Бар болған кездеріңе сүйінемін…
10.03.2017
2503
0

Гүл іздеп күлден қартайған…

Құламаймын деп тырмыстым,
Жыламай жүрсем – жеңісім.
Келемін кәрі тұрмыстың
Сүйретіп ескі кебісін.

Жүрегің кейде ауырлап,
Қойғандай құйып қорғасын.
Тартасың жасың сауылдап,
Тірліктің тесік дорбасын.

Ұқсайды тұрмыс жендетке –
Қоймасы ауыр жазаның.
Ұша алмай қалдым мен көкке
Қайнатып жердің қазанын.

Іздейді кезін жасырақ,
Елесін тауып әрқайдан.
Асылын ойдың асырап,
Гүл іздеп күлден қартайған.

Біте ме бұл ән біздермен,
Түңіліп көктем, жазынан.
Сенуге себеп іздеумен,
Сергелдең болып, қажыған.

Гүлнәр Салықбай


Тағдырым

Әз жанымды аярлардан сақтағам,
Алғаусыздау бар мұңым.
Адалдығын алаяққа сатпаған,
Ақиқатым – тағдырым!
Аңсарымда ғұмыр кешіп бір өлең,
Алып ұшса алғы күн.
Алдамайтын Тәңіріме сүйенем,
Ақиқатым – тағдырым!
Алакеуім таңдарымда тілегім,
Ақиқатқа сенемін!
Аласұрып шындығынан жалтармас,
Өзегімде өлеңім.

Толқын Қабылша


 

Түндер… Түндер…

Түндер…
Түндер…
Жанарында сыр кілкіп,
Жұлдыз күлген жасырын.
Екеумізді екі жақта күрсінтіп,
Көкжиектен Ай туады ақырын…
Түндер…
Түндер…
Әйнегімнен мұң қарап,
Шаттығымыз жырақ тым.
Қаламымнан сағынышым сырғанап,
Жанарымнан тағы моншақ құлаттым.
Түндер…
Түндер…
Қанатынан мұң өрген,
Нұр төгетін қашық Күн.
Бұл сезімді Тәңір өзі жіберген,
Мен бәрібір мәңгі Сізге ғашықпын!

Алтыншапақ Хаутай


Екеумiз…

Екеумiз оқитын жырлар да бөлек,
Тiлi оның тағдырдың тiлi.
Қуатын едiк қырдан көбелек
Жаңбырлы күнi…
Екеумiз санайтын жұлдыз да басқа,
Жарығы оның анамның көзi.
Жаратқан шығар бұл қызды баста,
Ғаламның өзi…
Екеумiз қосылар сарын да бөлек,
Жүректiң сонда құштар құмары.
Үзiлiп түскен жанымнан ерек,
Құстардың әнi…
Екеумiз айтатын әңгiме биiк,
Ұйқымды ұрлайды тағы да өлең.
Өзiңдi жаңа көргендей сүйiп,
Сағына берем…
Екеумiз ұшатын кеңiстiк ерен,
Тұмасы тұнған мөлдiр өлеңге.
Қоштасып мәңгi жер үстiменен,
Кетейiк сол бiр әлемге…
Екеумiз қалсақ жанды ұғып көңiл,
Миуалы бақтан жемiс теремiн.
– Онда бар дейдi – Мәңгiлiк өмiр –
Перiштелерiм…

Мақпал Мыса


Туған жерге

«Туған жерім қалды артта балбалдарын құшақтап».
Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ

Жусанды бел сөйлетсе қоңыр әнін,
Ой кеміріп батады соңыра күн.
Жалғыздығын сездік пе сол даланың,
Сағыныш-жас жуғанда омырауын.

Жалғыздығы даланың ғасыр көшкен,
Тай-құлынын жоғалтып тасында өскен.
Боз жусанның жұпарын білмейтұғын,
Ұрпақ үшін біздерді кешір, кешсең.
Әр тасында қорғасындай кек тұнған,
Күй-сағыныш бебеулейді көп қырдан.
«Боз даладан бір топырақ бұйырмай
кеткен боздақ қайда жатыр?» деп тұрған.

Туған жердің күні сүймей кекілін,
Жат болмысқа бауыр басты бек ұлың.
Ойладық па боздайтынын сағынып,
Кәрі таулар шетел асқан жетімін?!

Толқығанда жаны мөлдір көл-теңіз,
Күн көзінен құлап түсті ерте күз.
Күн көзіндей болар еді-ау жеріне,
Жат босаға аттамаса ерке қыз…

Ғасыр тағы қай шешімге бекінді,
Жаныңа дерт әкелді ғой не түрлі!
Сені бүгін сүйе алдық па, біз пақыр,
Сенің ұлы сағынышың секілді,
О, туған жер!

Ажар Ерболған


Өлеңмін

Қызғалдақтың — даласы бар.
Гүлзар бақтың — қаласы бар.
Өз ортасын таба алмаған —
менің Жаным аласұрар…
Адамдардың — ауылы бар.
Алаңдардың — қауымы бар.
Қайда менің өз Отаным?
Жүрегімді тауып, ұғар…
Дос біледі. Ол — ғапылдан.
Жау күледі — жақыннан.
Ақын:
— Қоғам! Ортам!.. дейді.
Мен шошыдым ақыннан…
Айдалаға қашқан шынар —
талдар шымшып, тастар сынар.
Аспан шығар — менің Елім?
Менің елім — Аспан шығар…
…көп қарайды маған Көпсіп.
көк қарайды маған Көксіп.
— Өлесің ғой… дегендерге,
— Өлеңмін!.. деп барам —
Өксіп…

Жанна Елеусіз


Менің мөлдір өлеңім! 

Тағдыр да емес атың сенің,
Мұң да емес…
Жаңбыр да емес, жалған да емес,
шын да емес.
Жан біткеннен бірақ артық көремін.
Жүрегіме болды басқа төре кім?
Менің мөлдір өлеңім!

Дәл өзіңдей кім татырды бақ дәмін,
Дәл өзіңдей ешкім маған сенбеді.
Тағып жүрген кездерімде жатқа мін,
Қайдан тауып алдың екен сен мені?
Қалай ғана қалдың екен құлатпай,
Қыл көпірден жаным сауға сұраған.
Жүрсем-дағы ұнатып һәм ұнатпай,
Мені ессіз сүйетұғын бір адам –
Сен ғанасың!

…Бәрін-бәрін кешірем,
Тағдырыма кегім содан қайтардай.
Мен де өтермін мына өмірдің көшінен,
Есіміңді ешбір жанға айта алмай…

Бақытгүл Бабаш  


Сыр

Таңдайымнан тәтті уды тамызған шақ,
Тағатымнан үзеді тамыз моншақ.
Сіз айтатын сабырсыз ертегі мен
Күз айтатын әдемі аңызды аңсап.

Сіз де жеріп бәрінен, мен де жеріп,
Сыбырына жүректің сенбеп едік.
Қарашыққа қамаған маржан сынды
Тамыз, тамыз барады дөңгеленіп.

Тамыз, тамыз барады күзге ұмтылып,
Қимас сырға көрсекші біз де ынтығып.
Сіздің жанар т ентектеу иірімі
Біздің жанар сағыныш жүзген тұнық.

Жуықтауға дәрмен жоқ, жырақтауға,
Ұмытуға дәрмен жоқ, ұнатпауға.
Ешкім уәде берген жоқ алдамауға,
Ешкім уәде берген жоқ жылатпауға.

Жолаушыдай кешіккен кемесінен,
Жағалауда сап жүрміз неге сүрең?
Бізсіз-дағы ессіз ғой мына дүние,
Болайықшы ақылды келесіде…
Жарай ма?!

Әлия Дәулетбаева


Толассыз күн

Толассыз күн
Кеш батса, таң ататын,
Таусылмағын, тағдыр бер жарататын.
Көзімді ашып жұмғанша өтіп кетпе,
Қуаныш бер салалап санататын.

Сағыныш бер,
Өткенді аңсата көр,
Өкінбесек болғаны, шаршата бер.
Мұң берсең де нәзіктеу етіп бергін,
Кейінгілер мұнымды пәлсафа дер.

Аларым мол
Өзіңнен күресінде,
Берерім бар, сондықтан түгесілме.
Күнпарақтар бос өткен күндер емес,
Толтырамын өзімнің үлесімді.

Жарық күннен
Қып-қызыл қуат көрдім,
Шыңға шықтым, шындықтан құлап көрдім.
Дөңгеленген дүние тоқтамасын,
Адамзаттың әр күнін сынақ дермін.

Әуелай Оспанова

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір