ӘКІМДІ ОҚЫТҚАН АҚЫН
10.02.2017
2735
1

1965 жыл. Алматы. №12 мектеп-интернат оқушысымын. Тақпақтарым, әңгімелерім  баспасөзде шыға бастаған. Әдебиет десе ішкен асымды жерге қоямын. Мектепке ақын-жазушылар келсе ауыз ашып  тыңдаймын. Бір сөзін  қалт жібермеймін. Аялдамаға шығарып саламын. Пікір алысқым келеді. Бірақ олар бала деп менсінбейді. Ерін ұшымен сөйлеседі. Ал менің әдебиетке құштарлығым алабөтен. Іште бұлқынған жанартаудай. Бір күні кітапханада газет қарап  отырсам, көзім «Қалтырауық қолдар» деген әңгімеге түсті.  Астында: «Жарылқасын Боранбаев. Шымкент қаласы. №12  мектеп.  10 класс оқушысы» деп жазылған. Сыдыртып оқып шықтым. Ұнады.Міне, сырласатын жазушы табылды. Аталған адреске хат жолдадым. Шымкенттен жауап келді. Біздің Жарылқасынмен таныстығымыз осылай басталды.

Ақын ғұмырнамасынан:
«Тұрмыс тауқыметі жас ақынды ерте есейткен. Алдымен анасы, артынша әкесі өмірден өтеді. Мектеп бітір­ген­­нен кейін алысқа ұзап бара алмай, 1972 жылы Шымкент педагогика инс­ти­тутының тіл және әдебиет фа­-
ку­льтетін бітіреді. Жарылқасын Боранбаев сол жылдардың өзінде облыс жұрт­­­шылығына танымал болады. Ол дәуір – қазақ әдебиетіне қандары бойларына сыймай тасыған, жас дауыстары жұртты елең еткізген бір шо­ғыр таланттың келген жылдары еді.
Солардың қатарында студент Жа­рыл­қасын да 1971 жылы Алматыда өт­кен Қазақстан Жазушылар одағы­ның 6-шы құрылтайына қатысады.Құрылтайға қатысқан студент делегаттар топ болып суретке түсіпті. Жарылқасын мұрағатында сақталған сол суреттегі Кеңшілік, Сағат, Бақ­қожа болса бүгіндері арамызда жоқ. Күні кеше ғана топырлап қатар жүрген жігіттер! Беу, дүние, жалған-ай!
Алғашқы өлеңдері «Көктем тынысы» атты ұжымдық жыр жинағына енеді. Содан бастап «Жанартаулар», «Мәңгілік өмір», «Гүлдесте», «Жаздың жылы жаңбыры», «Мазасыз әлем», «Дүние дүрмек» атты жыр жинақтары шығады. Тұңғыш поэмасы «Домалақ ана», мазары өзінің туған ауылы ірге­сінде қалқиып тұрған әйгілі әулие ана аруағына арналады. Әулие ана мазары кеңестік кезеңде жел мен жаңбырдан мүжіліп қараусыз қалып, ауыл жұрты жиналып жөндегені бар еді. Сонда жұ­мыс­шыларға шидеңдеп су тасыған бала­лардың арасында осы Жарылқасын да жүрген».
Жетпісінші жылдар. Студентпіз.Жарылқасыннан үйленгені жәйлі хат келді. Шымкентке жазғы каникулда бардым. Алғашқы жары /бү­гінде марқұм/ Гүлдана екеуі құр­қылтайдың ұясындай бір бөлмелі жер үйде тұрады екен. Екеуінде бір кереует. Ата-анасы өмірден ерте өткен студент Жарылқасынның тұр­мыс тауқыметін шегіп жүргенін көр­дім. Бірақ бір жақсысы, жанып тұрған жас ақын досымның мына төңірегіндегі тұрмыс тауқыметіне тұмсық шүйіре қарайтыны қуант­ты. Жарылқасын үшін басты бай­лық – өнері, өлеңі екен. Тұлабойы толған оптимизм. Қайран, жастық! Ертесіне екеуміз, арамызда Ысрайыл да бар, Шымкенттің жас ақын­да­рымен сыр­а­ханаларды жағалап дуыл­дап жүрдік.

Қазақстан жазушыларының VI съезіне тұңғыш қатысқан жас
ақын-жазушылар: (солдан оңға қарай) Смағұл Елубаев, Баққожа Мұқаев, Шөмішбай Сариев, Сағат Әшімбаев, Жарылқасын Боранбаев, Жолбарыс Әбішев, Кеңшілік Мырзабеков (1971 ж.).


 

Ақын ғұмырнамасынан:
«Жас ақынның өлеңдеріне ондаған әндер жазылды. Жарылқасын композитор Марат Ілиясовтың «Қазақы дас­тарқаным» деген әнінің мәтінін Наурыз мейрамына арнаған. Бұл әнді алғаш орындаған, марқұм Мәдина Ералиева еді. Аяулы әнші «Менің бағымды ашқан осы ән» деп жүруші еді. Ән мектеп оқу­лы­ғына енгізілген. «Сен екеуміз» әнін Роза Рымбаева шырқап жүр.
Жарылқасын Боранбаев барлық ақындарға тән тағдыр жолының көп­те­ген соқпақтары мен бұралаңдарын, қиыны мен қызығын, бақыты мен мұң-шерін басынан өткерді. Ұзақ уақыт ата жұрты Созақ өңірінде еңбек етті. Осы кезең оның шығармашылық өмірінің бір өнімді жылдары болды. Созақта айтулы азамат аудан әкімі, бүгінде ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қуаныш Айтахановтың қамқорлығын көрді. Әкім оны аудандық газетке бас редактор етіп тағайындады.Талант­тың қорғансыз жандүниесін зерек басшы бірден байқайды. Қуаныш Айтаханов басшы болып тұрған жылдарда Созақ өңірінде экономикалық өрлеумен қатар, рухани серпіліс те болды. Оны біз Қуаныш Айтахановтың ақын досының 60 жылдығына Астанадан Сенаттан жолдаған мына лебізінен байқаймыз:
«…Сіз 20-дан астам жыр жинақ­тары мен тарихи-танымдық кітап­тарды жарыққа шығардыңыз. Алты жыл Созақ аудандық газетін абыроймен басқардыңыз. Сізге сол үшін «Ана тілінің саңлағы» атағы берілді.
Сіздің қазақ тарихындағы көне Созақ жерінің орынын танытудағы еңбектеріңіз бір төбе. Қазақ халқының рухани діңгектері – Баба Түкті Шашты Әзіз, Қарабура, Ысқақ баб, Саңғыл би, Едіге, Асан қайғы жайлы түбегейлі зерттеулер жүргіздіңіз. «Тар­их­тың таң шапағы» атты кітап жаздыңыз. «Қазақ хандығы» қорын құрдыңыз, оның төрағасысыз. Елімізде тұңғыш рет Шолаққорған кентінде қазақтың алғашқы хандары – Керей мен Жәнібекке арналған ескерткіш белгі тұрғызуға мұрындық болдыңыз.
Сіздің есіміңіз елеусіз емес. Шерхан Мұртаза мен Мырзатай Жолдасбековтер өздерінің кітаптарында сіз туралы жылы пікірлер жазды.
Сіздің жұбайыңыз Ләззат Омарова да белгілі жазушы-қаламгер, Т.Айбер-генов атындағы сыйлықтың лауреаты, Оң­түстік Қазақстан облысының «1999-2000 жылдардағы ең үздік жазушысы» делінген белгілі қоғам және мемлекет қайраткерінің осыдан 10 жыл бұрынғы хатында.
Халық жадында Мұхтар Әуезов айтқан мынадай қанатты сөздері қалыпты. Ол «Созаққа барсаң күйшімін деме» деген. Бұны ұлы жазушы шертпе күй шебері Сүгірдің күй тартысын көргенде, қатты таңыр­қап, әрі құрметтеп айтқан екен. Мұқаңды таңырқатқан Сүгір күйшінің ел ішінде есте қаларлық­тай атына заты сай не бір мекеме-мектепке, не болмаса өзінің туған ауылына аты берілмеген екен. Осы жәйтке қынжылған ақын Жарыл­қасын Боранбаев Келіншектау етегіндегі Жыныс ауылынан ашыл­ған жаңа мектепке директор болып тағайындалғанда, осы мек­теп­ке Сүгір Әліұлы атын бергізуге бел буады. Алайда, не жергілікті басшылардан, не облыстан қолдау тап­па­ғандықтан жаңа мектеп көпке дейін атаусыз тұрады. Ақыры ақын­ның табандылығымен ерінбей есік жағалағандығының арқасында сол кездегі Премьер-Министр Иман­­ғали Тасмағамбетовтің қол­дауымен мектепке Сүгірдің аты беріледі.
Тарихы тым терең, қасіреті мол қарт Қаратау мен көне Созақ өңірі­нің шежіресіне ақынның ынтасы қатты ауады. Ақсүмбедегі Дешті Қыпшақ дәуірінен қалған аса құнды жалғыз жәдігер – Ақбикеш мұнара­сын алғаш көргенде ақын былай толғайды:
Он бесінде туған айдай,
Қызбысың сен құралайдай?!
Мұнараға айналдың ба,
Құпиялы күндерге орай?..
Ақ желекке ораныпсың.
Жел желпіген бу ма қалай?
Қыз балаға жарасатын,
Бейкүнә бір мұң болмағай?!
Сәукелелі сұлуға ұқсап
Бір көш жерден шығар жандай.
Шың басында тұрсың жалғыз,
Өте алмас жан бір қарамай.
Мыңжылқының мұзарты да,
Көз қадайды құмар қанбай.
«Ақбикеш» деп ел атапты,
Салтанат, сән бір болардай.
Көкірегінде көрген жанның,
Мәңгі солмас гүл жарардай.
Сол кезеңдерде Жарылқасын тарихи-танымдық тақырыптарға бет бұрып, жас мемлекетіміздің өт­кен тарихы мен оқиғаларына, кей­бір тарихи тұлғаларға деген өзіндік көз­қарас қалыптастыруға ден қой­ды.
Ел ішіндегі қариялардың айтуымен, Шудың Арқаға, Бетпақ тұсынан өтетін өткелектегі «Таң­ба­лы ­тасты» көргенде тарих қойнауы оның алдына тағы бір құпия есігін ашқандай болды. Тап осы жерде мемлекеттігіміздің бастауы – алғаш Қазақ хандығы құрылыпты деген шежіреге байланысты Шу өңіріне қатысты тың әрі мол материал жинастырады. Сол кезеңдерден бастап күні бүгінге дейін «Қазақ хандығы» тақырыбына үнемі өзіндік көзқара­сы мен ой-пікірін, зерттеуі мен тұ­жы­рым­дарын жариялап, атсалысып келеді. Елдігіміз бен мем­лекет­тігіміздің алғашқы басты тұлғалары – Керей мен Жәнібекке арналған республика бойынша тұңғыш орнатылған Шолаққорған ауылы-лындағы монументтің ашылуына мұрындық болды. Оны белгілі мүсінші-дизайнер, марқұм Аманжол Найманбаев жасаған болатын.
Бұдан басқа «Асан қайғы», «Қо­жа Ахмет Иассауи», «Ысқақ баб», «Баба Түкті Шашты Әзіз», «Қа­ра­бура», «Саңғыл би», «Едіге», «Тарихи тұғыр», «Қара шаңырақ қалған жұрт», т.б. мақалалары мен жеке жинақтарын ел назарына ұсынып отырды. Созақ өңірінен шыққан Құлыншақ Кемелұлы, Тәкен Әлім­құлов, Асқар Сүлейменов, т.б. қа­ламгерлердің де өмірі мен шығар­ма­шылықтарын үздіксіз зерттеп, жариялаумен болды. Құмкент щаһарынан шыққан ат-ы алты ал­аш­қа мәшһүр болған Шәді Жәң­гіров туралы 2014 жылы «Білім» баспасынан «Шығыс шайырлары­ның соңы – Шәді ақын» атты тарихи таным­дық кітабын шығарды.
Осылайша бір кездегі ақын-ұстаз Жарылқасын Боранбаевтың шығармашылығы әрі тарихшы, әрі публицист, әрі зерттеуші-шежіреші деңгейіне көтерілді. Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шығарылған «Қазақ кө­те­рі­ліс­­терінің тарихы» атты көп том­дық­­тың «Созақ көтерілісі» ата­ла­тын 21 томын Жарылқасын Бо­­ран­баев жазды.Байқап отыр­ғанымыздай, ақ­ын туған өлкесінің тарихын тануға бой ұрған. Оңтүстік тарихы тұнып тұрған өлке ғой. Аттап жүр­сең алдыңнан әулиелер шығады.Осынау қасиетті жерде өмірге келген қалам иесі қарап отырсақ, тарихшы болмауы мүмкін емес сияқты. Тарихқа бойламауы, насихаттамауы мүмкін емес сияқ­ты. Бүгінде бір ғана Жарылқа­сын жинаған, жазған тарихы мұралар­дың өзі ұшан-теңіз. Оқып шетіне шыға алмайсың. Осының бәрі туған өлке өткеніне деген махаббаттан туса керек. Жарылқасын тірнектеп жиып, жариялаған деректерге көз жүгіртіңіз. Ысқақ баб, Баба Түкті Шашты Әзіз, Байдібек би, Домалақ ана, Қожа Ахмет Иассауи, Қара­бура, Асан қайғы, Едіге, Жәнібек – Керей, Шәді ақын. Бәрі де Алаш үшін аяулы есімдер. Немесе кешегі Созақ көтерілісі. Осы есімдер мен оқи­ға­ла­р­ды зерттеу, насихаттау Жарыл­қасын Боранбаев өмірінің алтын арқауына айналыпты. Туған жер тарихын тірілтуге толағай тер төгіп­ті. Осының бәрін ол ақындық, пе­да­гогикалық қызметпен қатар алып жүре біліпті.
Педагог Боранбаев бастамасымен қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдіс­темесі Қазақстан аумағында ғана емес, алыс-жақын бүгінгі ше­тел­дегі қазақтар диаспорасы арасында да кеңінен насихатталды. Атап айтқанда, Түрікменстан, Өз­бек­с­тан, Ресейдің Тюмень аумағын­да­ғы, Моңғолиядағы қазақтар қа­лың орналасқан өлкелерде Жа­рыл­қасын Боранбаев лекция оқып, көшпелі семинарлар өткізуге мұрындық болды. 1989 жылы Түркістан қаласына Тайқазанның қайтарылуына орай өткізілген қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалім­дерінің республикалық семинар-кеңесін басқарды».
Осы ғұмырнамаға мектепте ұзақ жылдар бойы әдебиеттен сабақ берген ұстаз-ақын Боранбаевтың Жансейіт Түймебаевтай шәкіртінің болғанын қосуды жөн көрдік. Иә, бүгінде Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның әкімі, белгілі мемлекет қайраткері, дипломат Жансейіт Түймебаев 1972-75 жылдары Шым­кент­тегі №12-ші орта мектеп қабыр­­ғасында ақын-ұстаз Жарыл­қасын Боранбаевтан сабақ алған. Жан­сейіт Түймебаевтың әдебиетті жақсы білетінін біз оның ҚР Білім және ғылым министрі кезінде байқаған­быз. Содан кейін осынау айтулы қайраткер Қазақстанның Түркие­дегі елшісі қызметін атқар­ған жылдары оның қолдауымен қазақ әдебиетінің ондаған туындысы түрік тіліне аударылды. Түркие ұлт­тық кітапханасында «Қазақ әде­бие­ті» бұрышы ашылды. Бұл қадам, яғ­ни ел мен елді елдес­тіру­ үл­гісін­дей қадам бізді таң қалдырды. Мек­теп қабыр­ғасынан, ұстазынан келе жат­қан әдебиетке деген үлкен махаббат болмаса, кім біледі, елші бұндай қа­дамға барар ма еді, бармас па еді?!
Бүгінде ақын-тарихшы Жарыл­қасын Боранбаев досым 70-ке толды. Екеумізді таныстырған, табыс­тыр­ған әдебиет екенін айттық. Сол киелі өнерге күллі ғұмырымызды ар­наппыз. Шамамыз келгенше қа­зақтың сөз өнеріне адал болуға ты­рысыппыз. Шамамыз келгенше ұлт руханиятына үлес қосуға ұмты­лып­пыз. Адами достығымыз жарты ғасырға созылыпты. Аз уақыт емес.Осы жылдар ішінде арамызға зәре­дей қылау түспепті. Оның себебі, Жарылқасынға Жаратушы ақын­дық арынды талантына қоса жайсаң да,дарқан мінез берген. Ол үнемі төңіре­­гіне жарастық, жасам­паздық нұрын шашып жүретін азамат. Осынау оның жадыраңқы өміршең рухы жанындағы жары Ләззаттан ғой деп ойлаймын. Өзі де қаламгер Ләззат ақынды аялай біледі. Ләззат Омарова бірнеше прозалық жинақ­тың авторы, талантты жазушы. Екеуі тағдырдың тәттісін де, ащысын да бірге татып келеді. Бірақ мойы­ған емес. Тек осы бір соңғы жыл­дары ғана шыр айналдырған сыр­қат болмаса… Жарылқасынның жанын жабыр­қататын сол сырқат қана…
Жанарға жасын ілінер,
Жанымды менің тек түсін.
Жақындадың ба деп үңілер,
Жүзінде мұң бар жетпісім…

Он сегіз мың ғаламның,
Құдіретіне таңқалдым.
Не етем беріп бағамды,
Жар болсын өзі Алланың…
Шашын ақ қырау шалған ақын досым жетпістің есігін осылай деп қағыпты. Жақа, берілме, бұл тауқы­метті де жеңіп шық дейміз. Ғұмы­рыңа – саулық, шығарма­шылы­ғыңа – шабыт, отбасыңа – бақ-береке тілейміз!

ПІКІРЛЕР1
Аноним 17.07.2020 | 10:40

Жарылқасын шын мәнінде әдебиетке деген көзқарасы таза болатың, ақындығымен қоса тарихи зертеуші ретінде де көп еңбек сінірген жан. Біз Жақан екеуміз Созақ өнірінде жүргенде көп араласып, әдебиет саласында көптеген пікірлер алысатынбыз. Ол өте зерек, құйма құлақ, көрген білгенің өне бойы қағазға түсіріп отыратын. Ұстаз емес па, жалпы тарихи оқиғалар мен хикаяларды зерделеп айтатын. Поэзияға да, тарихқа да үлкен мән беретін. Кәтелікке жол бермейге тырысатын, қиянатқа , өтірік жазғандарға аяушылық білдірмейтің, Өткір мінезді, не айтса да, жеткізе айтатын азамат еді. Біз ағалы інідей сыйластық, өте әзілқой, жайдары, кен пейілді, азаматтық болымысы биік жан еді. Оның қазақтың ән қоржынында қалған өшпес мұрасы «Қазақы дастарқанымның » сөзін жазған Жарылқасын еді. Мені осы өлеңім үшінде келешек ұрпақ еске алатын шығар деп айтушы еді. Мен оның көптеген жинақтарының атын атап тізбектемей ақ қояйын, соның ішінде Созақтын әзілқойлары туралы жазған естелік кітабын бүгінгі ұрпақ қызығып оқиды.
Ал Жансейіт Түймебаев менін оқушым деп мақтан тұтса.Қуаныш Айтахановты қатты құрмет тұтып, мұндай адам ғасырдың құрметтісі деп атайтын. Жақан туралы талай естеліктер жазылар, онымен болған әнгімелер менің әлі күнге дейін жадымда. Ләззат ханымға шын жүректен көніл айта отырып, ұрпағына амандық тілеймін. Мыңжасар Асқарұлы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір