«Сөз – дария, сөз – ғұмыр, сөз – құдірет»
24.02.2017
1490
0

«Арыс» баспасынан жазушы Әбіш Кекілбаевқа арналған «Сөз – дария, сөз – ғұмыр, сөз – құдірет» атты кітап жарық көрді. Бұл кітапта қазақ әдебиетіне ғана емес, аса дарынды суреткерлігімен әлем әдебиетіне де сүбелі үлес қосқан сөз зергері Әбіш Кекілбаевтың шығармашы­лығының сан саласы қозғалған. Жинақты дайындаушылар «Арыс» баспасының директоры, филология ғылымының докторы Ғарифолла Әнес пен «Әбіш Кекілбайұлы. Энциклопедия» бөлімінің жұмысшы тобы.

Әбіш Кекілбайұлының есімін күл­лі әлемге әйгілеген оның жазушылығы болса, киелі әдебиетке тұңғыш қа­да­мын айшықтаған жиырма үш жасында жарыққа шыққан алғашқы «Алтын шуақ» атты жыр жинағы еді. Жазушы былай дейді: «Мектепте оқып жүрген­нен қолыма қалам алып, жиырма үш жасымда жазушылар ұйымына мүше болып, әдебиетшіге тиесілі ащылы-тұщылы сыбағаның талайының дәмін татып көргенім рас… Халық тағдыры – қашанғы өзекті тақырыбым. Енді оған кең көлемде араласуға мүмкіндік туып отыр. Әрине, тек әдебиетпен ғана шұғылданып та атақ шығаруға болады. Бірақ халқың санатқа қосылмай тұрып өзің санатқа қосылғаннан бәрі­бір ұшпаққа шықпайсың. Сон­дық­тан еліңнің терезесі теңелуі жо­лын­да, қолыңнан не келсе, соның бәрі­нен аянбаған жөн деп білемін».
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында ол әдебиеттің қақпасын ақындықпен аттап, осы қасиетті қақпадан үлкен суреткер болып шықты. Академик Серік Қи­ра­баевтың оны «суреткер» деп бағалауы да сондықтан.
Әбіш Кекілбайұлы «Аңыздың ақыры», «Үркер», «Елең-алаң» романы, сондай-ақ, он повесть, он үш әңгімесі­мен дүние жүзіне танылды. Неміс сыншысы Герберт Кремпиен жазу­шы­ның «Күй» повесі туралы айта келіп: «Кекілбаев өз балладасында филосо­фия­лық тереңдік кілтін ашатын не­гіз­гі баяндау тәсілі мен стильдік мәнер-нақышын да дәл, әрі қапысыз таба білген» деп бағалайды.
Әбіш шығармаларын насихаттаған жинақ жеті бөлімнен: «Поэзия», «Проза», «Драматургия», «Аудармалар», «Пу­блицистика», «Тарихи-танымдық туындылары» мен «Сапарнамалардан» тұрады. Кітаптың әр бөлімінде суреткер шығармашылығы туралы танымал тұлғалардың пікірі мен жазушының отандық және шет тілдерінде жарық көрген кітап мұқабалары әдемі иллюс­трациялармен көмкеріліп берілген.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір