Алакөл
10.02.2017
2690
0

«Дитя, я пленился твоей красотой:
Неволей иль волей, а будешь ты мой!» –
«Родимый, лесной царь нас хочет догнать;
Уж вот он: мне душно, мне тяжко дышать!».
Ездок оробелый не скачет – летит…
Младенец тоскует, младенец кричит…
Ездок погоняет, ездок доскакал…
В руках его мертвый младенец лежал.
Гете. «Лесной царь»*

Көкті бу көтерген, Жерді су көтерген тым көне уақытта бұл ойпат Қап тауынан Байкөлге дейін шет-шегі жоқ телегей-тең­із болған. Қар теңіздің жұ­қана-жұрнағы, алыптың тоста­ғаны, қазақтың ұсақ шо­­қы­­лы­ғының қазан шұңқыры Алакөл көк­жиек­­пен тұтасады. Қарағай басын шортан шалған топанның таза суынан соң уыз тіршілік қай­та жанданып, көкте сүйін­ші­ге кемпірқосақ шықты. Жұ­мырт­­қадан жарылған құс­тардың қауыр­сынына кемпір­қосақтан жұққан реңкті бу көтеріп әке­ліп, суға түсіргендей. Үркер­дің батуымен аңызақта жерге түсе­тін шоқжұлдыздар балық пі­шінді. Алтын қабыр­шақ­тың баласы балықтар судың құты тереңде жүзеді. Көкбас­тау­дан құлай ағатын айна бұлақтар жеті судың қормалы, мұз теңізге жол таппаған кей өзендер Ала­көлге құяды.

Су атасы бұлақ, бұлақтар ақса көлдер тоқ, басында бұлағы бар балықты өзендер кең даламен ұзақ ағады. Сасықкөлдің тұнық көкшіл суына жеткенше шағын көлдерге құятын Тентек өзені арындап, үш айырық ашалана, тармақ сулары арқырай тасиды, тау-тасты бұза-жара, көбік шашып өтеді.
Төменде бар нәрсе жоғарыда бармен тең, жоғарыдағы төмен­де­гімен тең әрі сәйкес келеді. Көктің айнасы жердің айнасына шағылған соң аспан мен теңіздің түсі көк. Жер мен Көктің шексіз-шетсіз байланысы жеті қараңғы түнде ағараңдаған Құс жолымен нышан беріп, Ай астында Жер-судың тірі құбылысын тұтас уысында ұстайды.Тау шыңында көкқұстың қанат қағуын, орманда бұланның мүйізі түсуін, суда балықтың уылдырық шашуын, жерде шөптің ақ сүтін реттейді.
Тәңірі миллиард-миллион жұлдызды құс жолына жаратқан соң жер үстінде тулаған көк те- ң­із­дер, ұлы мұхиттар, ақ бұлақ­тар тегіс Айдың тартылыс кү­шіне бағынады. Айдың тегі су. Соның үшін бұлақ суын теңізге сүйрей­ді. Су иесі шақырады. Албасты қабаққа қарап басады. Тәңірдің бұйрығымен судың пірі, жердің киесі бар.Теңіздер жер астымен құпия, жер үстімен ашық жалға­са келе әлемдік мұ­хитты құрай­ды. Су екі дүние – фәни мен ба­қи­дың арасын жал­ғайтын өтпелі көпір.
Көлдің төбесінде шоғырмақ бұлт­тар ілініп, сол жағында жата­ған тау сұлбасы көлбей сұ­лап жатыр. Жағаның көбіктеніп жататын бозғылт суы қырық метрден соң көгілдір ақық түске ауысып, көл ойылып, иірім түп­сіз тұңғиыққа тартқан сайын жал-жал ойнаған перілі толқын­дар жасылдана береді. Көл өзіне жұлқа тартады. Алакөл деп айнытпай атаған. Бұрынғылар ащы көлді Ит кешу, бірде Итіш­пес деуші еді. Алтай таудың ай­насы Алтынкөлдей суы тұщы емес, Итішпестің Алакөлі теңіз еке­нін ащылығы әбден айғақ­тайды.
Қара күзден қыс ортасына шейін Ебі желі азынай соққанда Тарбағатай сауырында суырлар бүрсең қағып інге тығылады. Жер астында суыр елі өлі ұйқыға батқан үскірік боранда жалаңаш Алакөлді сірескен мұз құрсап тастайды. Жылымық ілестіре оралған жыл құстарымен күн ұзарады. Көктемгі аласапыранда жер-су тоң мен жұттан қабат шығады. Қара жерден қар кетіп, айнала көксу-ақсулар күркірей тасып, тұйық көлге адуын Үш­тен­тек, Ұрыжар, Еміл, Қа­тын­су өзендері құяды. Алакөл көкек айда ала-құладан тез арылмайды. Сең бұзылып, сөгілген мұз тұзды суда ұзақ жатып ериді. Көл сарғыш, ортасы қаракөк, ақшыл, көк жалқын, жасыл түспен алуан құбылатыны содан. Айдың өлі жарығында сүт іриді. Алакөлдің бір сабасы Са­сықкөлдің қалың қамысында туып өскен қорсылдақ жабайы шошқаның жас төлі арқасы ақ жолақ болып әлеміш туады.
Көл ішінде шоқиып жатаған тау тұр. Сырт көзге кішірек кө­ріне­тіні арал жағадан он жеті шақырым алыс. Айнала суы мөп-мөлдір, көкпеңбек, бір тұсы жылы ағыс, бір тұсы салқын. Таз тақыр шоқыда ажалды киік, жанды қарға жоқтай жым-жы­лас сезіледі. Аралтөбені жылан ордасы деседі. Алтынды шо­қы­ны ордалы жылан күзетеді. Қа­ра­­бас шағала тұқымы жоғал­ған.
Үркер жерге, сиыр суға түс­кен қырық күн шілдеде жаға­лау­да ине шаншар жер қал­май­ды. Майтабанға батпайтын жұ­мыршақ малтатастар мен шайыртаста жоңғармен соғысып өлген шейіт ерлердің кесік бас сүйегі, ерлер шайқаста мінген қазанат жылқының қу басы, иттің сырттаны, құлан бас, киік бас, бақа сияқты құпия таңбалар көп. Бірқазан, тырна құстың си­­паты тасқа сіңген. Судың құ­ді­ре­ті күшті. Су жады сыр сақ­тай­ды.
Алакөлден ары қорымдар көп. Тау сілемі Жоңғар Алатауымен шектеседі. Қаракерей Қа­бан­бай батырдың жасағы ой­сыра­ған жоңғар-қалмақтың қалдығын қазақ жерінен асыра қуып тастап, Итішпестің жа­ғасына оралған соң қансыраған ерлердің жарасы шипалы судан тез жазылған деседі.
Жаңа туған айдың сызығы әлі көзге көрінбеген өліарада Ала­көлге келушілер мен кету­ші­лерде есеп жоқ. Катамаран, қайықтар жағалаудан тым ал­шақ жүзбейді. Алакөлдің суы адам­заттан ластанбайды.
Биылғы жаз аса нөсерлі. Аспан түнеріп, жарқ-жұрқ най­за­ғай ойнады. Көк күмбезін алтын сызат қақ жарып жібе­рер­дей. Түске дейін кербез көл тұ­нық еді. Кеште көл беті абыржи қат­ты толқыды. Сол жақ тау сі­ле­мі қара бұлтпен тұтасып кө­рінбей кетті. Алакөл долданып, кесек-кесек толқындарын жаға­ға лақтырады. Жалғыз шағала төменге шарқ ұрып ұшып жүрді. Біреу жағаға құлаштай жүзіп келеді. Дауыл тұрғанша жетіп үлгермесе көл араны жұ­тып жіберерін кеш ұққан сияқ­ты. Алай-түлей долы жел кө­те­ріліп, қаз-қатар тізілген қым­бат демалыс коттедждері мен арзан барақтардан бөлек-салақ тігіл­ген бірер киіз үйді жығып кетті. Арқадан сабалап ұрған қап-қара құм жағадан алшақ безіп бара жатқан жала­ңаш балтырларға жабысты. Қою шаңнан ештеңе кө­рінбей кетті. Ізінше бұрқасын қа­ра топырақтың уытын сейіл­тіп нөсер жаңбыр құйды.
Теңіз беті тымырсық. Кешегі мықты жүзгіш елден ерек қиян­дай дара озды. Кенет су астынан оқыс атылған таудай толқындар иірі­ліп кеп соққанда судан ақ бас, арқа тұсы көк жон, дудар ша­шы тарғыл, жартас қабақ, қош­­қар мұрын, күміс сақал, шүңі­­рек көз ұясы бір жалт еткен кісі кейіпті анық көргенде оның иманы ұшып, тұншығып кете жаздағаны сол еді, ышқынып, есін жия сала кері салды.
Сол күні көлге қаладан қара джиппен жас қазақ отбасы де­малуға келді. Уыздай жұбайлар аэропорттан түсе сала джипке мініп, құмды жағажайдан бір-ақ шыққан сияқты. Олар әлі қыр­­қынан шықпаған, қарын ша­шы алынбаған емшектегі нәр­естесін қоса ала келіпті. Шо­мылу­ға киетін лыпа үстінен желбегей жі­бек жамылғы жас босанған мүсінін жасырмаған көрікті келіншегі үшін сымбатты күйеу әдемі шатыр құрды. Ерлі-зайып­ты бейқам екеудің күннен қор­ғайтын қара көзіл­дірігі көз жауын алады.
Жас жігіт басына ақ шыт қал­­пақша, бұтына памперс ки­гіз­ген жалаңаш бөпені көтеріп алып, бұйығы көлге белуардан енді.
Су да көз, көз де су. Судың да көзі бар, көрсе көзақы алады. Маңдайы торсықтай жас нәрес­тенің сүт иісіне елтіген Алакөл­дің қарашығы ұлғайды. Со замат шөкім бұлт бүркеген күн шығып еді, тұнжыр су беті айнадай жарқырап кетті. Жас бала құстың көлеңкесінен тоңады. Қасықтай нәресте бармақтай аяғымен тұнық суға әлсіз тебін­ген. Нәресте күн сәулесі жалт-жұлт ойнаған су айнадан өз жү­зін көргенде, ықылық ата тітір­кеніп, көзін тарс жұма қой­ды. Әкесі шабақтай бұлқынған ұлын қос қолымен жоғары кө­теріп, алақанына салып күн шуаққа тосты. Жаз дидарында күндей балқыған бейбіт көлде жоқ жерден өркештеніп толқын­дар пайда бола кетті. Көзді ашып жұмғанша Алакөл жас нә­­рестені әкесінің қолынан жұлып әкетті. Жаңа туған баланы бауырына басқан асау тол­қындар лезде сейілген.
Ащы айқай құлақ тұндырды. Жас әке есі шыға зар қақты, жанталаса жанын қармана берді. Жас ана өз көзіне өзі сенбей, шың­ғырып жылады. Жағалау толы халықтың кейбірі байқап, кейбірі мүлде аңдамай қалған. Сүңгуірлер тобы шарқ ұрып теңізден жас нәрестені көп ізде­ген. Мұңлық-зарлық екеу түк жұбаныш таппай, түнімен қан жұ­­тып, өкси-өкси жылай бер­ді.
Суда белгі жоқ, көкте із жоқ.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір