Гүлжауһар Сейітжан
Тағы да бір талантты әріптесімізден айырылдық. 70 жасқа қараған шағында белгілі ақын Гүлжауһар Сейітжан өмірден озды.
Гүлжауһар Сейітжан 1947 жылы 24 қазанда Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келген. 1954 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Орта мектепті Семей облысының Таскескен селосында үздік аяқтаған. 1971 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін тәмамдаған.
1971-1990 жылдары Ақтау қалалық теледидарында редактор, облыстық газетте бөлім меңгерушісі болған. 1990-1999 жылдары «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы, Маңғыстау облыстық әкімшілігінде кеңсе меңгерушісі, ақпарат басқармасында бөлім бастығы болып жұмыс істеген.
Алғашқы өлеңдер жинағы «Тұңғыш» деген атпен жарық көрген. Одан кейін «Ақерке», «Үміт жағалауы», «Жолайрық», «Гүлайым», «Маңғыстауым — ғұмырымның арнасы», «Жаңаөзен оттары», «Маңғыстау мұнайшылары», «Жер ана перзенттері», «Жүректегі жазулар», «Ана жырлары», «Сағыныш саздары» атты кітаптары жарық көрген. Маңғыстау өңіріне кең тараған ондаған әндердің сөзін жазған. Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арналған мерекелік дипломмен марапатталған.
Қазақ әдебиетінен өзіндік өлең өрнегімен орнын алған әріптесіміздің жарқын бейнесі оқырман қауымның жүрегінде ұзақ сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты.
Есімің есімізден ұмытылмайды
Біз Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне 1966 жылы түскен едік. Ол кезде бұл факультетке бүкіл республикамыздан небәрі 25 бала қабылданатын. Соған орай еліміздің түкпір-түкпірінен түлек қабылдау қатаң сақталушы еді.
Қызық болғанда әлгі оқуға қабылданғандардың бәрі шетінен ақын болып шықты. Бірақ оқу бітіргенде солардың ішінен ұлдардан Шөмішбай Сариев, ал қыздардан Гүлжауһар Сейітжанова ғана поэзияға адалдықтарын сақтап қалды. Өлеңі де, өзі де нәзік, сыпайы да сергек Гүлжауһар бұрынғы Семей облысындағы аңыздар мен абыздар елі деп аталатын Аягөз ауданынан еді. Соңынан білгеніміздей, оның ағасы Зуфар да ақын екен. Бір үйден екі бірдей ақынның шығуы сирек кездесетін құбылыс.
Еліміздің солтүстік-шығысында туып-өскен Аягөздің аруы оқуды бітірген соң батыстың азаматы, ол да өзімізбен бірге оқыған Жоламанмен бас құрап, Ақтауға аттанып кете барды. Сонда олардың бұл қуанышына ортақтасып, қимастықпен шығарып салғанымыз әлі есімізде.
Гүлжауһар сол тұста жаңадан ашылған Маңғыстаудың облыстық газетінде жемісті қызмет атқара жүріп, өлең жинақтарын да әлсін-әлі шығарып жатты. Оның сыртында жергілікті жас таланттарға қамқорлық таныта білді. Облыстық әкімшілік, ақпарат басқармасында қызмет істеген жылдарда, Ақтау қалалық «Қазақ тілі» қоғамына жетекшілік еткен кезінде қазақ тілінің шын мәнісінде жанашыры болып, іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру, қазақ мектептері мен балабақшаларының ашылуына қызу атсалысты. Ал жолдасы Жоламан болса, аудандық, облыстық басылымдарға, облыстық телерадио комитетіне басшылық жасады. Ел газеті «Егеменнің» ұзақ жылдар бойы Маңғыстау облысы бойынша тілшісі болды. Курстасымыздың кейінгі біраз жылдар бойы төсек тартып ауырып жатып қалғанына қарамастан қолынан қаламының түспегеніне, Жолекең екеуінің бастарына түскен қиындықты өзара түсіністікпен көтере білгендеріне риза болушы едік.
Қадірлі Жолеке, өткеннің иман байлығын берсін, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! Ал өзіңізге ұрпақ қызығын көруге Алла нәсіп етсін!
Бірге оқыған курстастары: Жақау Дәуренбеков, Сұлтанәлі Балғабаев, Шөмішбай Сариев, Смағұл Елубаев, Жеңіс Шыныбеков, Дәулет Сейсенұлы.
ПІКІРЛЕР2