ҚАЗАҚТЫҢ ДАРА ҚЫЗЫ
10.03.2017
2103
0

Бүгінгі таңда музыкатанушы-ғалым, өнертану ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Сара Әділгерейқызы Күзембаеваның есімі көпшілікке кеңінен таныс. Қазақтың ғалым қызына осынша атақ пен ғылыми дәреженің оңай жолмен келмегеніне көзімізді жеткізу үшін ғалымның өмір жолына үңіліп көрелік.

Музыкатанушы ғалымның ұлт­тық музыкаға деген құштарлығы әке-шешесінен дарығанын байқауға болады. Әкесі Әділгерей домбырамен қоса бірнеше музыкалық аспаптарда қатар ойнаған өте талантты жан болғаны сонша, ол келмей ауыл­дың ешқандай тойы басталмайтын болған. Осындай кезекті тойдың бірінде Әділгерей қыз-жігіт айтысына түсіп, қарсылас қызына «Егер айтыста жеңетін болсам, сені қалыңмалсыз аламын», – дейді. Иә айтса айтқандай, айтыста жеңіске жеткен дулаттың жігіті шапыраш­тының қызын қалыңмалсыз алады. Міне, Сара Әділгерейқызының әке-шешесі осылайша өнер арқылы танысып, бір-бірінің өнеріне бас иіп табысқан жандар екен. Болашақ музыкатанушы қыздың бойына ұлттық музыкаға деген құштарлық осылайша әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен бойына құйылып жатқан болатын-ды…
Сара апамыздың естеліктері мен сұхбаттарын оқып отырғанда жыр алыбы Жамбылдың «Екейде елу бақсы, сексен ақын» деген өлең жолдары есімізге оралады. Ақын­ның айтып отырғаны шапырашты­ның екейі болса, Сара апамның наға­шылары – сол шапырашты жұрты. Айтысқа қатысып жүрген әк­есі мен анасының суырыпсал­ма­лық өнері оның балаларына да дарыған. Ұлы Отан соғысына барып, сол жақтан қара қағаз келген ағасының айтпағын лезде өлең жолдарына түсіріп айта қоятынын еске алғанда, апамның көзіне жас алатынын түсінуге болады. Абай атындағы Қазақ педаго­ги­калық инс­титуты филология факуль­тетінің үшінші курсынан майданға аттанып, ұшқыш болған ағасы Дне­пр­дегі шайқаста қаза тапса, екінші ағасы да Отанды жаудан қорғауда шейіт болып Дубосековада жерленген. Ұлы Отан соғысын­да Отанды жаудан қорғауда қайтыс болған жауынгерлердің есімдерін мәңгілік есте сақтау мақсатында Қаскелеңде қойылған ескерткіште Нұрсейіт Тезекбаевтың да есімі жа­зыл­ған. Арада қаншама жыл өтсе де, бауыр етінен айырылудың оңай еместігін, жаугершілік замандағы артына мінгескен баласын түсіріп тастап, бауырын ала кеткен жан туралы аңыз-әңгімелерден де жақсы білеміз.
Ескіше де, жаңаша да сауатты болған әкесі он алты жыл «Прямой пу­ть» колхозындағы мектептің ди­рек­­торы қызметін атқарып, қазақ­тың қаракөз балаларын білім нәрімен сусындатты. Алайда, ел ба­­сына күн туған сұрапыл соғыс жыл­дары Қаскелең аудандық атқа­ру комитетінің төрағасы қызметін ат­қарып жүрген Әди Шәріпов сұранып майданға аттанғанда, осы қызметке өзіне жақсы таныс Әділ­герейдің лайық азамат екенін айтып, ұсыныс жасап кеткен болатын-ды. Партия­ның тапсыруымен ел басқару жұ­мы­сына құлшына кіріс­кен әкесінің жанын сала қыз­мет етіп, суық суды кешіп жүріп қатты науқастанғаны, өзіне көңіл бөлме­гені де жас қыздың көз алдында…
Сонымен бірге, болашақ ғалым­ның қалыптасуына оның өскен ортасының да әсері мол болды. Сара апамыздың өскен ортасы – өлең-жырдың мекені болған Сүйінбай мен Жамбылдың елі. 1937 жылдың ерте көктемінде Алматы облысына қарасты Қаскелең ауданының Іргелі ауылында дүниеге келген қыздың өмір жолынан ел басына түскен сол бір ауыр күндерді көру қиын емес. Ол да өз замандастары секілді ба­ла­лық шағын соғыс ұрлаған буынның өкілі. Ұзаққа созылған Ұлы Отан соғысы Кеңестер Одағына қарайтын одақтас республикалар­дың барлы­ғын экономикалық жағынан тұра­латып тастағаны белгілі. Бұл кол­хоз­дың бар ауыр тіршілігі бұғанасы қатпаған бала-шаға мен қыз-келін­шек­терге қарап қалған шақ еді. Жаңа ғана есін жия бастаған бала­ның жанына соғыс салған жара күні бүгінге дейін көңілін қобалжы­тып, жанарына жас үйіреді…
Ел басына ауыр күн туған жыл­дар­дың өзінде ел өлең-жырдан қол үзген жоқ. Таңғы төрттер шамасында еңбекке жарамды жандардың барлығын егіс даласына қуатын бір қолы жоқ колхоз бригадирінің бей­несі кішкентай қыздың көз алдында сақталып қалды. Күнмен таласып егіс даласында жүретін қыз-келіншектердің мұңы да, зары да бір еді, олардың бірі жалғыз баласынан айырылса, екіншісінің сүйген жары майдан даласында қалды. Бір мақсат, бір мүддеге жүгінген ауыл тұрғындары бір үйлі жандай ынтымақты тіршілігінің арқасында сол бір ауыр қасіреттерді жеңе білді. Ұзақты күнде бір сәт да­мыл алмайтын жандардың күн бата бір жерде отырып, бір қазаннан шәй ішетіні де содан еді. Бірде көз жасына ерік беріп іштерін босатқан қыз-келіншектер, енді бірде ән салып шерлерін шығаратын. Қайғыны сейілту, қасіретті жеңілдету мақса­тын­да алқа-қотан жиналып батырлар жыры мен ғашықтық дастандарды оқитын. Атадан балаға жет­кен халықтың бай мұрасы ана­сы­ның тізесіне басын қойып, тың­дап жататын Сара сынды көкірек көзі ашық жас баланың құлағына құйыла берді, жаттала берді. Әуенге салып, мақаммен оқылған ба­тыр­лық жырлар, мұң-шер өлеңдер, ай­тыстар болашақ ғалымның ес білгелі естіп, жаттап өскен дүниелері еді. Осы жылдары майдандағы ағасы Нұрсейіттен келген хаттарда «Қобыланды батыр» тәрізді батыр­лық жырлардан үзінділер келетін. Колхозда жиналыс болғанда сол хаттарды көпшіліктің алдында дауыстап оқып, майданнан келген хаттардағы батырлық эпостың үзінділерімен халықты рухтандыратын болған. Кейінгі жылдары ұлттық музыканы зерттеу барысында сол бір бала күнде құлағына құйып өскен ауыз әдебиеті үлгіле­рін­дегі ұлттық және кәсіби музыканы «Сольфеджио» пәніне арнап жазған алғашқы оқулығында нақты мысалдармен дәлелдей түсті. Есту, есте сақтау, ырғақ, сезу қабілеттерін дамытатын пәннің нысандары ұлттық мұрамызда жатқандығымен ашыла түсті. Ауыз әдебиеті үлгіле­рінен музыкалық сарын жүйесін ізде­ген ғалым қазақ халқына тән музы­каның үлгілерін өз зерттеу­лерінде ұлттық опера театрының тарихымен әдемі ұштастыра білді.
Қос балапанынан қатар айы­рыл­ған асыл ана бауыр еті балала­рының қазасын көтере алмай көп өтпей өмірден өтсе, арсыз ажал араға уақыт салмай Әділгерейді де бақилық етіп тынды. Осылайша әке-шешеден ерте айырылған қыз­дың өмір жолы да ертегідегідей бір тегіс болған жоқ. Жастайынан же­тім қалған бала кейін Алматы қала­сындағы интернатта білім алды. Бұл сол жылдардағы Қазақс­танның астанасындағы №12 жалғыз қазақ орта мектебі болатын. Мектеп қабыр­ғасында жүргенде тілге деген икем­ділік пен құштарлығының арқа­сында ұстаздарының сүйікті шәкірті болды. Орыс тілі пәнінің мұғалімі Лузина апайы Гогольдің «Өлі жандар» поэмасын тұтастай жаттатса, сынып жетекшісі Антонина Павловна Побережная неміс тілі пәнінен сабақ берді. Ол 12 шу­мақтан тұратын Гетенің «Орман патшасын» жатқа айтатын шәкіртін өзіне ізбасар болар деп үміт артатын. Тілге деген икемділігін байқа­ған ұстаз шәкіртін Шет тілдер уни­верситетіне түсірмек ниетте болады. Алайда, адам тағдырын түгелімен өзгертіп жіберетін бір сәттер болады. Міне, біздің кейіпкеріміздің де осындай сәтке тап болуы – оқы­ту­шылардың мектеп оқушыларының музыкалық қабілетін (музыкальный слух) тексере келуі. Қызығу­шылықпен өзін тексере барған қыз­дың қабілетін өте жоғары бағалап, оны К.Байсейітова атын­дағы музыкалық мектепке оқуға шақырады. Сегізінші сыныпты бітірген соң, екі мектепте қатар оқу қанша қиын болғанмен, музыка мектебінің құдіретті күші күн өткен сайын оны өзіне баурай түсті. Музыка мектебінде белгілі профессорлар И.Коноплев пен П.Аравиннің қыздарымен бірге оқыған ол екі мектепті де жақсы көрсеткішпен тәмамдайды. Ұлттық музыканың құдіретті күші оны консерватори­я­ның тарихи-теориялық бөліміне тапсыртады. Осы мамандыққа оқу­ға түскен қазақтың үш қызына сол кездегі ректор Құдыс Қожамия­ров «Сендердің аттарың консерва­тория­ның тарихына алтын әріппен жазылатын болады» деп айтқан
ек­ен. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген қазақта аталы сөз бар, Құдыс ағасының дуалы аузынан шыққан сөз бүгінде шындыққа айналып, Сара Әділгерейқызының есімі қазақтың ғана тарихында емес, әлем тарихында қалып отыр. Оның есімі 2004 жылы «Әлдемнің көрнекті әйелдері» атағына ие болып, Америка Құрама Штатындағы Солтүстік Каролина штатының дүниежүзілік Өмірбаяндық институтының кіта­бы­на енуі осының айғағы болса керек.
Мектеп қабырғасында жүргенде алғырлығымен, тиянақтылығымен танылған оқушы жоғары оқу орнына барғанда Алла берген табиғи талантын таныта білді. Алматы мемлекеттік консерваториясының студенті бүкілодақтық шығарма­шы­лық сайыстың жеңімпазы атанып, Мәскеу облысы Клин қала­сын­дағы П.И.Чайковскийдің мұ­­ра­жайына жіберілгеніне не дерсің?! Осы мұражайда қызмет істеген жылдары әйгілі компози­тордың өмірі мен шығармашылығы жайлы мол мұраға тап болған қазақ қызының музыка ғылымына деген құштарлығы ашыла түсті.
1961-1965 жылдары Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында шәкірт тәр­бие­леген ол 1966 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым ака­де­мия­сының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына келіп, біржолата музыканы зерттеумен айналысты. Ол кезде ұлттық музыканы зерттеушілер ауадай қажет болғандықтан институт директоры Мүсілім Базарбайұлының Мәскеу қаласындағы П.­И.­Чайков­с­кий атындағы Мемлекеттік консерваториясына кәсіби деңгейін кө­теруге жібергенін пайдаланып, Ленин атындағы кітапханада сарыла отырып, құнды материалдармен бірге Л.Мазель, В.Цуккерман, Ю.Халопов, В.Бобровский тәрізді одаққа белгілі музыкатану­шы­лар­дың дәрістерінен мол тәжірибе жинақтап қайтты. Міне, содан бергі уақыттың ішінде музыкатанушы-ғалым көптеген жетістікке жетті. Бұл тұрғыда ғалымның дәстүрлі музыка, ұлттық опера өнері, ұлттық өнер иелерінің шығармашылығы туралы зерттеулерін атауға болады. Қазақ музыкалық фольклорындағы бақсылық өнер, көне музыкалық фольклордағы сарын жүйесі, ертегі, жұмбақ өлең, бата сөз, тарихи ән туралы тыңғылықты зерттеулері кәсіби мамандар тарапынан жоғары бағаланды.
А.Жұбанов, Л.Хамиди, Б.Ерзакович, Ғ.Жұбанова, С.Мұхаме­д­жа­нов, Қ.Қожамияров, Е.Рахмадиев, И.Дубовский, П.Аравин, Н.Тифтикиди тәрізді белгілі музыкатанушылармен тығыз шығармашылықта болған ғалым еңбегін кәсіби маман­дар жоғары бағалады. Музыка­тану­шылардың пікіріне сүйенетін бол­сақ, Сара Әділгерейқызы ұлттық музыка өнерін күллі әлемге кәсіби маман ретінде танытып жүрген ғалым екендігін ұғынуға болады. Алайда, «Оқу инемен құдық қаз­ғандай» екендігін ескеретін болсақ, мұның бәрі оның саналы ғұмырын арнаған ғылым жолындағы жетістігі екені дау туғызбайды. Ұлттық му­зыканың әрбір нотасы үшін кү­ре­сіп жүрген қазақтың дара қы­зының ғылым саласындағы қыруар жетіс­тігі – адал еңбегімен ер атанған­ды­ғының мысалы.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жекелеген әдебиет және өнер қайраткерлерінің мерейтойларын, айтулы даталарды, Ұлы жеңіс күнін еске алып, әр жылдары республикалық, халықаралық деңгейдегі ғылыми-теориялық, ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізеді. Осындай ғылыми жиындардың бәріне дерлік белсене қатысып, ұлттық музыкатану ғы­лы­мын өзінің жаңа тұжырым-түйін­дерімен толықтырып жүрген ғалымның соңғы жылдардағы «Жыр алыбы Жамбыл және музы­ка­лық өнер», «Эпические традиции в фольклоре тюркоязычных народов», «Ұлттық музыка контекстіндегі М.Төлебаевтың шығармашылығы», «Реализация миролюбивой политики президента, лидера нации Н.А.Назарбаева в деятельности Ас­самблеи народов Казахстана», «Наш Пушкин» тәрізді баяндамалары, мақалалары мен ғылыми зерттеу­ле­рін ерекше ілтипатпен атауға болады. Ол – ұлттық музыка ғана емес, Қазақстан халықтарының музыкасын зерттеп жүрген кәсіби маман ретінде Н.А.Назарбаев басқарған Қазақстан халықтары ассам­блея­сының саяси платформасы, алдына қойған бағдарламала­рына назар аударуда өзге этностардың музыкасын сақтау мен оны дамытуға көңіл бөліп, қоғамдық мәселелерге еркін араласып, өзіндік ой-пікірін айтып жүретін белсенді ғалым.
Мерейтой иесінің көпсалалы қырының бірі – педагогика сала­сындағы үздіксіз еңбегі. Ұзақ жылдар Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясында, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында дәріс оқыған ұстаздың шәкірттерінің алды бүгінгі таңда елге танымал Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген өнер қайраткерлері. Қазіргі таңда орта және жоғары музыкалық мектептердің барлығы дерлік Сара Әділгерейқызымен тығыз шығар­ма­шылық байланыста жұмыс іс­тейді. Ғылыммен айналысып жүр­ген магистранттар мен докторант­тар шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстазы­ның ақыл-кеңесіне жиі жүгінеді. Жыл сайын жоғары оқу орындары­ның Мемлекеттік Аттестациялық ко­мис­сиясының төрағасы, диссер­та­циялық кеңестің төрайымы және мүшесі ретінде жалықпай, шаршамай қызмет етіп, өнертанушыларды дайындауға өз үлесін қосып ке­леді.
Қызмет барысы Еңбек заңының негізінде жүзеге асатыны мәлім. Ал сол еңбек заңын кім қалай бас­шы­лыққа алады – ол әркімнің жеке болмыс-бітіміне байланысты. Ғы­лы­ми зерттеу институты болған соң, бізде шығармашылық еркіндік мол. Бірақ таң атпай, сағат тоғыздың соғуын күтпей күнделікті жұмысқа келетін жандар болады. Солардың бірі – Сара апай. Еңбек заңын қадір тұтқан апамыздың мұнысын шын мәнісінде өзіне ғана емес, өзінің сүйікті ұжымына көрсеткен құрметі деп ұққанымыз жөн.
Музыкатану ғылымына екі ғы­лым докторын, оншақты ғылым кандидатын дайындаған ғалымның басшылығымен «Қазақ музыкасын­дағы «Мәңгілік Ел» идеясы» деген ұжы­мдық монография баспаға дайындалып жатыр. Сара Әділ­ге­рей­қызы – Индия, Дубай, Ресей, Украина, Түркия тәрізді алыс-жа­қын шетелдерде шығып жатқан мақа­лаларында ұлттық музыканы насихаттап жүрген бірден-бір ға­лым. Ғылымдағы сіңлісі ретінде апамыз­дың шыққан тауы биік болып, алдағы уақытта шығарма­шы­лық шабыт, толағай табыс тілейміз. Қазақ қыздарына аяулы жар, сүйікті келін, ардақты ана, білікті маман, өнегелі ұстаз болған Сара апала­рының дара жолынан үлгі-өнеге алуларына тілектеспіз.
Гүлжаһан ЖҰМАБЕРДІҚЫЗЫ,
филология ғылымының докторы, профессор.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір