КҮНДЕРГЕ КЕТТІ МҰҢ ҰЛАСЫП…
03.03.2017
2135
0

ТАНЫМ
Зау биікте тұрған Айды,
Қалтыратар Қыс түнде.
Алтын табақ сырғанайды,
Айна мұздың үстінде.

Үйір көктің ұлығаны,
Жетеді алыс маңдардан.
Ақын көңіл құнығады,
Арлан мұңын аңғарған.

Арлан Айға мұң шағады,
Үн қатқандай Тәңірге.
Жан қысылып тұрса-дағы,
Тағы көнбес әмірге.

Доғал дауыс қынжылғанда,
Қыңсылайды төбеттер.
Ауыл иті мың жылда да
Арлан болмас себептен.

Сол қызғаныш құрғамайды,
Ит тағдырдың бір кемі:
Мұз үстінде тұрған Айды
Итаяқ деп жүргені.

КЕШЕГІ БЕЙКҮНӘ БҮЛДІРШІН
Бүгін бе, ертең бе, кім білсін,
Ілесер жылаған күлгенге.
Кешегі бейкүнә бүлдіршін,
Бозбала болыпты бір демде.

Бүгін бе, ертең бе, кім білсін,
Сөзіне сендірер халықты.
Кешегі бейкүнә бүлдіршін,
Кәдімгі кісі боп қалыпты.

Бүгін бе, ертең бе, кім білсін,
Тағдыр бар жүйкені талдырған.
Кешегі бейкүнә бүлдіршін,
Шал болып шығады алдыңнан.

Бүгін бе, ертең бе, кім білсін,
Сағат тұр уақытты санап құр.
Кешегі бейкүнә бүлдіршін,
Бейіттен Ай болып қарап тұр.

ШЫРҒАЛАҢ
Туылғанша жоқ еді анам,
Мен де жоқ ем бұл ғаламда.
Барың жақсы деп еді анам,
Жүрмін енді шырғалаңда.
Адам қайта жоғалмаса,
Атам қайда құтын берген?
Арғы бетке оралмаса,
Анам қайда сүтін берген?

Өмір, сені жырламас ем,
Бұл жарыққа келмегенде.
Өлім, сені тыңдамас ем,
Қайран анам өлмегенде.

Туылғанша жоқ еді анам,
Мен де жоқ ем бұл ғаламда.
Барың жақсы деп еді анам,
Жүрмін енді шырғалаңда.

ЖӘМШІК
Жылдар жылға жалғасып тұр,
Үміттерден шам жанып.
Жалғыз атты арба шықты,
Алыс жолға қамданып.

Жолаушының мол арманы,
Жол азабы елге сын.
Ұлы Дала сол арбаны,
Адастыра көрмесін.
Болған талай заман ақыр,
Бұл жұрт нені көрмеді?
Жалғыз жәмшік бара жатыр,
Мығым ұстап делбені.

Айдаушы етіп таңдап алып,
Алтынқұмар немені.
Арбадағы арда халық,
Үнсіз қалғып келеді.

Ұлы Дала теңселеді,
Сабылғандай сана көп.
Делбешіге ел сенеді,
Өзіміздің бала деп.

Жәмшік ойын сезер кімдер,
Алтын, жақұт арманы.
Божы қолда, өз еркінде,
Қайда бұрса арбаны.

Өз пиғылы ұнайды ерен,
Дүние қапқан сананы.
Өрге тартқан сыңайменен,
Көрге тартып барады.

ҚҰЛҚЫН
Төрем-ау, неменеге шіренесің?
Түбінде тұйыққа бір тірелесің.
Тамағы тесік пенде емессің бе,
Болғанмен санаң бүтін, түгел есің.

Болғанмен санаң бүтін, түгел есің,
Құлқынның құлы екенін біле ме ішің?
Нәпсіңді қызыл өңеш қиғаш тартса,
Арды да айырбастап жібересің.

Бұл оймен келіс мейлі, келіспегін,
Тепсінсең ақиқатты теріс дедің.
Күнәні кеңірдектен кешіп тұрып,
Кейпіне кіргің келер періштенің.

Қызыл күн қырдан қашқан түлкі ме еді,
Санамды сансыз сауал сілкіледі.
Тамағың тесік болып жаралмасаң,
Періште болуың да мүмкін еді.

АҚЫН ҚАРЫНДАСЫМА
Жырлаған жамалын жұлдыздың,
Дедің сен, жанымды кім ұғар?
Бөлмеге қамалған бұл қыздың,
Жаһанға айтатын сыры бар.
Түңілме, өзіңнен безінбе,
Түсінем жаныңды мен сенің.
Тірліктен қажыған кезіңде,
Адамдар шаршатты деуші едің.

Ақ қанат періште арманы,
Аспани жұпардың үлесі.
Жердегі өмірдің бар мәні –
Ақын мен адамның күресі.

Ағаңа мұңыңды шақтың-ау,
Аңсарын іздеген ақын қыз.
Көкжиек кемері ақ қырау,
Жүрейік шуаққа жақын біз.

Көңілдің қалауын ескермей,
Күндерге кетті мұң ұласып.
Ғаламның жұмбағын шешкендей,
Оқышы жырыңды сыр ашып.

Толқытар тереңде сезімді,
Жырларың түзілген лағылдай.
Өмірді, өлеңді, өзіңді,
Мүмкін бе күн кешу сағынбай.

БАСҚАДАЙ БОЛА АЛМАН

Байқадамға

Ғайып боп жастықтың дастаны,
Уақытқа ұрлаттым есемді.
Сен менен іздеме басқаны,
Басқадай болмағым бос енді.

Бәс берсең басқадай бола алман,
Болмысқа байландым мүлде мен.
Болса да көктемім оралған,
Бәрібір басқаша гүлдемен.

Қоладан құйылған мүсіннің,
Қырымын дәл осы қалпымда.
Жан досым, сен мені түсінгін
Айнала алмасам алтынға.

Өмірдің ығымен жүрмекке,
Өзеуреп өзгерген пенде емен.
Ілеспей даңғаза дүрмекке,
Ақ адал достыққа шөлдегем.

Жалған күн жүйкемді кемірген,
Санаммен сергелдең күй кешіп.
Мақсатым: өтсем тек өмірден,
Өзіммен өлеңім үйлесіп.

Темірғали КӨПБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір