БОС ҚАЛҒАН КЕҢІСТІК немесе ГАЗЕТ НЕ ҮШІН КЕРЕК?
24.02.2017
5429
1

Әйгілі неміс ойшылы Артур Шопенгауэр «Газет – тарихтың секундтық стрелкасы» деген болатын. Одан бері де үш ғасыр өтіпті. Баспасөздің ел өміріндегі алатын орны жайлы сөз болғанда Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген тоқтамын тағы да бір қайталауға тура келеді. Ал техника қарыштап дамып, индустриялық қоғамнан постиндустриялық дәуірге секіру жолайрығында тұрған елімізде бүгінде газеттің маңызы артты ма, әлде ақпараттық ауқымы жағынан әлемді жаулаған ғаламтор заманында құлдырауға ұшырап бара ма? Әрине, бұл сұрақ кез келген баспасөз қызметкерлерін ойландырған көкейкесті сауалдың алдыңғы легіне шығатыны сөзсіз. 

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дарынан бастап газеттің бо­ла­шағы журналистер қауымының ал­дына үлкен сұрау белгісін қой­ды. Газет тек қана жазуды тарататын құрал емес, сонымен қатар үл­кен бизнес түріне жатады. Ға­лам­дық экономикалық дағдарыс бұл көзқарастың шындық екенін дә­лелдей түсуде. Өйткені, өзін-өзі қаржыландырып, дамудың бі­рың­ғай жолына түсіп алу нарықтық за­манның заңдылығы. Осы тұр­ғыда белгілі тележурналист, ақын Шаһизада Әбдікәрімовтың мына бір сөзі ойға оралады: «БАҚ өн­ді­ріс, инфрақұрылым дамыған кез­де дамиды. Өзгеге тәуелсіздіктен ары­лып, жарнама арқылы өз күнін өзі көре алады. Ал бізде қосымша табыс табу көзі жоқ. Өндіріс орнына барып, сіздің жұмысты көр­се­тіп, жарнамаңызды жасайық десе «жылайды». «Мен мұны мил­лиард­­таған несиеге салып отырған адам­мын. Қазір еркін ақша жоқ. Тап­қан табысымның өзі несиені жа­буға жетпейді» дейді. Ал мұнай ком­паниялары соңғы кезде бірың­ғай билікке жұмыс жасап кетті. Әлеуметтік пакеті не қоғамдық байланысқа бөлінген қаржысы бол­са, бір корпоративтік қорларға аударып тыныш отырады. Сон­дық­тан БАҚ би­лік­тің мемлекеттік тап­сырысына жұмыс жа­сайды. Мем­лекеттен ақпараттандыруға ар­найы қаржы алып, күнін көреді. Ал ақы­сын төлеген­нің әң­гір­таяқ ор­н­ататыны анық. Га­зеттің бәрі «Егемен Қазақсан» не «Хабар» емес. Мемлекет арқылы тиражын 219 мыңға жеткізіп отырған. Бір жа­пырақ, бірақ материалы мықты, ти­ражы 2000-ға әзер жететін, кү­нін әзер көріп отырған басылымдар бар. Олар да амалсыз биліктің бетіне қарайды». Осы сөздерден кейін еліміздегі баспасөздің кейбір түйткілдерін аңғарғандай боламыз. Бұл жерде мәселенің ең үл­ке­ні газеттің тиражы екені сөзсіз. Ти­ражы неғұрлым көп болса – өмір сүруге кепілдік сол. Артқа ай­налып, өткенге бір зер салып кө­релік. Газеттің өткен тарихында ауыз толыра айтатын сөз жетерлік. Әйтсе де біз бір ғана мысалды кел­тіре кетуді парыз санадық. Жазушы Болат Бодаубай журналист Сейдахмет Бердіқұлов туралы жаз­ған көлемді естелігінде мынадай сөздерді келтіреді: «Бә­рімізді газет жұмысына атсалысуға тарт­қан, баулыған, құлшын­дыр­ған, жұ­мылдырған сол кездегі «Ле­­нин­шіл жас» газетінің жап-жас бөлім мең­герушісі, талантты, ал­ғыр жур­налист Сейдахмет Бер­діқұлов аға­мыз болатын. Оның редак­ция­дағы өзі басқаратын бө­лім жанынан штаттан тыс бөлім құруы рес­публика газеттеріндегі, тіпті, мұ­қым Қазақстан баспасөзі тари­хындағы алғашқы тәжірибе еді де­сем, мұның өзі шындыққа қия­нат бола қоймас.
Газетті Шерхан Мұртаза бас­қар­ған, біздер онымен бірлесіп қыз­мет істеген сол жылдарда «Ле­нин­шіл жастың» тиражы әуелдегі 65-70 мыңнан шарықтап өсіп, 245 мың­нан асқан болатын». Бұл өт­кен ғасырдың 60-70 жылдары еді. Осы бір мысалда сол кезеңнің бол­мысы бейнеленген. Бұл жерде га­зет­тің тағдырына бас редактордың әсе­рі қаншалықты маңызды екені кө­рініп тұрғандай. Іскер бас­шы­ның үлгісін көрсеткен Шерхан Мұр­таза өткен ғасырдың орта тұ­сы­нан бастап қызмет еткен жылдарда «Лениншіл жас» (қазіргі «Жа­с Алаш»), «Жұлдыз», «Жалын», «Егемен Қазақстан» сынды ба­сы­лымдардың тиражы қанша­лықты өскені көзіқарақты оқыр­ман­ға бел­­гілі. Елімізде басылып шыға­тын саяси-экономикалық газет­тер­ді атамағанның өзінде қазақ­тың тілі мен әдебиетін ал­ғаш­қылардың бірі болып насихаттаған «Қазақ әдебиеті» газеті өткен ғасырдың орта шенінен бастап тоқ­саныншы жылдарға дейін оқылымы жағы­нан алдыңғы қа­тарда болып келді емес пе? Ана тілін насихаттауды мақсат тұтқан газеттің алғашқы қадамы жайлы ғалым Сейдолла Са­дықов былай дейді: «1932 жылы 26 ақ­панда кеңестік Қазақстанның жазушылары мен аудандық газет редак­торларының тұңғыш рет ба­сын қосқан жиын болды. Онда Қа­зақстанда шығатын баспасөздің жайы талқыланып, қазақ пролетариат ұйымы – Қазақ пролетар жазу­шылар қауымдастығының (Қаз АПП) жұмысын қайта кұру мә­селесі көтерілді. Осы жиында қа­лың жұртқа әдеби басылым қа­жет­тігі алғаш рет сөз болды.
Кейінірек осы мәселемен Сә­кен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейім­бет Майлин, Ғабит Мүсі­ре­пов төртеуі Қазақстанның сол тұс­тағы басшысы Мирзоянға кіре­ді. Оларды Крайкомның үгіт-на­си­хат бөлімін басқаратын Жанайдар Садуақасов алып барған. Тәуе­келшіл төртеудің талап-тіле­гін тыңдап, толымды сөзіне тоқ­та­ған Мирзоян Совнарком бас­ты­ғы Ораз Исаевқа осы мәселемен ай­налысуды тапсырады. Осылайша «Қазақ әдебиетінің» дүниеге келуіне ұлтымыздың ұлылары ұйытқы болған.
Сонау отызыншы жылдардан бері созылып келген қуғын-сүр­гіндер мен жаппай жазалаулардың жарасынан әлі қан тамшылап тұр­ған. Ұлт зиялылары әлі ақталма­ған, олардың есімдерін ауызға алудың өзі қылмыс саналатын. Осы кезең­де «Қазақ әдебиетінің» қайта шығуы халқымыздың мәде­ни өмі­рін­дегі аса елеулі, ғажап құбылыс бол­ды. Ол бірінші санынан бас­тап-ақ өзінің бастағы діттеген ба­­ғыты – ұлттық мәде­ниет­ті кө­теру мәселесін қайта темірқазық етіп алғанын бай­қатты. «Қазақ әде­биетінің» алғашқы санынан бас­тап ана тіліне айрықша көңіл бө­лінді. Мұхтар Әуезов беташар ма­қаласында басылымның алдағы ұлан-ғайыр міндеттерін белгілеп берді». Ғалым осы мақаласында «Қа­зақ әдебиетінің» 1940 жылғы 16 қаңтардағы санында жарық көр­ген «Талқылау мәжілісі» атты ша­ғын мақаласын мысалға келтіре отырып, аталмыш мақаланың Ке­несары бастаған ұлт-азаттық кө­те­рілістің маңызы мен қазақ хал­қының ұлттық қозғалысының кө­шін бастаған көсемі екенін қор­ғап, ақтап жазған мақала бол­ған­дығын үлкен мақтанышпен жазады. Сондай-ақ, ғалым «Қазақ әде­­биетінің» өрлеу кезеңі деп Шер­хан Мұртаза басшылық еткен өт­кен ғасырдың 80-90 жылдар ара­лығы мен газет төрағалығына тәуелсіздік алған жылдардың ба­сындағы қиын-қыстау кезеңде кел­ген Оралхан Бөкейді айрықша атап өтеді. Қазақ әдебиетінің «кер­­бұғысы» атанған жалынды жур­­налист Оралхан Бөкейдің «Қа­зақ әдебиеті» газетінде жария­ла­ған публицистикалық мақа­ла­лары оқырманның ойын дөп бас­қан айшықтылығымен ере­к­ше­­лен­­генін сөз етеді. Бертін келе де атал­­мыш газет әдебиет ай­дынына қан­­шама жас талантты алып кел­­гені ақиқат. Газеттің «Про­за», «Поэ­зия» айдарларында тәуел­сіз­дік­тен кейінгі әр жылдары шық­қан жастардың өлең, әңгі­мелері олар­дың әдебиет әлемінің қақ­па­сына еніп кіруіне жол сілтеп ке­ле­ді. Әйтсе де, адамның санасына сәу­ле түсіріп, оны гуманизмге ба­ғыт­тайтын, сол жолда қызмет етіп ке­ле жатқан әдеби басы­лым­ның та­ра­лымы бүгінде көңіл көн­шіт­пей­тіні өкінішті. Халқы­мыз­дың саны артты дейміз. Ал он бір миллион қазақтың арасынан әде­биет­ке құлақ түріп, қызығатыны аз деп айт­сақ, адам бойындағы ең асыл қа­сиет – гуманизмнің орны немен ауы­сып барады деген ой тумай ма? Өйт­кені, жоғалған бос кеңістіктің орнын міндетті түрде басқа бір құн­дылық жайлайды. Жаңа дәуір адам­дарының өмі­рін­дегі ол құн­дылық бүгінде ғаламтор желісі бо­лып отырғандығы айтылып жүр. Ғаламтор, аты айтып тұрған­дай, техникалық мүмкіндігі орасан зор әлемдік желі. Ғалам­торда із­деген барлық ақпаратыңды таба аласың. Дегенмен, ол рухани құн­дылықтың орнын баса ала ма деген ой туындайды. Бүкіләлемдік кеңіс­тікті жаулаған ғаламтор же­лісін әлем халықтары бірдей пай­да­лануда. Әйтсе де, оның адамға қаншама ғасырдан бері рухани азық беріп келе жатқан кітап, газет-журналдардың орнын баса алмайтынын сол желіні белсенді қолданушылардың өзі айтып жатыр емес пе? Ғаламтор демекші, түр­лі сайттар рейтингісін бақылап отыру үшін әлеуметтік статистиканы жүйелі орынға қойғандығын айт­пай кетуге болмас. Соған қа­рап қай сайттың қанша қол­дану­шы­сы бар екендігін, сондай-ақ олар­дың талап-тілектерін көруге бо­ла­ды. Газеттердің де сайты ашыл­­ды десек те оның оқыр­ман­дарының нақты қанша, қайсысы қай бағыт­қа жақын, қай оқырман қандай ай­дарды оқығанды ұната­тынын нақ­ты айқындап отыратын әлеу­меттік зерттеу жоқ екендігі де газет болашағына әсер етіп отыр­ған түйткілді мәселелердің бірі екені дау­­сыз. Сонда ежелден бері хал­қы­мыздың ауыз әдебиетін сақтап, бізге мұра еткен аманатына адал­ды­ғымыз қайда қалады? Еліміз Еге­мендік алып, дамудың жаңа саты­­сына көтерілген тұста газеттің оқырмандары қайта шарықтаудың орнына сиреп бара жатқаны алаң­датады.
Әлем әдебиеті кеңістігіне көз тік­сек, ағылшындардың «Таймс» газетімен тығыз байланыстағы «The Times Literary Supplement» ап­талық әдеби-сын журналын атау­ға болады. Журналдың оқы­лы­мы жағынан жоғарылығы бұл жур­налдың «Таймс» газетінің сай­­тында жариялануына да байла­нысты болса керек. Әр жылдары атал­мыш журналда Иосиф Бродс­кий мен Орхан Памук сынды бе­дел­ді ақын-жазушылардың шы­ғар­малары жарияланғаннан-ақ жур­налдың әлемдік әдеби орта­дағы орнын байқауға болады. Ал кеңестік кезеңде бір отауда бас қос­қан, ал қазіргі Ресейдің ең бе­делді басылымдарының бірі «Литературная газета» көзіқарақты оқыр­мандарына жақсы таныс.
80-90 жыл аралығында таралымы алты жарым миллионға бір-ақ жет­кен бұл газет бүгінде жүз мың­нан әзер асады. Қарап отырсақ, әлем алақандағыдай болған қазіргі за­манда рухани құндылықтар әр елде өзінше бір бағытта белгісіздеу арнамен ағып бара жатқандай. Әйт­се де, «Литературная газета» тара­лымы жағынан жүз мыңнан ас­қанымен, оның әлемге орыс әде­биетінің сөзін жеткізу жағынан та­ралу көрсеткіші көңіл көншітеді. Аталмыш газет бүгінде Америка, Англия, Израиль сынды мемлекеттерге жетіп отырады. Яғни бұл елдің азаматтары орыс әдебиетінде нендей жаңалық болып жақанын біледі деген сөз. «Қазақ әдебиеті» газетінің бұл жағынан мүмкіндігі айтып отырған орыс басылымымен салыстыруға келмейтіні жасырын емес. Ал бүкіл қазақ тілді ба­сылымдарды алып қарасақ, олар­дың да әлем кеңістігіне шығу жа­ғы ақсап тұрғаны байқалады. Бұған не кедергі болып отырғанын зерттеп, кезек күттірмес осы мә­селенің шешімін табуға атсалысу рухы бар әр азаматқа үлкен жүк­теме. Мәселен, басқа елдерді ата­м­ағанның өзінде қазақтар саны бір жарым миллионға жететін Қы­тай мен бір миллионға таяу қан­дастарымыз өмір сүріп жатқан Өз­бекстан, Ресей сынды мемлекеттерге қазақ тілді басылым­дар­дың жүйелі түрде жетпей жатуы ол елдегі қандастарымыздың өз атажұртымен рухани байланы­сы­ның үзіліп қалуына алып келмей ме деген қауіп туындайды. Қылы­шынан қан тамған кеңес заманында да Мұстафа Шоқай «Яш Түркістан» журналы арқылы түрік тілді қандастардың басын қосуға ты­рысты емес пе? Сол кезде «Яш Түр­кістан» редакциясына келген то­лассыз хаттарды Мұстафа Шо­қайдың өз мақаласына арқау етіп, үлкен мақтанышпен жазғаны бар. Өйткені, баспасөз халықты рухани жағынан байыта отырып, үзі­ліп қалған байланыстарды жал­ғай­тын, сондай-ақ ел мен елдің ара­­сын­дағы достық қарым-қатынасты орнатудың кепілі әрі жаршысы екені сөзсіз. Оны бүгінгі дамыған ға­ламтор желісімен салыстыра ал­маймыз. Себебі, ға­ламторда ұлт­тық немесе этикалық сүзгінің бол­майтыны ақиқат.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жыл­дары біздегі газеттің тағдыры мүл­де басқа арнаға бұрылғаны да жа­сырын емес. Кеңес кезеңінде ас­қақтаудың нағыз үлгісін көр­сет­кен «Қазақ әдебиетінің» тиражы тәуелсіздік алғаннан кейін неге құлдырауға ұшырады деген заңды сұрақ туындайды. Ал қазақ тілін­дегі басқа да саяси-экономикалық, мәдени басылымдардың тира­жы­ның жоғарыдан төменге сырғып ба­ра жатқаны нені білдіреді? Біз­ден басқа халықтарда да газет оқы­лымы төмен бе? Бұл сауал­дарға мамандар не дейді екен?..
Римма ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналис­тика факультетінің доценті, фило­логия ғылымының кандидаты

БАСПАСӨЗ ШЕБЕРХАНАСЫ
Жүсіпбек Аймауытов өзінің көп жылдық журналистік еңбе­гі­нің нәтижесінде байқаған: «Газетке елдің селқос қарауының бір се­бебі: өз мүддесін сөйлейтін, қы­шы­ған жеріне дөп келетін сөз­дер­дің аз басылуынан» екендігін көр­сетті. Демек, көтеріп отырған мә­селесінің жан-жақты шешімін табу үшін терең білім мен аса із­денімпаздықтан туатын ше­бер­лік­ке кейбір журналистеріміз жете алмай барады. Біздің байқай­ты­ны­мыз, шеберлік – адамға тумы­сын­да-ақ сыйға тартылатын дүние емес, керісінше, оның үйренуі, шы­ғармашылық ізденуі нәти­же­сін­де қалыптасатын қасиет. Өйт­кені, адам – еңбекпен адам, еңбек – байлық атасы дейміз. Бұған қоса, шеберлік те бір жағынан адам­ды еңбек қуанышы сезімінен туатын эмоцияға бөлеп, ілгері ұм­тыла беруге шақырып тұрады. Де­мек, шеберлік – шығар­ма­шы­лық­қа жатқан жерінен жинап әке­ліп, қолма-қол арнаулы қа­лып­қа құйып, қорытып ала қоя­тын қорғасын тәрізді нәрсе емес, ой-сана жетпес, қиын асулардан өтетін шексіз өнер.
Жүсіпбек тағы бірде: «Елге ар­налып шығатын газетті ел оқы­ма­са, өйткені жанына жағымды, тісі батарлық сөздер басылмаса, ондай газет бағасын жоймақ: кім көрін­генге қолжаулық, майлық, шылым орауыш, тағы бірдеме болмақ. Бірақ газетшіге кінә қоятын да, қой­майтын да орын бар. Жұрт жаз­баса, ішіндегісін тауып жазатын газетші «тәуіп» емес…», – деп ашық пікір білдіргенін білеміз. Салмақты пікірдің астарында га­зет пен оқырман арасында байланыс болмаса, баспасөздің ха­лық­тық сипатының жойылатындығы кө­рініп тұрған тәрізді. Кезінде «Социа­листік Қазақстан» газе­ті­нің «Жазылған жайдың жаңғы­ры­ғы» атты айдары оқырман хат­та­рының негізінде көтерілген көп­­теген жайттардың оң шешімін табу­ға мұрындық болған еді.
Сондай-ақ, кезінде Сапар Бай­жановтың «Мәдениет және тұр­мыс» (қазіргі «Парасат») жур­на­лының бас редакторы болып тұр­ған 1960 жылдары журналдың ти­ражы 200 мыңға дейін жеткенін бі­леміз. Студенттер басылымның сарғайған бетіндегі материал­дар­дың осы күнге дейін мәнін жой­ма­ғандығына таңданыстарын біл­діре отырып: «Апай, журнал сол замандағы интернет қызметін ат­қарыпты ғой», – деген бірауыз пі­кірлерін білдіріп жатты.
Кезінде Камал Смайылов, Шер­хан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Фа­риза Оңғарсынова, тағы басқа қа­ламгер, журналистер еңбек жо­лын «Лениншіл жас» газетінің әр об­лыстағы меншікті тілшісі қыз­ме­тінен бастағанын білеміз. Өкі­ніш­ке қарай, кеңес заманындағы осы бір өнеге қазір ұмытылып бара жа­тыр. Бүгінгі жас журналистерді га­зет арқылы шыңдау қажет. Журналист өмірде жол табу үшін адам дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дә­лелді шешімдер қабылдай білуге үй­рене отырып, шындықты, дә­лел­ді факторларды іздеуі үшін өзін-өзі дайындап, жол іздеуі керек. Ол үшін болмысына өзі кө­мек­тесіп, қабілетін дамыта отырып, маңызды мақсатқа білімінің, ру­хани күшінің арқасында жетуіне ат­салысу керек. Өз бетінше әдеби шы­ғармашылық бағыттағы жұ­мыс­­тарды саралап, белгілі тақы­рып­қа әңгіме, мақала жазуы керек.
Қошке Кемеңгеров газет оқыр­мандарына арнап айтқан сөз­де­рінде, негізінен «Ел газеті қандай болуы керек?» деген мәселені баса көр­сетеді. Мұндағы ел газеті деге­ні­міз, белгілі бір топтың, таптың, пар­тияның тілі емес немесе са­ла­лық баспасөз емес, жалпыха­лық­тық, қоғамдық баспасөз деген ұғымды білдірсе керек. Сондықтан «га­зетке жазылмайтын сала, кө­терілмейтін тақырып жоқ».
Баспасөзде жарияланатын әр тақырып ұтымды қойылуы керек тә­різ­ді. Қалың оқырман сұра­ны­сын қанағаттандыру – қиынның қиыны. Көптің қырағы көзі мен сергек зердесі еш нәрсені қалта­рыс­­та қалдырмайды. Сәтті тауып қойылған тақырыптың өзі оқыр­ман қызығушылығын тудырып, мақаланы оқуға еріксіз итер­ме­лей­ді. Ал керісінше, бүгінгі сайт­тар­д­ағы «Жаға ұстатты» дейтін бейә­деп жайттарға жетелейтін та­қырыптар баспасөзде де белең алып барады. Кезінде жазушы Мұх­тар Әуезов баспасөзде көтері­ле­тін тақырыптар туралы: «Оқыр­ман… неге қызығады, нені көк­сей­ді, қандай рухы бар? Міне, соған лайықтап жазуы керек» деген.
Кезінде Шерхан мен Камалдың «Еге­мен Қазақстан» газеті арқылы жарты жыл бойы (12 шілде 1996 жыл­дан – 26 желтоқсан 1997 жыл­ға дейін) жазысқан публицис­ти­ка­лық хаттарының өзі үлкен әлеу­мет­тік мәселелерді қозғады.Шер­­­ханның Камалға жазған «Алтын сандықтың кілті кімде?» атты хатында: «Оқулық дегеннен еске түседі. Өзің Журналистер одағын басқарасың. Қолыңда нақты де­ректерің бар шығар, осы біздің қазақ тілінде шығатын басылым­дар­дың бәрі жиналып бір «Кара­ван­ның» тиражына жетер ме екен? Сон­да қалай болады, мектептке оқулық жетпесе, қалың жұрт га­зет-журналдан мақырұм қалса, кі­­тап­тың тиражы бес мың. Бір кез­де ти­ражы 250.000-ға таяған «Жұл­дыз­дың» тиражы қазір төрт мы­ң­нан сәл-ақ асса – халық, әсіресе, жас буын білімді қайдан алады?..» деген сауал тастайды. Бұл сұрақты Камал жауапсыз қал­дырмай былай деп жауап береді: «Караван­ның» тиражына қазақ басылым­дарының бәрі жиналып жетер ме екен деп сұрайсың. Бәрін қос­қанда – қайдам? Бірақ мен бір нақ­ты дерек келтірейін. «Караван» 112 бет болып шығады. Демек, бір нө­мірінен «Қазақ әдебиеті» газе­ті­нің (16 беттен ғой) 8-ін жасауға бо­лады. Ал тиражын алсақ, «Қа­зақ әдебиеті» – 18 мың, «Караван» – 250 мың, сонда көлемін таралымына көбейтсек, «Караванның» бір нөмірінен 80-90 «Қазақ әде­бие­тін» шығарып тұруға болады екен! Амал жоқ, күрсінесің де! Сон­дай қазақ газеті неге жоқ деп күйі­несің. Ол қағаз, сол қаржы бас­қа жақтан емес, осы Қазақстан же­рінен табылып жатқан жоқ па?».
Біз кезінде қаламгер Шерхан Мұр­тазаның журналистік, редак­тор­лық кезеңін әр жылдармен сәй­кестендіріп, ғылыми жүйеге тү­сіруге тырысқан едік. Шерхан басшылық еткен басылымдардың қай-қайсысының болсын таралымы екі есеге өсіп, бүкіл Одақ көле­міне үлгі болғандығымен ерек­ше­лен­ді. Айталық, «Жалын» жур­­на­лы: 1970 жылы – 24 900 дана; 1971 жы­лы – 52 400 дана; 1990 жылы –
12 000 дана болды. Ал «Жұлдыз» жур­­налының таралымына көз жү­гіртсек: 1928 жылы – 1 200 дана; 1965 жылы – 100 000 дана; 1973 жы­лы – 196 600 дана; 1974 жылы – 202 000 дана; 1975 жылы – 211 000 дана; 1977 жылы – 214 000 да­на; 1990 жылы – 19 230 данаға жет­ті. «Қазақ әдебиеті» газетінің де Шерхан Мұртаза редакторлық еткен 1980-1989 жылдары жоғары деңгейде болғандығына көз жет­кі­­­земіз: 1934-1940 жылдары – 2300-5200 дана; 1950-1960 жылдары – 6000-7000 дана; 1980-1984 жыл­дары – 45 000-55 000 дана; 1985-1989 жылдары – 86 226 дана; 1990-1999 жылдары – 7 875 дана. Га­зеттің таралымын көбейту деге­ні­міз – оқырманның рухани сұра­ны­сы мен қажеттілігін өтеу, олар­дың қоғамдық талаптарын орын­­дау болып табылады.
Қазіргі таңда мерзімді және он­лайн басылымдар бір-бірін то­лықтырып отыруы керек. Со­н­дық­тан осы екі форматта бірдей жұ­мыс істей білетін журналистерге деген сұраныс арта түспек. Қа­зірдің өзінде батыста жекелеген БАҚ репортерлері оқиға орнынан немесе баспасөз мәслихаттарынан сайттарға тікелей ақпар береді, ал газеттің қағаз түріндегі нұсқасына арналған сараптамалық материалды редакцияға барған соң дайындайды. Қазір мерзімді басы­лым­дар да, онлайндық ба­сы­лым­дар да қа­жет.
Журналист өмірі – шығар­ма­шылық шеберліктен тұратын күр­делі жүйе. Жалпы, шығармашылық ше­берлікте табиғи дарынның, қа­рым-қабілеттің, білім мен із­де­ніс­тің ауадай қажет екені айналып кел­генде, шеберліктің бастау саласына айналары сөзсіз.
Владимир ПАВЛЕНКО,
Медиа сарапшы, халықаралық «Қолданбалы коммуникацияның шығармашылық шеберханасы» жобасының үйлестірушісі
(Мәскеу)

ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ БАСПАСӨЗ ӘЛЕМІ УАҚЫТАРАЛЫҚТАРДА ҚЫСЫЛЫП ТҰР
Көтеріліп отырған тақырып көп жоспарлы болғандықтан пі­кі­рім осы мақаланы түгел қамтиды деп ойлаймын.
Қысқаша айтар болсам, 2011 жы­­лы Мәскеудегі «Книжный мир» баспасынан басылып шы­қ­қан Андрей Мирошниченконың «Газеттер қашан көз жұмады» деген кітабын еске түсіруді ұсынған бо­лар едім. Осы кітап шыққаннан кейін Ресей мен ТМД елдерінің кә­сіби қоғамдастығында қызу тал­қыланып, автордың пікірімен то­лық келісумен қатар, оны тү­бе­гейлі қабылдай алмаған түрлі ба­ға­лар мен пікірлер туындады. Ес­теріңізде болса, Андрей қоғам­дық мүддедегі БАҚ 3,5 жылға, іс­керлік және көңіл көтерушілік – 10 жылға, қолөнер және маман­дан­дырылғаны – 15 жылға дейін жасайды деген болатын. Әрі қарай ол Ресейдің заманауи іскерлік жур­налистикасының екі бағыты туралы айта келіп, «Ведомости» өзі­нің қағаз нұсқасын 2021 жылы, ал «Ком­мерсант» 2023 жылы жа­ба­тын­дығын мәлімдеген еді. Дәл осы нақты сандарға келгенде оқыр­ман аудиториясының шо­ғыр­лануы МГУ-дың журналистика факультеті «Жаңа медия және ком­муникация теориясы» ка­фед­ра­сының меңгерушісі Иван За­сурскийдің Андрейдің кітабының кейінгі басылымдарының алғы­сө­зіне енген «Журналистика – жаңа үйшігін іздеген ұлу» деген тек­сін жазуына түрткі болды.
Бұл не себепті керек еді? Менің пайымымша, Андрей Мирошниченко кітабының маңызы оның бас­па түріндегі БАҚ-тың бүгіні мен болашағына өзгеріп жатқан ақ­параттық технологиялар, ға­лам­тордың ұдайы дамуы, жаңа ме­диа мен аудиторияның ақ­па­раттық өнімді қолдану ерекшелігі кон­текстінде қарауында жатса керек. Андрей Мирошниченко га­зетке үздіксіз шығып отыратын және ақшаға сатылатын дәстүрлі қа­ғаз басылым ретінде қарайды.
Негізінен, А.Мирошниченко га­зет моделінің «дағдарысы» туралы айтқанда дағдарыс әкелушілер (газет үшін – қағаз), технологиялар (жеткізулер) және кәсіпке (жур­налистика) емес, тиісінше «қа­ғаз» БАҚ өкілдерінің жаңа ме­диалық әрекет бағдарына, жаңа ме­ханизмдер мен өзін-өзі ұйым­дас­тырушылық, сондай-ақ жаңа ақпараттық кеңістік құрыл­ғы­ларын түсінудегі қиындықтарына мән береді. Қазіргі заманғы бас­па­сөз әлемі мынадай уақытара­лық­­тарда қысылып тұр: қағаз БАҚ жойылу­ға бағыт алып бара жатса, ал сандық басылымдар ақша табу­ды әлі үйренбеген.
2017 жылдың 17 ақпанында «Ком­сомольская правда» Баспа үйі 2 млн. дана тиражбен шығатын ап­талық «Телепрограмма» журналын сатады деген ақпарат шықты. Бұл активті сатып алуы мүмкін үміт­кер «Антенна» телегидін шы­ғаратын HearstShkulevMedia компаниясы. «Комсомолканың» бас менеджері әрі бас редакторы Владимир Сунгоркиннің айтуынша басылымның сатылымынан түс­кен қаражат холдингтің басқа да жо­баларын дамытуға жұм­са­ла­ды.
Күні кеше ғана (17 ақпан,
2017 ж.) «Комсомольская правда» «Телепрограмма» журналымен қатар «Экспресс газетаны» да са­туға мүд­делі екендігі туралы ақ­парат пай­да болды. Бұл жерде енді бас­қа­ша картина шығады. Басылым сай­тында апталық «Экспресс га­зе­таның» Ресейде дүйсенбі күн­дері 800 мың тиражбен (Мәскеуде – 200 мың) шығатындығы айтыл­ған. Бір ғана санының елдегі аудиториясы 1,2 млн. оқырманды құрай­­ды.
Владимир Сунгоркин РБК-мен әңгімеде сату туралы шешім «Ком­сомолканың» негізгі өнімі­не» назар аудару мақсатынан туын­­да­ғанын айтады. Егер тура бір жыл бұрын 2016 жылы ақпанда Баспалар үйі «Комсомольская правда­ның» «Советский спорт» газетін «Ура медиа» («1 Mediainvest» бренді бойын­ша жұмыс істейді) ком­па­ния­сына сатқандығын еске түсі­ре­тін болсақ, қызықты картина туын­дайды. РБК-ның айтуынша Бас­палар үйінің кірістері 2015 жы­лы 2014 жылмен салыстырғанда 17%-ға, 3,7 млрд. рублейге дейін тө­мен­деген.
Компанияның ең маңызды ак­тиві – «Комсомольская правда­ның» аудиториясы Ресейде 2,3 млн. оқырманды құраса, ал Мәс­кеу­де жылдық саны 514 мың (тираж 550 мың және қосымша 130 мың). «Комсомольская правда» бас­палар үйінің активтерін сату ту­ралы жаңалығының негі­зінде» Мос­ковский комсомолец» газеті­нің бас редакторы, Мәскеу Журна­листер одағының төрағасы Павел Гусевтің мәлімдемесіне назар ау­даруға тура келеді. П.Гусев­тің пі­кірінше Ресейде дәстүрлі БАҚ-ты қол­дау жүйесінің жоқты­ғы және адам­дарды күштеп интер­нет-орта­дан шығаруы елдің бі­рың­ғай ақ­параттық кеңістігінің бұзылуы­на алып келуі мүмкін. Бұл мәлім­де­ме 15 ақпандағы мер­зімді баспа­сөз­ге жазылу мәселесі қаралған дөң­гелек үстелде жасал­ған еді.
Мәселен, Челябинск облысын­дағы қағаз БАҚ қаржылық күрделі мәселемен соқтығысты. «Роспечать» компаниясы бірнеше ай бұрын сатылған тираждар үшін оларға ақша бөлуді доғарды. Газет алдындағы қарыз күн санап артып келеді. Сондай-ақ, 2016 жылы Ре­сейде баспасөз коммуналды қыз­меттер мен қағаздың құнына бай­ланысты 15%-ға қымбаттауы өте үрейлі тенденция болып отыр.

Нұрлайым БАТЫР.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 16.04.2024 | 02:24

Neat web page, Maintain helpful work. Thank you for your time. Have a look at also my website!

http://yayinmall.com/bbs/board.php?bo_table=free&wr_id=22998 най добрия дерматолог в българия

dd=+

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір