Жүйрікте де жүйрік бар…
24.02.2017
1833
0

Қай халықтың да талай-тағдырында спорттың алар орны ерекше. Қазіргі таңда шүкіршілік, еліміз тәуелсіздік алғалы біраз азаматтарымыз спорттың сан түрлі саласынан, басқа атақтарды былай қойғанда, Олимпиада чемпионы атанып, елі мен халқының мерейін өсіру үстінде. Ал ол кезде, сонау өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарының аралығында қазақ атты қабырғалы жұрттың Әбілсейіт Айханов, Әбдісалан Нұрмаханов, Әмин Тұяқов, Ғұсман Қосановтан өзге спортшыларын сырт тұрмақ, Кеңес Одағының өзінде жақсы біле бермейтін. Өйткені, сол заманғы саны артық, билігі үстем жұрттың талайы өздерінің қай бәйгеде де, қай салада да айдарынан жел есіп тұруы заңды деп білетін. Сол «заңдылықты» жақсы игергендердің, тіптен осы есімдері айтылып отырған жампоздарымыздың өзіне дегендегі пейілдері мен мейірімдері кемшін түсіп жататындары да құпия емес-ті. Бірақ сол бір КСРО әлемді өзінің қас-қабағына қарауға мәжбүр етіп тұрған заманда да спорттың тізгінін ұстағандар Әмин мен Ғұсманды алып елдің жеңіл атлетика құрамасының сапында ұстауға мүдделі болды. Өйткені, дәл сол тұста, бүкіл Кеңестер еліндегі 100, 200 метрлік қашықтыққа жүгіретін іріктеліп шыққан желаяқтар сапындағы бұлардың жер тарпыған тұлпардай екпіндері ерекше алабөтен болатын. Сол қос жүйріктің бірі – Әмин Тұяқов бүгінде 80 жастың сеңгіріне көтеріліп отыр.

Егер даңқты жүйрік, халықаралық жа­рыс­­тардың жеңімпазы, КСРО-ға еңбек сі­ңір­ген спорт шебері, Кеңес Одағының бірнеше дүр­кін чемпионы һәм рекордшысы Әмин Тұя­қов­тың спорттағы өмір жолы туралы жазылған ма­териалдардың басын құрастырып, жинар бол­са, сөз жоқ, екі-үш көлемді кітапты құра­ған болар еді. Ондай жағдайда көрнекті жазушы Маршал Әбдіхалықовтың «Желаяқ бала», бел­гілі спорт қайраткері, майталман журналист Жүсіп Хисымовтың «Әмин» атты деректі по­вестерінен бастап қазақ, орыс, сондай-ақ, қа­­зіргі мерейтой иесі қатынасқан халық­ара­лық ­­жарыстардың өткен тұсынан берілген спорт­­тық репортаждарды бейне­лейтін ағыл­шын, неміс, француз, қытай, корей, чех, поляк, вен­гер, румын, въетнам, т.б тілдердегі әр­­­түрлі көңіл-күй, әр алуан ас­пектідегі мә­лі­мет­терді көріп оқырман қауым, сонау бір жыл­дары құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өте шыққан небір салиқалы спорт­тық додалардың сәу­лесіне жанарын суарып, талай жанкүйер­лер­дің жанын тебіренткен жайлардың қосал­қы куәгер­леріндей күйге шомар еді. Өйткені, 17 жасқа дейін спорт жаттықтырушысы немесе арнайы дайындалатын спорт залдары де­ген ұғымнан мүлдем хабарсыз бозбала жі­гіттің 31 жасқа дейінгі спорт деген бәйгенің шабандозы емес, шапқан аттай жүйрігі болып өмір кешкен жанкешті тірлігі кім кімді де бейжай қалдыра алмасы ақиқат.
1961-1968 жылдары жеңіл атлетика бойын­ша КСРО құрама командасының мүшесі бол­ған ол 1962-1968 жылдар ішінде 100, 200 метр­де жеке, 100 метрлік қашықтыққа 4 кісі бо­лып (4х100) жүгіретін эстафеталық жарыстар­дан КСРО-ның рекордшысы, чемпионы (жеңім­пазы), жүлдегері болып 11 алтын медаль,
3 кү­міс, 4 қола медальді жеңіп алған. 1965 жыл­­ғы Ослодағы, Будапештегі, 1967жылғы Стог­кольм­дегі Еуропа чемпионаты мен Кубогының жүл­дегері болған. 1961-1968 жылдар ішінде КСРО-АҚШ, КСРО-Англия, КСРО-Франция мемлекеттері арасында жыл аралатып өтетін «Алыптар жарысында» («Матч гигантов») 1-2 орындарды иеленген жеңімпаз болса, 1962-1967 жылдардағы ағайынды Знаменскийлерді еске түсіру мақсатында КСРО-да өткізілген ха­лықаралық жарыстың 100, 200 метрлік қашықтыққа жүгіруден бірнеше дүркін чемпионы, 1962-1967 ж. антифашистер-чехосло­ва­­киялық Рощитский, польшалық Кусатчинс­кий құр­метіне арналып өткізілген ха­­­­­лық­­аралық жарыстардың жеңімпазы.
Ол 1963-1968 жылдардағы КСРО, Қытай, Солтүстік Корея, Моңғолия, Чехословакия, Польша, ГДР, Венгрия, Румыния, Болгария, Въет­нам секілді достық елдері әскерлерінің ара­сында жыл аралатып өтетін халықаралық жа­рыстардың бірнеше дүркін жүлдегері, кеңес әс­керлері біріншілігі, Москва қаласы бірін­шілігінің чемпионы, 1964 жылғы Токио олимпиадасына қатынасқан спорт ардагері.
Әмин ағамыздың да спорттағы өмір жолы үнемі сәтті бола бермеген. Солардың ішіндегі өзінің де, оның әріптестерінің де үлкен өкі­нішпен еске алатыны – 1964 жылғы Токио олим­пиадасының жайы. Сол жылғы жазғы са­лым Киевте өткен 100, 200 метрліктегі жа­рыс­та ешкімге дес бермеген оны КСРО құра­мының бапкері Бартенов Токиодағы төрт адам болып жарысатын эстафетадан сырт қал­дырған. Бұл жайды Әбекең Қыдырбек Рыс­бек атты белгілі журналист інісіне айтқан интервьюінде: «Менің орныма бұрын мұндай дуға түспеген Борис Санчук жүгірді. Ғұсман­ның өзгелерден оқ бойы озық бұрын жеткізген таяқшасын қолынан түсіріп алып жерге қа­рат­қаны. Ол ес жиғанша, үш-төрт жүйрік ал­дына түсіп кетті. Сол мезетте ішім удай ашы­ды. Көзіме жас үйірілді. Кейін жігіттер: «Әмин жүгіргенде Олимпиада алтынын алар едік деп талай рет бармақ шайнады. Өкін­геннен не пайда?!
Міне, осындай жайларды көріп, естіп, сезіп жүр­ген ел азаматтары да, Әбекеңнің өзі де шір­кін бапкерлер қарамағындағы спортшы шә­кіртіне әманда адал болса ғой деп армандайды. Бұл ретте ол өзінің алғашқы бапкері (тренері) атыраулық – Анджелика Михайловна Куликова мен кейінгі Москвалық – КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, 200 метр қа­шықтыққа жүгіруден 1965 жылы Әминнің өзі жаңартқанға дейінгі КСРО-ның рекорд­шы­сы, чемпионы Борис Семенович Токаревті ерекше құрметтейді. Ал өзі республика құ­рама командасының бас жаттықтырушысы болған кезде Қазақстанның жеңіл атлетикасы елеулі жетістіктерге жетті. 1993 жылы Фи­ли­п­­­пиннің Ма­нила қаласында өткен Азия бірін­шілігінде ол бастап барған 13 спорт­шының тоғызы биік­­тікке секіруден, ке­дер­гімен жүгіруден, ұзын­дық­қа секіруден, үш рет секірістен, 20 ша­қырымға желе аяңдаудан 3 алтын, 3 күміс,
3 қола медальды жеңіп алды, осындай жоғарғы көрсеткіштен соң респуб­лика жеңіл атлетикасы Маниладағы Бүкіл­азиялық жеңіл атлетика ассоцациясына қабылданды. Сиднейде өткен 2000 жылғы олимпиадада Ольга Шишигина чемпион болды.
Ол туралы «Халық қаһарманы», КСРО ха­лық артисі, Нұрғиса Тілендиев ағасы: «дү­ние­ні дүр сілкіндірген Кеңес империясы к­е­зінде құрамаға кірген Тұяқовты мақтаудың ке­регі жоқ, ел боп мақтанатын саңлақ – ол», – десе, өзінің жарыс жолындағы серігі Эдвин Озолин: Әминді туғызған халық бақытты ғой. Алыс ауылда туып, олимпиадаға дейін жету тек аса талантты туған ұлдың маң­-
да­­йы­на жа­зылатын тағдыр. Қатарымызда Қосанов пен Тұяқов бар кезде біз ешкімнен жеңілмей­тіні­мізге сенімді болатынбыз! – деп ағынан жарылады.
Қазақстанның халық жазушысы, ұлы қа­ламгер Әбіш Кекілбаев: «Әмин Тұяқовтар үл­кен спортта жүргенде ол кездегі қоғамдық би­лік спортшылардың бағын байлады. Әбіл­сейіт Айханов, Әмин Тұяқов, Әбдісалан Нұр­махановтар сол саясаттың құрбаны бол­ды» деп, Токио олимпиадасы, т.б. жайларды мең­зей отырып, жалпы қазақ спортының саң­лақ­тарының тағдырынан хабар береді.
Әмин Елемесұлының туған халқына деген ізеттілігін, досқа деген адалдығын Қа­ра­тай Тұрысов сынды кезінде спорт министрі бол­ған, бүгінгі таңдағы мерейтой иесінің же­ке басына үлкен қолдау көрсеткен мемлекет және қоғам қайраткері:
– Қазаққа Әмин мен Ғұсманды берген Құ­­­дайға шүкір. Қазақ халқын әлемге алғаш та­ныстырғандар солар ғой. Әсіресе, Әмин ғажап жігіт. Тұңғыш рет тойын өткізіп жат­сақ, көзіне жас алып: «Әттең, тірі болса, бұл Ғұс­манның тойы еді ғой», – деп жүрегімді ауырт­ты, – дейді.
Әрбір дара дарын, асқақ тұлғалар секілді Әмин Елемесұлының азаматтық болмысы да, мі­незі де ерекше. Ең алдымен ол – шыншыл.
Сол шындықты айтамын деп жүріп, спорт жо­лындағы кейбір басшыларына жақпағанын да, сондай кісілердің адам тағдырына де­ген­дегі немқұрайдылығынан Ғұсман Қосанов, Ша­миль Серіков секілді серіктестерінің өмір­ден ерте озғандарын да жасырмайды.
– Егер мен сонау бозбала кезімде алғашқы жат­­­тықтырушым Анджелика Михаиловна Ку­ликоваға жолықпасам, бүгінгі ел таныған спортшы Әмин қалпыма жетпеген болар едім, – деп те ағынан жарылады. Бұл табиғаты батыл, адал адамның айтатын сөзі ме?
Иә, дәл солай!
Өзі өмір кешкен өңірдің қырқыншы-елуін­ші жылдарындағы тірлігін баяндағанда, та­банын темір тікенге жырдыртып, қозы-лақ қайы­рып, өзінен үш-төрт жас үлкен ересек ба­лалармен жарысып, екі-үш метрлік әдейі қа­зылып қойған шұңқырлардан секірем деп жү­ріп, ішіне жаңбыр суы жиналған біреуіне құ­лап түскенін, бастауыш сыныптарда оқып жүр­генде мектепке сегіз-он шақырым қа­шық­тықтан жаяу қатынағандарын айтады.
Әбекеңнің жаны тебіреніп әңгімелейтін ада­мы өзінің туған әжесі – Мақпал. Ол сол заман­ның деңгейінде хат танитын сауатты, жі­герлі адам. Әбекең сол әжесінен әріптерді ерте танып, мектепке барғанша батырлық жырларды елге оқып беретіндей деңгейде болған. Ал әжесі – өте қайратты, қуаты мол адам. Колхоз басқарған. 1939 жылғы алғашқы шақырылған аудандық кеңестің депутаты болған. Сол құжаттарды Әбекең күні бүгінге дейін өзімен бірге сақтап келеді. Сақтай да бермек.
Туған анасының аты – Жәнияш. Әкесі – Еле­мес дейтін ақсақал 1945 жылы соғыстан аяғынан жараланып, елге аман келгеннен кейін біраз уақ фермада бастық болып, артынан жылқышы болып, сиыр бағып, кейін түйе баққан. Жақсы аңшы болған.
Бала тәрбиесіне аса қатал, еліне беделді болған. Ал әкесінің інісі Едіге (бұл кісіні Әбе­кең «тәтем» деп еске алады) соғысқа дейін де, соғыстан кейін де мектепте мұғалім болған. Жайдары мінезді осы ағасының үйінде Әбе­кең біраз жыл жатып оқыған. Аман-есен со­ғыстан орал­ған екеуінің мінездері екі түрлі.
Әмин Елемесұлы «әжесінің баласы» болып өскеннен кейін, оның бала кезінде біраз еркелігі болған. Сол еркелікті қойдыртам дей­тін ниетпен Елекең «әже баласына» қо­лына түссе, ептеп қолын батыратын болған. Оны әжесі көріп қалса, әрине, немересін құт­қарады. Бірақ қайран әжесі үнемі немересінің жанынан табыла бере ме?
Әмин ағайдың сабаққа деген қабілеті өте жақсы болған. Атақты Торғай Шоңқаловтың ал­дынан сыныпта қалып қоймай, аман өткен мек­теп түлегі ол кезде есеп оқулары мол жо­ғары оқу орындарына түсетін болған. Біздің кейіпкеріміздің де Атыраудың физика-ма­те­матика факультетіне түсіп, оны жақсы бітір­гендігі де сондықтан. Кейін үлкен спортпен қоштасқаннан кейін өз мамандығы бойынша ғылымға барсам ба деп ойланған тұстары болған.
Әбекеңнің өз мамандығына адалдығынан өзге бір ерекшелігі – ол әдебиетті өте қадірлей­тін азамат. Ол: «жалпы мен әдебиетті, әсіресе, қазақ газет-журналдарын көп оқитын адаммын», – дей отырып, әдебиеттегі майталман жазу­шылардың талайларының аты-жөнін ғана емес, шығармаларына да қатардағы зер­делі оқырман ретінде талдау жасайтын да тұс­тары бар. Әсіресе, ол Сейдахмет Бердіқұлов, Әбдісаттар Бөлдекбаев, Шерхан Мұртаза сынды бір кездегі «Лениншіл жастың» қай­рат­ты қалам иелерінің жазған шығарма­лары мен спортшы қауымы туралы айтқан лебіз­дерін қатты қастерлейді.
Ол қазақ спортына, оның ішінде өзіне ерекше қамқорлық көрсеткен Қаркен Ахметов, Октябрь Жарылғапов секілді ел азаматтары туралы сөйлегенде ерекше тебіреніп кетеді. Ал олардың Әмин Елемесұлы мен Ғұсман Қосанов туралы тебіреністері тіптен ғажап болғанын ел аңыз қылып айтады.
Кейінгі кезде Ақтауда чемпионның
70 жыл­дығы атап өтіліп, жыл аралатып «Әми­ниада» мерекесі өтілуде. Солардан хабардар жур­налист-тілші інілері Әбекеңе деген құр­меттің бастауы қай кезден басталғанын біл­мек болыпты. Сонда ол бір мырс етіп алып, бә­рі де уақытына, елдің мүмкіндігіне, сосын ел тізгінін ұстаған адамдарға байланысты еке­нін айта келіп:
– Әр түрлі жағдайлар бола береді ғой. Ер­теректе чемпион болып, Токио олимпиадасынан кейін елге келіп, ауылға, қарттарыма бару­ға көлік таба алмаған бір тұсым болды. Че­моданымды сүйретіп водовозбен жеттім. Бі­рақ содан ештеңем кеткен жоқ. Оған бола жа­суға бола ма? Дегенмен, бұл да ойлантатын мә­селелердің бірі. Сол кездерде бізді бала ке­зі­мізден білетін кейбір адамдарға «Әмин – чем­пион болды, КСРО-ның рекордшысы де­се:
– Е, әлгі түйешінің баласы ма? Ә, дұрыс, азамат екен ғой», – дейтін. Мәселе, спортта бол­сын, өнер мен әдебиетте болсын жоғары жетістіктерге жететін азаматтардың ең басты парызы – ел үшін қызмет ету ғой. Қазіргі біздің жеңіл атлетика мен өзге спорт сала­сындағы азаматтар мен солардан кейінгі ел намысын қорғайтындардың тағдырына ел болып қолғабыс жасауымыздың керектігі – басты мәселе деп білемін. Бірақ ауыл спортына көңіл бөлмей, шалғайдағы қазақ бала­ларының спорттың қай түрінен де толағай табыстарға жетуі қиын. Әсіресе, жеңіл атлети­када. Өйткені, жеңіл атлетиканың аты жеңіл болғанмен, жолы ауыр.
Әмин ағаны Тұманбай Молдағалиев сынды ағаларынан бастап, біраз ақын жырға қос­ты. Солардың қатарында мен де бар болатынмын. Сол кездегі «Асқақтық пен Биіктік» деп аталатын жырымның сөздері төмендегідей еді:
Тұңғиық көк, көпті көрген қара жер,
Бағзы кезден бастау алған тіршілік…
Есті дүние, есейген ел, кемел ер,
Кешкен өмір асқақтыққа құлшынып.

Биік таулар тақиясы құз тастан,
Жөңкілген бұлт көкте күнмен сырласқан;
Бірде жаңбыр, бірде қарды түкірген –
Асқақтықтың шын көкесі нұрлы аспан.

Бір мөңкісе білмейтұғын қайтуды,
Алып мұхит цунамилы, тайфунды…
Бұл да сондай асқақтық пен биіктік
Өлшемі жоқ өрлік және айтулы…

Төңірекке, құдірет көкке ой тастап,
Қанша ұрпақ өрге ұмтылған алмасты?
Ерлер өтті, жүйрік өтті ойқастап,
Қуантатын алыс-жақын қандасты!

Сол жүйріктер тұлпар шабыс, от табан,
Бұл өмірді сұлу еткен, мәнді еткен…
Олар өтті. Бірақ, соны мақтаған,
Кейінгіге аңыз бенен ән жеткен.

Сондай аңыз жүйріктердің бірі боп
Өмір сүрдің, Әмин аға, мақтанам.
Сенің қазір жүргеніңе тірі боп,
Халқың болып, елің болып, шаттанам!
Шынында да бүгінгі таңда 80-ге келіп отыр­­ған Әмин аға Елемесұлы Тұяқов – спорт дей­тін елді елеңдететін талай додалы жарыс­тарда биіктіктерге көтеріліп, асқақтыққа ұм­тылып өткен, қазақ деген халықтың еңсе­сін кө­теруге барынша қызмет еткен ел пер­зенті. Ең­сесі жоғары ел азаматы, армаңыз!

Жұмат Тілепов,
филология ғылымының докторы, профессор.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір