Ананың парызы
Қазіргі заманда ата-анасы араласпаса оқи алмайтын ұрпақ жетіліп келеді. Әрине, керемет технологияны меңгеруге қаншама уақыт, талап, қаржы бөлінетінін бір ауыз сөзбен айтып жеткізу қиын.
Бүгінгінің баласына тумысынан зерек болмасқа амал қалдырмай жатырмыз. Әр елдің бала тәрбиесінің негізі болып қаланатын әркелкі дәстүрлі, яки дәстүрлі емес амал-тәсілдер бар. Мәселен, жапондар баланы еңбекпен тәрбиелейді. Немістер жауапкершілікке, адалдыққа баулиды. Ағылшындар өзіне сенуді үйретеді. Америкалықтар білімнің бастауы ізденісте дейді. Талап әр түрлі, сондықтан әр баланың жетістігі де әркелкі. Салыстырудың да қажеті шамалы. Ал бұрынғының қазағы баласын тибеттіктердің үлгісіне сай тәрбиелеген. Ол жеті жасқа дейін ханның баласындай еркелет, жеті жастан соң құлдай жұмса, он бестен соң жан досыңмен сырласқандай сырлас деп үндейді. Бүгінгі таңда бұл жүйені біреу қабылдаса, келесісі құптамайды. Себебі, заман басқа, заманның лебі басқа. Сондықтан қазіргінің анасы сол заман талабына сай өзгерген. Ана баланың ырқы мен ықтиярына бастан-аяқ жауапты. Тіпті, еркіндігіне де жауапты боп алған. Әкеден гөрі анаға талап көп қойылады. Бала тәрбиесіндегі қазақ әйелінің ролі ерен. Әр ананың парызы – иманды ұрпақ тәрбиелеу. Арман-мұраты да сол. Бүгінде баланы тәрбиелеумен қатар, оның болмысына инвестиция салу, негізгі білімнен өзге түрлі үйірмелерге баулу, қыз балаға ине ұстатуы, ұл балаға күрек ұстатуы да тек ананың мойнына артылып бара жатыр. Әрбір дарынды баланың өзіне деген сенімі анасының оған деген сенімінен бастау алатынын байқау қиын емес. Қазіргінің анасы он қолы, жүз басы бар қылтемірден бір кем емес. Жұмысты да істеп, балаға да қарап, отбасына да уақыт тауып, уақыт қана емес, күш-қуатын сарқып беру міндетін қатар алып жүр. Сірә, әйел болмысының өзгеріске ұшырауы да сондықтан болар. Тәрбиенің тал бесігі саналатын мектептерде де көбіне әйел мұғалімдердің саны басым екені жасырын емес. Бұл қазіргі қазақ қоғамындағы әйел затының тек үйде емес, түздегі еңбегінің де өлшеусіз екенін көрсететіндей. Олардың еленбейтін еңбегі, ақысы төленбейтін қайран уақыты – айналып келгенде ұлттың кемел келешегін қалыптастыруға, нығайтуға жұмсалып жатыр. Тек сол еңбек қаншалықты ақталатынын дөп басып айту мүмкін емес.
Біздің балаларымыз смартфоннан бас алмайтын ұрпақ. Балалар онда бәрін өзі жасаймын деген көзбояушылықпен байланып отыр. Егін егеді, үй салады, жауды жеңеді, көлікпен жарысады. Ал өмірде?.. Баланы осындай алдамшы дүниеге телміртіп отырғанына аналар қиналады, алаңдайды. Ана болған соң балаға еңбектің нанын жегізудің мәнісін терең түсінеді. Бала деген өзі білім алатын бөлменің еденін өзі жуып, өзі шертетін домбыраны өзі жасап үйренетін кеңістікті аңсайды. Бәлкім, сонда баланың санасы алдамшы нәрселерге әуес болмас па еді? Еңбектің нанын жастайынан жемеген бала, Отанын, елін, жерін қалай жақсы көреді? Ол ертең дүниенің бәрін тек ақшамен өлшеп кетпей ме? Қазіргі ананың алаңы осы.
Шынар Әбілда,
аудармашы