Қате оқулық кімге керек? ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің назарына!
03.03.2017
2992
1

Соңғы жылдары бүкіл газет-журнал беттерінде де, бүкіл ақпарат құралдарында да қазіргі таңда қазақ мектептерінде оқытылып жатқан оқулықтардың сапасының өте төмендіктері туралы жиі әңгіме қозғалады. Әрі оқулықтарды салыстыра зерделеп отырған ата-аналар мен тиісті мамандар сол оқулықтарды күстаналаудан гөрі сол кітаптың сапалы шығуына өздері еш ақысыз көмектескілері келетін ықылас танытатындары жүрегіңді жібітеді.
Құрметті оқырман! Газет редакциясына күнбе-күн келіп жатқан сондай хаттардың бір парасын назарларыңызға әрі тиісті министрлік назарына ұсынып отырмыз. Ал сіздер не айтасыздар?..

Оқулықтың жалпы білім берудегі басты оқу құралы екені бәрімізге белгілі. Яғни кітап ішіне енген әрбір мәлімет сол экономика бойынша өз қызметін атқаруы тиіс. Оқулық дайындаушыларға білім беру әдістеріне, дидактика ережелеріне байланыс­ты көптеген талаптар қойылып, кітапқа енген әр сөз, әр сөйлем нақты мағынасын ай­қындап, тиісті талапқа, жауапқа жауап бере алмаса, оқулық өз мақсатын орындай алмайды. Оқулықта кеткен қателіктер, жаңсақ ұғымдар шәкіртке теріс түсінік бе­реді, оны шатастырады. Қазақ мектеп­теріндегі кейбір оқулықтардың сапасы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та жүр. Соның бірі – жалпы білім беретін мектептің 9 сыныбына арналған «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» оқулығы. Авторлары: Е.Ахметов, Н.Кәрменова,
Ш.Кәрібаева, Б.Асаубаев. Кітапты «Мектеп» баспасы 2013 жылы шығарған.
Өзім металлург-инженер болған соң не­ме­рем­нің тиесілі тақырыпты оқып жат­қа­нын­­да жіберілген қателіктерін естіп, оған амал­­сыздан назар аудардым.Кітапты қолыма алып оқи отырып алғашқыда таңдандым, со­дан соң тағы оқыдым, оқыған сайын қи­нал­­дым. Мен қазір де, кезінде де бала­ларым­ның оқығандарын тексеріп жүретін адаммын. Есіме өз кезімде оқыған оқулықтар түс­ті, оларды балаларым оқып жүрген қа­зіргі оқулықтармен салыстыра қарауыма тура келді. Мәселен, мен оқыған замандарда білім беру деңгейі қазіргіден төмен болды, еліміздің көп жағдайларда артта қалу себеп­те­рінің бірі осы деп ойлап жүретін едім. Мы­на оқулық ол ойымды бүтіндей жоққа шы­ғарды.Бұрынғы оқулықтар қазіргі оқу­лықтардан көш ілгері әрі сапалы дайын­далғанын танытты. «Егер баланың білім үйретер негізгі көзі осындай болса, онда бізді Құдай құртып, әбден шатастырған екен» деген ойға келдім. Сө­зіміз дәлелді болу үшін төмендегі тақы­рып­тарды қарап көрелік:
Тақырып – Металлургия кешені. Қара ме­таллургия.
95-беттегі бірінші мәтінде: «Ауыр өнер­кәсіптің басты саласының бірі – металлургия. Ол екі саланы – қара және түсті метал­лур­гияны қамтиды. Металлургия зауыт­­тарында кен өндіру және металл қо­рыту жұмыстары іске асырылады» делінеді. Дұрысы: Ауыр өнеркәсіптің басты саласы­ның бірі – металлургия. Ол екі бөліктен– қара жә­не түсті металлургияны өндірістерінен тұра­ды. Металлургия комбинаттарында кен өн­діру, оны байыту және металл қорыту жұ­м­ыстары іске асырылады.
Себебі: Алғашқы сөйлемде металлургия­ны өндірістің бір саласы деп, келесі сөйлемде оны екі сала деп жазу шәкірттің шатасуына әкеп соқтырады. Зауытта кен өндірілмейді, он­да шикізат өңделеді, мысалы, қара метал­лур­гия жағдайында балқытылады, қоры­ты­лады. Кен өндіру кеніштерде (рудниктерде) іске асады, кен байыту фабрикаларда жасалынады. Кеніш, фабрика, зауыттар бірігіп ком­бинатты құрайды.
Сол беттердегі екінші мәтінде: «Қара ме­тал­лургия – Екінші дүниежүзілік соғыс ке­зін­де қалыптасқан өнеркәсіптің жас саласы».
Бұл жерде соғыс кезінде қалыптасқан 70 жыл­дан астам тарихы бар саланы жас сала деу қисынға келмейді.
Үшінші мәтін: «Қара металлургия өнімі – темір мен көміртектің қорытпасы».
Дұрысы: Қара металлургия өнімдері – те­мір, марганец, хром металдары мен қорыт­па­лары және солардан жасалынған прокат.Ав­торлар қара металдарға темірден басқа мар­ганец, хром жататынын ұмытып кеткен се­кіл­ді, сондықтан бұл анықтама оқушылар ұғымын шатастыруы мүмкін.
Төртінші мәтінде: «…толық циклді ме­тал­лургия зауыттары, яғни шойын, болат жә­не прокат шығаратын (кейде олардың құра­мына темір кіреді)»; Міне, бұл өте қате тұ­жырым. Шойын, болат және прокат темір­сіз болмайды, осының алдында авторлар негізгі өнім – темір мен көміртек қорытпасы деген жоқ па еді?Бұл да қате түсіндіру.
Бесінші мәтінде: «…ферроқорытпа өн­дірісі – темірді хроммен, марганецпен, крем­ний­мен және басқа элементтермен байыту», – дейді. Байыту емес, ферроқорытпаларды алу деп жазылуы тиіс.
96-беттің бірінші мәтіндегі: Сурет атауы. «Қа­ра және түсті металлургия картасы» де­лі­ніпті. Жоқ. Дұрысы: Қара және түсті метал­лургия кәсіпорындарының орналасу картасы. Картада да қателіктер өте көп.
1. Ақтөбеде қайта қорыту кәсіпорны дұрыс көрсетілмеген, бұндай кәсіпорын жоқ, ке­рісінше қалада орналасқан Ақтөбе фер­ро­қорыту зауыты да дұрыс көрсетілмеген.
2. Ақтөбеге никель кенін тасымалдау ба­ғыты қате көрсетілген, бұндай тасымал жоқ. Әрі Ақтөбеде никель кені өңделмейді. Бірақ өмірде бар Ақтөбе ферроқорытпа зауы­тына хромит рудасын тасу бағыты да дұрыс көрсетілмеген.
3. Бүгінде өмірде жоқ,баяғыда жабылған Қар­сақпай, Шымкент зауыттары және Ащысай, Байжансай, Текелі кеніштері көрсе­тіл­ген. Сонымен қатар, осы кеніштерден зауыт­тар­ға апарылатын шикізат тасымалдау ба­­­ғыттары да қате көрсетілген. Жезкенттен, т.б. кеніштерден Балқаш зауытына шикізат та­сымалдау бағыттары көрсетілмеген.
4.Тараз, Ақсу қалаларында көрсетілген қай­та қорыту кәсіпорындарының белгілері де қате, бұл жерде ферроқорытпа белгілері болу керек. Авторлар осының алдындағы мә­тінде қара металлургия кәсіпорындарын бө­ліп, қайта қорыту кәсіпорындарына фер­роқорытпа зауыттары жатпайды деп көр­сеткен.
97-беттегі бірінші мәтінде: «Сонымен қа­тар, бұл кен орындары Оралдың металлургия комбинаттарын шикізатпен қамтамасыз ету­де» дейді.
Дұрысы – «бұл кеніштер Ресейдің металлургия зауыттарын да шикізатпен қамта­масыз етуде» делінуі тиіс.
Себебі: Қазақстан оқулығында Орал қаласы бар, ол жерде аталған шикізатты қа­был­дайтын металлургия зауыттары жоқ.
Сол беттегі екінші мәтінде: «Сонымен қа­тар, Торғай иінінде табылған темір қоры­ның мол екендігі анықталып отыр. (Қара және түсті металлургия картасын қараңдар дейді)».
Картада аталған кен орны көрсе­тіл­ме­ген.
Үшінші мәтінде: «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі»(ENRC) АҚ құра­мындағы темірі 90 %, қуаты 2,8 млн. т. металданған өнім өндіруді жоспарлап отыр» деп жазылған. Дұрысы: құрамында темірі 62%.
4. Сурет атауы – «Қарағанды металлургия комбинаты».
Дұрысы: Қарағанды металлургия ком­би­натының металл құю цехы, себебі комбинат бірнеше өндіріс орындарынан тұрады, суретте цехтың бір бөлігі көрсетілген. Жоғарыда түсіндіргеніміздей, комбинат руд­ник, фабрика, зауыттардан тұрады.
99-беттегі біріншімәтін: «Қазхром» АҚ 2010 жылы 4,615 млн. хром кенін, 3,448 млн. т. х­ромит кенін…» дегендері қате ұғым, себебі хром кені хромиттен тұрады, көп жағдайда бұл бірдей ұғымды білдіреді.
Екінші мәтіндегі: «Қазхром АҚ» Ақтөбе фер­роқорытпа зауытының салынып жатқан це­хындағы жоғарғы сутекті феррохром, сон­дай-ақ электр жабдықтары мен авто­мат­тандырудың жаңа жүйесін шығаратын ин­новациялық технологияны пайдаланатын болады» делінген. Онда жоғарғы сутекті феррохром, электр жабдықтары мен ав­то­мат­тандырудың жаңа жүйесін шығаратын цех салынған жоқ. Жоғарғы сутекті феррохром деген өнім өмірде жоқ нәрсе, бұл орысшадан алынып, шала аударылымға ұқсайды. За­уытта құрамында көміртек көп феррохром өн­діріледі, авторлар осы өнімді жазып отыр­ған болуы керек.
Үшінші мәтіндегі: «Бұлар легирлеуші эле­мент болып, болаттың қышқылдаушысы ре­тінде қолданыланады» делінген. Дұрысы: то­тықтырғышы ретінде қолданылады, қышқылдаушысы емес, шамасы «окислитель» деген орыс сөзін авторлардың аударған түрі болса керек.
Тақырып – Түсті металлургия.
101-беттегі бірінші мәтінде: «Қазан революциясы Алтайдың алуан түрлі кенін ашуда жаңа заманның бастамасы болды. Республикада түсті металлургияның алғашқы ірі кә­сі­порындары – Риддер полиметалл комбинаты мен Қарсақпай мыс қорыту зауыты ашыл­ды». Біріншіден, кен көзін ашу Қа­зақ­станда ертеден басталған, екіншіден, авторлар орталықтағы Қарсақпайды шығыстағы Ал­тайға апарып тастағандай оқырмандарды ша­тастырады.
Екінші мәтіндегі: «Технологиялық үрдіс са­тылары бойынша түсті металлургия кен өн­діру және шикізатты байыту деп бөлінеді» деп жазылған.
Дұрысы: Бұған металл алу сатысын қосу ке­рек, нақты болу үшін «Технологиялық үр­діс сатылары бойынша түсті металлургия өн­дірісі кен өндіру, шикізатты байыту және металл алу кәсіпорындарынан тұрады»,- деп анық жазылуы керек.
15-кестедегі топтау түсініксіз. Ғы­лыми-техникалық немесе өндірістік анық­тамаларға сай емес, оның үстіне металдар тобында металдар және басқалары деп бөлу қисынсыз.
103-беттің алғашқы мәтінін­де: «Қа­зақ­мыс» корпорациясының шығаратын өнім­дері: мыс, қорғасын концентраты, қара мыс, та­зар­тылған мыс, қорғасын тозаңы, электродты мыс қалдығы, күкірт қышқылы және ха­лық тұтынатын тауарлар». Бұл жерде мыс, та­зартылған мыс дегені бір өнім, электродты мыс қалдығы деген өнім атымен жоқ. Таза ка­тод мысын алу кезінде электролиз үрдісін­де алтын, күміс және басқа бағалы заттар қос­пасы ертіндіден шөккен қойыртпа (шлам) түрінде алынады, шамасы авторлар со­ны айтқан болар. Алтын, күміс кор­по­рация­да өндіріледі, ол туралы жазылмаған.
Екінші мәтіндегі: «Жезқазған кен орнын­да рений, осмий-187 изотопы, галий сияқты сирек кездесетін металдар бар. Қазіргі кезде оларды мыспен қатар өндіру мәселесі алға қойылып отыр. Таяуда Шығыс Қазақстанда жаңа мыс зауыты салынды» делінген.
«Қазіргі кезде оларды мыспен қатар өн­діру мәселесі алға қойылып отыр» деген тұ­жы­рым қате, рений алынғанына 40 жыл, ос­мий алынғанына 20 жыл болды, галий қоры кен ретінде ресми бекітілмеген. Рений тұзы (рений перенаты) Жезқазған мыс зауытының сирек металдар цехында өн­діріл­ген, кейін комбинат жекешелден­діріл­генде цех жеке мемлекеттік кәсіпорын болып шық­ты. Осмий сол цехта алғаш алынған, кейін басқа кәсіпорында алынды. Осмийге алушы табылмай, шығару тоқтатылды. Ал соңғы сөйлемдегі аталған мыс зауытының «Қазақ­мыс» корпорациясына қатысы жоқ, ол «Қазақмырыш» корпорациясына қарайды, «Қазақмыс» туралы абзацта қосақтап көр­сету оқушыны шатастырады.
104-беттегі сурет атауы – «Жезқазған мыс ком­бинаты» деген қате. Комбинат болса ке­ніш, фабрика, зауыт көрсетілуі керек.
Дұрысы: Жезқазған мыс зауытының элек­тролиз цехы.
Екінші мәтіндегі: «Бұл кендердің құра­мында көптеген элементтер болатындықтан, полиметалл кендері деп те аталады» деп қате жазылған. Полиметалл кендері деп көптеген металдар болғандықтан аталған. Кез келген кендердің құрамында элементтер көп болады, бірақ олар полиметал кендері емес.
105-беттегі бірінші мәтінде: «Шымкент қор­ғасын зауытында қазіргі кезде өнімнің 15 түрі өндіріліп, шикізаттан 9 элемент алы­на­ды» деген тұжырым да қате. Зауыт жұ­мы­сын тоқтатқан.
Міне, біз кітаптың 15 бетін оқығанымызда көр­геніміз осы болды. Мен кітаптың тілі, құры­лымы, оқу материалын жеткізу әдісі тура­лы сөз қозғағаным жоқ. Көзге ұрынған қа­телерді ғана көрсетіп отырмын. Кітаптың бас­қа тақырыптарында да осындай қате­лер баршылық.
Құрметті Білім саласының басшылары, осындай оқулық бола ма?Оқулық жазу туралы тиісті талаптар бар емес пе? Сол талаптар неге орындалмаған? Оны Министрлікте кім қа­дағалауы керек? Осы оқулықты оқыған ба­ла қандай білім алады? Бұл оқулықты жаз­ған адамдардың жауапкершілігі бар ма? Кім­дер кітапты мектепке пайдалануға жі­берді, олардың жауапкершілігі қандай? Ми­нистрлік бұл жұмысты қалай қадағалауы керек еді, оған кім жауап береді? Бәрінен де ауыры – осы қателерді көрген сабақ беретін мың­даған география пәнінің оқытушылары неге үн-түнсіз отыр, әлде ол мұғалімге бұл дәріс­тің қажеті жоқ па? Қаптаған қателерді аңғаратын бір маманы жоқ Министрлікке балаларымыздың болашағын қалай тап­сырамыз?Мұндай шаласауат, дүбәра оқу­лықтар кімге керек? Бұл – «қазаққа бәрі жарай береді» деген қорлау ғой.
Оқулықта көрсетілген жоғарыдағы мә­тіндермен хатты бітіруге болатын еді, бірақ бұ­ған балаларға берілетін негізгі оқу құралы ретінде мамандарға өз ойымдағы тақырып­тар­дың қисынсыз жерлерін тағы да көрсеткім келді.
1. Тақырыптардағы мәтіндер жүйелі емес, әр бөлігінде негізгі ойдан ауытқушылық жиі кез­деседі. Мысалы, Соколов-Сарыбай кен ор­нын кім ашқаны бізге пән үшін маңызсыз секілді. Елде бұл кен орнынан басқа қымбат, ел экономикасы үшін мәні зор кен орындары бар, оларды ашушылар туралы ештеңе айтылмай тұрғанда неге бұл мәліметті береміз. Бұл мәліметтің жазбаға түсуіне кезінде жер бетінде жатқан кен көзінің ұшақтағы ком­пасқа әсер етуі түрткі болған, соны қызық ретінде баспасөз жарыса жазған екен, соны қайталаудың керегі жоқ шығар. Комбинат көрінісі ретінде берілген екі сурет те орынсыз тұр.
2. Тақырыптарға қатыссыз, кітаптың кө­лемін толтыру үшін берілгендей мәтіндер кез­деседі. Меніңше, жабылған Шымкент қор­ғасын зауытының өткендегі жетістіктері, кей­бір болашақтағы жоспарланды деген бас­қа кәсіпорындарға қатысты мәліметтер (бо­лама, болмай ма) немесе қайсы компанияның кәсіпорынды басқаруға алғаны оқушыларға қажетсіз деректер.
Сөз соңында, министрлік тарапына айт­па­ғым: қажет болса мен сіздерге осы екі та­қы­рыпты ақысыз-ақ дұрыстап жазып бе­рейін, тіпті, керек болып жатса, басқа да өн­діріспен байланысты тарауларды қарап бе­рейін деген ұсыныс еді.

Мыңжасар Айсауытов,
техника ғылымының кандидаты,
металлург.

ПІКІРЛЕР1
Руза 03.03.2017 | 14:25

Сағадиев тарабынан қазақ әдебиеті, тілі, ұлтына балта шауып отырғандығына дабыл қағу керекқой, құрметті аттас басылым?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір