Жарыққа апарар жол
10.02.2017
2734
1

Ұзақ жылдардан бері үнсіздік жайлаған бүгінгі әдеби ортада тым болмаса осы тектес сөз тартыстары орын алып жатса, бәлкім, қуанар ма едік?! Өлген тыныштықтан ара-тұра жаңағыдай таластың болып тұрғаны тәуір секілді. Мұның өзі үмітсіз тыныштық па, әлде дауыл алдындағы тыныштық па, кім білсін?! Жақсылыққа үміт артып үйренген халықпыз ғой… лайым, солай болғай!

Бүгінгі халықтың «көзі, құ­ла­ғы һәм тіліне» айналған теледидарды қосып қалсам, қызу пікір­та­лас жүріп жатыр екен. Екі жақ­қа бөлінген зиялы қауымның бірін та­нысам, енді бірін шырамыттым. Ортақ мәмілеге тоқтай алмай жатыр ма, әйтеуір қабақтары түйіңкі, таққан көзілдіріктері тө­мен түсіп кетіпті. «Әдебиет өкіл­дерінің бұл отырысына түрт­кі болған не нәрсе?» деген сұ­рау­лы ойдың жетегімен көгілдір эк­ран алдында біраз аялдадым. Осы оқиғадан бері қанша уақыт өт­се де, мына бір диалог есімнен ке­тетін емес:
Жазушы:
– Шығарманың әдеби ортада талқылауға түспей жатқаны сын­шылардың қарекетсіздігінен деп білемін.
Сыншы:
– Ауыз толтырып сын ай­тар­лық­тай шығарманы осы күні кез­дестірген емеспін.
Жазушы:
– Көркем шығармаға баға бе­ру­ге лайықты сыншы жоқ.
Сыншы:
– Қазіргі қоғамның сырын шер­тер автор жоқ.

Сын алдындағы сөз
Адам баласының көкірек көзі ашылып, санасына әдебиеттің нәзік сәулесі түскелі бері қанша ғасыр өткенін таразылап көрмеп­піз. Уақыт шеңберіндегі әдебиет тақ­тасына талай ақын-жазу­шы­ның есімі жазылып, бірінен соң бірі келіп, ұрпақ алмасып жатты. Өз заманының қоңырауын соқ­қан қаншама кітаптың тұсауы кесіліп, оқырман қауымына жол тартқанын ойша да болжай алмаспыз, сірә! Бір білеріміз: жазу әле­мінде кімнің қолтаңбасы қа­лып, қанша том кітап шықса да, мұ­ның бәрі ар мен таланттың түйіс­кен тұсы – әдебиет үшін ға­н­а.
Ар мен адамгершілік алдында ға­на қызмет ететін әдебиеттің, бай­қап қарасақ, нақты анық­та­ма­сы жоқ. Кез келген саналы жан­ға «әдебиет» деген кейде те­рең, кейде таяз ұғымды естірте қал­саңыз, көкей кеңістіктеріне ең алдымен мына сөздердің тү­сері хақ: қиялилар, ақын мен жазу­шы, яки том-том кітап, мұға­лім, Вундеркинд немесе ке­шегі Абай мен кейінгі Мұқағали. Бұл, әрине, әдебиетке тау етегінен жантая жатып, алыстан аңду сал­ған барлаушы кейпіндегі адам­дардың жалаң пікірі. Әдебиет ауа-райының ішкі ахуалынан ха­бары жоқ, ондағы ми қайнаған қызу қозғалысты сезініп көр­ме­ген, әдебиетті шабытпен ғана бай­ланыстырып, оны тек Мұқа­ға­ли мен Абай есімдерімен танып жүр­ген кісілерден мұнан өзге жауап күту біздің де өрескелдігіміз бо­лар. Көркем ой мен сүбелі сөз оша­ғының «өз» адамдары әде­биет­­ті бір өлең, яки бір роман өл­шеміне салып жүрген қазіргі уа­қытта жаңағы Абай мен Мұқа­ғалиды танитын жұртқа көңіліміз жібіп қалатындай.
Бүгінгі әдебиет ауылына жолаушылай келген қонақ біз туралы «қазақ әдебиетінің алтын дәуі­рі жүріп жатыр» деген шала ойда қалары сөзсіз. Себебін ауыз­ға алып жатпасақ та сезіп отырған боларсыз: тас лақтырсақ ақын не жазу­шыға тиеді және сөрелерді тол­тырып жатқан белгісіз авторлар тағы бар. Бейне бір «Мен – жазушымын!» деген сөз сәнге айналып, әйтеуір кітап шығару науқаны басталып кеткендей. Әдебиеттегі бұл жаман аурудың салдарын кімнен сұрап, қайдан іздемекпіз? Бәлкім, қалам ұстаған кез келген адамға «не жазсаң да өзің біл» деген әдебиеттің қазіргі кеңдігінен болар. Бұл ұстаным­ның етек жаюына үнсіз куәгер бо­лып отырған әдебиет әлемінің бір өкілі бар: сыншы. Әр автор мен оның туындысына бақылау­шы, барлаушы тарапынан баға беретін бұл қауымның ерекшелігі сол, қырағы көзқарасқа ие болуында. Көркем шығармадағы оқыр­ман байқай бермейтін ұтым­ды штрихтарды бір көрер көз болса, сыншынікі.
Совет Одағы кезінде газет бе­тіне шыққан сыни мақаладан соң мүлдем жазудан қол үзіп кет­кен қаламгерлер болыпты. Бұл сол уақыттағы сынның едәуір абы­ройы мен әділдігін көрсетсе ке­рек. Өткен күннің оралмасы бел­гілі, бүгінгінің мұңын айтарда кешегіні өнеге қылып, тілге тиек етпесек тағы болмайды. Әді­летті ту еткен сыншылар жүр­ген бұл кезеңде төл әдебиетіміздің ұмытылмас автор мен қайта­лан­бас шығарма тудырғанын жоққа шы­ғара алмаймыз. Ой бағы­ты­мызды бері бұрып, өз толқыны­мыз­ға назар салар болсақ, сын мен сыншының өзін таппай, тек сәл-пәл ұқсайтын біреулерді кө­зіміз шалып қалды. Еріксіз ой­ланасың: қазіргі күні сыншы көп пе, жоқ оған еліктеушілер көп пе?

Сыннан сүйкім кетсе…
Бүгінгі әдеби сынның негізі түп­кі тұлғасынан ажырап кеткен­дей. Сын сөзіне әдебиет­тану­шы­ның өз ережесі болса, қаламгер мен сыншының өз теориясы бар. Әдебиетке борышты адамдар мұн­дай дүдәмал пікірде жүргенде, үшін­ші жақтағы оқырманның сын туралы не ойлайтыны бей­мәлім. «Қазақ әдебиетіндегі қа­зіргі сын» туралы сөз айтыла қал­­­са, еске түсетін пендені елес­тетудің өзі екіталай. Біраз ойланып барып, газет беттеріндегі ара-тұра шығып тұратын мадақ мақалаларды көз алдымызға әкелеміз. Оқырманның мұндай әде­би сын туралы баяу көзқа­ра­сына қазіргі ахуалдың әсер еткені айқын. Байқағанымыз: міні жіп­ке тізіліп сын жазылса, шы­бық тимес, шыңқ етердің керін қай­та­лайтын әрекеттердің әлденеше жолы куәгеріне айналдық. Дәл бір сын сыншының алдына «жаз­саң, мақтап жаз. Әйтпесе, мүлдем жаз­ба» деген талап қойғандай. Талаптың шынға айналғаны ма, әйтеуір сыншылар жақтан қазір ешқандай дауыс шықпайды. Осы тұста мына бір нақылды мысалға келтірудің оңтайы түсіп-ақ тұр: адам екі жағдайда үндемейді: бә­рін біліп тұрса немесе түк тү­сін­беген кезде. Сыншылардың қа­зір­гі қарекетін қайсысына ба­­­ларымызды білсек те, білмеген­дей күй танытып отырмыз. Бәл­кім, әдеби ортада қаламгер мен сыншы арасындағы үндестіктің болмауы жоғарыда айтқан «сын көтере алмау» деген жаман әдет­тен болар. Десек те, автордың көңі­ліне қарап, қайықтың жел­кенін бос жібергеніміз әдебиет алдында жасалған күнәмен бір­дей.
Сыншылардың «сын» деп жа­зып жүрген мақалаларына көптің айтар айыбы бар: көркем шы­ғар­маға талдаудың жоқтығы және сон­дағы кейіпкерлердің ішкі пси­хологиясын аша алмауы. Ке­шегі өткен Төлеген Тоқбергенов секілді сыншының талдауына зар болып қалған жайымыз бар. Не­месе орыс әдебиетіндегі Л.Толстойдың өзi В.Белинскийдiң Пушкин туралы мақаласын оқығаннан кейiн «Мен ендi ғана Пушкиндi таныдым» деген сөзі бізге де керек-ақ. Сыннан бұрын сыншыларды жоғалтқан уақытта автордың мерейтойы кезінде жа­зылған тілдей рецензияның өзі таудай болып көрінеді екен. Сын хақындағы ойымыздың осын­ша­лықты арзандап кеткені сын­шы­лардың бұл салаға өлiп-өшкен шынайы сүйiспеншiлiгінің болмауынан да болар. «Геометрияға да шабыт керек» демекші, сын жазу­да да ерекше ықылас пен бі­лім­­нің қатар жүргені дұрыс-ау.
Бір уақыттарда оқырмандар ара­сында мынандай бір психология қалыптасты: жарыққа шық­қан шығарма хақында сыншылар тарапынан бір ауыз сөз айтылмаса, демек оның тым жақсы емес­тігі. Аталған түсінікті қазіргі әде­­би ортаға шақтай алмаймыз. Сын­шы үндемеді екен деп автор­дың жазушылық шеберлігін жоқ­қа шығаруға болмас. Орта­мыз­дағы кей қаламгерлер сын мен сыншыны мүлдем танымай кет­кен жайы бар. «Шығарма сын­шылар үшін жазылмайды» деген Ғабит Мүсіреповтің сөзін алға тартып, өз жыртықтарын өздері жа­мап отыр. Сыншылардың шы­ғар­маны не жақсыға жуытпайтын, не жаманға жатқызбайтын күйін көріп, бұл жазушыларға өк­пелей алатын жөніміз жоқ се­кіл­ді.
Сыншылардың сынға деген бір­жақты көзқарасы осылай жал­ғаса берсе, келер ұрпақ қазіргі әде­биеттің тыныс-тіршілігінен ха­барсыз қалмай ма? Арамызда жүр­ген небір мықты жазушы­лар­дың танылмауының, қала берді, ке­лешекке бейтаныс болып қалуы­ның обалы кімге?«Ой тү­бін­де жатқан сөз – шер толқытса шығады» дегендей, үнсіз жүрген таланттарды бет бұрғызатын күш сыншыларда ғана емес пе? Бүгінгі мен болашақтың арасын жал­ға­ған сыншылардың сын алдын­дағы, әдебиет алдындағы жеті атан түйеге жүк болар жауапкер­ші­лігі бар екенін өздері неге се­зін­бей жүр? Сансыз сауалдарға бір сәттік үнсіздікпен ғана жауап бе­реміз.
Сын мен сыншы хақында біз емес, сол үйдің өз адамдары сөй­леп көрсінші…


 

Ой-талқы
– Сыншы сын айтуда нені бас­ты назарға алғаны жөн және әде­би сынның мәтін талдаудағы мін­деті қандай?

Қажығали МҰХАМБЕТҚАЛИҰЛЫ, жазушы-сыншы:
– Сыншы сын айтарда ең ал­дымен шығармаға қойылар көркемдік критерийлерді басты назарға алғаны жөн. Әуелі көр­кем­­дік қасиеттің өзі шығармада бар-жоғын, сөз етуге лайықты, яки лайықты еместігін анықтап алу керек. Әдеби сынның міндеті мәтін талдау емес. Мәтінді (текс­ті) филолог-ғалымдар мен зерт­теу­шілер талдай жатар, ал әдеби сын тұтас шығарманың жақсы, не жамандығын, автордың не туралы айтып отырғанына, қа­лай жеткізе білгеніне, қан­ша­лық­ты шынайылықпен бере алға­нына қарай талдауы тиіс.

Қозыбай ҚҰРМАН, журналист-сыншы:
– Өкінішке қарай, бұл сұрақ мені іштей қамап отыр. Қазіргі біздің буында бірде-бір кәсіби сыншы жоқ. Бұған өз әріптесте­рім ала тайдай бүлініп, алты ауыз сөз айтар-айтпас. Әңгіме, тіпті онда емес. Меніңше, кәсіби сыншы болу үшін тек кітап кеміріп, аннан-мұннан үзіп-жұлып дерек­сөз (цитата) келтіре беру, сол арқылы өзгенің ойының асылын малданып «жан бағу» жеткіліксіз. Біз қазір бар болғаны зердесі ұт­қыр, зейінді һәм сауатты бір-бір оқырманның деңгейінде ғана өз міндетімізді атқарып келеміз. Сөзіміз мәйекті, миуалы болу үшін бір-ақ мысал айтайық. Егер сіздің алдыңызда екі тұлпар тұр дейік. Сіз оған қалай сын айтар едіңіз, иә болмаса бапкер-сейіске қандай ақыл айтпақсыз? Жарайды, екеуі де бір өңірдің, бір өңір­дің дейміз-ау, бір ауылдың тумасы болсын, онда не айтасыз? Сірә, бұл жағдайда сізге оңай тиюі мүмкін. Ептеп сол өңірдің жер тү­зі­лісі, шөбінің шығуы мен желінің соғу ерекшелігі, тұрған же­ріңіз­дің өзенге жақын-алы­с­тығы турасында ақпар алсаңыз, ары қарай өзіңіздің қазақы ат­бегілік өнерден хабарыңызға қарай бірдеңе айтарсыз. Тіпті болмай жатса, һәкім айтқан ат­тың сынынан ептеп «иемденерсіз». Қал-қадіріңізше. Оған қосымша, хайуан, шіркіннің, «шежіресін» түгелдеп көріңіз. Осының өзі-ақ сізге тәп-тәуір септесер. Ал бұл жа­нуарлар араб­тың немесе ағыл­шынның таза қандылары болса, не айтпақсыз? «Жаңбырлы­ғын ашу керек», не болмаса «қа­мау тері алынғанша ақ көбігін төгіл­тіп, ащы терін арылту тиіс» деп қарап отырмассыз. Се­бебі, бұлар­дың бабы басқа екенін, қазақы жүйріктерше аса қатты шаппайтынын ұмытпаңыз. Кері­сінше, қа­­зақы жылқының баптауы бұдан бөлек.
Ендеше, қазақ әдебиеті тура­сындағы әңгімеге, асырып айтсақ бегзат сынға бөгенайы бөтен дерексөз үстеп, қойыртпақ дүние ұсынуға сіздің қандай қақыңыз бар? Ал әлемдік әдебиетшілердің бір тамшы-лепесіне шындап аң­қаңыз кепті, онсыз қазақ әдебие­тінің күні «қараң да алаң» болды десеңіз, ұлттық менталитетке сай синтездеп кеп жібер­сеңіз – жеткілікті-ақ… Мәтін талдауға келсек, ол сыншының қарым-қабілетінің, білім-білігінің айнасы һәм таразысы. Мүбәдә, сіз, мәтінді танымасаңыз, көркемдік тұрыпты, сөзден сүрінген, логикадан ұтылған кейіпкеріңізді танымадым дей беріңіз. Сөйтесіз де өлең болса, буын-бунақ, ұйқас, екпін сынды бір қалыптан шы­қан, бүгінгі «жас перілердің» бәрі білетін қарабайыр өлшемдер­ге тістей қатып жабысасыз да отырасыз – тиісерге тіркес таппай. Ал ондағы әрбір сөздің қай ке­ңістікте, қай нотада, әрі-бері­ден соң қандай күймен жа­зыл­ға­ны­нан «ләм» деп ауыз аш­паған күйі жабасыз келіп: аузы-мұрнын кедей­амалды критерийлерге сықатып-сықатып. Сықпыты осы. Осының әсерінен бүгінгі жастар поэзиясындағы бір шекпеннен шыққандай пішімі бір, әсіре жылтырлыққа әуес толқын­ның көп көрінуі.

Марат ӘЗІМХАН, ақын, әдебиет сыншысы:
– Ғылым көпке арнала ма, бір­ге арнала ма? Қай ғылым болса да адамзаттың игілігі үшін жасалады. Бойындағы қабілетіне сай адам бір ғана ғылым саласын меңгереді. Ғылым дегеніміздің өзі адамның адам болып қалып­тасуына көмегін тигізсе, онда оның міндеті де адам мәселесі болмақ. Сонымен, көркем мәтін­ге әр сыншы өзінің танымдық ерекшелігін, пікірін, ойын біл­діру барысында ол қандай мәсе­ле­лерге сүйенеді? Кез келген көркем мәтінге сыншы өзінің пікірін білдіре бермейтіні анық болса, сөз танушы адамзат ғұмы­рына пайдасы бар құндылық­тарды ғана зерттеуі тиіс екені мәлім болып шығады. Бұлармен қатар сөз танушы көркем мәтінді талда­ғанда шығарманың мағына­сын, тілін, құрылымын ­басты не­гіз етеді. Егер көркем сөз танушы шығармада қамтылған оқи­ға­лар (сюжет) мен идеялар адамзат ғұмырына ізгілік пен тәрбие әкелмейтін болса, онда оны зерттегенмен де уақытша ғана көзқа­рас болып қалар еді. Егер көркем шығарма адамның адам болып қалыптасуына көмек көрсете алмаса тек зиян келтіре­тіні анық. А.Байтұрсынұлы да «ақыл ісі аңдау» деп жазушыға үлкен талап қояды. Абай «Отыз сегізінші қара сөзінде»: «Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз. Мал бірлән ғылым кәсіп қылмақпыз. Өнер – өзі де мал, өнерді үйренбек – өзі де ихсан. Бірақ ол өнер ға­даләт­тан шықпасын, шарғыға (діни, заңға) муафих (үйлесімді, сәйкес) болсын». Яғни көркем шығарма осы талаптан шыққанда ғана көркем бола алады. Абайша пайымдағанда «әйтпесе жоқ».
Ирина ЛИСОВА, жазушы-сыншы, Мәскеу қаласы:
– Менің пікірімше, әдеби сын­­шының басты міндеті – оқыр­манға шығарма оқуда жол­бас­­шы бола білу. Мәтіндегі ма­ңыз­­ды штрихтарды атап көр­­­­­­­­се­тумен қатар, әдеби білімің­мен де бөліскен жөн. Оқырманның автор ойы мен шығармаға деген көзқарасын кеңейту үшін мүм­кіндік бере алсаң, сыншылық мис­сияңның орындалғаны деуге болады. Жарығы жоқ көше қан­дай болса, сыны жоқ әдебиет те дәл сондай қараңғы болмақ. Әде­би сынды қара түнекке түскен сәу­ле секілді елестетемін.
– Қазақ әдеби сынының әлем әде­биетіндегі шығармалармен бай­ланысы қаншалықты?

Қажығали МҰХАМБЕТҚАЛИҰЛЫ:
– Бұл ретте айтар болсам, бү­гінгі біздің әдеби сын әлемге әйгілі есімдерді жиі қолдан­ғаны­мен, сол есімдер тудырған шы­ғар­малары әдеби контекске қандай ықпал ете алатындығын қазақ оқырманда­рына ашып көрсете алған жоқ.

Қозыбай ҚҰРМАН:
– Жоғарыдағы пікірлерден соң бұл сауал турасында толымды уәж айту қиынырақ. Оның үстіне, бұл ретте «шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген қи­сын­ға жығылудың жөні бардай. Тағы да айтам, біз кәсіби сын­шы емес­піз. Ол үлкен ізденіс­пен келмек. Оған жұрттың берер бағасын үс­теп қойыңыз. Демек, біз тек ең сауат­ты оқырманның біріміз әзір­ге. Сол себепті де бұл сұраққа әзір­ге «бәлен» деп байламды бәтуа, берекелі жауап айта алмай­мыз. Аға буын айтпаса…

Марат ӘЗІМХАН:
– Әрине, байланыссыз әде­биет қанат жайып самғай алмайды. Жақында М.М.Бахтиннің «Автор және кейіпкердің эсте­ти­калық байланысы» деген ма­қала­сын оқыдым. Бұл ма­қалада зерт­теуші А.С.Пушкиннің «Айы­­рылысу» де­ген өлеңін тал­дай­ды. Ақынның ойынша өмір бір кездесу (свиданья). Қазақ мұ­ны «бес күн жал­ған» дейді. Өлең­де адам­ның өмір­ге деген мейірім­ді­лігі, құш­тар­лығы қандай?! Ақын өзіне бе­ріл­ген ба­қытты шын бол­мы­сы­мен түсінеді. «Се­нің барлық сұлу­лығың мен қа­сіре­тің бәрі қал­ды, енді бұл уа­қыт­ша кездесу­ді сүй» дейді. Се­бебі, бақи дүние қазір сені кү­тіп тұр» дейді. («Исчез и поцелуй свиданья…Но жду его: он за тобой»). Өлеңді бір оқы­ғанда түсіну қиын. Бахтиннің талдауы арқы­лы ғана көп нәрсеге көзің жетеді. Міне, осы мақаладан өз басым біршама ой түйдім. Әде­би байланыс осылайша дамиды.

Ирина ЛИСОВА:
– Өкінішке қарай, қазақ әде­би сыншыларымен байланысымыз жоқ. Ал қазақстандық ақын­­дар­мен де, олардың өлең­дері­мен де етене жақын таныс­пын. Атап айт­сам, Антонина Ши­пулина, Аделия Амраева, Ксе­ния Рогожникова, Михаил Земсков. Олар, әрине, орыс тілін­де жазады. Бір жақсысы мен бұл ақындардың кітаптарын Ресейден де таба аламын. Олар жайлы біз­дің ресейлік бұқаралық ақпа­рат өкілдерінің жазып жүргенін көп байқаймын. Бізді таныстыр­ған әдеби орта. Көбісі­мен жас жазу­шылардың форумында ал­ғаш рет жүздескен болатынбыз. Сол уақыттан бері ыңғайы келсе, бас қосып, әдебиет туралы әңгіме құруға асығып тұра­мыз. Мәселен, Петербургте өт­кен фестивальде Антонина Шипулинаның өлең­дерін тал­қы­ладық.


P.S.

Қазақ әдеби сыны хақындағы бұл әңгіменің әр парасынан балаңдықты аңғарған аға буын «көш жүре түзеледі» деген ұйғарымға келуін тілер едік. «Тез қасында қисық ағаш жатпайдыны» айтқан қазақтың өмірлік тәжірибесі әр мезгіл рухани салаға ден қойғанын қалаймыз. Сын түзелсе, әдеби ахуалымыз Әбіш абыз айтқан «теңгермешілдіктен» арылады. Бағытын таппай адасып, я шындықты айтарын білмей дағдарған сыншыларға «сынымыз – шын болсын, шынымыз – сын болсын» дейміз. Ақыл айтты демеңіздер, мұны біз емес, Әуезовтің өзі айтқан еді. 

Маржан ӘБІШ.

ПІКІРЛЕР1
Оқырман 10.02.2017 | 15:15

Әдеби сын қандай болуы керек, сынов қандай болуы керек деген сауалнамалардан шаршамайды екенсіздер. Сын туралы дискуссия жасай бергенше немесе екеуара отырып кәсіби емес әңгімелерді балалатып, жекелеген есімдерге тиісе бергенше, не болмаса әлем әдебиетін үлгі етіп, ақыл айтқанша, бүгінгі әдеби процесс туралы кәсіби тақырыптарды көтерсеңіздер дұрыс болар еді. Оған шама келмесе, күш жетпесе ең болмағанда нақты кітаптарға нақты талдаулар жариялаудың пайдасы әлдеқайда көп болар еді… Мысалы, осыдан біраз бұрын Мараттың жас жазушы Қанат туралы Немесе осы материалды ұйымдастырған Маржан есімді баланың жазушы Ерболат туралы өткен номерде шыққан пікірінің (рецензиясының) пайдасы әлдеқайда жоғары. Жалпы әдеби басылымдарда әр номер сайын бүгінгі әдебиет туралы кәсіби сыни мақала өз алдына жаңа кітаптарға ең кем дегенде ек-үш рецензия жариялануы керек. Олай болмаған жағдайда басылым өз міндетін атқара алмай отыр деп танылады. Әдеби басылымның басты міндеті — әдеби шаруашылық. Мұны басылымдағылар ұйымдастыруға қабілетті болуы керек. Егер авторлармен қарым қатынас орната білсеңіздер, жаза алатын, сынға бейімділігі бар талантты жастар баршылық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір