«Кез болған соң кер заман біздің баққа»…
17.03.2017
1805
0

Бүгінгі оқырманға өткеніміздегі қоғамдық қарым-қатынас туралы айту өте қиын. Жаппай қуғын-сүргін кезеңіндегі оқиғаларды халық қалай қабылдады? Жаппай қуғындауды халық құптады ма? Айналаның бәрі жау екеніне шынымен сенді ме? Ұсталып кетіп жатқан­дардың кінәсіз екенін жалпы көпшілік түсінді ме, түсіне тұрып үндемегені қалай?
Өткенді кінәлаудан бұрын, бүгінгінің өткенге деген бағасы туралы да айта кету керек шығар. 1931–33 жылдардағы ашаршылық, 1937–38 жылдардағы жалпыхалықтық репрессия, 1937 жылдан 1953 жылға дейінгі түрлі тергеу-тексеру, қуғын-сүргінді әрқилы қоғамдық пікірлермен ақтап алғымыз-ақ келетін бір мінез де байқа­лады. Қазақ елінің тарихи жадысында сталиндік репрессия туралы пікір екіұдай. Алайда, бұл «талайды өткердік, өткенге салауат» деген сөзді ғана білдірмесе керек. Бүгінгі әлеуметтік қарым-қатынастар формасы және қоғамдық сана қазақстандықтардың кешегі кеңестік және бүгінгі тәуелсіздік кезіндегі бастан кешіп отырған жағдайымен ұдайы салыстырыла беруі де өткеннің аяусыз мінезіне, қиын-қыстау кезеңдеріне деген кейбір көзқарастарды жеңілдетіп жібергендей әсер береді.

Коммунистік мұраттарды көздеген алып империя құлаған соң бастан кешкен қиындықтар – қоғамның әлеу­мет­­тік және экономикалық құ­ры­лымын өзгертіп қана қой­май, адамдар­дың құндылықтары мен өмірлік ұстанымдарын да түбірі­мен басқа арнаға бұрғаны жайлы әлеумет­танушы ғалымдар айтып жүр ғой. Мәдени-рухани көңіл күйдің тө­мен­деуі, «бұрынғы әлем жасырақ әрі жарқын еді ғой» деген сағы­нышқа толы ойға, ал «бұрын» сө­зі – кеңестік жүйеге деген аң­сау­ға ұласып, өткеннің барлық «зұлматын» сол «сағыныштың» көлеңкесінде қалдырып қойғы­мыз келеді. Демек, біз өткенді тек сағынып еске алсақ дейміз.
Мұның бір себебі – осы күнге дейін сталиндік қуғын-сүргінді, кеңестік жүйенің қатпар-қат­пар­ларын түсіне алмай жүргенімізден болар. Жасырып-жауып қайтеміз, Ленин, Сталин идеясына адал жандар біздің елде әлі көптеу. Сол идеяға адалдығы қазақ қоғамын тітіренткен зұлматтарға аталған қос тұлғаның еш қатысы жоқ деген «ақтау» қимылдары арқылы да байқалып жатады. Әрине, өткенге өкпе арту, өткен­нің мұң-зарын естімедің деп әлде­кімдерге кінә қою біздің тарапымыздан да дұрыс емес шығар. Алайда, өткеннің қателігі мен шындығын елеп-екшеу де керек еді ғой. Иә, сол зұлматтың өртін көргендердің, дертін жама­ғандардың жүрек наласы мен зар-мұңы жайлы егжей-тегжейлі айтуға, жазуға, зерттеуге ешкім кедергі емес.
Біз білген, бізге жеткізген дерек­тер былай сөйлейді:
1927 жылдың басында Кеңес­тер одағы ірі халықаралық жан­жал­дың ошағына айналып, «КСРО Лондонда совет революциясын жасамақшы болды» деп ашық түрде айыпталады. Нәти­же­сінде, Ұлыбритания КСРО-мен экономикалық, саяси қарым-қатынасын үзеді. КСРО өз тарапынан Ұлыбританияның бұл қадамын «Лондон КСРО-ның ішкі саяси жағдайына қол сұқты» деп бағалап, сол кездегі партия жиналыстарында Сталин: «импе­риализмнің барлық қалдығы мен ақ гвардия қозғалысының жақ­тас­тарын елімізден құрту керек» деп мәлімдейді. 1927 жылдың 7 маусымында Польшада КСРО-ның саяси өкілінің оққа ілігуі Кеңестік жүйенің «империализм қалдықтарынан арылу» жоспарына сыныққа сылтау бола ке­теді. Ақырында жаппай тазалау науқаны басталады. Мысалы, сол жылдың 10 маусымында «империямен байланысы бар» деген 20 адам ату жазасына кесіледі. 1927 жылдың бір ғана маусым айында «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деген айыппен тоғыз мыңнан аса адам тұтқынға алынады. Бұл «репрессия неден басталды?» дегенге тарихшылар­дың берген жауабы. Ал сол кезеңнің тарихи жағдайын эко­но­микалық тұрғыдан бағалаған сарапшылар жаппай террордың саяси себебіне қоса, экономи­калық астарының да болғанын жоққа шығармайды. Сол кезеңде КСРО-дағы ірі компанияның көпшілігінің тізгіні байырғы империялық Ресейден шыққан­дар­дың қолында еді. Бұл лауазымды, бақуатты тұлғалардың көпшілігі жаңа билікке ықылас­сыз екені де белгілі болатын. Сон­дықтан Кеңестік жүйе бұл адамдарды ірі компаниялардағы басшылық орындарынан мейі­лін­ше алшақтатып, тіпті, қолдан келсе, көздерін жоюға тырысып бағады. Ал бұл үшін салмақты әрі дәлелді себеп керек болатын. «Империализммен байланысы бар жансыз» ретінде оларды тұтқындау – Кеңестік жүйе үшін ең оңтайлы шешім болғанын сол кезеңді зерттеп жүрген мамандар бүгінде жоққа шығармайды… Оның үстіне, Кеңес үкіметі жа­-
ң­а­­дан құрылған жылдары аталған кеңістікте жаппай идеологиялық күрес жүріп жатқан еді. Жаңа жүйе халыққа өз ұстанымын таңу­­ға қанша тырысып баққаны­мен, бұл әдіс жеткіліксіз болатын. Сондықтан ендігі жерде би­лікті ұстап қалу үшін жаппай қорқытып-үркіту шаралары жасалуы тиіс еді. 1927 жылы бастал­ған репрессия толқыны 1930 жыл­дарға жалғасып, енді тек қана саяси бәсекелестерді ғана емес, кулактарды да елден тазарту керек деген шешімге келеді. Кеңес билігі елді байлардан тазартамыз дегенімен де, ол тазалау науқанына орташалар мен кедейлер де қоса ілігіп жатты. 1936 жылдың 14 қаңтарында партия құжаттарын ауыстыру науқаны басталады. Құжаттарды ауыстыру барысында партияның барлық мүшелері жаңа құжатқа ие бола алмай қалады. Осылайша, пар­тия­ның құжатын ауыстыру барысында большевиктердің 18%-ы партия қатарынан шыға­ды. Бұл тазалаудың бір ғана науқаны еді. 1933 жылы партия­ның ең жоғары басқарушы тұлға­ларынан 250 адам партия қата­рынан, ал, 1934-35 жылдары партия қата­ры­нан 20 мың адам шығарылады. Бұл – алдағы 1937 жылға дайын­дықтың басы ғана еді…
«Біз әрбір дұшпанымыздың көзін жоямыз, ол мейлі байырғы большевик болса да, дұшпандық әрекеті дәлелденсе оның өзін ғана емес, отбасының, әулетінің көзін қоса құртамыз. Социалистік мемлекеттің тұтастығына, әреке­ті­мен, тіпті ойша қарсы болса да біз оны аяусыз жазалаймыз» деген Сталиннің сөзі жаңа репрессия толқынын тудырды.
1937 жылдан бұрын да, кейін де коммунистік диктатура тұзағына түскендерді аяған емес. Алайда, дәл осы 1937 жыл кеңес­тік жүйеден өткендердің жадында мықтап сақталған. Иә, қазақ тарихының кеңестік кезеңіндегі аса ауыр жылдарының бірі – осыдан сексен жыл бұрынғы қу­ғын-сүргін кезеңі еді…
Бүгінгі күні коммунистік дик­татура кесірінен жапа шек­кендердің нақты саны белгісіз. Әркім әртүрлі деректер келтіреді. 1954 жылы КСРО Бас прокуроры В.Руденко, Ішкі істер министрі С.Круглов, Әділет министрі
К.Горшениннің Н.Хрущевке даяр­ла­ған анықтамасында 1921-54 жылдар аралығында револю­цияға қарсы қылмыстары үшін
3 777 384 адам сотталған, оның ішінде 642 980 адамға ату жазасы ке­сіл­ген дейтін дерек бар. Әрине, бұл деректерді жоққа шығарып, құрбандардың саны аталған деректен әлдеқайда көп екенін дә­лелдейтіндер де көп. Сот пен үкімсіз атылып кеткендердің саны қанша екені тіптен белгісіз. Түрмелер мен айдаудағы азаптан көз жұмғандардың да дерегі жоққа жақын. Осы жылдар ара­лы­ғында депортацияланған ұлт­тардың әңгімесі тіптен бөлек. Қызыл террор уақытындағы ең ауыр кезең 1937-38 жылдары
1,3 млн. адам тұтқынға алынып, он­ың жартысынан астамы ату жазасына кесілген дейді тағы бір де­ректе. Репрессия жылдарында Қазақстандағы лагерлерге бес млн-нан аса тұтқын тоғытылған десе, өзге деректер Қазақстандағы саяси тұтқындардың саны 5 млн-нан да асқанын айтады. 1921-54 жылдар аралығында Қазақстанда 100 000-нан аса адам тұтқында­лып, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген. АЛЖИР-де жиыр­ма мыңға жуық әйел тұт­қын­да отырды…
Бұл сан ғана емес, Кеңес ода­ғы азаматтарының қасіретінің жылнамасы, жүріп өткен жолы. Демек, ол біздің де өткеніміз, бас­тан кешуге мәжбүр болған, көндігуге тиіс болған жолымыз.
Қаншама қазақтың қаны сұраусыз төгілген сол дәуірдің «қателіктеріне» біз бүгін көз жұ­мып қарағанымызбен, жыл сайын барлық жымысқы саясаты әшкере болған ол кезеңнің ұс­танымын болашақ кешіре ме? Ал біз әлі күнге күллі қоғамға ста­линизм­нің не екенін, оның бар қазаққа шек­тірген азабын егжей-тегжейлі түсіндіріп, ұғындырып, ағы мен қарасын айырып бере алмай отырмыз. Бұрынғы КСРО аумағында бой көтерген өлім мен азап лагерлері, қуғын-сүргін, қырып-жою, мил­лиондаған адамды бір ғана идея үшін құрбан қылған жүйе бойымызға тағы нен­дей мінезді жұқтырып кетті? Қазақтың зиялы қауымы­нан бас­тап қарапайым азаматына дейін «Халық жаулары» атанып, тәні азапталып, жаны құрбан бол­ғаны жайлы дерек – осы күні біздің жүректерді қаншалықты сыздатады?
Байырғы біз жүріп өткен бұ­рыс жол болашақта алдымыздан шыға қалса, айналып өтудің қа­мын ойластыру үшін де ақ пен қараны айыра білуіміз керек емес пе? Өзіңнің көзкөрген танысың, бауырың, жақының жаламен ұсталып кетіп жатқанда үндей алмай қалу – қай жаққа да жеңіл тимейтіні анық. Етіңнен ет кес­кен­дей қылып ет жақынын от пен оққа айдап әкетіп бара жат­қанда, үндемей қалу үшін, «тағ­дыр салды, мен көндім» мінезіне көндігу үшін халықтың бойына үрей мен сатқындық, қорқақтық пен жалтақтық мінезін қалай тамтұмдап сіңірді деген сұрақ өткенде мазаламаса да, бүгінгінің күнінде жанымызды жай таптырмауы тиіс емес пе еді? Сол уа­қытта халықты билеген үрей ұлт болмысын қаншалықты өз­гертті, ендігі уақытта сол өткен­нің мінезі бізді қайтадан құр­дым­ға кетірмеу үшін әлгі алапат үрейден арылудың жолы қалай деген тақырыпты зерттеу алаңы­на айналдыру әлі де өзекті мә­селе­лердің бірі.

Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір