Трамптың мүмкіндіктер есігі

1
106 қаралды

Франция қаласы Реймсте неміс армиясының тізе бүгуінен арада төрт күн өткеннен кейін, 1945 жылдың 11 мамырында швейцариялық Die Weltwoch газетінде әйгілі психолог Карл Густав Юнгпен «Жан тыныштық таба ала ма?» атты сұхбат жарияланды. Қоғамда орын алар оқиғаларды күні бұрын анықтап, қорытынды шығару үшін сол ортаның психологиясын зерттеудің маңыздылығы жайлы аналитикалық психологияның негізін қалаған Карл Юнг осы сұхбатында сипаттап береді.

Ол бұл сұхбатында неміс хал­қы­ның 30-40 жылдар аралы­ғын­дағы психикасына тоқтала келіп, Германиядан кейін неміс халқы­ның санасына кіріп алған әзәзілдік тылсым күштің өз мақсатын іске асыру үшін басқа да иланғыш ха­лық­тарды іздейтінін айтады. Не­міс­тер­дің өз қателіктерін мойын­да­ғанда ғана жаны тыныштық табатынын, бірақ басқа халықтар­дың немістердің айыбына жиір­ке­ніш­пен қарай отырып, өз кемшілік­терін ұмытқан жағдайда ес­сіз­­дік­тер­дің құрбаны болатынын түсіндірген. Осыдан келіп, сол кезеңде Америкада «жалпықо­ғам­дық иланғыштықтың» үлкен роль атқарғанын, сондай-ақ, ресейлік­тердің де осы бағытта екендігін сөз етеді. Карл Юнгтің келтірген болжамдары қазіргі әлемдік саясат сах­насында да көрініс таба баста­ған­дай. Бірақ қазіргі Америкада орын алып отырған оқиғалар американдықтардың «иланғышты­ғы­нан» гөрі мейлінше ашық ойлайтынын көрсетіп отыр. Бір ғана адамның қоғамдық санаға әсер етуі мүмкін бе деген ой көпшілікті мазалайтыны сөзсіз…
Төрткүл дүниенің тағдырын­дағы маңызды мәселелерді шешуге келгенде салмақты дауысқа ие Америка мемлекеті соңғы жылдары өзгерістер алаңына айналғандай. Президенттік сайлауда Дональд Трамптың жеңіске жетуі саясат­керлер мен бұқара халықтың ойын сан-саққа әкетті. Кезінде фашистік Германия көсемін халық жаппай қолдаса, ал Дональд Трамп мемлекет басына келгеннен бері Америка халқының салмақты бөлігі қар­сылық білдіруде. Қоғам өзі қарсы шық­са ол қалайша президент болды деген сауал туындайды. Әрі оның мемлекет басына келуі тек аме­ри­кандықтарды ғана емес, бү­кіл әлемді шулатқан жаңалық бол­ды.
Америка халқы либерализмнің алтын қағидасы «менің бостанды­ғым сенің бостандығың басталған жерден аяқталады» қағидасына беріктігін тағы дәлелдеді. Либера­лизм­нің Отаны саналатын алып мемлекет басына бизнесмен әрі көпшілікке шыдамсыз, қызуқан­ды­лығымен танылған Дональд Трамптың келуі алдағы әлемдік саясатта әлі талай өзгерістер болатынын меңзегендей. 2015 жылы ол өзінің президент болғысы келетіні жө­нінде БАҚ өкілдеріне жарияла­ған еді. Дональд Трамп сайлауалды мәлімдемесінде «Американы қайта ұлы мемлекетке айналдырамыз» деген ұран тастады. Үлкен саясатта ешқандай тәжірибесі жоқ адам қалайша президент болады деген сауал көпшілікті толғандырғаны анық. Көптеген саяси сарапшылар оның сайлауға қатысқан күннің өзінде 0-ден 35 пайыз көлемінде ғана дауыс жинауы мүмкін екен­дігін болжаған. Әйтсе де бизнестің «жілігін шағып, майын ішкен», ал саясатта тіпті «орта білімі» жоқ Тра­м­п 2017 жылдың 20 қаңтарын­да­ ресми түрде Американың қырық бесінші президенті болып сайланды.
Еуропа баспасөзі беттерінде Трамптың жеңісінен кейін «Амери­ка­лық ессіз», «О, құдай!», «Трамп дауылы», «Беймәлім беткейге се­кіру» сынды тақырыптар қаптап кет­ті. Бұл еуропалықтардың Аме­ри­каның жаңа президентіне деген көзқарастарының көрінісі болатын. Францияның Вашингтондағы елшісі Жерар Аро Твиттер парақ­ша­сында Трамптың жеңісінен соң: «Брекситтен және осы сайлаудан кейін мүмкін емес дүниенің өзі қалмағандай. Әлем біздің көз алдымызда бөлшектеніп, басымыз айналуда» деп жазды. Еуропаны алаңдататын Дональд Трамптың сырт­қы саясаттағы ролі болып отыр.
Бір жарым ғасырдан бері Америка жаһанданудың бастамашысы әрі әлемдік экономикаға әсер ету­ші алыптардың біріншілігінен кө­рін­ген еді. Ал Дональд Трамп «Аме­рика өзінің ішкі мәселелерін шешкенде ғана қайтадан ұлы мемлекетке айналады» деп, амари­ка­лық жаһандану кемесінің рулін кері бағытқа қарай бұрды. Техни­к­а­ның қарыштап дамуының арқасында дүние жүзі «үлкен мемлекетке» айналған кезеңде ол қа­лайша уақыт пен қоғам талаптарын айналып өтті? Біріншіден, Дональд Трамп – медиамагнат. Ол саясатқа келмей тұрып-ақ аталмыш салада салмақты роль ойнайтын медиа бизнесті жете меңгерген. Халықтық санаға қалай әсер етуді жақсы білетін бизнесмен саясатты да шоу-бизнестегідей шулатып үлгерді. Екіншіден, Дональд Трамп­қа уақыт пен кеңістіктің өзі қол­дау көрсеткендей. Ол әлемде теңсіздіктер орын ала бастаған кезеңде саясат сахнасына шықты. Мұндай «қолайлы» жағдай Трамптың ұпайының артуына қызмет етті.
Дональд Трамп президент болғаннан кейін халық арасында митингтер орын алғаны мәлім. Ресми түрде қарсылық білдіргендер саны бір миллион деп көрсетіледі. Негізінен екі жарым миллионға жуық адам наразылық білдірген. Демонстрация Сиэтл, Бостон, Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Ва­шинг­тон сынды ірі қалаларда орын алды. Ел астанасының өзінде бес жүз тоқсан жеті мың адам митингке шыққан. Наразылық білдіргендер тек қана американ­дықтар емес, сондай-ақ, көпшілігі еуропалық қалаларда тұратын әйелдер. Ва­шингтондық құқық қорғау­шылар тобы Дональд Трампты Конституцияны өзгертті деп айыптауда. Конституция бойынша Америка президенті өзге елдің үкіметінен ақша не материялдық құндылық­тарды алмауы керек еді. Бірақ жаңа президент «Trump Organization» ар­қылы өзіне мүмкіндіктер есігін ашып қойды.
Үлкен саясатта саясаткер тарапынан болашақта жасалынуы мүмкін дүниелерді алдын ала болжау үшін оның психологиялық потретін жасау өте маңызды дүние болып саналады. Сөзсіз, Дональд Трамп өзіне неғұрлым көп аудитория жинауды қалайды. Президент­тікке ресми түрде тағайындалған рә­сімде жиналған халық саны журналистердің берген ақпара­ты­нан көп болғанын айтып, тіл­ші­лер­мен сөзге келгендігі – оны көп­шіліктің басқаларға қарағанда артығырақ қолдағанын дәлелдеуге тырысуы. Әдетте жеңіске жеткен адамды мұндай «ұсақ-түйек» қы­зық­тырмайды. Бұл Трамптың басқа саясаткерлерден «ерекшелі­гінің» бір көрінісі. Елді елең еткізу бұрынғы «шоумен» үшін аса маңыз­ды дүниелердің бірі. Ол өзінің отбасында жақсы жар, қамқор әке бол­ғанымен, амеркандықтардың көбі оны аса ілтипатты адамдар қа­тарына жатқызбайды. Твиттер парақшасында қарсыластарымен бірме-бір айтысып отыратын Трамптың саясатқа келіп, салмақты бола қалатынына сену қиын. «Сүйекке сіңген мінез өзгер­мей­ті­нін» жаңа президенттің күрделі шешімдері дәлелдей түсуде. Оның Мексикамен арада үлкен қақпа орнататынын айтуы да алған беті­нен қайтпайтын «қайсарлы­ғы­ның» айғағы. Бұл шешімді де іске асы­ра­тындығына жүз пайыз сенім­ді. Ол халықты өзіне иландыру үшін де медиа саласында жиірек көрінді. Америка халқы оны бір жағынан шоумен ретінде таниды. Оның тіпті Лос-Анжелестегі Голливудтық даңқ аллеясында жұлдызы да бар. Сондай-ақ, Трамп бизнесте тәуе­кел­ге жиі баратын адам. Ол осы салада көптеген сәтсіздіктерге ұшырса да өз мақсатынан айнымай келеді. Әйтсе де, бизнес пен саясат екеуі жер мен көктей екені даусыз. Саясатта тәуекелге барудан алдын, сан мың сұраққа жауабың дайын тұруы керек. Әсіресе, әлемдік алып­тардың бірі – Америка сынды мемлекет билігінің тұтқасын ұстау ғаламдық жауапкершілік жүктейді. Бұл елдің басшысының қабылдаған шешімі дүниежүзі халқының тағдырына тікелей әсер етуі ықти­мал. Қазіргі әлемдік саясаттың тұрақ­сыз кезеңінде Трамп өз мақ­са­тына сенімді ме екен? Болашақта өзінің қабылдаған шешімдеріне толық жауап бере алады ма деген сауал туындайды.
Бүгінде ол өзінің мақсаттарын бір-бірлеп жүзеге асыра бастады. Дональд Трамп президент болып сайланғаннан бері Америка саясатына түбегейлі өзгерістер әкелуде. Мәселен, оның Транс Тынық мұ­хи­ты серіктестігінен шығу жарлы­ғына қол қоюы нені білдіреді? Барак Обаманың басшылығы тұсында жүзеге асқан бұл серіктестіктің американдықтар үшін ғұмыры аяқ­талды. Дональд Трамп «әлемді жарылқауды» аса құп көрмейді. Ол тіпті Канадамен және Мексикамен Солтүстік Америка еркін сауда аймағы туралы келіссөзді қайтадан жүргізетінін де мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл келісім АҚШ-тағы жұмыс орындарының азаюына себеп болып отыр. 23 қаңтарда Дональд Трамп SpaceX компаниясы­ның басшысы Элон Маскпен, Dow Chemical, Johnson & Johnson, Ford және Lockheed Martin компанияла­рының басшыларымен кездесу кезінде АҚШ-тағы жетекші бизнес жеңілдіктер алатынын, ал шетелге шығатын тауарларға шекарада кәдімгідей салық салынатынын мәлімдеді. Ол өз өкілеттілігі ар­қылы «Америка тек американ­дық­тар үшін» екендігін дәлелдегісі ке­летіндей. Оның мұсылман ха­лық­тарына деген ұстанымы да осы ниетінен дерек береді. Дональд Трамп бүкіл әлемдегі кішігірім жүйелерді қаржыландырудан бас тартты. Бұл бас тарту жиырма бес жылдан бері әлемдік балансты сақтауға тырысқан Американың империялық мақсатының енді еш маңызсыз екендігін білдіретіндей. Дональд Трамп Америка саясаты сахнасына шыға отырып, өзі бас­қа­ратын кеменің рулін жаһан­да­нудан кері бағытқа қарай бұрып отыр.
Нұрлайым БАТЫР.

1 пікір

Пікір қосу