Бақыт кілті неде?
24.02.2017
2227
0

Бақытты болу адамзат баласын қашан да толғандырған. Бақыт туралы ойланбаған адам, қалам тербемеген ақын-жазушы жоқ шығар, сірә! Ең қызығы, сол бақытты әркім әр жерден іздеп әлекке түсіп жатады.

Бірі бақытты баға жетпес бай­лық­тан, бірі денсаулықтан, бірі атақ-даңқтан іздесе, енді бірі от­ба­сы – ошақ қасы, бала-шағадан та­бу­ды жөн көреді.
Өмірде аянбай еңбек етіп, маң­дай термен тапқан бір күндік адал азығын қанағат тұтып, көңілі тоқ, жайбарақат күй кешіп жатқан жандар жетерлік.
Керісінше, күндіз-түні ты­ныш­тығын қорыған қарауылдары бар, зәулім сарайда тұратын ауқат­тылар не ішем, не кием деп басын қатырмайды. Сырт көзге үлде мен бүл­деге оранған бұл көрініс керемет бақыттай көрінеді. Бірақ бақуатты адамның бәрі бірдей ба­қыт­ты бола бермейді. Шынымен де, қал­таңыз ақшаға, қораңыз малға то­лы болса да, қиын сәтте жа­­­­­ныңыз­дан та­былар тірі жан болмаса – оның не керегі бар? Демек, бақыттың кілті байлықта болмағаны ма? Сон­да неде? Көкейде сауал көп, жауап жоқ.
Жақында Мұхтар Әуезов атын­да­ғы қазақ мемлекеттік акаде­мия­лық драма театрында тұсауы кесілген «Ба­қыт кілті» атты драма дәл осы сұ­рақ­қа жауап іздепті. Авторы – жас драматург – Қ.Мұрат. Ре­жиссері – танымал өнер тарланы Е.Обаев. Қоюшы-сурет­шісі – өз ісінің хас шебері М.Сапаров. Актерлік құрам да мық­ты­лығымен көзге түсті.
«Бақыт кілті» – қазіргі қоғам­да­ғы бизнес саласындағы келең­сіз­діктер жайлы баяндайды. Жақ­сылық пен жамандық. Адал­дық пен сатқындық. Жалғандық пен ақиқат. Осы қасиеттердің бар­лығы да спектакльдің өн бойынан та­былған. Қойылым желісінде ба­қыттың кілті махаббат пен дос­тықта, не болмаса сыйластық пен түсіністікте болатын шығар деп болжағанымды жасырмаймын. Бірақ олай емес…
Пьеса бас кейіпкердің көлік апа­тынан көз жұмғаны жайын­дағы ра­дионың xабарламасымен бас­тала­ды. Кейінірек, кәсіпорын бас­­шысының өлім құшқанға дейінгі басынан өткізген шытырман оқиғаларымен жан-жақты өрби түскен.
Сахнаның декорациясы да дра­маның тақырыптық-идеялық негізіне сай сәтті таңдалғандықтан бо­лар, өзіміз де оқиға кейіпкер­лері­мен бірге шахтаға түсіп кет­кен­дей күй кештік. Күңгірт мекен. Ал­тын тәрізді фон. Әрбір эпи­зод­та­ғы жарық пен музыканың үн­десуі. Мұның бәрі де қойылымға ерек­ше бедер беріп тұрды. 3 Д фор­матындағы проекциялардың оқиға желісімен үйлесім табуы әрі экшн детальдарының көрініс табуы кино әлеміне сапар шектіргені сөзсіз. Драманың басты ерекшелігі осы болды деп ойлаймын.
Бас кейіпкер – көпшілікке «Бауыржан Момышұлы» фильмі ар­қы­лы таныс Е. Дайыровтың актер­лік шеберлігіне баға беріп жатудың өзі артық. Оның бастан кешкен оқиғалары жүректі шымырлатып, көзге жас алғызды. Ерлі-зайып­тылар арасындағы өзара диа­лог жанға жылылық сыйлап, ро­ман­тикалық өмірдің бояуын бе­реді. Азат Сейтметовты үнемі жа­ғымды образда көрген­дік­тен бо­лар, басында жағымсыз кейіпкер ретінде қабылдай ал­ма­ғаным рас. Ал ма­фияның мүгедек баласының рөлі шынайы шық­қаны сонша­лық, көзімізге еріксіз жас үйірді. Жал­пы, мұндағы актерлердің қай-қай­сысы болсын өте сәтті таң­дал­ған.
Жас кәсіпкер қара басының қа­мы үшін емес, қазақтың қара ба­ласы үшін еңбек етеді. Алайда, ең сенімді серігім деп жүрген Ер­мектің сатқындығы өмірінің ас­таң-кестеңін шығарды. Оқиға же­лісіне еніп кеткенім соншалық, Ер­мектің образын қойылымның соңына дейін жек көріп отыр­ға­ным­­ды жасырмаймын.
Жолында кездескен барлық қиын­дықтарға қасқая қарсы тұра бі­л­ген кәсіпкердің қарапайым ха­лы­қтың жағдайын жақсарту жо­лын­дағы жасаған игі істері көрер­мен­нің көңілінен орын тапты. «Мақ­сатсыз өмір сүру – нағыз қа­сірет» деп санайтын кейіпкер көп­ші­ліктің ыстық ықыласына бө­лен­ді.
Спектакльде маған қатты ұна­ған фраза: «Қазақ – жалқау емес! Қа­зақтың да қолынан бизнес жа­сау келетіндігін дәлелдеймін!». Бұл күллі қазақ баласының ұраны сияқ­ты көрінді. Сонымен қатар, бас кейіпкердің аузымен айтылған: «Мен Тәуелсіз елдің шындығы­мын. Ал шындыққа ешқашан оқ өтпей­ді» деген сөздер ерекше әсер еткені бар. Бұл жердегі бізге үлкен ой тас­та­ғысы келген драматургтің идеясы жақсы жетті. Демек, «Бақыт кіл­ті – шындықта»…
Пьеса өз елінің мүддесін ой­лаған жастардың өзінің еліне, же­рі­не деген ыстық ықыласы мен із­гі ниеті алға қойған мақсат-мұ­ратына жеткізетіндігін көрерменге көрсеткісі келеді. Сахнада бейнеленген кәсіпкер келбеті көрерменді өзіне баурап алғаны анық.
Қорыта айтқанда, қойылым бір отбасының шынайы өмірде орын алған трагедиясы арқылы бүгінгі күннің түйткілді мәселеле­рін қозғай отырып, қалың жұрт­шы­лыққа терең ой салады.

Нәзира Бұрханова.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір