Асылбекұлы драмаларының поэтикасы
24.02.2017
2631
0

Бағын проза жанрында сынап, шыңдап көрген, көркемдік шарты қатал, тартысты жанрға үлкен дайындықпен келген драматургтің бірі – Серік Асылбекұлы. Драматургтің ерекшелігі – дәл өз тұсындағы көкейтесті әлеуметтік қайшылықтарды айқын көріп, жан-жақты бейнелейтіндігінде. Әрбір адамның көкейінде сайрап жатқан қоғамымыздың індетіне айнала бастаған проблемаларды тауып, талдап, толғай білсе, әрине, ол шығарма оқырман мен көрерменнің үдесінен шыға алатыны белгілі. «Қазіргі драматургияда әр түрлі шығармашылық ізденіс, барлау жүріп жатыр. Негізінен ұлттық фольклор үлгілерін арқау етіп, еуропалық классикадан үйрене жүріп ер жеткен жанр, қазақ драматургиясындағы бағдар – дәуір адамының, жаңа тұрпатты қаһар­мандардың сан тұлғасын жасау пробле­масы», – деген Р.Нұрғали сөзі осыған сай келеді.

С.Асылбекұлының қай драмасын алсақ та, көтерген мәселесі маңыз­­ды. Автор драмаларында дәуір өзгерісінің адам санасындағы әсері мен көрінісі айрықша жар­қы­рап көрінеді. «Желтоқсан желі» ат­ты алты кейіпкерден ғана тұра­тын, екі бөлімді драмасының да кө­терген жүгі салмақты. Салмақты дей­тініміз – драма оқиғасы Тәуел­сіз Қа­зақ елінің тарихындағы ең бір қа­сіретті, ең бір елеулі күн – 1986 жыл­­дың 18 желтоқсанында өтеді. Жел­тоқсан оқиғасы драма­лық желі болып тартылған. Бір қарағанда, драманың құрылымы «үш бірлік» ережесіне бағынған ХVІІ ғасырдағы классицизм дәс­түрімен жазылған­дай әсер етеді. Оқиғаның өтер ор­ны – Баймырза­ның ғана пәтері, уа­­қыты – бір тәулік ішінде болған оқиғаны су­рет­тейді. Драмадағы оқи­ға бір жерде ғана өтсе көрер­мен­нің назары, ықыласы күшейе тү­седі деген классицистер қағидасын автор алып отырған өмірлік ма­териа­лының ыңғайына, шы­ғар­ма идеясына сәйкестендіріп алғаны бай­қалады. Осы арқылы шығар­ма­ның тұтастығы сақталған. Орталық қаһарманы – өмірден түйгені көп, терең, жан-жақты, отбасының қам­қоршысы, кешегі «халық жауы» Бай­мырза ақсақал. Баймырза алаң­ға шығып, ұлтының бола­ша­ғын ойлағаны үшін жазықты бол­ған, «бұтаға қорғалаған торғайдай» қы­сылған екі жастың өз пәтеріне жасы­рынуға мүмкіндік береді. Бі­рақ «құланның қасынуына мыл­тық­тың басуы дәл келедінің» кері келіп, бұл үйге Тимур Қалдыбаевич ке­леді. Пьеса бастан-аяқ ширыққан тартысқа толы. Әр кейіпкердің ті­лінде қуат, қажыр, жалын бар. Тә­жі­келесу, сөз таластыру, дауласу – драма бола алмайтыны көпке бел­­гілі. Шындығында С.Асыл­бек­ұлы драмаларының сөз саптауы ерек­ше. Түрлі көркемдік әдістерді са­налы түрде пайдалана отырып, биік қаламгерлік мәдениетке қол жет­кізген.
Ал осы аты аталған Тимур Қал­дыбаевичтің өзі екі үлкен проблеманы көтеріп тұр. Біріншісі – өзі де қазақ арасынан шығып, жегі құрт тәрізді өз ұлтының болашағын – жас ұланды, көзінде оты, кеуде­сінде намысы бар асқақтаған асау, шыншыл жүрек Қайсарды милиция мен жазалаушы отрядқа ұстап бе­ре­тін – «көзқамандығы» болса; екін­шісі – интеллигенция өкілдері – ғалымдардың өміріндегі кө­лең­келі тұстары көрініс береді. «Жасанды» емес, қазақтың шынайы та­ри­хын жазбақшы болғаны, ғы­лымға адал болғаны үшін Баймырза 1949-1959 жылдар аралығында он жыл қапасқа қамалып, ары, има­ны тапталып, КСРО жендет­тері­нен зәрезап болса; «жаратылысынан интернационалист, поляктан әйел алып, партияға кірген коммунист» Тимур Қалдыбаевич кеңестік идеологияның саясатына сай келетін тақырыпта диссер­тация қорғап, кандидат, доцент атанады. Бұдан әділдіктің ақ туы қа­зақ ғылымы саласында да еркін жел­біремегені байқалады. Ав­тор­дың позициясы айқын. Ол доцентке «Қазақтың ақ бас сиырларын костромалық әдіспен будандастыру» тақырыбын бекер беріп отырған жоқ. Мағынасы да, астары да тү­сінікті. Интернационализм деген сөзді ұрандатып, ұлт пен ұлтты қо­сып, будандастырудың жара­ты­лыс­тың заңына қайшы келетін дү­ние, қиянат екенін меңзейді автор. Қолдан жасалған буданның кли­матқа бейімделмейтіндігі, тұқым­ның таза күйінде сақталмай дү­бәра болуының залалы О.Бөкей­дің «Атау-кересінде» де нақты айтылғандығын білеміз.
Авторлық позиция Қайсардың сөздері арқылы беріледі. Мұнан драматургтің азат ойы, тұспалды көзқарасы айқын аңғарылады: «енді біздің – жастардың құл болғымыз келмейді. Егер сол үшін де қазақтың құлқын мен мансап үшін мәдениетті құл болуға арланбайтын интеллигенциясы мен бас­шылары бізді ұлтшыл экстремист, сепаратист десе – дей берсін. Мейлі онда салиқалы, сарабдал ин­тернационалистер, халықтар дос­тығының нағыз жанашырлары со­лар-ақ болсын!» деп өткір айтады. Орыс жазушысы Толстой Шекспирді сынағанда оның кейіп­керлер сөзінің өмірдегі жағдайға көп келе бермейтіндігін, пафо­сы­ның көптігін айтқан болатын. Ал Асылбекұлы кейіпкерлерінің сөзі тайға таңба басқандай анық, идеясы айқын.
Қайсар – ерекше образ. Оның қарт емендей қайыспас беріктігін автор шебер суреттеп, оның мінезі мен іс-әрекетін тұтастықта ашып көрсеткен.
С.Асылбекұлының «Рәбиғаның махаббаты» драмасы – екі актілі,
4 суретті, 25 беттен тұратын шағын драма. Драмада басы артық бірде-бір кейіпкер, шашау шыққан сөз жоқ, бас-аяғы жұп-жұмыр дүние. Әке-шешелері ата кәсіпті жал­ғас­тырып, жыл он екі ай телім-телім бо­лып қой соңында жүргенде, бала­ларының да пұшайман болып, тәрбиешілер мен аспаздың қас-қабағына қарап жәутеңдеп жүрген аянышты халі баяндалады. «Қай­рақты» орта мектебінің педаго­ги­калық ұжымы жіберген принципті қателіктерінен жас қыздың өмірі үзіледі. Оған «бейморальдық әре­кеттерге бара алмаймын» деп көл­гірсіген, атына кір келтірмеуді ғана ойлаған мақтаншақ, атаққұмар, мансапқор мұғалім Мадрид кінәлі екенін көзіқарақты оқырман бірден біле қояды. Драмадағы тартысты шымыр етіп тұрған тағы бір кейіп­кер – Роза мұғалім. Роза апай түрі өрт сөндіргендей, шатынай қа­далып сөйлейді. Розаның ұжым­ға, тіпті еден жуушыға дейін жа­ғым­сыз екендігі Жамал апайдың «Мы­нау әлгі көк көз бе шаңқылдап жат­қан? Әйтеуір сол-ақ бүлдіреді де жүреді екен деген сөздерінен бай­қалады. Оның ой-өрісі таяз, ел ба­ласын сеніп тапсыратындай мұ­ға­лім деген атқа да, кәсіпке де лайық еместігі, балаға деген жүрек жылуы жоқ мейірімсіз жан екендігі Қамқаға қарап шаңқылдап «Әнеу­күнгі өшіңді алмақсың ғой» деген сөз­дерінен анық білінеді. Ұжы­мындағы мұғалімдерге ғана емес, оның оқушыларға деген көзқарасы да дұрыс емес. Оларды оқушы деп қарамай, бәрімен жауласып алған. Құдды бір Диккенстің «Оливер Тви­сіндегі» мистер Бамбл мен мис­сис Мэні секілді. Олар да қарны аш­­қандықтан тамақ сұраған баланы «барып тұрған бунтарь, революционер» деп тепкіге алатыны се­кіл­ді, көрген, білгенін айтқан Ай­жанның өзін «Құдайбергенова жай­ды басқаша түсіндіріп кеткен шы­ғар. Бүгінгінің адамынан бәрін кү­туге болады. Қарғадайына дейін іш­терінен бәле-жаланы оқып ту­ған» деп жазғырып, қатты сөгеді. Рәбиғаның хаты қолына түскенде де байғұстың барынша қиналғаны: «қып-қызыл болып кетіпті, сау­сақ­тары дір-дір етеді», «түрі кісі ая­ған­дай: көздері мөлт-мөлт етеді», «шие­дей қып-қызыл боп кеткен» бо­лып жалғаса береді. Бейнебір мек­тептің жүрегі – мұғалімнің ал­дын­да емес, түрме бақылаушы­сы­ның алдында тұрған «халық жауы» се­кілді. Бұл да – мұғалімнің этика­сына жатпайтын әрекет. Ал қызды «тексертеміз» деген сөзінің өзі бал­ғын қыздың намысын таптап, арын қорлағаны деп түсінуден бас­қа лаж жоқ.
Қатыгездігімен қатар ойсыз еке­­нін де оқырман сәт сайын түсі­ніп отырады. Жан алғыш секілді көз­дері ашу отымен жарқырап, ентіге ба­сып мұғалімдер бөлмесіне енген­нен бастап, аса бір парықсыз­дықпен, ке­кесінді үнмен Рәбиға­ның Мадридке жазған хатын жерден жеті қоян тапқандай оқуы, қыз­дың ешкімді кінәламаған соңғы хатын жанталаса тартып алуы, бәрі – бү­кіл әрекеті жаныңды түр­шік­тіреді. Драматургтің ше­берлігі де осында. Ол кейіп­керінің қандай екен­дігін оқырманына сезіндіре, түсін­діре, жирендіре біледі. Роза­ның об­разын сомдауда оған титтей де жа­ны ашыған жоқ, барлық таби­ға­тын жайып салып, ондай болмау қа­жеттігін ұғын­дырды. Драманың тә­рбиелік мәні де осында.
Роза мен Мадрид бойындағы ұқ­састық – екеуінің де өркөкі­рек­тігі, өзімшілдігі. Өзге мұғалімдерді жасына, не тәжірибесіне қарап, үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сый­лай білмейтіндігі. Қазақтың «өзің білме, білгеннің тілін алма» деген жаман қарғысына ұшыраған жандар секілді әсер етеді. Екеуі де құр­дымға қарай кетіп барады, бірақ оны өздері білмейді, білгісі де кел­мейді. Кінәлі болса да мойында­ғысы келмейді, көпке топырақ шашады. Ере­же, талап, заң жүзінде екеуінікі де дұрыс. Мұғалімге ға­шық­тық хат жаз­ған оқушыны жи­на­лысқа салып, мәселесін қарау керек. Кеңес­тік заманда дәл осылай болды. Адам­ның ішкі сезімі, жай күйі, жан айқайы, қала берді оның өзін­дік көзқарасы, «мені», эмоциясы деген нәрсеге мүлде көңіл бө­лін­беді; КСРО деген үлкен темір ма­ши­на тоқтаусыз жүре бер­ді, ал адам­дар сол машинаны тоқ­татпас үшін тетігі болып арасын­да айналып кете берді. Оған мейірім­ділік, се­зім деген қасиеттер мүлде жат. Сон­дықтан бүкіл ауыл, мектеп ұжы­мы болып бір қарғадай қыздың махаббатын қорғай алмады.
Рәбиға ақылды, жаны таза, әде­­би кітаптарды көп оқитын әсер­шіл, елгезек, әділетсіздікке, жаны зор­лыққа көнбейтін, бірақ аяулы се­зімі үшін күресе алмаған қыз. Өзі­не жарасатын еркелігі де бар. Уә­тәйдің жанында Рәбиғаның та­биғаты толық ашылады. Автордың кейіпкерлер характерін танытуда диалогті шебер пайдаланады.
Драматург қоғамдағы әлеу­мет­тік қайшылықтардың сырын ашуға талпыныс жасады, рухы тоқырау жан­дардың кертартпа әрекеттерін әш­кереледі. Әшкерелеп қана қой­ған жоқ, орын алған кесапаттың (тра­гедияның) түп-тамырын ашып көр­сетті. Рәбиға өліміне кінәлі – қоғамдық жүйе дегенді айтты. Қо­ғам туралы автор: «Осы уақытқа дейін біздің өкіметіміз бүткіл қо­ғам­ның тәрбиешілері – мұғалімдер қауымына не материалдық жа­ғы­нан, рухани жағынан мемлекеттік қолдау көрсетті ме? Жоқ, сандаған жылдар бойы бюрократиялық аппарат бізді игілік атаулының бә­рінен кейін ысырып тастады. Олар бізге ұлтымыздың ар-ұжданы, има­ни тәрбиешілері ретінде емес, бар болғаны өздерінің идео­ло­гия­лық қызметшілері ретінде ғана қа­­рады. Сондай жүдеу, көтерем тәр­­биенің біздің Рәбиғаны апатқа же­телемеуі мүмкін емес еді. Жолдастар, біз талқылап отырған өлім – нағыз қазақы өлім, артта қалған осындай қоғамдық құрылыста ғана ұшырасатын қайғылы феномен». Шындығында Рәбиғаның өліміне Роза мен Мадрид қана кінәлі емес, бүкіл мұғалімдер қауымы кінәлі. Бә­ріне қамқор, ақылды көрінетін Қам­қа да ел балаларына жаны ашы­­­ғанымен, «пенсияға дейін әй­теуір бірдеңе қылуды» амалдап жүр­ген жан. Қалаубай да мектеп ди­ректоры міндетін уақытша атқа­рып жүргендіктен жұмысына сел­соқ қарайды (бұл «мына мен жал­­ғыз өзім қайда жетем? Ди­­рек­­торларың болса анау, қысы-жазы ауру, курорт пен больницадан шық­пайды» деген сөздерінен ай­қын аңғарылады). Бар­лығы Роза­ның табиғатын, ба­лаға жайсыз мі­незін білсе де біл­ме­ген­дей, түсін­се де түсінбегендей бо­лады. Әйт­песе оны мектептегі абы­рой бермейтін аса жауапты әрі жұ­мысы бітпейтін қыздар советінің пред­седателі етіп қоя ма?
Автордың ойымен толық ке­лісу­ге болады. Осы тұрғыдан алып қа­рағанда автордың қоғамдық шын­дықтарды бейнелеуде азамат­тық тұрғысы қалыптасқанын бай­қау қиын емес. Рәбиғаның өліміне бү­кіл қоғам, жүйе, жалған идеология кінәлі. Кешегі кеңестік идеоло­гия заманында адами факторға мән берілмей, колхоз, совхоздың бә­рі бір Мәскеуге қызмет етіп, ас­тық беруді бірінші орынға қойды. Таң­ның атысы, кештің батысы, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жү­ріп, үкіметке тонналап астық, егіз­детіп төл береді, жоспарды асы­ра орындайды. Шыққан ұшпағы қай­сы? Өрімдей жас қыздың өмірі үзі­ліп жатқанда ауыл басшы­лары­ның оның себебін біліп, қарай­лауға, көңіл білдіруге уақыттары жоқ, жүре жауап береді («Совхоз директоры мал аралауға жүргелі жатыр екен, «өздерің өткізе берің­дер, ме­нің қолым тимейді»). Ия, олардың қо­лы тимейді, бос емес, адам емес, мал түгел болса, аман болса болды. Сон­да бір емес бірнеше шындық­тың беті өз-өзінен ашылады. Мұға­лім­дер­дің қандай екендігін, тіпті оқу­шыларының ойларынан, бір ғана Уә­тәйдің аузынан шыққан: «Не қыл­ған тасжүрек жансыздар. Ең бол­маса қанішердің [Мадрид] қай жер­де жүргенін де айтпайсыздар! Туһ, қандай қатал жансыздар» деген сөздері береді бағаны.
Отбасылық мәселеге арналған тағы бір пьеса Серік Асылбекұлы­ның «Күзгі романс» пьесасы. Мұнда күйеуінің шеттегі жүрісін біліп қой­ған әйелі шу шығарады. Бірақ мұн­да конфликт негізінен дүние­танымдық тұрғыда жүзеге асы­рылған. Жаңа конфликтілік си­т­уа­ция­ға түскен бір шаңырақ астында бі­рігіп өмір сүріп жатқан екеуі бі­рін-бірі білмейтін адамдар секілді, бір-біріне жаңа қырынан ашылады. Әйелі мен күйеуінің арасын­дағы араздастық бір әйелге бола өрбі­ген­мен, олардың арасында идеялық күрес о бастан жүріп жат­қандай. Әйелі мен күйеуінің ара­сындағы пі­кірталастан әйелі – Назымның қа­зіргі заман нарқымен жүретін ма­териалист, прагматик адам еке­нін, ал күйеуі – Сайлаудың идеалист екенін көруге болады. Әрине, бұл олардың ететін кәсібі­нен де көрінеді. Назым сауда-сат­тық жасаса, Сайлау театр режиссері. Дегенмен, Назымның театрдан кәдім­гідей хабары бар. Конфлик­тілік ситуацияға түскенде, ол осы қырын байқатады. Оны тіпті Сай­лаудың өзі: «…Мен өзім білмей жүр­сем, сен әжептәуір сыншы екенсің ғой. Сені біздің театроведтермен таныстырып қою керек екен өзі» деп таңға­лады. Расымен, Назымның айтып отырған сыны шын болған соң, Сайлаудың шымбайына батып отыр. Назым биік өнерден мақұрым болғанымен, сөздерінің жаны бар. Ол өз сөздерін театртанушы ретінде емес, қара­пайым көрерменнің кө­зімен көріп айтып отыр.
Сайлаудың әйелі Назымнан кетуінің бір себебі – олардың ара­сын­дағы осындай дүниетанымдық тү­сініспеушіліктерден. Ал Сю­зан­наға баруындағы бір себеп – олар­дың таным-түсінік, ой-өріс­те­рі ұқсас. Сюзаннаның үйіне бар­ған кезінде оның бұрынғы күйеуі Әлі­бек келіп қалады. Әрине, прагматик Әлібек үшін Сюзанна да, Сайлау да қияли жандар. Ал шын мә­­нінде олар қандай да бір жоғарғы әділдіктің барына иланатын, жү­ректерінде жақ­сылыққа деген се­нім бар, адам­гершілік құнды­лық­тарды бірінші орынға қоятын, жұмсақ, сондықтан да әлсіз көрі­нетін жандар. Әлібек: «…адалдық, анау-мынау, пәлен-пәштуан деп мораль соғатындардың бәрінің де күшті болғысы келеді. Бі­рақ бойларында күштілерге лайық қайрат жоқ, сонан соң мал­та­сын езіп отырғандары. Жалпы, мо­раль – әлсіздердің, топас қой­лардың қорғаны, солардың шын­дықтан қашып барып паналайтын жұлым-жұлым күркесі» дейді. Әлі­бектің өмір сүру философиясы бойын­ша барлық адамдар екіге бөлінеді. Қасқырлар және қойлар. Адам­дардың алдында екі ғана таң­дау тұрады: не қой болып, жемтік боласың, не қасқыр болып біреуді жейсің. Ол қасқыр болып, біреуді жедім деп жүргенде өзі де оңбай же­лінеді. Өз отбасын екінші әйел үшін деп тастап кеткенде, ол одан он есе қасқыр болып керісінше оны мұзға отырғызып кетіп тұр. Ол Сюзаннаға келіп: «Білесің бе, жоқтан ақша жасауға болады! Өте көп ақша! Біреудің өмір бойы тырбаңдап тапқан-таянғанын мен бір-ақ операциямен түсірем! Естіп тұрмысың, Сюзанна, мен жер бе­тін­дегі ең ұлы өнерді – ақша жасау өнерін үйрендім! Так что бір жыл­­дың ішінде сені үлде мен бүл­деге орап қоймасам» дейді. Яғни Әлібек өмірдің өз алдына тартқан са­бағын әлі де түйсінген жоқ. Сен бәле бол­саң, жолыңа сенен он есе бә­ле адамды жіберемін деген қа­сиетті кітаптарда жазылған киелі сөз­дерді ұмытып кетіп тұр.
Пьесадағы көркем тартыс әуелі адам­дар арасындағы ой қақтығы­сы­нан басталып, көзқарас қарама-қай­шылығына әкеледі, ақыры іс-әре­кет шиеленісіп, Әлібек пен Сай­лау төбелесіп, Сюзанна оларды ажы­ратып, Әлібектің кетіп, Сай­лау­дан Сюзанна үйіңе баруың керек деп өтініп, ақыры өзінің жал­ғыз қалуымен аяқталады.
Шығармада ішкі драматизм те­реңінен көрсетілген. Қарап отыр­­сақ, Әлібек пен Назымның праг­­матикалық, реалистік ойлау қа­білеттері ұқсас, олар Сюзанна мен Сайлауды келемеж етеді, сөйте тұрып неге олар Сюзанна мен Сай­лауға ынтық? Өмір драмасы, ішкі драма деген осы. Жазушы дра­ма­тизм­нің эстетикалық заң­ды­лық­тарын жақсы білгендіктен де өмір­дегі адамдардың тағдырындағы түр­лі уайым-қайғысын сезіндіруді, ұғындыруды мақсат етеді.
Сюзанна қоғамдағы жаны кемтар адамдар туралы, сырттай әдемі бол­ғанымен, іштей саңырау жандар туралы ой қозғайды. Сюзан­на­ның монологынан оның өз жанында да бітіспес арпалыс жүріп жат­­­қаны көрінеді. Ол Сайлаудың жанында қалғанын қалап тұрса да, оның отбасын, әйелін, балаларын ой­лап, оның адамдық парызын ой­лап, бар деп тұр. Ынсап пен ындын ымырасыз тартысқа түскен уақытта, жаны нәзік Сюзанна бойын ынсапқа, парасатқа жең­діріп тұр. Сондықтан да оның образы асқақ. Сюзанна жанының нә­зік­тігін байқататын тағы бір мән­ді деталь – әдемі әуен А.Пуга­чева­ның «Күзгі романс» әні. Сайлау мен Сюзанна арасындағы жа­қын­дықтың да тууына себепші бол­ған осы музыка. Танысуда, қа­рым-қатынастарының өрбуінде, сырласуында, шығарма аяғында бұл әуеннің қайталанып келіп отыруы, оны шығарма лейтмотивіне айналдырады.
Пьеса соңында электротаблода «Бұл сайтан алғыр дүние құрыса, құрып кетсінші, тек онымен бірге музыканың құрып кететіні өкі­ніш­ті» деген Л.Н.Толстой сөзі кел­ті­ріледі. Бұл да кейіпкерлердің өнер­ге, асыл, пәк дүниеге деген аң­сарын көрсетеді. Сондай-ақ, романтик жандарға болысып отырған авторлық позицияны байқатады. Автордың өзі «әлемді әдемілік, ізгілік құтқарады» деген концепцияны ұстанатындығын аңғар­тады.
Енді жоғарыда айтқан­дары­мыз­ды қорытындылайтын болсақ, та­лантты прозашы, драматург
С.Асыл­бекұлы пьесаларының тө­мен­­дегідей поэтикалық ерекшелік­тері айқын аңғарылады: біріншіден, оның пьесалары тек автордың өз көзімен көрген, құлағымен естіген, жан дүниесінен өткізген осы қазіргі заманның шындықтарынан алынып жазылған; екіншіден, бұл шы­­­ғармалардағы персонаждардың характері барынша дараланған, олар тіршілікте қоян-қолтық араласып жүрген таныстарымыз се­кілді өз бейнелеріне ғана тән мінез-құлық­тарымен, іс-әрекеттерімен, жүріс-тұрыс­тарымен көзімізге жылы ұшы­рап қоя береді; үшін­шіден, С.Асылбекұлы драмала­рының тілі барынша халықшыл, онда бұл ха­лықтың сөйлеу тілінің қабат-қабат лексикалық қорының байлықтары мен сан қырлы инто­на­циялық ыр­ғақтарына дейін ай­қын көрінеді және бұл шығарма­лар­да әлемдік клас­сикалық дра­­матургияның биік мәдениеті бар.
Бұндай көркемдік ерекшеліктер оның жоғарыда біз айтқан туынды­ларымен қатар қазіргі күндегі
М.Әуезов атындағы Қазақ акаде­мия­лық драма театрында қойылып жүр­ген, (осы мақаланың көлемі кө­тер­мегендіктен талдауға енбей қалған) өзінің шынайылығымен Алматы көрермендерінің ықы­ла­сына бөленген «Империядағы кеш» драмасына да тән.
Гүлмира Каримова,
РhD докторанты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір