Сұлу саздың сәулетшісі
10.02.2017
3557
0

Қазақстан Композиторлар  одағының мүшесі, композитор  Мұратхан Солтанбайұлы Егінбаев ой-толғауларын музыкалық тілде көңілге қонымды, жүрек жылы қабылдайтын­дай  етіп өрнектеуде маңдай терін төгіп, дамылсыз ізденіс үстінде жүретіндердің бірі десе болады. Олай дейтіні­міз, бұған дейін «Жастық шақ әуендері»,  «Сағыныш», «Аққу жеткен» ән жинақтары жарық көрсе, соңғы он жылдың шамасында «Әнім менің – Алашым», «Мөлдір махаббат»  жеке дауысқа арналған  және клавирмен екі томдық «Көңіл сезімдері»  және халық оркестрінің сүйемелдеуінде орындалатын екі томдық «Бабалар үні» атты көлемді ән-нота кітаптары баспадан шығып, республикамыздың кітапханаларына таратылған-ды.

Мұратханның әнге деген құштарлығы қаршадайынан белгі берген. Ол өзінің ту­ып-өскен Алматы облысына қарасты Ала­көл ауданындағы Жыланды ауылындағы ор­та мектепттің сегізінші сыныбында оқып жүргенде ақын Мұқағали Мақатаевтың «Сағындым» атты өлеңіне ән шығарып, онысын оқушылар таласа-тармаса үйреніп, ауыл аймағына тарап кетеді. Қазіргі кезде бұл әнді Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қанат пен Айткүл Құдайбер­ге­новтер алғаш рет эфирге шығарса, Мейрамбек Бесбаев өзінің қоңыр әсем үнімен тың­даушыларының сезімдерін тербетіп жүр. Жас талант мектеп қабырғасында оқып жүрген шағында төрт ән және «Серпін» атты күй шығарып, өнерге деген талпынысын байқатады.
Бүгінде әсем де сұлу саздың сәулетшісі атан­ған Мұратханның негізгі мамандығы құрылыс сәулеткері-архитектор. Целиноград ауылшарушылығы институтының сәу­летші-архитектор факультетін сонау 1964 жылы тәмамдаған жас жігіт туған же­ріне жолдамамен келіп, Ақсу ауданының сәулеткері болып жұмысқа орналасады. Осы салада табан аудармай ширек ғасыр ең­бек етеді. Ауданға қарасты жиырма сегіз елді мекеннің сәулетті де көрікті құрылыс­тар­мен ажарланып, көшелерінің абаттандырылып көркеюіне, мәдени-тұрмыстық, тұрғын үй, өндірістік ғимараттардың құ­ры­лыс­тарын салуға қомақты үлесін қоса жү­ріп, жастайынан бойына дарыған ән өнеріне деген ықыласын бір сәт те суытпайды. Қыз­мет­тік міндетін жауапкершілікпен атқара жүріп, ән мен күй шығаруға құштарлығын өзіндік ізденіспен дамытып, қолы қалт еткенде ойға оралған сазды әуен ырғағын ырқынан шығармай, иі қанғандарын қағаз бетіне түсіре береді. Сөйтіп жүріп алпыстан аса ақынның мәтіндеріне арнап қыры мен сырының аясы кең алуан түрлі екі жүз елуге жуық әнді нотаға тү­сір­ді.
Алматы қаласында өткен «Жаңа ғасырға – жаңа ән!» байқауында Мұратхан Егінбаевтың алты бірдей әні жүлделі орындарды иеленген. Ақын Темірхан Медетбектің мәтініне шығарылған «Абылай» әні Гран-при жүлдесімен марапатталды. Бұл рухты асқақта­та­тын жігерлі ән ретінде ба­ға­ланды. Сондай-ақ, атақты әншілер Махмут Тойкенов пен Есенкелді Рза сахна тө­рінде орындап жүрген «Жапырақ жайсын ұла­ғат» (сөзі Ораз Жұ­­машевтікі) атты әні Жалайыр руы­ның өрелі рухты Ес­келді би, Бал­пық әулие және Қа­былиса жырау жайлы тол­ғай­­тын кең тынысты әуен. Ақ­ын Кәкімбек Салықовтың өлеңіне шыға­рылған «Үш арыс» әні қазақтың ірілері, Абайдың інілері Сәкен, Ілияс, Бейімбет сынды біртуар тұлғаларды ізеттілікпен, ілтипатпен ұлық­тайтын айрықша айшық­талған ғұмыры ұзақ болатын мықты әндердің бірегейі.
«Елім менің» атты республикалық пат­риоттық әндер байқауында ақын Қанипа Бұғыбаеваның сөзіне жазылған «Отан – ана» және «Үш батыры қазақтың» әні Бауыржан Қасым, Рахымжандардың ерлік­терін әспеттейтін әндері «Ән сал, сарбаз» номинациясы бойынша лауреат атанды. Талдықорған қаласы туралы ән байқауында Ғабит Тұрсынбайдың сөзіне жазылған «Сән Талдықорған» әні Гран-при жүлдесін қанжығасына байлады. Сонымен бірге «Үш арыс», «Қаракерей Қабанбай» әндері автор­дың өз орындауында «Ақ қайың» және «Қа­банбай батыр» деректі фильмдерде пайдаланылған. Қазақ радиосының қорына жүзден астам әндері қабылданған.
Мұратханның қай әнін тыңдасаңыз да, ұлан-байтақ даланың көріністерін, адам өмірінің қилы-қилы кезеңдерін көз алдыңа елестетеді. Нәзік сезімнің сырларын егілтіп-төгілтіп, ағылтып-құйқылжытып әуелетеді. Сазгер жердің сырын, желдің уілін, құстың үнін, махаббаттың асқақ арманы мен қиян­ға самғаған қиялдың ұшқыр тұстарын дөп басудың ыңғайын табуға бейім-ақ. Әннің ырғағы көңіліңнің ырғағына айналып кете беретін ықпалдылығы да басым. Ән әуені­мен еліктіріп әкететінін аңғармай да қала­сыз.
Арғымақтардың бәйге бәсекесіндегі ауыздықпен алысқан жарысын бейнелейтін әнұраны іспеттес Мұратханның «Сәйгүлі­гім» сөзі Сәкен Иманасовтікі, әнін Мұқан Тө­ле­баев атындағы халық аспаптар оркест­рі­нің сүйемелдеуімен республикамыздың мәдениет қайраткері, әнші Абылай Қар­мысов орындағанда тұп-тұнық ауаға, маралдай керілген кеңістігі кең далаға, жондары жалпақ жазығында ойқастап құйғыта шапқан жезкиіктердің дүбіріндей елес беретін әнді дегбірің қалмай ықыластана тыңдайсың. Өзің де бәйгеге жаратылған жүйрікті тақымға баса салып, сәйгүліктер­мен қосыла жарысып бара жатқандай делебең қозады.
Қазақилық нақышы басым әуезді әнде­рімен республикамыздың ән құмар қауы­мына танымал Мұратхан Егінбаев ән-күй өнеріне өзіндік үнімен, әуелеген әуенімен үлес қосып жүрген бірегей композитор. Дарынды өнер иесінің әсем әндері бүгінде жер-жерде шырқалып, тыңдармандарының құлақ құрышын қандырып жүргенін жақсы білеміз. Мұратханның айтуы бойынша, ән мәтіндерін поэзиялық кітаптардан, газет-журналдарда жарияланған өлеңдерден ұнатқандарын таңдап алатын көрінеді. Сонымен бірге, ақындармен тығыз байланыс жасап, қандай тақырыпқа өлең жазу керектігі тұрғысында өзара келісіп, бірлесіп талқылайды екен.
Мұратханның ұлтымыздың ұлы тұлға­лары Абай, Жамбыл, Құрманғазы, Шоқан, Сәкен, Ілияс, Бейімбет және басқаларға арналған әндері құлаққа жағымды. Енді бір әні қоңыр қаздай мамырлап келіп жүрек төріне қонақтап қалғанын сезінбей де қала­сың. Тұла бойды шымырлатып, делебеңді дәуірлете жөнеледі. Толғанған шақта үні де қатуланғандай кең тыныспен саңқылдайды. Ырғақты өз еркімен биіктетіп, қарқындай түсетін сәттері де бар. Әр әніне сын көзбен қарайды. Әнінің ақықтай таза болуын қа­лайды. «Қалауын тапса қар жанады» дегендей, шын көңілден шыққан әндері шынайы да шырайлы келетіні де содан. Жанға жайлы жібек сазды, көз жанарының сәулесін, сезім­нің қунышын дәуренін әннің ырғақты үнімен дөп басатыны композитордың өзіне тән ерекшелік. Ұғына білгенге әр әнде биік парасат, ұтқыр ұғым, әсем ырғақтың арасында ақырын ғана тербелгендей әсерге бөлейтін тұстары ақдидар көңіліңді баурап, өзіне тартып әкететін сиқырлы әсерінің өзі бір ғажап әлем.
Белгілі қомпозитор Мұратхан Егінбаев­ әндерінің тақырыптары сан саланы қамтиды. Туған жерден бастау алған ән әуенінің шеруі Ұлы Дала елінің Атырауынан басталып Алтайға дейінгі аралықты қамтитын, әркімнің жүрегіне жол табатын, тыңдаушысын тұшындырып тамсандыратын қарақаттай мөлдір үнді әуендері қалық­тап, шарықтап жатқанына куәгерміз.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қа­зақ­с­танның Халық әртісі Мыңжасар Маң­ғы­таев айтқандай, «Мұратхан Егінбаевтың шығармаларына зер салар болсаң, оның дәстүрлі әндер шығаруға тым жақын екенін аңғарасыз. Оның шығармаларын ести отырып, қазақтың кең байтақ даласын, мұр­ныңды жарар жусан иісін, сонда туып, басын бәйгеге тіккен азаматтарды көріп-білгендей сезінетінің бар. Оны Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегіз сері сияқты халық композиторларының ізін жалғастырушы деп қарауға болады». Мұрат­ханның композиторлығының негізгі мән-мағынасының түп төркіні осыған саяды. Та­рихи тақырыптарды қамтыған, баһадүр бабалар мен даңғайыр даралардың даналы­ғын толғаған, халқымыздың біртуар тұлғала­рын дәріптеген, Алаштың ардақтыларына арналған әндерін радиодан да, теледидардан да, сахна төрінен де жиі естиміз. Баһадүр бабаларымыз дарабоз Қаракерей Қабанбай мен Райымбек батыр ерлігін ұлықтайтын әндері сезіміңді асқақтатып, қаһармандыққа жігерлендіретін кең тыныстылығымен ерекшеленеді.
Мұратханға тән және бір ерекшелік – ол қасиетті домбырасын төсіне өңгеріп алып, өз әндерін нақышына келтіріп, бабымен баяулатып, мәнінің мәнерін нақыштап, ынтызарлы ырғағының ырқын ыңғайынан ауытқытпай шырқауға да машық.
Композитор Мұратхан Солтанбайұлы Егінбаев Астана мен Алматы қалаларында, Талдықорған қаласында, Алматы облысы­ның аудандарында шығармашылық кеш­терін өткізіп, халықтың қошеметіне бөленіп те жүр. Еңбектері де тиісті орындар тарапынан бағалануда. Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттауға бағытталған патриоттық рух­тағы әндер, термелер, толғаулар жазуға, мем­лекетіміздің қалыптасуы мен қоғамдық өмірге белсене қатысқаны үшін Мұратхан Солтанбайұлы Талдықорған облыстық кеңесінің шешімімен «Батырлар жылы» байқауының лауреаты атанған өнер иесі. Сонымен бірге, Ақсу ауданының, Талдықорған қаласының және Алматы облысының Құрметті азаматы. Солай дегенмен де, Мұ­рат­хан Егінбаевтың баспадан шыққан алты томдық кітабына енген әндер мен толғаулары толықтай зерттеліп, зерделеніп, мемлекеттік тұрғыдан өз бағасын ала алмай келе жатқаны ойландырады. Тиісті орындар осы жағын назарға алса деген тілек пен өтініш те бар. Олай дейтініміз, композитор­дың шығар­малары Құрманғазы атындағы консерваториясында, Айман Мұсаходжаева басқаратын музыка академиясында, музыкалық кол­ледж­дері мен музыка мектептерінде дәстүрлі әндері сабақ ретінде үйретілсе, жоғарғы оқу орындарын бітіретіндер дипломдық жұ­мыс­тарына тақырып етіп алып жүр. Сондай-ақ, елімізден тысқары Моңғолия мен Қытай еліндегі ән сүйер қауым сахналарда тұрақты орындап келеді. Бұл өнер иесі үшін үлкен мақтаныш!
Қашан да тыңдаушысын әуезді әнімен тұшындырып, халықтың дәстүрлі әндерінің өрісін кеңейтуге, жаңарып түрлене түсуіне, тың ырғақпен ұтымды ету мақсатында ерінбей ізденіп келе жатқан композитор Мұратхан Егінбаев тағы «Махаббат аралы» атты әндер жинағына үлбіретіп үкі тағып, оқырманға ұсынып отыр. Бұл – бағалы дүние ұлттық үрдіс дәстүрлеріне лайықты әндер жинағы қазақ халқының мәдени мұрасына және саз өнерін дамыту қорына қосылатын сүбелі үлес болуымен қатар ән сүйер қауымға, сондай-ақ, жасөспірімдерді өнерге, мәдениеттілікке баулуға тәрбиелік мәні жоғары әндерді үйретуге үлкен септігін тигізетіні кәміл.
Осы мақаланы жазу барысында белгілі копозитор Мұратхан Егінбаев өнеріне сүй­сініп, тәнті болғандықтан ба екен, төмендегі жыр шумақтары ойға оралған еді. Оны да оқырманға ұсынуды жөн көрдім.

«Сәйгүлігім» ғажап ән! Қандай бақыт!
Ат дүбірі кеткендей әнге айналып.
Делебені қоздырып, таңдай қағып,
Әсем әуен тамылжыр балдай тамып.

Мейірімін құшқандай ай нұрының,
Баурап кетсе қоңыр жай әйгілі үнің.
Бабалардың арманын әнге қосқан,
Арындатып жосылтар сәйгүлігің.

Ұлан-байтақ қазақтың даласының,
Даналардың маржандай бар асылын,
Бабалардың үнін сен құйқылжыттың,
Алтын арқау еттің де дара сырын.

Ешкімге де беріспей теңдігіңді,
Әнмен жырлап тарихи ерлігіңді.
Мәңгілік ел мызғымас тұғырындай,
Ту ғып ұстап келесің елдігіңді.

Заңғар көкті жаңғыртып тынысың кең,
Бүгін жүрсің танылып ірі ісіңмен.
Ұлағатты тұлғалы ірілерді,
Шырқай бергін, жаңылмай жүрісіңнен!

Әли ЫСҚАБАЙ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері,
Алматы облысының Құрметті азаматы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір