Ақындық сүйегіне біткен
03.03.2017
2147
1

Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ, Тараз Мемлекеттік Педагогикалық Институты, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ф.ғ.д., профессор


Ташкенттегі Низами атындағы педа­го­гикалық институтына оқы­тушы болып 1957 жылы ауыстым. Бұл институтта қазақ бөлімі 1953–1954 оқу жылында ашылып, Өзбекстанның әр облысынан тұңғыш абитуриенттер қабылданған еді.

Олардың ішінде Қарақалпақ­станның Нөкіс қаласынан келген бозбала Төлеген Айбергенов те бар. 1959 жылы бұл студенттер ең соңғы курстағы мемлекеттік емтиханға даярланып, оларға қазақ әдебиеті тарихынан шолу дәрістерін өту маған тапсырылды. Мен алғаш рет аудиторияға кіргенімде «Ауданнан келген мұғалім не тындырар екен» дегендей, студенттер маған сын көзімен қарады. Өзім қобалжып тұр­­сам да, сыр бермей дәрісті бастап кеп жібердім. Дәрісті «ХVІІІ-ХІХ ғасыр­лардағы қазақ әдебиеті – отар­шыл­дық дәуірдегі әдебиет» деп қо­рыт­тым. Студенттер тарапынан сұ­рақ түсе бастады. Бір студент қол көтеріп:
– Ағай, отаршылдық дәуірдегі әдебиет дегенді бірінші рет естіп отырмыз, оны қалай ұғынамыз? – деп, әдеппен орнына қайта отырды.
Сол тұстағы Ресей империясы­ның отаршылдық саясатынан туын­даған жан-жақты зар заман ақын­да­рының (140 ақын) идеялық ортақ са­рыны – Отаршылдыққа қар­сы­лықтан туындаған құбылыс екенін талдап түсіндірдім. Сонда Төлеген қол көтеріп, орнынан тұрды да:
– Ағай, бұл ақындарды жаңа­лық­қа жаны қас Қазақстанның Ресейге қосылуына теріс қарайтын ақын­дар деп бағалауын қалай ұғы­намыз? – деп өте күрделі сұрақ қой­ды. Студенттер іштей тынып қал­ған.
Бұл сұраққа жауап ретінде қа­зақтарды қонысынан айырып және шоқындырып жүргізген орыстандыру саясатының тарихын нақты дәлелдермен түсіндірдім. Мұндай саяси астары бар мәселені студент­терім бұрын-соңды естімегенін, маған деген риза кейіптерінен бай­қадым. Сол кезде сыртқа шығуға қоңырау соғылды. Мен Төлегенге:
– Сен қала тұр, әңгіме бар, – деп едім, Төлеген таңырқап тұрды да, студенттерден бөлектене берді.
– Төлеген, сабақ үстінде өлең жазып отырғаныңа жол болсын, бұл қай қылығың, – деп ренішімді білдірдім.
– Ағай, өлең жазуға құштар­лы­ғым оянып кеткен соң қағазға түсіре салайын дегенім ғой, – деп ұялып қызарақтай бастады.
– Өлеңің қай жанрмен жазылды?– деп едім:
– Ой, ағай, кәдімгі лирика ғой, – деді.
– Оқышы, лирикаңды, – деп едім, өзіндік мәнеріне салып, ықылас­тана оқи жөнелді.
– Төлеген, өлеңің өте ұзақ әрі сюжетті желіге құрылған. Мұндай өлең лирикаға жатпайды. Лирика деген адам жандүниесінің өлеңдегі бір сәттік көрінісі. Ол үш-төрт шу­мақ­тан аспауы керек, – деп ұғын­дыр­дым да: Мәселен, Төлеген, се­нің жақсы көретін қызың бар ма, – дедім.
– Бар…– деп ұяла қызарып, ыңғайсызданып қалды.
– Онда сен Қасым Аманжолов­тың «Дариға, сол қыз» деген лири­ка­лық өлеңін оқы да, Қасыммен іштей ақын­дық жарысқа түс. Сенің ақын­дық өнерің сонда белгі береді деп едім, қуанып кетті.
– Ағай, оған менің ақындық қуатым жете қояр ма екен, – деп сас­қа­лақтап қалды да, – Ағай, нар тәуе­кел, ертең жазып келейін, – деп уә­десін берді.
Ертесіне асыға келіп, менімен аман­дасқанда арқасы қозып, өңі құ­бы­лып тұрды. Сезімі алаулап төрт шумақ өлеңін өзіндік өлең оқу мә­не­рімен оқи жөнелгенде, нәзік бір сезім­ге бөленгендей тебіреніп тұр­ды.
– Міне, бұл өлеңің нағыз лири­каның өзі болып шығыпты, керемет соны теңеу, сөз образдарың төгіліп түсіпті. Мұны сен ойланып, ізденіп жүріп жаздың ба, әлде тілге өзі оралды ма? – деп сұрадым.
– Аға қиналдым, намысқа тырыс­тым, бірақ жаза алмай орнымнан тұрып кетіп, саябақта біраз қыдырып, аққайыңдар жапыра­ғының сыбдырымен сырласқандай сезімге бөлен­дім. Орындыққа отыра бергенімде өлеңнің бірінші жолы аузыма түсе кетті де, қалған өлең жолдарын бір­ден­нен жазып тастадым. Өлеңіме өзім де іштей разы болып, тамаша бір сезімге бөлендім, – деп өлеңін оқи жөнелді.
– Төлеген, өлеңің Қасым ақын­мен өнер жарыстырғандай екен, сөз образдарың мүлде тың, саған ақын­дық өнер тыз етіп, ет пен терінің ара­сы­нан шықпай, сүйегіңе біткен ақындық өнер екен, соған көзім жет­ті, екінші ескертуім, сен өлеңді оқы­ма, жатқа айтатын бол, бұл орыс ақын­дарында дәстүрге айналып тұр. Оқыған өлеңнен, жатқа айтылатын өлең тыңдаушының көкейіне тез қонады.
– Топта сенен өзге Ілияс, Айтбай да өлең жазады екен. Үшеуіңнің өлеңдеріңді «Алға» газетіне жариялатайын, жазғандарыңды алып келіңдер деп едім, үшеуі де өлең­дерін сол күні әкеліп тапсырды.
Ол өлеңдер «Алға» газетінің 1959 жылғы жиырма бірінші мамырдағы №41 санында жарияланды. «Алға» газетінде Төлегеннің өлеңдері тұң­ғыш рет басылым көрді. Осын­дағы бозбала Төлегеннің тұңғыш рет бас­пасөзде жарияланған өлеңдеріндегі теңеу, кейіптеу, метафоралық сөз образдары мүлде бұрын-соңды еш ақында ұшыраспайтын жаңа, соны тыңнан табылған ақындық бейнелі сөз, образдар мен көркемдік қуа­ты­мен баурап алатын ақындық қуатына таңырқанасың.
«Далада» деген өлең жолында:
Ұялшақ сәби талдың жағадағы.
Етегін гулеп, ойнап жел түреді, –
деген өлең жолындағы кейіптеулер, өлі дүниені тірілтіп, көркем қимылға келтірген бейнелі, қарапайым сөз образдары бозбала ақынның қала­мы­нан туған сирек ұшырайтын құ­былыс­тай, маржанша тізілген өлең жолдарынан асып түспесе, кем түспейтін ақындық қуатты сезгендей болдым. Ал осы өлеңдегі:
Толқыны жардан құлап аунап тұрып,
Сұңқылдап жатыр бұлақ сыр ақтарып, –
деген өлең жолындағы табиғи қара­па­йым кейіптеулерді ақын табиғат бойындағы көріністі көркемдікпен көмкерген құбылысты тұшынғанда, ұлы сыншы Белинский айтқандай: «Ақын образбен сөйлейді, философ силлогизммен сөйлейді» деген пі­кірге кез келгендей сезініп, кір­лен­ген жанымыз таң шығына малынып, тазарғандай пәк сезімге бөле­ніп, көңілдің шаттық құшағында шо­мыл­ғандай арқаландым.
Осы іспеттес көріністі Төлеген­нің бас-аяғы жұп-жұмыр келген «Қойлы ауылда» деген өлең жолын­дағы:
Бетті аймалап самал леп
Жұртты ұйқыдан оятты.
Домбырадай күмбірлеп,
Қойлы ауылдың таңы атты, –
деген нағыз кейіптеудің, яғни «самал лептің» құдіреті тіріліп кеткендей «дом­­бырадай күмбірлеп» қойлы ауылды оятуы – ақындығы сүйегіне біткен бозбала ақынның ақындық жолдағы тұңғыш қадамының өзі келешекте қайталанбас дарабоз, ақ­иық ақындықтың тұлғасын айшық­тап тұрғандай.
Төлегенді соңғы рет Төле би кө­шесіндегі Үкімет үйі маңында көр­дім. «Еліме барып, мауқымды бір басып, көрген-білгенімді өлеңмен жырлап, оқырмандарымды қуа­ныш­қа бөлермін деген үкілі үмітпен ауыл­ға ұшып баруға қанатым болмай сағыныш сезіміне бөленіп жүрмін, Қош аға», – деп ықыластана қол алысқанда, мен оны соңғы рет көруім екенін сезбеппін де. Тағдыр өз айт­қанын қылды. Амал нешік? Халық санасында мәңгі қалатын рухани құбылыстай заңғар биікке көтерілген, ешкімді де қай­та­ла­майтын, ақын­дықтың дарабоз тұл­пары болып туған Төлеген мәңгі халық санасында қалмақ. Төлегендей ақындық өнердегі дара тұлғаға айнал­ған шә­кіртім барына мақтана­мын!


Сен менің өзімді көрсең…


Төлеген Айбергеновтің жалын жырлары оны тоқталмас өмір сапарындағы әр жолаушыға серік етеді, жанам деген жүрекке от берер асау арман лықсыған Төлеген поэзиясы, біздің дәуіріміздің шындығындай, арыны асау армандарға бастап, болашақпен жалғаса береді. Оған ақынның жырлары куә. Жыр бағасын жүрегімен салмақтар талғамды оқырман куә.
…Әр түрлі гүлзарларымен, даланың самалымен, жусанның иісі, таудың бұлағымен — өзімен-өзі тыныш жатқан қазақ поэзиясының қалғымалы тірлігіне кенет көтерілген мұхиттың жал-жал толқындарындай, ағысты екпінмен әсер еткен Айбергенов поэзиясы қазақ өлеңінің өресін биікке көтерді.
Фариза ОҢҒАРСЫНОВА.Төлеген Айбергеновтің жалын жырлары оны тоқталмас өмір сапарындағы әр жолаушыға серік етеді, жанам деген жүрекке от берер асау арман лықсыған Төлеген поэзиясы, біздің дәуіріміздің шындығындай, арыны асау армандарға бастап, болашақпен жалғаса береді. Оған ақынның жырлары куә. Жыр бағасын жүрегімен салмақтар талғамды оқырман куә.
…Әр түрлі гүлзарларымен, даланың самалымен, жусанның иісі, таудың бұлағымен — өзімен-өзі тыныш жатқан қазақ поэзиясының қалғымалы тірлігіне кенет көтерілген мұхиттың жал-жал толқындарындай, ағысты екпінмен әсер еткен Айбергенов поэзиясы қазақ өлеңінің өресін биікке көтерді.

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА.

ПІКІРЛЕР1
Марат 11.03.2017 | 12:03

Сіздердің берген мақалаларыңыз оқырманға өте керек, бірақ көшіруге болмайтыны өкінішті. Рефератқа маңызды. Жабық еткендеріңіз дұрыс емес деп ойлаймын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір