқа балалары бар. Олардан мен бөлініп кете алмаймын. Олармен туыстығым сезі­ліп тұрады. Ал барып бала бол­ған үйімнен де безініп кете алмаймын. Олармен бірге өскен соң ол да туыс. Сонда мен екі жағынан да туысып жатырмын ғой. Әкемнің «Сен не білесің? Біздің саясатымыз сендерді жат қылмау ғой» дегені бар. Кейін өмір тәжірибесі соның дұрыс­ты­ғын анықтады. менің туған әкем кейінгі әкем көз жұмғанша өмір сүрді. Сол ағасына баласын бергеннен кейін менің маңайыма таянып, бір ауыз сөз ай­тып, бетімнен сүйіп көрген емес. Қайтыс болар алдында «Әкеңнің көңіліне келеді деп бетің­нен сүйіп көрген жоқ едім. Қолыңды берші, қолыңнан иіскейін» деді. Қо­лымды беріп едім, қолымның сыр­­тынан иіскеді. Бұл керемет дәстүр.


– Ғабиден Мұстафин жайлы көп жаздыңыз. Жазушы жайлы оның жо­лына көп бөгеттер қойылғанын, сол кездегі Қазақстан басшылығы та­рапынан қолдау көрмегенін, жанында жүрген «достары» қаншама негізсіз жала мен арыздар жазған­ды­ғын айтқан екенсіз. Әсіресе, қазақы ортада мұндай арызқойлық бұрын да болған, қазір де байқалады. Мұның себебі неде?
– Ғабиден табиғатынан адал, ең­бекші адам еді. Оқу оқығаны аз, бірақ таза, ізденгені көп болатын. Біздің үлкен, ескі жазушылары­мыз­дың барлығы да өмірден оқығандар ғой. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіре­пов, Мұхтардың өзі де қанша Еуро­палық білім алғанымен, негізгі көргені, тоқығаны сол туып-өскен жері, өз топырағы. Ғабиден де солай өскен адам. Ғабидендер өмір сүрген кез заманның қиын кезі еді. Бұл 1937 жылды да, кәмпескенің тұсын да көрді, осындау тұстарда кейбір оқиғаларды шығармаларында Ғабиден өзінің атымен атап жібер­ген кездері болған. Ал сол кездегі тұл­ға­­лар кейін ақталып, соның тұқым­да­ры шыққан кезде, осыны кек тұтып, Ғабиденнің үстінен арыз ұйымдастырып жүрген, негізінен, солар. Ғабиден өзі кісі үстінен арыз жазатын адам емес. Сондықтан оның барлығында да онша мән бере­тін дүниелер жоқ. Жазушылар ара­сында пендешілік болады. Бірақ үлкен қақтығыстар көрініп жатқан жоқ. Қазақ еш уақытта мінезсіз болмайды ғой. Кейде бір нәрсеге өк­­пелеп қалады. Ал негізінде дүние кең. Дүниені тарылтып жүретін өзі­міз. Дүниені кең қалпында ұста­сақ, тарылтпасақ өмір жақсы болады.
– Бір жазбаңызда Әнуар Дер­бісә­линнің, Зейнолла Қабдоловтың, Темірбек Қожакеевтің, Мүсілім Ба­зар­баевтың жұмыстарына теріс пікірлер, арыздар түсіп, олардың ВАК-те көп ұсталып, қиыншылыққа тап болғанда қалай көмектескеніңізді жазған екенсіз.
– Бізде әр республикадан объек­тив­тілік болуы үшін, кішкене объек­тивті адам деп бізді қалдыра­тын. Сонда Зейнолланың, Мүсілім­нің жұмыстарының үстінен арыздар түсті. Мен солардың адал шешілуіне қолымның ұшын бердім. Өз мүм­кін­дігімді, басқа таныстарымды пай­да­ландым. Өмірде мұндай дүниелер болады ғой. Әсіресе, қазақ­тар арыз­қойлау халық. Өзбектердің өзі «Бізде бір адам қорғап жатса, он адам жа­ғымды пікір білдіреді. Ал қазақта бір адам қорғаса, артынан он адамның арызы келеді» деп айтатын.
– Өткен ғасырдың бірінші ши­регінде Бейімбет, Жүсіпбек, Ілияс, Мағжандардан басталған қазақ әде­бие­тінің алтын дәуірінің соңғы парақтары олардан кейін әдебиетке келген алыптарымыз Әбіш, Тұман­бай, Қадырлармен бірге жабылған­дай. Қазіргі әдебиетімізге үңіле отырып, нені байқайсыз?
– Дәуір жаңарған сайын әдебиет те жаңаруға тырысады. Бұрын ке­сек-кесек өзгеріп жатты және бәрі де талантты жазушылар. 1960 жыл­дар­дың басында Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, үлкен-үлкен талантты жазушылар келді. Сонымен бірге, әлсіз де шығармалар туып жатты. Сон­дықтан барлығын өмір өзі екшейді. Бірақ әдеби процесс тоқтауға тиіс емес. Қазір енді шетел­дің әдебиетінің формалары кіріп, соны пайдалануға тырысушылық бар. Бірақ ол бізге әлі сіңіп жатқан жоқ. Біз қанша дегенмен өзіміздің ұлттық тамырымызда жұмыс істеуі­міз керек.
– Сіз институтта оқыған және алғашқы творчестволық қызметке араласқан тұсыңызды Қазақстандағы саяси-әлеуметтік өмірдің ең бір ауыр кезі деп суреттеген екенсіз.
– Біз бүгінгі күнімізге өзіміздің еңбегімізбен, адалдығымызбен жет­­тік қой. Қиын кезең болды. Бір­ақ жақсы адамдар қалды. Бәрі де оп­понент болды, көмектесті. Қай­тып келген адамдардың бір­қа­та­ры­мен бір жерде жұмыс істедік. Негізгі ұр­пақ сақталды ғой. Бірқатары қудаланып барып, қайтып келді. Бәрінің де мұралары сақталды. Өмір­де бар нәрсе өзгеріп кете қой­май­ды. Оны жаңартып, өзгертіп қа­рап, сақтап, өзіміздің ұлттық мұра­мызға пайдалануымыз керек. Сондықтан да әдебиет бізге қажет
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Нұрлайым БАТЫР.


 

Дара

Академик Серік Қирабаев ағаның мерейтойына

Жүйткісе уақыт атты желмаяңыз,
артында қалдырады нендей аңыз?!
…Жұртыма керек аға, сендей дара
Ұлтыма керек аға, Сендей Абыз!..

– Аға дер барша қазақ,
мұқым ғалым,
жұртыңмен бірге болды құтың, бағың.
Толайым тойға айнасып кетсін мәңгі –
Тоқсанның томағасын сыпырғаның.

Арманға қаршадайдан асық талап,
Жаратқан бұйыртпайды жасыққа бақ.
Әкелдің санамызға сан жаңалық
Сәкеннің «сыр сандығын ашып қарап».

Жасының жарқ еткенде жарқылдаған,
Келесіз тұнық іздеп әр тұнбадан.
сөйлесең
Ғасыр болып,
Қасым болып
«Бір күй бар домбыраңда тартылмаған».

Дабырсыз,
дабырасыз дара қайың,
Қазақы қалыбы бар қарапайым.
Нар болып,
Бар болып жүр алдымызда –
Ар болып сөйлейтұғын ағатайым.

Биіксіз шың секілді,
Құз секілді,
Інілер ізет етер біз секілді.
Кей-кейде жаз секілді жайдарысыз –
Кей-кейде салқындаусыз күз секілді.

Кешегі көзін көрген сан алыптың,
Атсыншы алдыңыздан ағарып күн.
Ойы – гүл,
Орман жұрттың омырауында –
Тойы бұл даралықтың,
даналықтың!

Ғалым Жайлыбай.


 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір