НОРВЕГИЯҒА БАРҒАНДА
24.02.2017
3629
1

Халқының бақытты болашағын аңсап, оған жетудің жолдары туралы ой өрбіткен Сұлтанмахмұт Торайғыров кезінде үлкен көрегендікпен: «Еуропа халқының көп жылда жеткен жеріне біз аз жылда жетеміз. Себебі: олардың даярлап салып қойған жолымен барамыз. Олар секілді жол салуға айналып кешікпейміз. 

Жол салғандағы бейнеттерін біз көрмейміз, адасып айналмаймыз. Неге? Олардың мыңдаған жыл­дар ішінде, жүздеген буын­дарының еңбегімен салулы даяр жолдарынан жүруді ғана білеміз. Егер де қазақ Еуропаның даяр жолдарына түспей, өз беттері, өз алдарына жол жасауын тосып
отырса, Еуропа қатарына кірудің алыстығы сонда болар еді» деген болатын. Және ол осындай «пісулі астай даяр өнерін алумен» Еуропа елдерінің қатарына 35-40 жылда жеткен елдің мысалы ретінде Жапонияны атайды. Ақынның ой тереңдігіне басымызды ие отырып, Қазақстан сияқты жас мемлекет үшін қандай мемлекеттің жолы ол айтқандай «тегіс жұмыла үйренуге» лайық деген сұраққа жауап іздеп көрелік. Біздің ойымызша, ондай елдердің қатарында ең алдымен Скандинавия елдері тұр. Олардан үйренетін нәрселер өте көп. Сол елдердің бірі – Норвегия туралы әңгіме етпекпіз.
Нұрланған Норвегия! Гардермуэн әуежайынан Ослоға жеткізе­тін ұшқыр электр пойызының терезесінен сыртқа көз тастағанда, тілімнің ұшына оралған сөз осы болды. Біз үйренген ұранның тілі­мен айтсақ, Норвегияның нұр­лануы­ның басты ұстанымы – «Бәрі адам үшін!» деуге болатын шығар. Жолаушылар әуежайдан қалаға еш қиындықсыз жете алады, себебі, ыңғайлы орындықтармен жабдық­талған, іші тап-таза электр пойызы белгіленген уақыт кестесінен бір минут те кешікпейді. Біздегідей ұшақтан түскендерді аңдып, «қа­лаға арзан апарамын» деп мазаңды алатын жүргізушілер атымен жоқ. Жақында халықара­лық ынты­мақ­тастық мәселелері бойынша Оңтүс­тік Кореядан келген ғалымдар да қазақтың тарихы, мәдениеті және философиясы бойынша әңгімеміз­дің соңында осы құбылыстың се­бе­бі туралы сұрақ қойғанда, ұялған­­нан жерге кіріп кете жазда­ғанбыз. Бұл мәселе Мәжіліс дең­гейін­де көтерілсе де, әлі ештеңе өзгере қойған жоқ. Әуежайда ғана емес, қалада да баяғы аялдама сайын автобустан шығып айқай салған, музыкасын даңғырлатып, темекісін шеккен, ұялы телефонымен сөйлесіп, халықтың тынышын кетірген жүргізушілер… Шынды­ғын­да, осының бәрі шешуге болатын, еш қиындығы жоқ мәселелер емес пе? Әлемнің озық елдері ұмтылып отырған «ақылды қала­ның» құрамдас бөлігі болып табылатын «Оңай» жүйесі енгізілгенде, өркениетті елдердегідей боламыз енді деп қатты қуанғанымыз есімізде, бірақ оның да біртіндеп қолданыстан шығып бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді.
Әуежайдан Ослоға дейінгі жол­дың бойына бейнебір жасыл кілем жайып тастағандай. Бос жердің бәріне биіктігі шамамен он сантиметрдей шөп егілген және оның кү­тімі мұқият қадағаланатыны бір­ден көзге түседі. Әсем көріністі та­маша­лап отырып, қалаға қалай жеткеніңізді байқамай да қаласыз. Осы жерде Норвегиядағы қоғамдық көлік туралы айта кетейік. Бұл мәселе оларда толық шешілген. Қоғамдық көлік ең бірінші орында, жеке көлік аз, қоғамдық көлік­тің жұмысы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғандықтан, халық жеке көлік сатып алуға онша қы­зық­пайды. Оны жүргізу құқына ие болу да оңай шаруа емес, бірнеше кезеңдерден тұратын емтихандарды тапсыру қиын, талап қатаң болғандықтан ұзаққа созылады және бағасы да қымбат. Сол себепті көлікті кім көрінген айдамайтын­дықтан елде көлік апаты да өте аз. Қоғамның барлық саласындағы сияқты, халық жол жүргені үшін қолма-қол ақшамен емес, элек­-
т­рон­дық карталарымен есеп айырысады. Жол жүру картасы бір айға 708 крона. Бұл сома Еуропа елде­ріндегі ең жоғарылардың бірі, бірақ көрсетілетін қызмет оған толық сай. Елдегі орташа жалақы 40-50 мың крона екенін есепке алсақ, оның екі пайызына да жетпейді. Автобус, трамвай, электр пойыз­дар­­дың кестеде белгіленген уақы­тынан кешіккенін көрмедік. Әрбір аялдамадағы электрондық таблолар сіз күткен көліктің қашан келетінін хабарлап тұрады. Көлік екі минут (!) сайын қатынайды, қаланың сыртына жеткізетін кейбір автобустар ғана 10, 20 минут сайын жүреді және олардың аялдамаларына осы сандар үлкен етіп жазылып қойған. Қабылданған ережелерді халықтың қатаң сақтап, еш қадағалаусыз орындайтыны таңдандырады, яғни адамның же­ке жауапкершілігі өте күшті, тек­серу­­шілер аз, болғанда да олар ең ал­дымен сізге қызмет етуге тырысады. Мысалы, біз елге қайтар кезде әуежайға қатынайтын жүрдек пойыз жолы жөндеуге жабылып, оған автобуспен жету ұсынылды. Формаларын киіп, екі метр сайын тұрған қызметкерлердің біздің билетімізді тексерумен шаруасы болған жоқ, автобусқа қалай баратынымызды көрсетумен болды. Тәртіп бұзып, билетсіз жүру ешкім­нің ойына да келмейді. Мемлекетте бәрі өзінің қамы үшін жасалып жатқандықтан, халық та бұл қам­қор­лыққа өз тарапынан лайық болу­ға ұмтыла ма деп ойладық және заң да қатты.
Ерекше назар аударатын, біз үшін аса маңызды тағы бір сала – балаларды тәрбиелеу және оларға білім беру саласы. Норвегияның кішкентай балалары ең бақытты балалар ма деп қалдық. Соны олардың өздері де сезетін секілді болып көрінді, жылаған баланы байқамайсыз. Сәбидің анасы мемлекеттің ерекше қамқорлы­ғында. Балапан дүние есігін аш­қан­нан соң демалысқа шыққан ана өзінің негізгі жалақысын бір жыл толық алып отырады, тек осы демалыстың он аптасын баланың әкесі де алуы тиіс, яғни мемлекет бала тәрбиесіне әкенің де аралас­қанын қалайды. Біздегі секілді күтуші жалдау, бірнеше жыл сарылып, бала-бақшадан орын күту деген оларда жоқ. Алдын ала өтініш жазып қойсаңыз, балаңызды бір жасқа толған балаңызды мемлекет­тік, жеке немесе коммунадағы (аудандағы) бала-бақшаға беруге болады. Оның қызметкерлері балапанды жақсы тәрбиелейтіндік­тен, анасы алаңдамай, жұмысын жалғастыра береді.
Баланы тәрбиелеуде спортқа ерекше мән беріледі, себебі, елдегі әрбір отбасы спортпен белсенді айналысады. Олар жұмыстарынан (жұмыс негізінен алғанда күндізгі төртте аяқталады) шыққан бойда, киім­дерін ауыстырып, спорт алаң­дарына, парктерге бет алып, денелерін шынықтырады, біздегі сияқты уақытын қалай болса солай бос өткізіп, не болмаса теледидарға телмірмейді. Кең тараған спорт түрлері шаңғы, жеңіл атлетика, велоспорт десек болады. Жазда көк майсаға оранған парктер мен кө­шелер жүгірген адамдарға толы. Басқаны айтпағанда, 1,5-2 жастағы баланың өзі қыста шаңғыға тұрады екен. Ослодағы бос жерлердің бәріне футбол, волейбол, баскетбол алаңдарын орнатып тастаған, оларда ойнау, жаттығу тегін. Еуропаның басқа елдеріндегі сияқ­ты бұл елде де саны көбейген миг­рант­тардың да осы алаңдарды ұната­тынын байқадық, балалары доп теуіп, өздері де соларға қо­сы­лып жүгіріп, мәз. Айта кету керек, Норвегия мигранттарға ерекше жағдай жасап, азық-түлікпен, жұ­мыспен қамтамасыз ету жағынан қолдау көрсетіп отыр. Заң талаптары мүлтіксіз орындалатындықтан, мигранттардың көбі тез арада заң­дастырып, шағын дүкендер ашып алған. Оларға тіл үйрен деп біз­дегідей ешкім жалынбайды, себебі, тілді білмесең, елде өмір сүре ал­май­сың. Сондықтан олар өздерінің тілімен қатар, норвеж және ағыл­шын тілдерін жақсы меңгерген. Елде норвеж тілі үстем, барлық хабарландырулар біздегі сияқты үш тілде емес, бір ғана тілде – нор­веждердің ана тілінде. Үлкен мекемелерге жұмысқа тұру үшін мін­детті түрде норвеж тілінен емтихан тапсырасыз.
Мектептегі сабақтар тамыз айы­ның ортасынан басталып, мау­сым­ның соңына таман аяқталады. Алғашқы апталарда сабақ жоқ, яғни балалардың жазғы демалыс­тан кейін сабаққа бейімделуі ес­керілген. Оқушыларды, әсіресе төменгі сынып оқушыларын кө­ше­де бірден байқайсыз, мектеп олар­дың қауіпсіздігін алдын-ала ойлас­тырып, арнайы күртешелер кигізген. Оқу бағдарламалары мен үй тапсырмалары игеруге жеңіл, ал балаларды қинамау, білімге өз еріктерімен баулу – басты мақсат. Қазақстандық орта білім беру жүйесін де осы бағытта өзгерту жоспарланып отырғаны туралы соңғы хабарлар бізді қуантады. Норвегияның білім беру жүйесін сынаушылар да көп. Бірақ бізге ұнағаны – балалар он үш жылдық мектептен кейін білім алуды жал­ғас­тыруға, жоғары оқу орнына түсу мәселесіне саналы түрде қарайды. Кез келген мамандық бойынша диплом ала салуға ұмтылмай, өзінің жаны қалаған мамандығын таңдайды. Бір жағынан алғанда, бұған себеп – елдегі орташа жала­қы­ның жалпы алғанда барлық мамандықтар үшін бір деңгейде екендігі ме деп ойлаймыз. Яғни жастардың таңдау мүмкіндігі бар, әрбір мамандықтың құрметтеле­ті­нін, жоғары білімсіз де далада қалмайтынын олар жақсы біледі. Соған қарамастан, жоғары білімге ұмтылған студент­тердің саны Норвегияда өте көп.
2003 жылы Болон үдерісіне қо­сылған Норвегия өз елінің ғана емес, басқа елдердің азаматтарының да жоғары білім алуына қамқорлық көрсетіп отыр. «Үшінші елдердің» өкілдеріне арналған арнайы бағ­дар­ламалар бойынша конкурс жария­лап, үміткерлердің үздіктерін өздері әділ таңдап алып (таңдау құқын сол мемлекеттерге берсе, не болатыны белгісіз), тегін оқытады. Ондай елдердің қатарында біздің Қазақстан да бар. PhD бағдарламасы бойынша болашақ ғалымдарды дайындау үкіметтің ерекше назарында. Үздіктердің үздіктерінің қолы жететін докторантурада оқитындар жеті мың доллардан жоғары (кейде 10-12 мың долларға дейін жетеді) шәкіртақы алады. Яғни мемлекеттің болашағы ғы­лым­ның өркендеуіне тікелей байланысты екендігін түсінген үкімет жас ғалымдарды материал­дық қаржыландыруды жақсы жолға қойған.
Норвегия үкіметінің басқа елдерге көмектесу ниетінің бір себебі – олардың өткен тарихында ма деп ойлаймыз. Білетініміздей, қазір 5 млн. астам халқы бар Норвегия ұзақ ғасырлар бойы отар елдердің қатарында болып (бірақ олардың отарлануын біздің отарлануымызбен мүлдем салыстыруға болмайды, тілін, дәстүрлері мен мә­де­ние­тін жоғалтқан жоқ, билік мә­­се­ле­­сіне араласу құқықтары және т.б. сақталды), Даниядан тәуелсіздігіне 1814 жылы, ал Швециядан тәуелсіздігіне 1905 жылы ғана қол жеткізді. Соның өзінде де күні кешеге дейін Еуропа елдерінің арасындағы экономикасы нашар дамыған елдердің бірі болған, басқа елдер оған шекесінен қара­ған, қазақша айтсақ, жетім қыз­дың күйін кешкен Норвегияның көзі осыдан бар-жоғы қырық шақты жыл бұрын ашылды. Ел территориясынан мұнайдың мол көзі табылып, жарқын болашаққа қадам жасалды. Басшылық мұ­найды тістегеннің аузында, ұста­ғанның қолында жібермей, ел игілігіне жұмсауды ең басты мақсат етіп қойды және қазіргі таңда басқа­лар­ға да көмектесуде. Табиғатынан еңбекқор норвеждер осындай жақ­сы өмірге қандай қиын­шылықпен келгенін естері­нен шығармай, жас ұрпақтың есіне де үнемі салып отырады. Мысалы, елде балық­шылардың торынан түсіп қалған балықты жинап алып, отбасын асыраған балаға, күн­көрістің қамымен теңізге кеткен жарын жағада жабыға күткен әйелге, зауыттарда күні-түні еңбек еткен жұмысшыға және тағы басқаларға орнатылған ескерт­кіштер бар. Тұрмыс деңгейі қазіргі заманғы әлем­де ең жоғары мем­лекеттің қа­лыптасуына еңбектері ерекше сің­ген аға буынды ұмытпай, лайық­­ты зейнетақы беріп, тегін медици­налық қызмет көрсетеді, алақан­дарына салып, аялауға тырысады. Мұнайдан түскен табыстың қазіргі таңда төрт пайыздайын ғана жұмсау Норвегияның өз азамат­та­рының ауқатты өміріне де, басқа елдерді қолдауына да жетіп отыр. Айта кететін бір жай, Норвегияның ірі-ірі компанияларында ҚазҰУ, ҚБТУ, КИМЭП және тағы басқа озық оқу орындарының түлектері табысты қызмет атқарып жүр.
Жалпы, еңбек адамы Норвегияда аса зор құрметке ие екенін байқадық. Бір қызығы, оларда да қазақ сияқты табиғат арасында мал бағып, қойдың басын мүжіп, дәл біздегідей қызыл ірімшік қайната­тын шаруалар бар екен. Үкімет оларды қадірлеп, жылдың соңында әрбір ірі қара үшін мың доллар, әрбір ұсақ мал үшін бес жүз доллар шамасында сыйақы төлейді, себебі, үкімет шаруалардың жай­лау­дағы малы табиғаттың көркін ашып, елдің дамуына өз үлестерін қосып отыр деп есептейді. Шаруа қожа­лы­ғында оншақты ірі мал, елу шақты қой-ешкі бар, есептей бе­ріңіз. Жердің иесі – мемлекет, ал пайдалану – тегін, жер ешкімге сатылмайды, Ослоның өзінде де солай. Шаруалар өз өнімдерін қайда өт­кіземін деп те басын қа­тыр­май­ды, бұл іспен мемлекет өзі айналысады және жастар бос уақыттарында шаруа қожалық­та­рына келіп, ерікті түрде қолғабы­сын тигізеді, бір жағынан таза ауада демалады. Доллар демекші, сіздерге түсінікті болу үшін ғана доллармен айтып отырмыз, ал елдегі сауда ай­налымында ұлттық валюта крона ғана жүреді (доллары­ңызды айырбастасаңыз, он пайыз желі­не­сіз) және соңғы мәліметтер бойынша, әлемдік дағдарыс жағда­йында девальвацияға ең аз ұшы­раған (өзіміз байқағандай, мүлдем ұшы­ра­маған дерлік) осы норвеж кронасы екен. Тұрғын үй мәселесі де бұл елде жақсы шешілген. Таң­даған үйіңізді немесе пәтеріңізді жылына екі пайыз кредитке сатып аласыз да, көшіп, тұра бересіз.
Скандинавия елдерінің досты­ғы да адам қызығарлықтай. Оны онша дабыра етпей, Дания, Норвегия, Швеция және Финляндияның туларын үйлердің балкондарына, ғимараттардың сыртына, мекемелер мен сауда орындарына іліп қойып, үнемі еске салып отырады. Жалпы, мемлекет те, халық та өзі мейлінше қарапайым өмір сүруге ұмтылады, ақшаны босқа шашу, жасандылық, жоқты бар етіп көр­сету оларға мүлдем жат. Мысалы, осы жолы Норвегия патшасы мен патшайымының қарапайым ғана суретін Король Сарайының алдында бір мерекеге байланысты ұйым­дастырылған ұлттық көрме­ден көріп, қуанып қалдық. Өткен жолы барғанымызда естелік ретінде сатып алуға еш жерден таба алмай, Даниядан кездейсоқ кездестіргенбіз. Назар аударғаны­мыз, осы суретте патшайымның келбеті әжімдерін жасырмай, табиғи күйінде берілген. Есімізге бет-ауыздары баттасқан бояу, қасы-көздерін адам қорқатындай етіп тартып тастаған, бірінен-бірі аумайтын жап-жас «жұлдыз» қыз­дарымыз түсті…
Әрине, Норвегияның да ішкі әлеуметтік мәселелері жеткілікті. Ғасырлар бойы отарлануы, қатаң табиғат жағдайларында өмір сүруі, жастарының қазір төрт құбыласы тең болуы себепті еріншектікке бой ұра бастауы және тағы басқа құбылыстар қоғам мен ұлттың жалпы бейнесіне әсер етпей қой­майды. Десек те, әлемде экономи­калық және әлеуметтік дамудың жоғары сатысына өз еңбектерімен көтерілген нұрлан­ған Норвегиядан біздің үйренеріміз көп және осындай елдің қатарына жетуге қажетті шарттардың бәрі бізде бар.

Гүлжиһан Нұрышева,
философия ғылымының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ Философия кафедрасының меңгерушісі

ПІКІРЛЕР1
Арман Сүйінәлиев 24.02.2017 | 14:55

Өте пайымды да пайдалы мақала екен, толықтай қосыламын. Скандинавия елдерінің әділетті қоғам құрудағы жетістіктерінен үлгі алып қажетімізге жаратар тұстар өте көп. Осы орайда ертеректе еңбек министрілігінің басшыларының бірі ағамыздың Швецияға ресми сапармен барғанда швед еңбек министрінің есік пен төрдей лимузині болмай, жәй ғана таксимен күтіп алып, шығарып салғанын естіп таң қалғаным есіме түсіп отыр. Оқыған жанға орамды ойларымен ой түйгізер мақала жазған авторға раxмет!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір