Алғашқы мен соңғының арасы немесе жазушылықтан жоғалуға дейін
24.02.2017
2331
0

 


Біреуге қайғы, біреуге қуаныш болған құбылмалы өмірде пендесінің (жазушының) таңдайына мөлдір сөз құйып, көкірегіне бір уыс талантты меншіктеп берген жалғыз Жаратқанның құдіреті неткен шексіз. Жазмыштың жазуымен қаламгерлікке бой ұрған адам Тәңірден бұйыртқан талантының бір ұшығын ұстап алып әдебиет майданына ой жүгі мен қалам сауытын арқаланып жол тартады. Кейіпкерлер күресі мен сөз көкпарына, яки сезімнің қылын шертер әңгімелер мен әлқиссасы өткен тарихтан бастау алар том-том романдарға толы әдебиеттің нақ формуласын осы күнге дейін ешкім дөп басып айта алмапты. Физика ғылымындағы Ом заңына немесе математикадағы тригонометрияға салуға келмейтін әдебиеттің бір ғана сипаты бар: шексіздік. Ақ қағаздың бетіне ой қазаныңыздан не түсірсеңіз де патша көңіліңіз бен ғазиз жүрегіңіздің қалауы. Тек уақытын бөліп оқыған оқырманның түйсігіне адамдық қасиеттің қылдай сәулесін түсіре алсаңыз болғандай-ақ.
Әдебиеттің аласапыран әле­мін­де жазушылық борышын абы­рой­мен өтеп кеткен сөз сүлей­ле­рінің есімдері бүгінде біреуге та­ныс болса, біреуге таңсық. Қа­лам­гер атаулының қарымы мен қа­білетін, суреткерлігі мен ше­бер­лі­гінің деңгейін анықтайтын өз өл­шемі бар. Ортақол жазушыларды таудың қыран ұшар басына шы­ғарып, қас таланттарды қыр­дың жаяу жағасына қалдыратын өз кеудесінен толқып шыққан туын­дысы. Рухани аштыққа аяқ бас­қан қоғам, күн мен түнді ұр­шық­ша иірген уақыт қаламгердің «тәт­ті тамұғын» әрқашан бағалай бер­мейді. Қандай сұлу сөзбен өріл­ген шығарма болсын сол дәуір­дің халқы, әдеби ортасы һәм уа­қыты назарға алып, сүзгіден өт­кізбеген соң шығарма да, оның ие­сі де кейінгі ұрпаққа беймәлім күйде қала бермек. Иығына жазу­шы­лықтың құсы қонғанын біле тұра әдеби сахнадан өзін таппай аласұрған қаламгердің обалы кімге екенін ойланып көрмеппіз. Мың бір түндік азабын тәрк етіп, қалам-қағаздан қолын алшақ ұс­тауға тырысып, құм даланы кезіп кет­кен жазушылардың араға уа­қыт салып әдебиеттегі өз сүр­леуі­мен аяңдапжүріп бара жатқанын көр­генде оған және оның әдебие­тіне ішіміз жылып қалатындай.
Адам баласының жарық дү­ние­де ешкімге ұқсамайтын өмір сү­ріп, игі һәм ұлы істерге барып, қай арнадан бастау алғаны белгісіз тарих көшінде өз ізін қалдырғысы ке­летіні қалыпты жағдай. Тек, жер бе­тінде аяқ басқан әркімнің бұл ті­легі орындалмайтыны тағы аян. Осы ережені әдебиетке салар бол­сақ, қалам ұстаған әр жазушы та­рих­­та қалуды мақсат тұтпаса да со­ған мүмкіндігі жетіп-ақ тұр. Қа­ламгер есімі мен қолтаңбасын келер ұрпаққа жеткізетін және жазу­шының әдебиетте жүруін құ­қы­лы етер бірден-бір құжаты – біз се­зініп көрмеген азаптан туған шы­ғармасы. Әлем әдебиетінің алыптары ағылшындағы Шекс­пир, француздағы Бальзак, үн­ді­дегі Тагор, орыстағы Толстой есім­­дерінің бүгінгі күнге жаңғыра жетуі сөзімізді растайтындай.
Әлемдік әдебиеттегі үздік клас­­­сиктердің шығармашылық ла­бораториясына үңілсек, әр қа­ламгердің әдеби дебюті («ли­те­ратур­ный дебют») қоғамнан бірден жақ­сы пікір ала алмапты. Мә­се­лен, парасат әлеміне ақын атанып ен­ген Гогольдің алғашқы өлеңдері сын­ға ұшырап, оларды көз көр­мес­тей отқа жаққан қаламгердің «Ре­визорды» жазарына сол уақыт­та ешкім нанбаған еді. Ал А.П.Че­хов­тың ерекше ықыласын ал­ған («Толстойдан ғана қор­қа­мын. Ой­лап қараңызшы, Аннаның қа­раң­ғыда көзінің жарқылын сезіп, көр­генін жазған сол емес пе?!») Л.Толстойдың алғаш жазған «Детство» повесінен оның шебер су­рет­­керлігі және нақ осы қар­қыннан «Война и мир» романының туары бірден байқалғандай. Француз әде­биетіне әлемдік шығар­малар сый­лаған Оноре де Бальзак­тың әде­би дебюті саналатын «Шуаны» та­рихи романы (1829 жыл) айтар­лық­тай сынға ілікпеді. Сәтті қа­дам­ның нәтижесі авторды әдеби үде­ріске жаңаша қалыппен келген «Че­ловеческая комедия» эпопеясына алып келді. Әйгілі «Шал мен теңіз» повесінің авторы Эрнест Хе­мингуэй болса, алғаш рет ертегі жа­зып жазушылық қабілетін шың­­даған екен. Ал түрік әдебие­ті­­нің перзенті Орхан Памук шы­ғар­­машылықтағы қадамын «Джев­дет-бей и сыновья» романымен аттап, соңғы шыққан «Рыжеволосая Женщина» (2016 жыл) кіта­бына дейін біршама повесть-ро­ман­дарға жан бітірді.
Сүбелі сөз бен жүйрік ой жарысында автор мен оның жаз­ған­дарына қатысты кейде әділ, кейде ас­қақ билік айтып, төрелік етер бір ғана күш бар: қоғам мен уақыт. Сіз ұлықтап жүрген қаламгер қауы­мына «жазушысың» деген ен­шіні тапсыратын да, яки теңіз тү­біндегі он шығармасының бі­реуін ғана су бетіне шығаратын да осы «екеу». ХХ ғасырда қазақ әде­биеті қоржынына мол мұра қал­дыр­ған Мұхтар Әуезовті әлем хал­қы (кейде қазақтардың өзі) «Абай жолы» роман-эпопеясымен ғана таниды. Жиырма бір жасында «Еңлік-Кебек» пьесасымен дүйім жұртты дүрліктірген жазушы қаламынан «Қорғансыздың кү­нінен» бастап қаншама көркем туын­дылардың жарық көргені мә­лім. Бірақ кей көзқарастарға сүйен­­сек, Мұхтар Әуезов «Абай жолынан» басқа ештеңе жазбаған ба деп қаламыз. Халыққа Аян об­ра­зымен жақсы таныс Сайын Мұратбеков оқырмандарының «Сайын» дегенде жаңылыспай ай­тар шығармасы – «Жусан иісі» ғана. Балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаев есімін халық жадында жаттат­қыз­ған «Менің атым Қожа» шығар­масы екеніне ешкім дау тудыра алмас, сірә. Көп оқыр­ман біле бер­мейтін автор Баққожа Мұқаи әде­би ортаға көрерге көз, танымасқа сөз қылып «Өмірзая­сын» қалды­рыпты. Ав­тор­дың жылдар бойғы төккен тері мен көрген бейнетінің өтемін бір шығар­ма­сымен өлшеп жүрген оқыр­манның, қала берді қоғамның са­насы саңылау ма деген ой келе­ді.
Қазіргі қазақ әдебиетінің бет-болмысын терезесі жоқ үйге ұқсат­қан­дай боламын. Көңіл аударып, көз жүгіртсеңіз ол үйден «шын» ақын­ды да, жәй ақынды да, «та­лант­­ты» жазушы мен ондай емесін де кезіктіресіз. Дәл бір әдеби ор­даның есігі ашық қалғандай әркім өз кітабын ұстап алып, шыр айналып жүргені біртүрлі ерсі көрінеді екен. Жазушының жазуға деген тү­сінігі, көзқарасы һәм махаббаты өз­герсе, әдебиетте аты жаман төң­керістің болары хақ. Белинский Гогольге жазған хатында былай депті: «Сіз Ресейді ойшыл адам ре­тінде емес, тек суреткер тұрғы­сы­нан ғана терең білесіз» («Вы глу­боко знаете Россию только как художник, а не как мыслящий человек»). Терезесіз үйдің бөтен адамдарға толуы осы ойшылдық қасиеттің жоқтығынан болар. Қа­зір жазушыны «неге жаздың?» не­месе оқырманға «неге оқы­ма­дың?» деп дүрсе қоя алмаймыз: әде­биетте сот жоқ. Әдеби сахнаның та­балдырығын аттап, сөз бен ойға серт берген қаламгер өз арының ал­дында ғана жауапты.
Жазу үстінде отырып, алыстан шыққан естілер-естілмес дауыс­тар­ға көңілім елегізіп, ойым бөлін­ген­дей. Бір адам емес, сөйлеп жат­қан екеу секілді. Құлақ түріп тың­­­дасам…


 

– Үнсіздік…
– Қайда?
– Әдебиетте.
– Неге?
– Оқитын кітап жоқ.
– Толып тұр ғой…
– Олар кітап емес.
– Енді не?
– Бір-біріне қатталған жәй парақтар…
– Оқып көрдің бе?
– Қапалымын.
– Кімге?
– «Жазушымын» деп жүрген­дерге…
– Не үшін?
– Уақытымды алғаны үшін…
– Әлі-ақ табасың.
– Кімді?
– Оқитын кітапты.
– Шаршадым.
– Неден?
– Күтуден…
– …
– Дариға-ай?
– Ау?
– Алып берші…
– Нені?
– Ескі кітаптарымды.


Екеудің әңгімесі


 

Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕН,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері:

– Қаламгердің алғашқы шы­ғар­масына қарап оның болашақта асар биігін болжауға болады. Де­ген­мен, ол үміт қана. Біз үміт еткен жас жазушымызды асыра мақ­­тап, сол биігіне жеткізбей жі­бе­реміз бе деймін кейде…

Еркінгүл СОЛТАНАЕВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті:


–Иә… Әдеби сах­наға жаңадан аяқ басқан жазу­шы­ларға әр тараптан айтылған кез келген сынның, яки көпірме мақ­таудың ықпалы көп тиеді. Жас талантты алыстан танитын көзі қырағы аға буынның бұл жерде ролі ерекше көрінетіндей. Әдебиет әлемінің есігін «Қоңыр күз еді» ат­ты ақжауын жырымен қаққан Қа­лихан Ысқақовқа академик
З.Қаб­долов: «Бұл қоңыр күз емес, шы­бынсыз жаз еді ғой» деп там­са­нып, жылы пікір білдіріп, бо­ла­ша­ғынан зор үміт күткен екен. 1962 жылы жазылған «Жас прозаиктер және жастар образы» атты ма­қаласында Асқар Сүлейменов те Қалихан Ысқақтың осы пове­сіне тоқталып, Қасым образын тал­­дап, оның шынайылығының се­­бебін ашып, жас жазушыға жа­на­шырлықпен ақыл-кеңесін бе­ре­ді. «Өмір алдында алпысты артына тастаған да дебютант жаста. Бі­рақ осының бәрінің ортасында жүрген, ол – азамат. Қасымда бұл жоқ. Қасым бұл жасқа жеткен жоқ. Қ.Ысқақов келесі кітаптарын жазу үстінде (егер доп қуалап кетпесе) ге­ройды осы азамат жасына жет­кізу жағын қарастыруы керек» дей­ді. О.Бөкеевтің де талантын та­нып редакцияға шақырып алған Ш.Мұртазаның көрегендігін бі­ле­міз. «Шерағаның шекпенінен шық­­­қандар» деген тіркес те болжап біле алудың, көрегендіктің, тіп­ті әулиеліктің айғағы болар.
Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕН:
– Тек жазушының ғана емес, кез келген шығармашылық ада­мы­ның тырнақалды туындысы мен соңғы шығармасының ара­сын­­да көп өзгеріс болуы керек деп ой­лаймын. Әсіресе, бұғанасы бе­кіп, буыны қатпаған жас қаламгер мен оның толысқан тұстағы дең­гейін салыстыруға да келмейді емес пе? Авторын ұмытып тұрмын, ше­тел әдебиетінің бір алыбының жазушы болам деген адамның үш сатыдан өтуге тиіс екенін айтатыны бар-ды. Ең алдымен, ол еліктеу са­тысынан өтеді. Яғни үлгі тұтқан жазу­шысына қарап ой түзейді, қа­ламын қайрайды. Тынымсыз ең­бек пен рухани өсудің арқасында екін­ші деңгейге жетіп, қаламгер ре­тінде қалыптасады. Үшінші дең­­гейге жету – ешкімге ұқса­май­тын, өзіне ғана тән қолтаңба қа­лыптастыру бақыты екінің біріне бұйыра бермейтін бақ екен. Оған же­тетіндер некен-саяқ. Алайда, жету­ге талпынған мың-миллион та­лапкер бар. Көбі соның бірінші са­тысында қалып қояды да, бір шо­ғыры ғана екінші сатыға кө­теріле алады дейді жаңағы автор. Рас сөз. Алайда, ешкімнің «толыс­па­ған толстойлар мен шалағай шекс­­­пирлерді» іздеуге құлқы жоқ… Қарапайым мысал, ұлы Абай­­ды алайықшы. Шығыс ақын­­­­да­рына еліктеп, өлең құрас­тырған ба­лаң кездегі Ибраһим мен әбден өмір­дің қызығы мен қиын­дығына қа­нығып, ой қорытқан Құнанбай ба­ласының арасындағы айыр­ма­шы­лықты қалай түсінеміз? Шы­ғар­машылық эволюциясына көз сал­сақ, адам сенгісіз дәрежеде өс­ке­нін байқаймыз. Егер оны қазіргі қолданбалы ғылым сала­ла­рын­да­ғы­дай нақты диаграммамен көр­се­те алу мүмкіндігі болса, біз қан­­дай күй кешер ек?.. Алайда, оған көнетін құбылыс емес қой, сөз өнерінің, эстетика мен фи­ло­со­­фияның, психология мен дін ғы­­лымының тереңіне бойлаған жан­дарға ғана біршама анық көрі­не­тін құбылыс. Оның хроно­ло­гия­­лық негізде құрастырылған жи­­нағын парақтай бастағанда әуес­­қой Абайға қауышып, кітабын тауысқан кезде ойшыл Абаймен қош­тасқандай болатынымыз жа­сы­рын емес.
Кейбір қаламгерлердің ал­ғаш­қы және соңғы шы­ғар­мала­рынан бә­лендей айыр­­ма­шы­лық кө­ре ал­м­ай­мыз дерсіз. Жоғарыда ай­­тыл­­ған бірінші не екінші деңгейдің төңі­регінен ары аса алмаған қа­лам­гер үшін бұл таныс жағдай шы­­ғар, бәлкім. Меніңше, тынымсыз ізденген, қажымай еңбектен­ген кез келген қаламгер үшінші са­­­тыға жете алады. Қазіргі ғы­лым­­да М.Гладуэль ұсынған жаңа теория бар. Оның пікірінше, кез кел­ген салада қара үзіп, топ жарар ма­ман болу үшін адам сол салаға 10 мың сағатын басы бүтін арнауы керек, деген. Тоқтаусыз дамуға, сы­­рына үңіліп, қасиетін тануға та­лап­тануы тиіс. Бұл дегеніңіз күн сайын үш сағат уақыт арнағанда, он жылға созылатын үдеріс. Ол әлемге әйгілі өнер адамдарының өмірін ұзақ жылдар бойы зерттеу арқылы осындай қорытындыға ке­ліпті. Әдебиет те – өнер.
Мұхтар Ма­ғауиннің жақында жариялан­ған «Әбіш екеуіміз» деген эссе-ес­те­лігін оқып отырып осы ойым бе­ки түскендей болды. Өйткені, гүл­ді иіскеген кезде оның «артын­да­­ғы» күректі көр­мей­тініміз се­кіл­ді, екі классик туралы айтқан кез­де де олардың жастық шағын тұ­тастай ізденуге арнағанын қа­пе­рімізде сақтамай­ды екенбіз. Әде­биеттің белгілі бір қалыпқа сыя бермейтінін мойындау керек. Дегенмен, кез келген салада ұш­пақ­қа шығу үшін еңбек­тің орнын жоққа шығаруға болмас, сірә. Ең­бектің құлы болған адамның білім мен өнердің қожасы болатынын ескерсек, еңбекқор қаламгерлердің ал­ғашқы және соңғы шығар­ма­ла­ры­­нан таным­дық, стильдік, идея­лық һәм фор­ма­лық ерекшеліктерді байқауға болады деп ойлаймын.
Еркінгүл СОЛТАНАЕВА:
– Сіз қозғап отырған та­қырып жазушы дүниета­ны­мын­дағы эстетикалық көзқа­рас­тар­дың эволюциясымен байланысты. Л.Толстой: «Осыдан бір жыл бұрын ғана жазылған романым маған жиір­кенішті. Тіпті ақымақтың ісі се­кілді. Кімге керек ол? Не үшін жаз­дым?», – деп толғанады.
Уақыт өткен сайын өз шы­ғар­малары өзіне түкке тұрғысыз болып көрінуі, тіпті әлем әдебиеті клас­­сиктерінің өзінде де басым. Мә­селен, Флобер, Бальзак, Джордж Санд осы қатарда. Уақыт өт­кен сайын қоғамдық қатынастар қа­шан да сол ортаның мүшелеріне ық­пал етеді ғой. Ал қолына қалам ұстаған әрбір қайраткер оның әсе­рінен ада қалмайды. Қоғамға түс­кен әрбір сызат жазушы жүрегі ар­қылы өтеді дейді Вольтер. Жазушы қабілеті тек өзіне ғана тән эс­те­тикалық нәзік иірімдер арқы­лы қоғам дертін сезіне алмақ. Қа­­ламын сойыл еткен қарымды шы­ғарма иелерін де тебірентер, толғантар мәселелер төркіні осыдан тамыр тартатынына көзіміз жет­кендей.
Жазушы стилін талдап, саралау үстінде біз көбіне бүтінді бөл­шектеп, бір тәсілді екіншісінен бө­ліп алып қарастырып жатамыз. Ал шын мәнінде шығарманың өзі көп­теген элементтердің қоспасы ар­қылы тірі ағза ретінде өмір сүре­тін­дей. Ол ерекшелікті танып, же­те түсіну үшін жазушы нысанаға алған қоғамдық, философиялық проблемалармен ұштастыра алып қарастырған жөн.
Қ.Ысқақтың алғашқы «Қоңыр күз еді» шығармасынан бастау алып келген лирикалық тон, өмі­рі­нің соңына қарай жазылған шы­ғармаларында, мәселен, «Беу, ақ­сақ дүниеде» енді дәрменсіз се­кілді. Хикаят проблематикасы – ауылдың қабырға қайыстырып, жүрек сыздатарлық ауыр халі, Алтайдың ну орманының шабылып, жан-жануарының сатылуы, шұ­райлы жерінің тапталып, қа­зынасының тоналуы. Сондықтан қа­ламгер жігермен жаңа стильдің қалыбын соғады. Бұрын-соңды шы­ғармаларында тек қылаң берген дән, енді өсіп-өніп, кең құлаш жаяды. Ол дән – астарлы юмор­дың, са­тираның дәні. Алғашқы шы­ғармадағыдай жеке тұлға мәсе­лесі емес, ұлттық, одан аса жалпы адам­­заттық мәселелерге дейін ұл­ғайтылады. Тіл өзгертілді. Тартыс та үдей түсті. Менің ойымша,
А.Сүлейменовтің айтқан базынасын Қ.Ысқақ «Тұйық» шығар­ма­сын­да орындады. Өзіне айтылған сын­нан нәтиже шығара білген ав­тор және талант пен ізденістің түйіс­кен тұсынан туындаған шы­ғарманы жазған адамның есімі әде­биет әлемінде қалары сөзсіз.
Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕН:
– Ол үшін «бұзып-жарып» кел­ген талант болу керек. Оған қоса «бұзып-жаратын» заманауи мүм­кіндіктерді пайдалану керек. Қа­зақ әдебиетіндегі осы мәселе жайын­­да сөз қозғаған кезде мына­ны ескеру керек сияқты: маркетинг пен менеджментті әдебиетке ара­ластырмай ұлттық сөз өнерінің кө­сегесі көгермейді. Өйткені, әде­биет бұрынғы соқпақпен келе жат­­қан жоқ қой. Оның бүгінгі жолы бұрынғысына әрі ұқсайтын, әрі ұқсамайтын өзгеше жол. Бұрын кітап оқуға баулыса, қазір қай кітапты оқу керек дейтін мәселе алға шықты. Ақпараттық-білім қо­ғамы біздің алдымызға сан-са­лалы, қажетті-қажетсіз дүниелерді ұсынады да, еріксіз таңдау жасауға мәжбүр етеді. Медиа мен жарна­ма­ның құдірет-күшін қаперге іл­месе, кез келген дарынның туындысы аяқасты қалмасына кепіл жоқ. Қазақ қоғамы үшін алдағы уа­қытта аталмыш мәселенің ма­ңыз­дылығы арта түспесе, кемі­мек емес. Пауло Коэльо мен Стивен Кингті оқып алып, Бейім­бет­тің тырнағына да татымайды екен дерміз, бәлкім. Расында да, солай шығар… Қазіргі заман – соққан желдің аңысын аңдысаңыз, кейбір шығармалардың эстетика­лық та­лап-тілектерге, әдебиет ғы­лы­мы­ның шарттарына сай кел­месе де, ба­ғы асып, жаппай оқы­лып жат­қа­нын көресіз. Неге? Өйт­кені, ж­оғарыда аталған қос өнердің – маркетинг пен менедж­менттің игі­лігін көріп, құдіретіне жүгін­ген-дағы… Шетелде мұның бәрін әде­би агенттіктер атқарады. Елі­міз­де оның механизмі енді жасалып жатыр.
ХХІ ғасырға дейін жарнама бас­ты орында тұрмағанмен, бел­гі­лі бір деңгейде оның әсерінің бол­ғанын жоққа шығара алмаймыз. Ал ол міндетті жазушы­лары­мыз­дың өзі атқарды. Қадыр Мырза-Әлі ағамыз қарапайым әрі дәл айт­қан екен. «Алдымен сен абы­рой­ға жұмыс істейсің, сосын абы­рой саған жұмыс істейді», – деп. Менеджментте айтылып жататын жеке бренд қалыптастыру деген ұғымды ашып тұр ғой. Әде­биеттің қор­жынына сапалы шы­ғарма сал­ған қарымды қаламгердің кейде көркемдік қуаты әлсіз, жұтаңдау туынды жазса да қалың оқыр­ма­нын жоғалтып алмауын осыдан аңғарсақ болатындай…
Еркінгүл СОЛТАНАЕВА:
– Әрине, әдеби ортада бір шы­ғар­масымен ғана есімін қалдыру –ол жазушылықты негізгі кәсіп ет­пеумен байланысты болса керек. Әйтпесе, М.Митчелдің «Уне­сен­­ные ветром» атты жалғыз романы әлемнің 38 тіліне аударылып, бірнеше дүркін экранизация­лан­ған ғой. Егер шындап кіріссе, кә­с­іби түрде айналысса, кім біледі? Жалпы шеберлік суатының суалуы оңай емес деп ойлаймын. Қа­зақ әдебиетінде бір туынды, бір жи­нағымен тоқтаған қаламгерлер ретінде С.Смағұловты «Күміс қоңы­рау» жинағымен, С.Ерубаевты «Менің құрдастарым» жина­ғы­мен, Қ.Шаңғытбаевты «Ар» жина­ғы­мен, Р.Райымқұловты «Түйелі адам» повесімен, К.Қазыбаевты «Ыз­ғар» романымен айтуға болады. Енді мұның себептерін қара­с­тырсақ, олардың жазушылықтың соңына түсіп, кәсіп етпеген се­кіл­ді. Бірінің қоғамдық қайрат­кер­­лік, азаматтық қыры басым болса, екіншілері журналистік қызмет жо­лында бар жігерін сарп етті, үшін­шілері аудармашылық жолға түскен жандар болғанын көреміз.
Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕН:
– Қаламгердің міндеті – сурет­кер болу. Өз қоғамын көркем шын­дық аясында таныту. Образбен, көркем оймен жеткізу. Алайда, бұл дегеніңіз ойшылдықтан ада болу керек дегенді білдірмесе ке­рек. Мұхтар Әуезов «Абай жолы» ро­ман-эпопеясын жазған кезде үне­мі өзімен бірге Джон Дрепердің «Еу­ропа ақыл-ойының тарихы» де­ген кітабын алып жүрген деседі. Ол кітапты Абай оқыған, сосын Әуе­зовтің үстелінде тұратын кіта­бы болыпты. Яғни батыс әдебиеті мен мәдениетін терең білген Абай­дың тұлғасын ашып беру үшін заң­ғар Әуезовке Еуропа ақыл-ой та­рихына дендеп енуге тура кел­ді.
Жазушыға ойшыл емессің деп кінә артуға болмайды, меніңше. Айыр­машылығы – бейнелі ойлай­тындығында ғана. Ол да мың сан ойды әбден ашытып, көркем тіл кестесімен оқырманына ұсынады. Қайта ойшылдар жеріне жеткізіп айта алмаған дүниені ақындардың екі ауыз сөзбен анық та қанық етіп жеткізгеніне тарих талай мәрте куә болған. Философтардан ақын­дар­дың мерейі үстем, бәсі жоғары болатыны да содан шығар. Таби­ғат­пен етене жақын күн кешкен­дік­тен бе, қазақтың өзі ойшыл ха­лық. Қазіргі шығармада суретпен бірге соқталы ой болмаса, оқыр­манын қызықтыра қоюы екі­талай. Ойшылдықтың белгілері ав­тордың туындысынан да айқын кө­рініп жатады. Төлен Әбдіковті ой­шыл қаламгер дер едім. Өйт­кені, суреткерлік пен ойшылдықты ұштас­тырып жібереді. «Ақиқатты» алыңыз, оның жалғасындай бол­ған «Парасат майданын» айтайық­шы. Тұнып тұр. Әдеттегі дәстүрлі про­задағыдай қаһармандар әре­кеті арқылы, шиеленіскен оқи­ға­лар желісі арқылы көркемдік жүйе жа­сауға көп тырыспайды. Қайта сол шиеленісті ойлар жетегінде ке­тіп, оқырманын ойландыру ар­қылы тұтас бір көркем әлем жасап бе­реді.
Еркінгүл СОЛТАНАЕВА:
– Әдебиет бұл да таным құра­лы. Ол өмірді көркем образдар ар­қылы танытады. Суреткерлік ше­берлік астарында ылғи ой жата­ды. Әлемді мойындатқан қалам­гер­лердің әдеби туындыларынан өзі философ, өзі психолог, өзі педагог, өзгенің азасы мен қазасын түсіне алатын импатияға ие сезім­тал автор образын көреміз. Бұл ұғым, түсініктердің барлығы су­рет­­кер сөзіне анықтама бола алатындай.
Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕН:
– Әр оқырман өзінше бөлек тұл­ға. Шығарманы әркім әрқалай қа­былдайды. Жазғандарының бә­рі кіл шедевр деген жазушыны өз ба­сым айта алмас едім. Абайдың да бастапқы өлеңдері классикалық туын­дыға қойылатын талаптарға сай емес, себебі. «Өлең сөздің тео­рия­сы» атты монографиясында Абай өлеңдеріндегі кейбір ырғақ­тық бояулардың жұтаңдығын ака­демик Зәки Ахметовтің дәйек­ті дә­лелдермен таратып жазатыны бар-ды. Әрине, бұл Абай тұлғасын төмендетпек емес! Кіл классика жа­затын қаламгердің табылуы оңай­ға соқпайды. Дегенмен, қазақ әде­биетінде соңғы кездері ерекше кө­рініп жүрген бір шоғыр бар. Бә­рін тізбектеу қиын. Мысалы, Ая­гүл Мантаеваның алғашқы жина­ғы – «Жаңбырлы көктеміндегі» әң­гімелердей емес, соңғы кездері жа­зылған «Интуициясынан» көп жаңалықты көрдім. Дархан Бей­сен­бекұлының «Пешенесі» мен Ли­ра Қоныстың «Ертегісін» ерекше айту керек шығар. Қанат Әбіл­қайырдың стилистикасы мықты. «Текес теріс ағады» жинағынан осы­­ны байқадым. Ерболат Әбі­кенұлы­­ның «Министрі» де жазушы әлеуетінің жоғары екенін көр­­сетеді. Өйткені, ол шығармада қыс­қалық та, юмор да, адамзатқа ор­тақ рухани дерт те – көп нәрсе бар.
Еркінгүл СОЛТАНАЕВА:
–Осы тізімді Р.Нұрғалидың «Қа­зақ әдебиетінің алтын ғасыры» жинағына енген барлық авторлармен толықтырар едім. Жалпы, көр­­кемдікке қойылатын кри­те­рий­лер көп қой. Соның ішінде шы­ғармаға философиялық маз­мұн мен астарлы мағына дарытуға, сөз­бен сурет салуға шебер жазу­шы­лар шығармашылығын баға­лай­мын. Қазіргі прозада Н.Дәу­тай­ұлы, А.Алтай, Н.Ораз, Т.Ах­­мет­­жан, Д.Әшімхан, Т.Әсем­құ­лов, Р.Мұқанова, Д.Рамазан, А.Кемелбаевалардың шығар­ма­ла­рын болашақ ұрпақтың кітап сө­ре­сіне қояр едім.
Нұрбол ҚҰДАЙБЕРГЕН:
– Нақты мына туындысымен бо­лашақ ұрпақтың кітап сөресінде тұ­рады деу қисынға келмейтін шы­ғар. Өйткені, ертеңгі күннің оқырманын не қанағат­тан­ды­ра­ты­нын біз білмейміз. Дегенмен, бел­гілі бір өлшемдердің аясында жа­зылған шығарманы ешкім қа­тар­дан қалдырып, бәйгеден алас­тай алмаса керек. Ең алдымен ол шы­ғарма шынайы болсын. Өз за­манының бейнесін бүкпесіз аша білу­ге міндетті. Әлі күнге дейін әде­би ортада ХХІ ғасырдың басты қаһарманы кім болу керек деген сұрақ қойылып жатады. Осындайда ұстазымыз Серік Асылбе­кұлы­ның үнемі айтып жүретін пікірі ес­ке түседі. Оның айтуынша, қа­зір­гі заманда кез келген қазақтың бол­мысын терең ашып беру ар­қы­лы қайталанбас қаһарман жасауға бо­лады. Тек соны шебер ашып бе­ре алатын суреткер табылса бол­ға­ны. Екіншіден, жазушы мәңгілік та­қырыптарға баруы керек деп са­наймын. Толстойдың, Достоев­с­кий­дің шығармаларын тек орыс­қа тие­сілі дей алмаймыз. Олар әлде­қа­шан адамзаттың ортақ игі­лігіне айналып кеткен туындылар. «Құ­діретті комедия» не үшін әлі күнге дейін көп оқылады? Ол да жалпы адамзатқа тән кесірлі ғадеттерді әш­кере етуімен құнды. Осыдан жар­ты ғасыр бұрын керемет әс­петтелген кейбір шығарма­ларды қа­зірде керек қылмаймыз. Себебі де белгілі ғой. Бүгінгі тұрмы­­сы­мыз­бен үйлеспейді. Осылай тіз­бек­теп өлшем қоя беруге болатын да шығар. Меніңше, Ахмет Бай­тұр­сынұлының «Қазақтың бас ақы­ны» деп аталатын Абай жайын­дағы мақаласында айтылатын өл­шем­дер негіз болса, кез келген шы­ғар­ма­ның ғұмыры ұзақ болады. «Не нәр­се жайынан жазса да, Абай тү­бірін, тамырын, ішкі сырын, қа­сие­тін қармай жазады», – деп ай­та­­тын еді ғой ұлт ұстазы. Я бол­­маса, ұлы ақын шығар­ма­шы­лы­ғы туралы айтқан кезде «сөзі аз, мағынасы көп, терең» деп келетін тұстары бар. Ахмет атамыз осы бір ауыз сөзімен-ақ тек Абай әлеміне дендеп еніп отырған жоқ, жазушы болуға қарманған қалам­герлердің қай-қайсысына да стиль­дік құ­быланама, жазу мәне­ріне қатысты үлкен сабақ беріп отырғандай. Кешегі соцреализмге жақсылы-жа­манды пікірлерді ағытамыз. Де­генмен, келер заман­ның ен­ші­сіндегі, алдағы уақыттың үздік шы­ғармалары, меніңше, «сөзі аз, ма­ғынасы көп, терең» шығармалар бо­латын сияқты. Солар тұратын се­кілді болашақ ұрпақтың кітап сө­ресінде…

Маржан ӘБІШ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір