«…Айналамның бәрі өлең!»
03.03.2017
1803
0

Еркеледім. Еркесі етті мына әлем –
…Құс жолымен жетелейді бір әуен…
Мына өмірге қайта келу бұйырса:
Мен бәрібір ақын болып туар ем,
…ең бақытты ақын болып туар ем!


Іңкәрлік пен сырлы сезімге толы өлең жол­­­дарынан автордың ақын­дық бағыты мен көзқарасы бірден байқалады. Ақын жаны өміршең өлең­дерін тек тазалықпен өретіндей. Жетісулық ақын Гүлбақыт Қасен­нің поэзия­да­ғы жүріп өтер жолы нәзік иірімдерге құрыл­ған тәтті жырларымен сараланбақ.
Ақпан айының 25-і күні Жамбыл атындағы қа­лалық жасөспірімдер кітапханасында Тал­дықорған қаласының ақын қызы Гүлбақыт Қа­сеннің «Құс қанатындағы жыр» атты поэзия кеші мен «Құсқанаты» жыр жинағының тұ­саукесері өтті. Жыр кешіне ақынның ті­леулес ұстаздары Рафаэль Ниязбек, Зәкір Аса­баев, Қасымхан Бегманов қатысып, жү­ректен шыққан жылы лебіздерін білдірді. Шара барысында ақын­ның поэзиясынан композициялар орындалып, тыңдарман қауым­ның жүрек қылын шертер өлеңдер оқыл­ғанына куә болдық. Тұсауы кесілген жаңа жинақ автордың үшінші кітабы екен. То­лассыз құттық­таулар мен ақын шығар­ма­шылығынан алынған өлеңдер арасын әуелеген ән мен құлақ құрышын қандырар тәтті күй бөліп, қонақтарға ерекше көңіл-күй сыйла­ғандай. Аталмыш шараның ұйымдастыру­шы­сы Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының бөлім мең­геру­шісі Ғазиза Құдайбергенді сөзге тартып көрген едік:
– Біз 2015 жылы «Атырау-Алтай арасы» де­ген әдеби жоба бастаған бо­ла­тынбыз. Осы шараның жалғасқанына, міне, биыл үшінші жыл. Әдеби жобаның басты мақсаты – мәдени аста­намызда өзге өңірлердегі қалам ұстап жүр­ген ақын-жазушылардың кештері мен тұ­саукесерлерін өткізу және қаламгерге насихат жүргізу болып отыр. Бүгінгі тұсаукесердің ав­торы «әйелден ақын шықпайды» дегенді жоққа шығарып жүрген жетісулық ақын – Гүлбақыт Қасен. Поэзиясы әйел затына ғана тән нә­зік­тікке толы автордың қаламы ұштала бер­сін дейміз. Әдеби жоба­мыз­дың келесі кейіп­кері – астаналық ақын Құралай Омар деп белгілеп отырмыз.
Автор шығармашылығы хақында сөз ал­ған ақын Қасымхан Бег­мановтың «Гүлба­қыт­тың өлеңдерінде гүл аңқыған көктем мен жа­зиралы өмір бар» деген пікірі тоқсан ауыз сөз­дің тобықтай түйінін білдіріп тұрғандай.
Соңғы уақытта осы тектес шараларды тоқ­таусыз ұйымдастырып, шаһарымыздағы рухани ошаққа айналып үлгерген Жамбыл атын­дағы қалалық жасөспірімдер кітап­ха­на­сы­ның ұжымына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
М.ӘБІШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір