Ата-ананың қадірі
03.03.2017
2244
0

Халыққа айтыс арқылы ғана емес, «Біздің елдің жігіттері», «Өзіңді аңсап», «Жамалым» атты әндерімен, «Зікір-Улла», «Нұр-Улла», «Хикмет-Улла» сынды иллаһилерімен жақсы таныс ақын, термеші, сазгер Жәкен Омаров 8 наурыз күні Алматы қалалық Мәдениет басқармасы және «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұйымдастыруымен «Ата-ананың қадірі» атты шығармашылық кешін өткізбекші. Осыған орай Жәкен Омаровты бір-екі ауыз әңгімеге тарттық.

– Кейінгі уақытта өнеріңізді жақ­сы көретін көпшілік өзіңізден көз жазып қалды, сіз қазір қайда жүр­сіз?
– «Аттың жалы, түйенің қо­мын­дағы» тіршілік қой… Бозбала шақ­тан өнердегі еншімізді алдық, жі­гіттік кезеңде қатарластарым жы­рымды жаттап, әнімді әуелетіп айтты, айтыстарыма сүйсінген тыңдарман шумақтарымды жат­тап-қайталады, ортамның серісі бол­дым, ағалық уақыт жеткенде, біл­мегенді толықтырып, білімге жү­гіндік, ғылыми ізденіс жаса­дық, қор­ғадық, шүкір, әдемі отбасым бар, ұл-қыздарымды тәр­биелеп, өсі­ріп жатырмыз, ара­­сында елдің ал­дына шығып қоямын. Жасаған жа­сыма қарай сатылап, әндерім ил­ләһиге ауыс­ты, айтыскерлігім тер­мешілікке көшті,«сабақты ине – сәтімен», міне, шығармашылық кеш өткізіп, халықтың алдында есеп беріп қоятын да кез келген сияқ­ты. Меніңше, бір жігіттің ба­сына бұл аз бақ емес.
– Ғылыми жұмысты қорғауға қан­ша жыл уақытыңыз кетті?
– Бала кезімнен шалдарды көп тыңдадым, жарықтықтар жыр-өлең­дерді, «ескіше», шағатайша ай­татын бәрі дүниеден өтіп кетті. Сол таңсық тіл мені қатты қы­зық­тырып, естігендерімді ерінбей қа­ғазға түсіре беруші едім. Ма­қам­дар содан бастап құлаққа сің­ген. Осы дүниелер кезінде ме­нің айтыскер ретіндегі ерек­ше­лі­гі­ме де ықпалын етті. Бапкер-әкем Қаныбек Сарыбаев марқұм ме­нің осы ескі сөздерді көп біле­ті­нім­ді жақсы көретін-ді. Оңтүс­тік­тің ақын-термешілерін зерттеген ға­лым Әсілхан Оспанов ағамызбен де көп сұхбаттасуға тырысатынмын. Сол білгендерімді ғылыми бір жүйеге түсіріп, академик ағамыз Ә.Нысанбаев пен профессор Д.Кенжетаевтың жетекшілік етуімен «Майлықожа Сұл­тан­­-қо­жаұлының дүниетанымы» атты кан­дидаттық жұмысты қорғаудың ре­ті келді. Ізденіс онымен тоқтаған жоқ, әрине, мүмкін өмірімнің ақы­рына дейін жалғасар.
– Сізді халық «Жамалым», Өзің­­ді аңсап», «Біздің елдің жі­гіт­те­рі» сияқ­ты жақсы әндеріңіз арқы­лы таниды, ән жазып жүрсіз бе?
– Мақам-саз, ән-әуен деген құ­­­былыстар – менің жан дүнием­нің қа­лауы. Кішкентайым­нан «ба­ра­бан­шы», «гитарист» болғым ке­ле­тін, ән айтып өстім, халық әндері, Ақан серінің «Маңмаң­гері», Шәм­ші­нің әндері – жадымда жаттаулы. Он жеті жасымда қасымда ағам әрі до­сым Есенқұл Жақыпбеков мар­құм бар, Шәм­ші аға Қалдая­қовпен Орда­ба­сыдағы бір үлкен жиында жүз­десіп, әңгіме-дүкен құрдық. Шәм­ші ағаның шаршаңқырап қалған ша­ғы еді. Соған қарамай, ерекше қы­зығушы­лықпен қойған сұ­ра­қ­тарыма ықыласымен жауап берді, артынан ала­қа­нын жайып, батасын берді. Соны өзі­ме ырым қыламын. Ән жазсам үлкен жауап­кер­шілікпен, аса ыжда­ғатпен, асықпай, ба­бына келгенше ба­қы­лап жазамын. Жақ­сы әндер, жақсы дү­ние­лер бар, Алла қа­ла­са, халыққа ұсы­ну­дың реті келер.


– Зерттеу жұмы­сыңыз кейінгі әндері­ңіз­­дің бұрынғы әндерге қара­ғанда өзгеше бол­уы­на әсер етті ме?
– Әндерімнің ба­ғы­­тының өзгеруі, ол жас ерекшелігіне байланысты болса керек. Ал ғылыми ізденістер терме мақамдарын шы­ғарғанда көп роль ат­қарады. Құлаққа сің­ген әуендерді же­тіл­діріп, өңдеп, бір ізге келтіріп, сөзімен сыбайластырып мақамға жеткізу маған оңай жауапкершілік болып тұрған жоқ.
– Эстрада мен тер­мені қатар алып жүрсіз. Қазіргі заманда халық­тың көп бөлігі эстрадаға елітіп кет­ті. Тіпті, әннің тәрбиелік мис­сия­сы жоғалды деп айтып жүрген­дер бар. Оған көзқарасыңыз қа­лай?
– Біз де бала болдық қой, бұл мә­селе біздің кезімізде де бар еді, бір қызығы. Айналайын, «Романтик» магнитофон, Сәбит Оразбаев пен Аяз Бетбаев ағалары­мыз­дың терме-толғау жазылған аудио кассеталары біздің буынды жаппай жеңіл эстрадаға ауып кетуден аман алып қалды деуге болады. Қа­зір компьютер заманы, алуан түр­лі ақпарат тасқын судай ағы­лып жатыр, жас түгілі орта буын­ның да тілге шорқақтығы белең ал­ған заман. Жеңіл әуен, жұтаң сөз жаппай жайылуға айналды, әннің мағыналық қызметі тойда билету ғана болып бара жатыр, бизнес… Қалай болғанда да, өлшем сақталуы тиіс. Әнді тек көңіл көтеру үшін ғана емес, адам баласын ізгілікке тәрбиелеу ниетімен жазу керек. Ондай ән қай кезеңде де елдің жүрегінен орын алады. Сазгерге әдемі ән шығару, ақынға оған мәнді сөз жазу, оны жақсылап өңдеп, әнші елге жеткізсе, үлкен ба­қыт емес пе, Алладан берілген сый ғой. Ол сыйға ертең жауап бересіз, соны да ойлап қойсақ. Әде­мі, мағыналы әнмен өскен жас буын, ертең жетіліп, орта жасқа келгенде тебіреніп термеге түседі. Осы сатымен жеткен қарттықта да қасиет болар, осылай ұрпақ сабақ­тастығы кете береді. Десек те, бәрі­­нен түңіле бермейік, жақсы­лық күтейік.
– Қазіргі жасөспірімдердің мо­йы­нын дәстүрлі әнге бұрғызудың қан­дай жолы бар деп ойлайсыз?
– Оқыту керек, үйрету керек, көр­сету керек. Балаларым музыка мек­тебінде жүріп қатарластарымен бір­неше байқауларға қатысты. Сон­да байқағаным, өсіп келе жат­қан ұрпақ қандай әнді, күйді үй­рет­сең, соны сайрап тұр. Демек, жа­сөспірімде тұрған ештеңе жоқ, экранның бәрін «шоулата» бермей, көрсетейік те, үйретейік те не­нің жақсы екенін, ненің өнер еке­нін… Бұл бей-жай қарауға бол­майтын үлкен мәселе.
– «Ата-ананың қадірі» атты шы­ғар­машылық кешіңіз Алматыда ға­на өте ме, әлде өзге қалаларға бару жоспарда бар ма?
– Осы шығармашылық кешім­ді ұйымдастырып отырған Алматы қаласы әкімдігі, оның Мәде­ниет бас­қармасы, «Алатау» дәс­­түрлі өнер театры ұжымдарына мың ал­­ғыс айтамын. Елге еткен қыз­мет­теріне Алла разы болсын, еңбектері жансын. Бас­қа қала­лардың жоспарын уақыт көрсетеді.
– Айтыстан көрінбей кет­тіңіз, тыңдармандар да із­деп жүрген де болар…
– Айтыс – өнерімнің бір белесі. Айтыстың ар­қа­сында ел көрдім, жер көр­дім, жақсы мен жаман­ды білдім, дос көрдім, ұс­таз көрдім, жеңіс көр­дім, ең бастысы, халық­тың ықыласын көрдім. Бүгінгі айтысқа аяқ бас­қан жас­тар­ға да соны тілеймін. Тың­­дарманыма ендігі ұсы­­нарым терме болып тұр.
– Өзіңізге белгілі Көп­бай Омаров, Тәушен апалар қартайғанша айтысты. Сіздің бұл ойыңыздан айтыс тек 50-ге дейінгі ақын­дар қатысатын өнер деген ұғым қалыптасып кетпей ме?
– Бүгінгі жас буын ай­тыс­керлерге ұқсап, жар­қыл­дап «шоулатып» шулата алмасым анық, бірақ шын айтысқа шығып, шын айтысып көрген ақын айтысуға қай кезде де дайын жүреді. Тарихта қалған айтыстарға ұқса­тып, тарихи қарсыласым шығып жатса, бәйгені қолдан бермес қау­қарым жеткілікті.
– Сіздің діни біліміңіз де бар. Ислам дінінің музыкаға берген пәтуа­сы қандай?
– Бұл сұрақты мен бала күнім­де ұстаздарыма қойған едім, оның жауабын кітаптардан да іздедім. Ұстаздардың жауаптары мен кі­тап­тарда айтылған пікірлерді бү­ге-шігесіне дейін талдап болған соң ғана мақам-саз, ән-әуенмен алаң­сыз әуестенемін. Алла Тағала Адам-Атаны жаратқан соң жанға Адам-Атаның тәніне кіруді бұйы­рыпты. Жан Адам-Атаның дене­сіне кіруге қорқып тұрған уақытта бү­кіл періштелер Алланың 99 есі­мін әуезбен айтқан екен. Мұны естіген Жан әуенге елітіп Адам-Атаның тәніне енген көрінеді. Демек, жақсы музыкаға еліте кететін әдет адамның о бастағы қа­лыбында бар. Музыканың ес­тісін тыңдау, яки жазу сауап бола­ды-дағы, се­кеңдетіп билетіп, есін жоғалт­қан­ша есіртетін, біреуді жақсы көру үшін, өзіңе біреуді қарату үшін жа­зылатын болса, сауаптан гөрі күнәға батуың да мүмкін деген сөз бар.
Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Алланы мадақтайтын өлең жа­з­ған ақындарға өзінің шапанын берген. Ең алғаш Меккеден Ма­динаға барған уақытта оны әуен­­мен қарсы алған. Музыка адам­ның рухына қызмет етсе керек.
– Термелерді эстрадаға қосып айту көп жылдан бері етек алып кет­ті. Музыкатанушылардың ойы бұл жерде екіге бөлінеді, бірі дұрыс десе, енді бірі керек емес дейді. Сіз­дің ойыңыз қандай? Өзіңіздің ре­пертуарыңызда эстрадаға өңделген терме жоқ па?
– Әзірге жоқ. Терме деген дү­ние өңдеушілеріміздің қиылған қа­лыбына сыймай тұр. Қалыпқа сал­саң, я ән болып кетеді, я рэп бо­лады. «Жастарға жеткізеді екен­біз» деп дәстүрлі өнерді қидалай беру­дің қажеті бола бермес-ау. Алай­да, ыңғайы келсе, келешекте оны жасауға болады. Өйткені, мейлінше термені тыңдатуды жол­ға қойып алсақ, ісіміздің бір қайырылғаны болар еді. 8 нау­рыз­да өтетін кештің «Ата-ананың қа­дірі» деп аталуының себебі де осы термені насихаттаудан бастау алып отыр. Осы кеште ата-ананың қадірі туралы бірнеше терме айтылады. Құранның аяттарын, ха­дис­терді машықтаған, тәпсірлеген ба­балаларымыздың термелерін орын­дап, тыңдаушының рухын бір көтерсек деген ниет бар.
– Әндеріңізді аранжировка жа­са­ғанда бөтен ұлттың иірімінің кіріп кетпеуін, бөтен ұлттың аспа­бы­ның басым болмауын қаншалық­ты қадағалайсыз?
– Аспаптың бәрі жақсы, әңгіме өң­деушінің кәсіби деңгейінде шығар. Ұлттық иірім әншінің кө­мейінде, ақынның сөзі, саз­гердің сазында ғой. Жақсы дыбыс, әдемі үн, мағыналы сөз тыңдаушының жүрегіне жетіп, құлағының құры­шын қандырып жатса, ән әлемді аралап кетер. Аранжировканың мүмкіндігі өте кең ғой. Десек те, мық­ты аранжировка жасату қазірше оңай болып тұрған жоқ.
– Қыз-келіншектердің мере­кесіне тілегіңіз?
– «Алып Анадан» деген, ана­лары­мыз аман болсын, апа-әп­келеріміз ардақты болсын, келін­шек­тер бесік тербетсін, қыз­­­­­дары­мыздың бағы ашылсын! Мереке құтты болсын!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Н.САЙМАСАЙҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір