ХАЛЫҚ ЖҮРЕГІНДЕГІ ҚАЛАМГЕРЛЕР
03.03.2017
1617
0

ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Дүниежүзілік жазушылар күніне орай, қазақтың көрнекті ақын-жазушылары – М.О.Әуезовтің 120 жылдық, Ғ.М.Мүсірепов пен Ғ.Мұстафиннің 115 жылдық, Д.Әбілев пен Ғ.Ормановтың 110 жылдық, Ә.Шәріповтің 105 жылдық және Ә.Нұршайықов пен
С.Шаймерденовтің 95 жылдық мерейтойлары қарсаңында «ХАЛЫҚ ЖҮРЕГІНДЕГІ ҚАЛАМГЕРЛЕР» атты көрме ашылды.

ХХ ғасырдың 40-50 жылдарында қазақ әдебиеті қанатын кеңге жайып, терең де кемел туындыларға қол жеткізді. Бұл кезеңдегі әдебиеттің дамуына қазақтың тұңғыш эпопеясын жазып, көркем прозаны классикалық деңгейге көтеріп, әдебиетке көркемдік қуат әкелген үздік туынды – «Абай жолын» жазған Мұхтар Әуезовтің қосқан үлесі зор. Сонымен қатар, ұлттық прозаның елеулі жетістіктері – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған шоқтығы биік туындылар – Ғ.Мүсіреповтің «Қазақ солдаты», «Оянған өлке» романы, Ғ.Мұстафиннің соғыстан кейінгі халық өміріндегі өзгерістерді бейнелеуге арналған «Миллионер» повесі, «Қарағанды» романы, Д.Әбілевтің драматургия саласындағы «Қарулас достар», «Майра» және т.б. туынды­ларының орны ерекше. Майдангер қаламгерлер – Ғ.Ор­мановтың «Көтерме» деген атпен жария­ланған әңгімелер мен очерк­терінің жинағы, Ә.Шәріповтің «Партизан қызы» романы, көркем проза жанрында сүбелі еңбек еткен Ә.Нұршайы­қов­тың «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз» шығарма­лары, сондай-ақ, кітаптары оқырман қауым мен сыншылардан жоғары бағасын алған С.Шаймер­денов­тің «Инеш» романын қалың оқырманның іздеп жүріп оқы­ғаны баршаға мәлім. Олар­дың шығарма­ла­рын­да Отанға деген сүйіспеншілік, патриоттық рух, тіл мен дәстүрге құрмет, тарихқа адалдық сияқты тақырыптар көтерілді. Әдеби шығармашылықтары елдің қоғамдық-саяси өмірімен қатар өрбіді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейіндегі көрмелердің көктемдік маусымын ашуға арқау болған «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» көрмесіне әде­биет­тің түрлі жанрына қалам тартқан жазушылардың қазақ және араб әрпімен жазылған қолжазбалары, өздеріне тиесілі жеке заттары, олардың өмірі мен шығармашылығына қатысты бірегей жеке мұрағат материалдары, фото-құжаттары, хаттары, еңбектері мен марапаттары, сонымен қатар бюст, афиша, плакаттар мен иллюстрациялар қойылды.
Бүгінгі таңда ғылыми, мәдени мекемелерге, мектептер мен жоғарғы оқу орындарына, көшелерге жазушылардың есімдері берілген. Алматы қаласында мемориалдық музей-үйлері ашылып, ескерткіш тақталар орнатылған.

Көрменің салтанатты ашы­луында белгілі қаламгерлер мен ақын-жазушы жырлары ұрпақтары қатысып, естелікте­рімен бөлісті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір