Шаруаға қырсыз, жазуға епті қиялгер
24.02.2017
1993
0

Шәрбану Алманбетова,
Шамшиден Әбдіраманның жары


Шәмшиден Әбдіраман есімі «Қазақ әдебиеті» газеті оқыр­мандарына жақсы таныс. Оның фантастикалық шы­ғарма­ларынан өзге, машани­тануға қосқан үлесі жеке әңгіменің арқауы боларлық дүние. Одан бөлек, Ш.Әбді­раман­ның ғылыми техникалық тер­мин­дерді қазақ тіліне аударуға қосқан үлесі де қомақты деп айтуға болады. Өзінің бастапқы мамандығы тау-кен саласының білгірі ретінде де қазақ тіліндегі бірнеше оқулықтардың авторы. Біздің бүгінгі
кейіпкеріміз – Ш.Әбдіраманның жары Шәрбану Алманбетова.

– Шәмшиден Әбдіраман кезінде Қазақтың кен-металлургия институты деп аталған оқу ордасын кен ин­женері мамандығы бойынша бітір­ген. «Білім және еңбек» журналында ғылым және техника бөлі­мінің жауапты қызметкері болды. Сөйте жүріп, Жезқазған кені­шін­­де инженер, Алжир мемлекетінде ке­ніштің бас инженері қызметтерін атқарды. Тақырып іздеу мен кен іздеуді ұштастыру қияметі қалам­гер­ге де, қиялгерге де қиындық туғызбады ма екен?
– Ағаңның өзі «журналистика бала кезгі арманым», – дейтін. Ұлытаудың перзенті ғой, ол жақ­тың табиғаты мен адамдары жайлы әңгімені бір бастасам, аяқтай алмай қалармын. Сондықтан қыс­қа қайырсам, ағаң мектепті ал­тын медальмен бітіреді. Өзі ар­мандаған оқуға құжат тапсыруға үй жағдайы көтермейді. Ол уақыт­та тау-кен институты студентінің стипендиясы қомақты болатын. Сондықтан тау-кен институтына тапсыруға шешім қабылдаған екен. Әрі дәл сол уақытта Жезқаз­ған кен орны дамып жатқан кезі. Ағаңның тау кен институтын таң­дауына бұл жағдай да әсер етеді.
Шәкең институтта жүрген кез­де де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, қабырға газеттерін шығаруға атсалысып, оған қоса, газет-журналдарға мақалалары шығып жүреді.
Бірде Қ.И.Сәтбаевқа сұхбат алуға барады. Қаныш аға Шәкең­нің жазуына ырза болып, сол уа­қыт­та жаңадан ашылып жатқан «Білім және еңбек» журналына жұмысқа жібереді. Шәкең оқуын аяқтамай жатып-ақ, сол журналда ғылым мен техника бөлімін бас­қарады.
Мен Шәкеңмен 18 жасымда таныстым. Мединституттың 2 курсында ғана оқимын. Шәкең 4 курс студенті. Біз 1959 жылдың көктемінде таныстық та, күзде той жасадық.
Отау құрған соң мен әркез Шәкеңнен бір саты төмен тұрған дұрыс деп шештім. Ол кісі ойшыл, сөзі нық, мәдениеті биік, өте бі­лім­ді еді. Данышпан адамға кез­дес­кенімді отау құрған алғашқы жылдары-ақ ұқтым. Мен ол кісіге ілесе алмайтынымды, есесіне шы­ғармашылықпен алаңсыз айналысуы үшін жағдайын жасау керегін түсіндім. Әрі күйеуін мә­пе­леп ұстау – қазақ әйелдерінің маң­дайына жазылғанын өз үйі­мізде де құлағымызға құйып өстік қой. Әрі ғылым, әрі жазушы, әрі қиялгер адамға жар болу оңай шар­уа емес. Сонда да, қолдан келгенше Шәкеңнің бабын тауып, жағдайын жасадым. Үйдің тізгінін Шәкең ұстады, отбасының ішкі мәселе­лерін екеуіміз бірігіп ше­штік.


Шәкең екі ғылымның тізгінін қатар ұстады. Біз үй болған соң, менің мединституттағы оқуым аяқ­талғанша «Білім және еңбек» журналының «ғылым және білім» бөлімін басқарды. Оқуымды бітірген соң: «Қарайып кетермін. Өз мамандығым бойынша шахтада инженер болып істеймін», – деп Жезқазғанға кеттік. Жезқазғанда шахтада қызмет істеп жүрген же­рінен сол уақытта тәуелсіздігін алған Алжир мемлекетіне тех­ни­калық көмек көрсету үшін бас инженер қылып үш жылға ісса­пар­ға жібереді. Мұндай жауап­кершілік екінің біріне жүктелмейді ғой. Демек, Шәкең өз саласының мықты маманы бола білген жан. Алжирден оралған соң қазір ҚазҰТУ деп аталатын мәртебелі оқу орнына жұмысқа орналас­ты. Шәкең еш уақытта үй шаруашылы­ғы­мен айналысқан адам емес. Тек ғылым, дәріс беру, кітап жазу, қа­зақ студенттеріне оқулық жазу, техникалық терминологиялық сөздік жазумен айналысты. Қо­лы­на ақша да ұстаған емес. Айлығын бірден үйге әкеліп беретін. Бензинге деп алған ақшасының өзі қалтасында илектеліп жүретін. Шаруаға қырсыз болғанымен, ғылымға, жұмысқа, жазуға келгенде жауапкершілігі өте жоғары еді.
– Ш.Әбдіраманның тұңғыш кі­табы 1963 жылы ғылыми-көпші­лік жанрда «Елгезек электр» деген атпен жарық көрсе, «Көрінбес қор­ған» атты тұңғыш фантасти­калық әңгімесі де көп ұзамай жарияланыпты. Бұл қос еңбек оқыр­ман, әдеби қауым тарапынан ба­ға­сын дұрыс алды деуге бола ма?
– Бүгінгі оқырман туралы еш­теңе айта алмаймын. Ал сіз айтып отырған өткен ғасырдың алпысыншы жылдары оқырман кітапты құнығып оқитын. Әрі Шәкеңнің қиялгер ретінде жазған шығар­маларына қайта бір үңіліп көрсең, сол кездің өзінде-ақ бүгінгінің бар ғылыми-техникалық жаңалығын көрегендікпен болжап қойғанын білуге болады.
– Машанитанушы ретінде бір­қатар зерттеу еңбек жазғанын білеміз…
– Шәкең Машанидің шәкірті болды. Шәкірттің ұстаз алдындағы борышын адал атқаруға тырысты. ҚазҰТУ-да Ақжан Машани атын­дағы орталықтың ашылуына түрт­кі болды. Машанидің көптом­дығын даярлауға белсене кірісіп, ғалымның 14 томнан тұратын еңбегінің редакциясын бас­қарды. Оған қоса, А.Машанидің жүз жылдығын туған өлкесінде лайық­ты атап өту үшін де бар күшін салды.
– Қалам иесінің бірталай уа­қы­ты ұстаздыққа бағытталды. Ғы­лыми-танымдық оқулықтары, ғы­лыми-зерттеу жұмыстары туралы жеке әңгімелесек…
– Шәкең Қазақ тау-кен инс­титутында бес жылдан аса уақыт бойы экологиялық мәселе­лер­мен айналысты. Бес жыл бойы арнайы зерттеу жасап, Жез­қазған кен ор­нын­дағы жер асты өңдеу жұмыс­тары кезінде экологиялық жағдай­ды жақ­сарту тақырыбында канди­даттық жұмысын қорғады. Оған қоса, Қазақстандағы Қоңырат, Жайрам кен орындарын зерттеумен де шұғылданды.
Докторлық диссертациясын педагогика ғылымы саласынан «Кәсіби білімнің теориясы мен әдісі» тақырыбында қорғады. Жоғарғы техникалық оқу орындарында қазақ бөлімдерін ашуға атсалысты, инженерлерді мемле­кеттік тілде оқыту кеңесі төраға­сы­ның орынбасары болды.
14 оқу­лық және монографиялар жазды. Бес мың сөзден құралған ағылшын, орыс, қазақша тау-кен терминологиялық тұңғыш сөздік жазған авторларға жетекшілік етті. Тау-кен ісі бойынша техни­ка­лық терминдердің қазақ тіліндегі сөздігін жасады.
Қамқор әке ретінде үйдегі бала­ларға да үлгі болды. Әке тәр­бие­сінің ықпалы сол, балалар осы күні әкелерінің үлгі-өнегесімен бір-бір отбасының тірегі болып отыр. Біз үш баладан, алты немере, бір шөбере сүйдік. Үлкен ұл – Алмас Кувейт елінің елшісі. Екін­ші ұл – Қазаткомпромда инженер. Үшінші перзентіміз, Саямыз қазақтың тағы да бір ғажап ғылым қайраткері Рахманқұл Бердібай­дың отбасына келін болып түсті. Азамат күйеу бала Иордания елін­де елші.
Шәкең сан саланың тізгінін қатар ұстады. Қаламгер, ғалым, қиялгер, педагог, инженер ретінде қай салада қызмет етсе де адал жұмыс істеді. Отбасында жақсы жар, өнегелі әке болды. Сексен жыл­дығын тойлап, төрімізде отырса деген арман бар еді. Ол күнге жете алмай кетті. Алайда, ол кісі­нің жазуға, ғылымға, еңбекке деген құрметін білетіндер сексен жылдық мерейтойында аруағын еске алар деп ой­лаймын. Шәкеңе «Алланың рах­меті, пайғам­бардың шапағаты тисін, пейіште нұры шалқысын» деп алақан жайып тілек тілеймін. Соның өзі жанға медеу.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Қ.Серікқызы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір