Қазақ романдарындағы көркемдік өріс
03.03.2017
5118
0

Әлемдік әдеби дамуда жой­қын рухани әлеуеті болған роман жанры қазақ әдебиетінде ХХ ғасырда қалыптасып, ор­нық­ты. Қазақ роман­шыл­ды­ғын­дағы негізгі бағыттар ХХ ға­сыр басында әлеумет өмірінің өзек­ті күйлерінен өріс алға­ны­мен, ондаған қаламгердің кеңес­тік жүйе кезеңінде жазу мүм­кін­діктері еркін шығармашылық кеңіс­тікке шыға алмай, әсіре қа­таң идеологиялық қыспақта бол­ды.
Соған қарамастан жиырмасыншы жүзжылдықтың жет­пі­сін­ші жылдарында қазақ роман­шылдығында осыған шейін ал­ғышарттары болғанымен, тұ­тас жанрлық түр мәнінде толық ор­нықпаған интеллектуалды ро­манның, соның ішінде жас адам тұлғасын тұтас, рухани ор­тасымен, жеке таным болмысымен суреттеп отыратын әлем әдебиетіндегі дәстүрлі, озық үр­дістердің үлгісіндегі қазақ әде­биеті үшін жаңа романның жа­зыл­ғандығын атап айтудың, оның жанрлық сипаттарындағы ерекшелік, өзгешелік тұрғысын­да саралаудың қазіргі қа­зақ роман жанрын ғылыми не­гіз­де игеру мен оқыту мәсе­ле­сінде әлі де болса қажеттілігі жет­кілікті.
1960 жылдардың жаңа ле­бі­мен ғылымда батыл ізденістерге бет алған, жаңаша ойлап, жаңа салт қалыптастыруға ынтық жас­тар өмірінен жазылған Мұх­тар Мағауиннің «Көкмұнар» ро­манының көркемдік мазмұны бір мәнде тарам-тарам сабақ­тас­қан оқиғалар желісімен жа­зыл­мағандығымен ерекшеленіп еді.
Не­гізгі жайлар орталық кейіп­кермен бірге көпшілік кі­тап­хана, академиктің пәте­рін­дегі бір-екі сәт, университет жа­тақханасы, мұз айдынындағы эпизодтық көрініс аумағында қам­тылып отырады. Бірін-бірі ұна­тқан бірінші курста оқи­тын қыз бен аспирант жігіттің өк­­пелесу, ақыры алыстап кету сәт­­терін автор мақсатты түрде қол­данған жедел ақпарат түрін­де­гі баяндауда бар жылу, бар қызу, барша торығу, ширығу, үміт, өкініш, өкпе, т.б. сезім әсер­­лерін тұтас қуатымен жет­кізе алған.
«Көк мұнардың» орталық тұл­ғасы – Едіге мейлінше ұлт­жан­ды. Автор Едіге арқылы он­да­ған жылдар кеудеде тұн­шық­қан ұлттық аңсарлардың ші­дерін ағытпақ. Едіге күн ке­шіп жатқан жаңа уақыттың жас адамдарының ортасы көбіне әр­дайым қызу білім, ой таласымен алынуында автор көксеген ас­тарлар шынайы шешім тапқан тұс­тар бар. Романда жас адамдар әлдеқанша рет Қазан төңкерісіне шейін қазақтардың екі пайызы ғана сауатты болды дегенге қай­та айналып соғып отырған. Бір сәт осы мәселеге Едігенің бөл­ме­лесі, жақын адамдарының бі­рі Халелдің аузымен қарсылық айтылады: «Бірақ қайталап айтайын, қазіргі өскеніңе де, бұ­рын­ғы екі процентіңе де талас­паймын. Ал енді, рево­люцияға дейін қазақтан өзге халықтар­дың сауаттылығы қаншы процент болды екен? Осы жайлы ойла­дыңыз­дар ма, зиялы азаматтар? Орск мен Курскі губер­нияларын­дағы мұжықтар жаппай сауатты еді дегенді мен Тур­геневтен де, Толстойдан да оқығам жоқ. Жа­ра­ларыңның аузын неге қаси бе­ресіңдер? Кімде жоқ ол ірің?».
Едіге өз ортасында ұдайы ой қоз­ғаушы, оқыған жас адамның жаңа уақыт бедеріндегі қал­пы­мен тұлғаланады. Оның өткен тарих, халқының тұтас тарихи кел­беті толғандырған ұлтжанды аңсарларға толы күндері мен түндері туралы роман қазақ ро­манының тарихында Дулат Иса­бековтің «Қарғын», Бейбіт Қойшыбайдың «Дүние-кілт», Марат Қабанбайдың «Айшылық алыс жол», Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар», Айгүл Ке­мелбаеваның «Мұнара», т.б. шы­ғармалармен жалғасып, жаңа бір тұтастық түзді.
«Көк мұнардың» орталық тұл­ғасы Едігенің қайнаған өмір ор­тасы, адам болып қалып­тасу­да­ғы шешуші уақыт мерзімі – бі­лім қуған жылдар – елдіктің, жал­пыадамзаттық баянды құн­дылықтардың мүддесінде қам жеу салтқа енген жаңа бір жаң­ғыру дәуірі еді. Ендігі ұрпақтың ша­мырқанса шарт сынар тұлға­лары туа бастаған тұс еді. «Көк­мұнар» романындағы Едігені типтік тұлға деңгейіне көтерген өмірлік алғышарттар болды.
«Көк мұнар» романындағы бұ­зып-жарып, дүниені бүтін­деу­ге кіріскен жас қаһарман Едіге тұл­ғасын иланымды өреге кө­теру­де сол тұстағы жас жазушы Мұхтар Мағауин баяндау, бейнелеу, сипаттау, деталь, сөйлету, пейзаж, т.б. көркемдеу тәсілдерін ұтымды кәдеге жаратудың әлем­дік әдеби үдерістегі оңтай­лы, енді тәжірибеге ене бастаған, т.б. ондаған әдіс-тәсілдерін сөз­сіз ескерді, қолданды.
Жастықтың қызуы көтеріліп, қыз­балығы бұрқ-сарқ қайнап шыға келетін, қуат-кернеуі асып-таситын, кім екенін көр­се­тіп тастап отыратын шатқаяқ сәттер Едігенің мінез-болмы­сын қалыптар еді. Едіге негізінде ой­дың, арғы-бергіні таразыға тартқанда бұлтыңдап ауытқы­май­тын сыншыл ойдың адамы. Жа­сына жетпей қартайған «қу». Білмейтіні жоқ. Білмеймін деп өліп бара жатса да – айтпас. Бай­қамайтыны, көрмейтіні бол­­­майды. Айтқыш. Бетің бар, жү­зің барға – жоқ. Әйтеуір, әкетіп бара жатқан жойқын қуат бар. Бір мәнде Едіге болмысында замандас рухы бой көтеріп оты­ратын жиынтық бейне. Бір мән­де – авторлық түпбейнемен кі­­сілік қалпы тұтасқан, көпте жоқ көп мінезімен дараланып тұл­ғаланған жалқы да бейне.
Едіге бойында заманы ен­ді­гінің адамына өткенді саралауды, қарайлап отырып қадалып зер­делеуді, қайткенде қайрандап қалмау, тарихтың екпініне төтеп беру жасампаздығын тұлға әлеуе­­тіне парыз етіп жүктеген ке­­зеңдегі арғы замандардың ар­палыс тынысы ұдайы жадында жаңғырып, жанын қозғап, қан қыз­дырып жататын жас адам­ның кейінгіге жұғысты болған артықшылықтары бар еді.
Аспирант Едігенің диссертациясын ысырып қойып, тарихи ро­­ман жазуға кілт бұрылып кетуі кездейсоқ себеп емес – қа­жет­­­тілік.
Романда ұрпақ жадында жаң­­­ғырған ата тарих, күрес­кер­лік рух, елдік салт кейіпкердің әре­­кет ортасы, әр кезеңдегі ой тол­­тырған толғаныс, тоқтам сө­зі көркемдік өріс ашқан. Әлемдік озық тәжірибенің жас адам тұл­ғасын көркемдік қалыпқа құю өнегесін ескеріп, екшеп отырып жазғаны даусыз.
Ғылыми ортадағы келеңсіз бір беталыс нышандары, уақыт шындығы ауқымында Сафуан Шай­мерденовтің «Инеш», Зейін Шашкиннің «Доктор Дар­­ханов» романдарында қоз­ға­ла бастаған болатын.
«Тоқырау» аталып, тарихи бір кезеңге таңба болған дәуірдің ру­хани дағдарыс тұғырлары сұл­баланып, сойқан уақыттың ек­пінді мінезі екпін ала бастаған тұс. Ол да алақандағыдай айқын болып көрінгенімен, ұрпақ үшін жа­бық қалған, жасырған, зардапты жымысқы құлық жайлап кеткен заман еді…
Жас Едіге жағымсыз атау­­лыны астаң-кестеңін шы­ғару­ға, орын-орнына қоюға өзін жауапкер санаса несі айып? Бұл да кезең, уақыт әкелген беталыс еді. Едігелер сол бір алпысыншы жылдарда аз болмайтын. Кейін біртіндеп мұқалды. Жұ­қарды. Қайсыбірі жұтады да. Та­­рихи миссияларына қал-қа­де­рінше адал болып қалғандары да болды. Сол – олжа. Едіге – за­мандас неден торығып еді? То­қырау сұрапылынан өзін құт­қара алды ма? Оқушыға Едіге құлқындағы сан-тарап бағыттар ой салмай қоймайды.
М.Мағауиннің осы рома­нын­­дағы жазу жинақылығы, же­дел­дігі автордың қаламгерлік шы­ғармашылық даралығы ба­ғытындағы арнайы зерттеулерде ескерілетін басқа да ерекшелік­тер туралы тарқата айтылатын си­паттар аз емес.
Жазушының Гүлшаттың мұз ай­дыннан кейінгі әңгімесін беру үлгісі сол бір тұстағы қазақ про­­засындағы жазу машығына жаңа түр қосу бағытында және бір барлау жасағандығын бай­қа­­татындай.
Едіге бойындағы «мінді» өзі де, өзгелер де айтады. Қазтуған мен Ақтамбердінің, Махам­бет­тің «Мені» ерте, елден бұрын елік­­тірген, ерте дарыған Едіге еді ол.
«Көк мұнарда» сол бір Едіге ас­пирант болып жүрген жыл­дар­дағы жас адамдардың әр қи­лы бейнелері бой көрсетіп отыр­ған. Профессордың ұлы. Бе­тімен кетті, бөтен тәрбиеде өсті. Жас буынның, ендігі жат­сын­ған ұрпақ өнімсіз өкілі. Ила­нымды штрихтармен, тық­паламай, мәжбүрлемей кірік­ті­ріл­ген желі.
«Көк мұнар» романы жеке адам­ның рухани жігер-күші, әлеуметтік белсенділік тұр­ғы­сын­да таныта түсетін ой, әрекет, мі­нез шарпулары арқылы
ХХ ға­сырдың екінші жартысында қа­зақ ұлтының бойында не қал­ды, не бар екен, нені көк­сейді, не жасап жүр, мәніндегі тұлға әлеуетінің түбегейлі түп-төркін құ­былыстарына аялдау­дың көр­кем шығарма ауқымын­дағы мүм­кіндік шектеріне адам­тану­шы­лық өреде барлауға шықты.
Осы бір боз оғлан – Едігеге үміт жалғауға болады. Мақтан етер, көңіл толып, көз тойып қа­райтындай сыр-сипаттары бар. Ұлт тарихындағы ендігі кү­рес­керлік, ағартушылық екпін­нің, ұмтылыстың лайықты өкілі – Едіге.
Бальзактың жас адамдары­ның көкейін тескен қу байлық «Көк мұнарда» байқалмаса – ол да өмірдің шындығы. Елдікті сақтау мұраттары жолындағы ба­ғыттан тайқымайтын Едігенің тұлғалық әлеуеті осы қырымен мы­ғым.
Дулат Исабековтің «Қарғын» романындағы Жасын – осы Еді­гелердің замандасы. Жасынның өз жолы бар. Өз жөні бар. Олар­дың бір қалыптан шығуы міндет емес. «Қарғын» – Едіге құралпы Жа­сынның енді бір 10 жылдай уа­қыт өткендегі қоғамы, орта­сы­­мен алынған өмір кезеңі. Әйгілі то­қыраудың әбден орны­ға бас­таған тұсы болатын. Шы­ғар­­ма­дағы авторлық дара қол­таңба, осы романның қазақ ро­ман­шыл­дығындағы өз мәні, өз ор­ны, көркемдік әлеуеті тұр­ғысын­да қаншалықты ой қоз­ға­лып, сөз айтылды – ол өз алдын­да. «Қар­ғын» – әр оқушы үшін әр қы­р­ынан бағалы, уақыт ек­пі­ніне тө­теп берген, оқылып отыратын шы­ғарма.
«Қарғын» романында Дулат Исабековтің Жасыны қоғамды сынап, талқыға салмайды, дү­ние-жалған туралы ойшылдық-пәлсафалық толғаныстарға да түскен емес. Ара-тұра Жасын­ның айтып тастайтын тура би сөзінде бай­қалмай қалмайтын көңіл­толмаушылық, сыншыл­дық қа­­былдай алмаушылықтың қо­ғамдық-әлеуметтік негіздерін жазу­шы Дулат Исабеков ро­ман­ның сюжеттік арқауына оңтайлы тә­сілдермен кіріктірген. Жа­сын­ның ортадан оқшаулау жүруі­нің түп-төркін, тамырлы се­беп­тері шығармадағы қиюы қаш­қан қоғамның рухани-эко­номикалық күйлерін қоса қабат, кейіпкер өмірінен «бейтарап» жай­лардай алып отырып баяндау, суреттеу арқылы көркемдік ше­шім табады. Сәргел мен Мә­ли­кенің отбасылық аңдысқан, жатсынған күйде байланған өмірі; шалғай аудандағы ақ қар, көк мұзда ондаған жыл мал бақ­қан еш еңбек, адам тұлғасының аласарған әр сәті – көлгірсу, күн­шілдік, өтірік, жала, қа­ны­пе­зерлік, тайқымалылық, т.б. Жа­сын бұлар туралы күн тәр­ті­біне мәселе қойып, талқыға са­лып, пәлсапа соғуға тіптен құ­лық­сыз. Ол бәрін көріп, біліп, се­беп неде, салдар қайда екен­дігін әлдеқандай бір сұңғыла таныммен, шуылдаған көпте кездесе бермейтін бөлекше бір пайым­мен аңлап, айғақтап, әл­деқашан парқын белгілеп тас­таған, екінің біріне ұқсамайтын ерек­ше адам. Салмақты. Әділ. Көл-көсір мейірім тұнған кеу­де­сін сирек ашқан тұстарында ел­­дің бәрі жадырап, айнала жар­­қырап кетеді. Көлгірсіген кезі болмайды. Телегей-теңіз бі­­лім, таным. Жан-жағын­да­ғы­лар­ды жалт қарататын тұлға. Ру­хани жүдеу, сырдаң, сырғақ, желімдей жабысқақ типтерден аулақ жүруге «үйреніп» алған. Жазу­шының осы бір әр қалып­ты, әр сәтінде жан-жақты ашыл­ған кейіркері – бір мәнде өзі қан­шылықты «қашқанымен», құ­тыла алмаған ортаның құрба­ны. Оның туындыларын кемтар таным ту-талақай етіп сынап тас­таудан тайқыған емес. «Ме­нің мақсатым – жазу, ойымды жазу. Қорғану менің міндетім емес. Сауыт әлсіздерге, өзіне-өзі сен­бейтіндерге ғана қажет,» – дер еді Жасын мұндайда. Адам тір­шілігіне төңкеріс енгізу қол­дан келе ме? Білім мен парасат үстемдігін қажетсінетіндер бар ма, қалды ма, сынды тол­ға­ныс­қа толы «Қарғын» романы Жасын мен Бағила тағды­рын­дағы се­зім иірімдеріне жал­пыа­дам­заттық зәру күйлерді сыйымды ар­қау етуімен араласты.
«Көк мұнар», «Қарғын» ро­ман­дары қазақ роман­шылды­ғы­на жазу өнерінің қилы бағыт­тары жаппай жаулаған әлем, орыс әдебиетіндегі озық тәжіри­бе­нің, қайырлы көркемдік тә­жі­рибенің бет алып, орныға бас­та­­ғанын айғақтай түскен туын­ды-
лар болды.
Озық классикалық әдебиет­тің қуат өрісі қазақ әдебиетін, әсі­ресе, сол бір алпысыншы жыл­дарда жаппай жаулай бас­таған болатын. «Жазу» дейтін жа­зылмайтын дерт дауасын із­деуден жалықпас еді. Дүние­та­ным­ның түпсіз тұңғиықтарға бой­ладым, сұр қабырға, сұсты қа­малдарының бәрін бұзып өт­тім дегендей алдамшы үмітті сан мың мәрте тас-талқан еткен қатыгез ақиқаты – бірді алсаң, жаңадан жүз қатар түзіп сіресе қа­латын өмір тылсымы «жазу» дер­тіне де сан мың түрлі дауа ұсынуын тоқтатпай келеді емес пе?! Осы мәнде Антон Чехов
«№ 6 палатасындағы» дәрігер «дім­кәс» былайша тоқтам айтатын: «Сегодня примешь тридцать бо­ль­ных, а завтра глядишь, про­ва­лило их тридцать пять, после завтра – сорок, и так изо дня в день из года в год».
Чехов демекші, Чехов шы­ғар­­ма­ларындағы адам тұлға­сын­да­ғы илеуші, билеуші заман­ның көркемдік өзегі, таң­балану өзге­шелігі орыс әдебие­тіне әкелген үдерістер әлемдік өрісінде қазақ көркем сөзін де шарпып өткені даусыз.
Илеу мен билеуге көндіге ал­майтын азат ой, рух күші жа­ра­тылыстан жарылқанған түп­мақ­сат құқын қорғаудағы жа­сам­паздық күрес қуатының за­манына қарай ауытқып отыратын кернеу деңгейі әдеби шығармадағы Адам тұлғасын сан мың қалыпта, қисапсыз қи­сынымен мазмұндап келе жатыр. Осы бағытта қазақ роман­дары­ның жалпыадамзаттық ру­хани игіліктер өрісіндегі әлеует, қарымы арнайы зерт­теулерді әлі де күтеді.
«Қарғын» романында исабе­ков­тік оңтайлы, дөп түсіп жататын, кейде көңіл желпіп өтетін жеңіл, кейде бір түрлі аямай, қым­сындырып тастайтын шым­шы­ма сөз, орнымен ойнап жүре беретін деталь жұмсап отыру қа­пысыз көркемдік шырай да­ры­тады.
Жазушы Дулат Исабеков сөз­дің құнын, салмағын мың өл­шеп, жүз айналдырып баяғы­дан-ақ бағамдап қойған. Мүлт кететін тұсы жоқтың қасы. Тап­пас­ты айтып, тамсандырып оты­ратын болғасын шығар­-
­м­аларын оқу – бір рахат. «Сөздің айтылу түрі», «өзегінде өлімі бар жай ет пен сүйектен тұратын адам», «қызығы жоқ қырық өті­рік», «өмір сүрудің техникалық жа­ғы», «көзін қарып алу» (ғашық кө­зін – Қ.М.), «жалған көздің ар­зан жасы», т.б. қазақ сөзінің мүм­кіндік алып, шалқар байлы­ғы­мен кенелтіп отыратын ора­лым­дар «аяқ алғызып жүргіз­бес­тей» мол.
Жасынның жан сырына автор жас адамның тұлға болып қа­лыптасу парызындағы тия­нақты тұғырлардың мәнінде ын­тығады. Адам – жұмбақтан сыр ашар ерекшеліктеріне, адам бойындағы мүмкіндіктер оқ­шау­лана түскен болмыс-қал­пына қызығады. Адам бала­сы­ның өзін-өзі ақтарып, ашып алу­­ға еріксіз ынтықтығы еш уа­қыт­­та тыйылмаған, тыным тап­па­ған. Сонда да шектеулі шең­берді бұзып өтердей әлеует жан ие­сіне бұйырған емес. «Қарғын­да» осы ұлы жұмбаққа меңзеу бар.
Түрлі әдеби ағым, ағыстар ле­гі жосылып тоқтаусыз екпін­деді. Адам барлығын тауып, тау­сып айтуға асыққанымен, не­бір жазу бағыттары, психология, философияңды қалқан етіп өзеурей ұмтылғанымен – дәнеңе де тапқан жоқ. Есесіне, шектен шық­пай, адам әлеуетінің ақи­қа­тын мойындатып жазылған шығармалар Алланың асқақ, ас­қан дарқан пейіл кеңшілігі ар­қасында екі аяғымен жер басып жүрген Адам пенденің шын сырын – «осалдығын» қым­сын­бай ашық-шашық қалыпта алып ақтарып-төңкерді.
«Қарғын» романына адам тағ­дырына толғану, адам функциясы арқауында қилы мәнде көз жіберуге болар еді. Шы­ғар­ма­дағы Сәргел мен Мәлике ара­қатынасындағы иланымды күй­лер – жеке дара бір отбасы­лық роман жүгін көтеруге да­йын. Ел тұрмысы, әлеуметтік ру­­хани ауқым да кеңдігімен назар аударады. Жазушы парызы жайынан қозғалып отыратын Жа­сын ойлары мен авторлық жазу ұстанымында қапысыз, мы­ғым шығармашылық табыс түзіл­ген. Жасын жарамсыз деген шы­ғарма кітап болып шығып, мақ­талып жатқан уақыт сыр­қаты – көлгірсу, көз жұма қарау, жал­ған ғылым, жағымсыз құ­лық­тардың бел алуы адам мінез­дерін, әрекет барысын, табиғат тылсымын тірек етіп отырып, қа­пысыз көркемдік арнасын аш­қан болатын.
Мұхтар Мағауиннің «Көк мұ­нары» мен Дулат Исабековтің «Қарғыны» «қызды айтып, қы­зықты айтып» арзан жарқылмен ар­баған шығармалар емес. Осы оқу­шысын таңдап табатын туындыларда жас адамдардың сол бір алыс алпысыншы жыл­дар­дың рухани атмосферасын түз­ген сезім психологиясы, жақсы көру философиясы, өміртаным дағдылары жағымды, жұғысты шынайылығымен иландырған болмыс жаңалығымен өздерінің өмірдегі батылдығындай батыл енген қалпы оларды клас­си­ка­лық әдебиеттердегі интеллек­туал тұлға қатарына көтерген бо­ла­тын.
«Қарғындағы» Жасын тұл­ға­сының өмірдегі түпбейнесінің мінез-дағдыларын тұлғалық бі­тім­ге сіңіру шынайылығы Дулат Исабековтің жазу өнеріндегі жаңа бір қайырлы табысы болды.
Әлемді роман тарихында тұл­ға – түптұлға бағытындағы елеу­лі шығармашылық олжалар қа­тарына қосудың ешбір ар­тық­тығы жоқ. «Көк мұнар» рома­нын­дағы түпбейне мен орталық кейіп­кер Едіге тұлғасындағы ұтым­ды шығармашылық ше­шім­дер тұрғысында да осыны ай­тар едік.

Қанипаш Мәдібаева,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік универси­теті­нің профессоры,филология ғылымының докторы,
Мүлік Дәулеткерей,
қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының
PhD докторанты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір