Саны аз ұлт нені ескеру керек?
17.02.2017
1533
0

Түсіну мен сүю секілді психологиялық, діни һәм пәлсафалық ұғым-түсініктерді ұлтқа қатыстыра айтсақ, оның жалпы мән-мағынасы өзгере қоймайтын шығар-ау дегенге тоқтадық. «Адамды тану, адамды түсінудің өзі түптеп келгенде, Ғаламды ашумен тең!..». Грек софистерінен бастап Орта ғасырдағы Шығыс ойшылдарына дейінгі аралықтағы Уақыт өз қолымен тұрғызған алтын көпір осы ойға жетелеген еді. Жетелеген және де жетектей келе мына Біз тіршілік кешіп жүрген XXI ғасырға дейін келді. Келешекте де, яғни Заманақыр орнағанға дейін зерттеу, зерделеу, тереңдеу, теңесу, саралау, ұғыну, анықтау, табу, түсіну, үңілу сияқты етістіктер өзінің негізгі қызметін (функциясын) атқара беретініне сеніміміз мол. Ұмытып кетіппін, тағы бір етістік бар екен… Оның ныспысы – Сүю. Құдайды сүю, Табиғатты сүю, Жер-Ананы сүю, Ананы сүю, Отанды сүю, елді – қазақты сүю… Левшин, Потанин, Тянь-Шаньский, Янушкевич, Маршак, Ивановтарды былай ысырғанда, «Өз қазағымызды өзіміз түсіне алдық па?» деген қиын сұрақ алдыңыздан, күтпеген жерден шығатыны бар. Жасыратыны жоқ, осы бір өмірлік сауалға іштей дайын жүрмегендіктен жарымжан жауапты ғана жасқана айтуға дағдыланғанымыз да шындық. Қазақ ән өнеріне ден қойған Затаевич «Өзім үшін жаңа бір Ғаламшар аштым!..» деп қатты таңырқаған-ды. Бір кездері Әлем картографиясы жаңа жағрафиялық атаулармен толысқан тұста, әркім өзі үшін Қазақ деген құрлық ашты. Демек, оны ашу үшін алдымен түсінбек керек. Бірақ түсіну үшін де жүректе махаббат боп, ол сүю деген іс-әрекетке ұласуы да қажет екенін естен шығармасақ екен. Бүгінгі ұйымдастырған «Дөңгелек үстеліміздегі» әңгіме де осы бір төңіректе өрбитін болады.

Ақжол ОРЫНБАСАР, мәдениет­танушы

Ұлттық негізден алыста­масақ екен

Кез келген халықтың болмысын анықтайтын басты факторлар – мәдениеті, діни ахуалы, өткен жо­лы, тәжірибесі, табиғаты, саяси жүйесі мен геосаяси ортасы. Сон­дай-ақ, «Біз кімбіз?» деген күрделі сұраққа жауап іздегенде өткенмен қатар бүгінгі күні атқарылып жат­қан жұмысты бірге саралау қажет. Біз әлі де болса бұлғағы мен бұра­лаңы көп жолымызды анық саралап, оның бүгінгі күнгі болмы­сы­мыз­ға әсерін толық зерттеп, зер­­де­леп үлгерген жоқпыз. Кеңес дәуірінде тарих бізге көбіне-көп уа­қиғалар тізбесі ретінде көр­сетілді. Ал шын мәнінде тарихтың бүгінгі күнге әсерін сезіну үшін негізгі үрдістерді, әр кезеңде қоғам алдында туындаған сынақтар мен жаңа талаптарды талдауымыз ка­жет. Сол алуан үрдістер, табиғат, қор­шаған ортадағы өзгерістердің қо­ғамға әсері көп таразыланған жоқ. Дәстүріміз бен мәдениетіміз сырт­қы факторлар әсерінен тежеуге ұшыраған. Бұның себеп-сал­дарын тарихтан іздеген жөн. «Біз нені дұрыс істемедік? Қай жер­ден қате жібердік?» деген қос сұраққа жауап беруіміз қажет. Кез келген алдыңғы қатарлы қо­ғам бет-бейнесін, құндылықтарын анық­тауда ең шешуші роль ат­қар­ған – дін. Сондықтан қазіргі қазақ қо­ғамында дін тек құлшылыққа ар­налған дүние ғана емес, саяси қаруға айналды. Сол себепті, қа­зақ өз өзегін жоғалтпай, ұлттық не­гізінен, тегінен алыстамаса екен.
Біз, қазақтар, бір нәрседен қор­қамыз. Бірақ неден қорқаты­ны­мыз­ды өзіміз де білмейміз. Кеңес дәуі­рінде бойымызды дендеген үрей әлі шырмап тұр. Дамы­ған ел­дер нарықтық экономикаға, яғни қазіргі заманғы экономикаға көш­кен кезде сол буржуазиялық дәуі­рінен басталған үлкен рухани инъекция болды. Осы себептен үздіксіз сол заманнан бастап Ба­тыс­тың да, Шығыстың да ұлы ой­шылдары сол инъекция арқылы халықтың рухани келбетін сақтап қал­ды. Ал бізде болса, өкінішке орай, нарыққа көшкен кезде сол инъекция жасалмаған еді. Сонымен қатар, қазақ халқы жаңалыққа құмар, жаңа ортаға тез бейім­дел­гіш. Бұл – артықшылығымыз. Сол себептен дербестігіміз жаһан­дану­дың жаңа үдеуімен тұспа-тұс келуі бір жағынын сын, екінші жа­ғы­нан үлкен мүмкіндік.
Бүгінгі қазақ қоғамындағы ахуал, моральдық дағдарыстың бе­лең алуына және соның бас­талуы­на кінәлі мына Біздер – үл­кенд­ер. Себебі, бүгінгі қоғамға ық­­палы бар дегеннің бәрі – би­ліктегі шенділер, қалталылар, парақорлар, саясаткер мен зиялы да, орта және аға буын өкілдері. Ұлт өз Темірқазығынан айырылып қал­ды. Оның Темірқазығы – ең­бек, білім, имандылық, теңдік пен шынайы адалдық. Бірақ осы бір қасиеттер бойымызда бар ма? Қал­ды ма, өзі?.. Ел ұстыны – отан­сүй­гіштік, ұлттық рух. Ел отан­сүй­гіш болу үшін ұлттық орта тү­­зі­лу керек. Одан кейін Заңнама, жал­пы заң атаулысы өзгеруі қажет. Сон­да Біз, қазақтар, өз мүддемізді қорғай аламыз. Ал мүддені қорғау үшін заң ұлт үшін жұмыс жасауы қажет деп ойлаймын. Мына бір нәрсені қараңыз… Заңды былай қойғанда, қазақтың өзі әдебиеті­нен алыстап кеткендігін мынадан-ақ көруге болады. Мәселен, қазақ­тың басым көпшілігі жыраулар поэзиясы мен Махамбет, Абай, Шәкә­рімдерді түпнұсқадан оқи алмайды. Мен оны бір емес, бірнеше рет байқа­ғанмын.
«Ауруын жасырған өледі» деген атамқазақ. Көптеген зерт­теу­шілердің айтуынша, 15-25 ара­лығындағы қыздарымыздың тең жартысы шетелдіктерге тұрмысқа шығуға дайын боп шықты. Тарихты оқып отырып, бір нәрсені аң­ғара­мыз… Ол не? Қазақ елін, же­рін, Отаны мен қыздарын ешкімге бер­меген. Себебі, олар үйдің бере­кесі, құты, ұйытқысы. Одан бұрын ол ұлт ұрпағы үшін жауапты адам. Енді қараңыз, бүгіндері қазақ қыз­дары қытай жігіттеріне тұр­мыс­қа шығады деген жаңа­лықты түк болмағандай айта беретін жағдайға жеттік. Сонда бұл қазақ үшін ұятты дүние емес пе? Бізге қа­зақты сүю, қазақты тану, қазақ­ты таныту жөнінде айтпас бұрын ұлт ретінде нығаюымыз керек. Кө­р­ші Өзбекстанды қараңыз. Адам саны 31 миллион. Сұмдық қой. Ал біздің қазақ сол 10 миллионнан алысқа ұзап кете алмады. Сауд Арабиясы елінде және басқа да араб мемлекеттерінде қыздары­ның бас­қа ұлт өкілдеріне күйеуге шы­ғула­рына қатаң шектеу қойыл­ған. Олар бұл тұрғыда арнайы заң қабылдаған. Қазақ саны аз ұлт болғандықтан, мұндай заң бізге де қажет деп ойлаймын. Тағы бір сұмдық – қазақ жастарының бе­деулігі мен белсіздігі. Одан кейін, қызтекелер мен біржыныстылар өз­дерін ашық жарнамалай баста­ған кезде ел тағдырына жаны аши­тын кісілердің үнсіз отырғанын түсіну қиын. Керісінше, біздің те­леарналар еркектің әйел рөліне ену жағдайын молынан жарнамалай бастады. Сатиралық театр­ларындағы қазақ жігіттері әйел рөлін ойнауға құштар. Және соған өлер­дей беріліп алған.
«Қазақты сүю, қазақтың қаді­рін білу немен өлшенеді?» деген сұрақ бұрыннан мазалайтын. Қа­зақ­ты сүю үшін түсіну керек. Ал бі­рақ оны түсіну қиын! Мен өз ұл­тым­­ды сүйетін азамат ретінде ай­­­та­рым, елге еңбек еткің келсе, оны жар­намалаудың, жария етудің қа­жеті жоқ. Қолдан келген көме­гіңді аяма. Қазаққа айтылған әр­бір сын Бізді ұлт ретінде қайрай түсу­ге тиіс. Біз енді ғана Әлемдік аре­наға шығып, Халықаралық дең­гей­де үлкен-үлкен жетіс­тік­терге жету­деміз. Алдымен, соған тәубе деуі­міз керек. Екіншіден, қазақты өз­ге ұлттар сыйлау үшін Біз өз-өзі­мізді сыйлауымыз қажет. Сонда ғана беделді боламыз. «Жақының­ды жаттай сыйла, жат жанынан түңіл­сін…» демеп пе еді, атам қа­­з­ақ. Бедел өздігінен келе салмайды, оған да өсіп, жету керек. Қа­зақ­ты шын сүйген кезде ғана, Біз өз-өзімізді тани бастаймыз… Қа­­зіргі кездегі ең қажетті
нәр­­се – осы!..


 

Жанар ӘЛИЕВА,
әлеуметтанушы

Қазақты түсіну үшін таным керек
Қазақ халқы өте қонақжай. Қа­зақ қонақты қатты сыйлаған. Сон­да дастарқан жайып, тағамдар дайын­дап, ет асады. Үй иесі әң­гі­ме-дүкен құрып, қонақпен бірге оты­­рады. Реті келсе, ауылдағы ән­­ші, күйшілерді шақыртып, әң­гі­ме арасында қонақтардың көңі­лін көтереді. Үй иесінің балалары да қонақтарға қызмет көрсетеді. Осының бәрі үй иесінің адам­гер­шілігін, имандылығын, сый­лас­ты­ғын аңғартады. Қазақ халқы­ның қонақжайлылық қасиетін сая­хатшылар мен ғалымдар қатты таң қала жазған. Ел арасындағы: «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады. Қонақ келсе, құт келер. Қонақ қой­дан да жуас, май берсең де жей бе­реді. Қонақ аз отырып, көп сынайды. Асыңа тойғызбасаң да, ақ ние­тіне тойғыз. Иесін сыйла­ған­ның итіне сүйек сал. Құтты қонақ­қа – тәтті тамақ. Жақсы болса ал­­­ға­ның, үйіңнен кісі кетпейді.Жаман болса алғаның, шын до­­­сың да шеттейді. Атың барда – жер таны желіп жүріп, асың барда – ел таны беріп жүріп. Қо­нақ бір күн қонса – құт, екі күн қон­­­са – жұт.
Шақырғанға бармасаң, ша­қыру­­ға зар боларсың. Қонағын сый­­­ласа, төрге шық дейді» деген сөз бар. Тегінде, мұншалықты та­­за халық қалайша жаман болсын? Сондықтан қазақты сүю үшін, оны түсіну үшін үлкен таным керек…
Ғабиден Мұстафин алқасы жиын үстінде: «Бү­гін ұлт­шыл­дық­пен күресу бо­лып жатыр, ертең ұлтсыздықпен күре­­семіз», – депті. Рас, бүгіндері ұлт­­­­тық тұтастық пен ынтыма­ғы­мыз ыдырап, елім-жерім дей­тін­дер­­дің азайып бара жатқаны өкі­ніш­ті. Бүгін қазақтың емес, қара бастың қамын ойлайтындар да көп емес. Әрқайсысы «бас басына би болғандар» (Абай) жетерлік. Өзгеге жаны ашымақ түгіл, өзін де ая­майтындар, керісінше көмегі ти­­ген күнде де көмекейі бүлкілдеп бір нәрсені дәмететіндер көбейді. Осыған қоса, өскелең ұрпақ санасын: «Бай боласың, бастық бола­сың», – деп улауда. Ұлтқа деген махаббат орнамаған жүректе барша адамзатқа деген бауырмалдық қайдан болсын? Ұлтты сүйе білу­дің өзі де ұлылық екен. Шір­кін, бір-бірін бауырындай көріп және қиын сәтте кеудеден итермей, қол ұшын беретін күнде алыс емес шы­­ғар.
Сынаптай сырғыған Уақыт тоқ­тар емес. Замана бет алысын ба­­ғам­дай алмай, қайда бет алып бара жатқанын білмей абдырап, бағытынан адасқан, осынау бір жанымызда қазақты сүюге орын қалды ма екен, осы? Қазіргі мақсат – ұлттың жоғын жоқтап, кемін тү­зетуге ұмтылу. Ұлттық рух болмай, шынайылық та жоқ. Бізде көп жағдайда билікті кінәлау басым. Дұрысы дұрыс қой, енді. Қызметте отырғандардың бәрі ел тағ­дыры үшін жауапты. Бірақ біз, Тәуелсіз Қазақ елінің азаматтары, не істеп жүрміз? Өз ұрпағына ата шежіресін, ана тілін, жеті атасын, та­рихын, әдебиеті мен мәдениетін түсіндіріп, қыз әдептілігін, ұлт ай­бары мен кешегі есіл ерлердің ер­лігін балаларға дұрыстап жет­кізе алдық па? Қазіргі қазақтың болмысы ет жеп, Наурыз мейрамын тойлап, атқа мінумен әбден шектеп тастағанбыз. Қазақтың қазақтығы өз ішінде, оның жанына бітуі керек. Үлкенін ардақтаған, салт-санасын бағалаған ел едік. Бү­гінгі замандастарымыздың өзі салт-дәстүрімізді, қаза­қы­лы­ғы­мыз­ды ескіліктің жұрнағы деп қа­былдайды. Неге? Себебі, негіз­ден айырылып қалған. Қазір сат­қындар, жағымпаздар, өтірікшілер көбейіп кетті. Олар қазаққа жаны ашиды деп ойламаймын. Баяғыда біреу имамға келіп: «Менің жаса­ған күнәларым басымнан асады. Маған Алланың кешірімін алып берші», – депті. Сонда имам: «Иә, се­нің күнәларың бес арықтан лай су ағып құйылып жатқан тоғанға ұқсайды. Бірінші – көзің. Қыз-ке­ліншектерге, мұсылман әйелдерге кө­зіңді сүзбе. Екінші – сенің ау­зың. Жақсы сөз айтып, дұға оқып жүр. Шариғат қаламағанды ішіп-жеме. Үшінші – сенің миың. Зұ­лым­дықтың, әділдіктің, мен­мен­дік­тің не екенін ажырата біл. Төр­тінші – сенің аяғың. Көргенсіз жер­ді баспа. Бесінші – ол сенің құ­лағың. Кесел сөзді терме. Осы бе­сеуі орындалған кезде бәрі жақ­сы болады. Мен сені күнәңнан арыл­та алмаймын. Сен өзіңді-өзің арыл­тасың», – деген екен. Дәл осы сөз­ді ұлтқа қатыстыра айтар болсам, он екі мүшеміз сау кезде елі­мізге еңбек етейік. Себебі, жалпы адам барында еш нәрсенің қадірін біл­мейді. Қазақты сүю, қазақты тү­сіну үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Ең бастысы, қазақ болып қа­лайық­шы…
Әзірлеген Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір