Абай Базарбаев
10.03.2017
1903
0

Базарбаев Абай Қашағанұлы – экономика ғылымының кандидаты, Қазақ­стан Жур­налистер одағының мүшесі, Алматы об­лы­сының және Ұйғыр ауданының Құр­метті аза­маты. Отан соғысының отты 1944 жылы Ал­маты облысы Ұйғыр ауданына қарасты Шо­шанай ауылында қаңтардың сақылдаған сары аязында қарапайым колхозшы, өнегелі от­басында дүниеге келген.
1950 жылы алғаш мектеп табалдырығын ат­тап, Шошанай бастауыш мектебін, одан кейін Сүмбе ауылындағы Ленин атындағы орта мектепті 1960 жылы бітіріп шығады.
1960-1963 жылдары Сүмбе ауылында жүргізуші болып істейді.
1963 жылы Қазақтың Ауыл шаруашылығы институтының Механика фа­культетіне оқуға түсті.
1968 жылы осы оқу орнын Инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Жас маман өзінің еңбек жолын Ұйғыр ауданы ХХІІІ партсъезд атын­дағы колхозда бас инженер болып бастап, төрт жыл өткенде аудандық «Каз­сельхозтехника» бірлестігінің бастығы қызметіне бекітіліп, онда ал­ты жыл жұмыс істеді.
1978 жылдың басында Алматы облыстық Ауылшаруашылық бас­қар­ма­сы басшысының орынбасары қызметіне бекітіледі де, алты жылдан ас­там уақыт облыстың механизация саласын басқарды.
1984-1989 жылдар аралығында облыстық партия комитетінде бөлім мең­герушісінің орынбасары, аудандық партия комитетінде екінші хатшы, облыстық халық бақылау комитетінде төрағасының орынбасары;
1989-2001 жылдары «Облсельхозтехника» бірлестігінің төрағасы;
2001 жылдың басынан облыстық Ауыл шаруашылығы департаментінде ди­ректордың орынбасары болды.
Базарбаев Абай Қашағанұлы көпжылдық еңбектері жоғары баға­ла­нып, көптеген мемлекеттік марапаттарға ие болған.


Еңбекті сүйген ер еді…

Абай Қашағанұлы Алматы облысы, Қарадала өңіріндегі Шошанай ауы­лында дүниеге келді. Баста­уыш сы­ныпты осы ауылда аяқтап, әрі қа­рай оқуын Сүмбе ауылында жалға­ды. Шошанай мен Сүмбенің арасы 10-15 шақырым жер, екі ауылдың ара­сында қатынап жүріп онжылдық мектепті бітірді.
Жоғары оқу орнынан инженер-механик мамандығын алып шық­қан соң, осы аудандағы Сұңқар ауы­­лы­на бас инженер-механик қыз­­метін ат­қарды, сосын «Каз­сель­хоз­техника» бір­лестігінің бастығы қызметіне бекі­тіліп, онда алты жыл жұмыс істеді.
Өзінің еңбек жолында Абай Қа­шағанұлы ауданның экономикасын көтеруге үлкен үлес қосты. Одан кейін Алматы облысының Балқаш аудандық компартиясының екінші хатшысы болды. Алматы облыстық ауылшаруашылық саласында басшы қызметте жүріп зейнетке шық­ты.
Ақырын жүріп, анық басып тал­май еңбек етті. Өз ісіне асқан жауап­кер­шілікпен қарап, тәуелсіздікке дейін­гі жылдары да, тәуелсіздікке қол жеткен жылдары да елдің ауыл­шаруашылық саласының дамуына көп еңбек сіңірді.
Өскен-өнген мәуелі бәйтеректей ұр­пағына сая бола білді. Бар ғұмы­рын ауылшаруашылығына арнады, қо­лына қалам алып өлең де жазды. Өлеңдері өзінің мінезіндей жұмсақ, жүрекке жылы тиетін. Ағайын арасына сыйлы, дос жаранның арасында беделді болды. Өмірінің соңғы жыл­дарында Райымбек бабамыздың кесенесінің абаттануына үлес қосып жүрді.
Өмірін өнегелі іске арнаған арда азамат қас пен көздің арасында ке­нет­тен жүріп кетті. Амал бар ма, әлі де арамызда жүрсе кейінгі ұрпаққа үлгі болар еді. Жақсы азаматтан айы­рылып қалдық. Жаны жәннатта, топырағы торқа болсын! Ел жұрт, Қарадаладағы көзкөрген қауым аза тұтып отыр. Оларға қайғырып, көңіл айтамын.

Тұрарбек ТӨЛЕНДИЕВ.


Жақсы аға

Осыдан біраз бұрын ғана телефон арқылы 20 минуттай тілдескен едік. Рухы мықты ағам еді. Жанына батқан дертті елеместен еркін көсіліп еді-ау…
Ауыл жайлы сұрады. Өзім жайлы, отбасым жайлы сұрады. Нағашы-жиен боп жеңіл әзілдердің де басын шалғандай едік. Жастық шағында қасиетті Қарадала өңірінде өткен біраз естеліктерімен де бөлісіп еді-ау. Өзі басшылық қызметте болған ауыл өміріне қатысты өлеңін де оқып, туған топырағы Шошанайға жете алмай жүргенін де айтып қалып еді.
Қарлығыңқы даусыңызда жылылық бар еді, Абай аға. «Айналайын» деген сөзіңізге жылынып, аяғымызды алшаң басатын едік. Сіз екеумізге ортақ «етегі кең» (өзіңіздің сөзіңіз) Сүмбе ауылының әнұранына айналған Тұрарбек аға екеуіңіздің әніңізді көлігіңізге отырғызып алып, Алматыны шыр айнала жүріп тыңдатушы едіңіз. Қосыла шырқайтын едік.
«Сыр іздеп жүрем Сүмбеден,
Жыр іздеп жүрем Сүмбеден», –
дейтін едіңіз.
«Күн жылынсын, тастаяққа апарамын» деп едім соңғы рет телефонда тілдескенде. Күн енді ғана жылынып еді ғой, Абай аға. Көктем енді ғана келіп еді ғой…
Жаныңыз жәннатта, иманыңыз саламат болсын! Бізбен бірге жасай бересіз, бақұл болыңыз, жақсы аға.
Жарас СӘРСЕК.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір