Сырдың Рахаты
10.02.2017
2276
0

Балалар әдебиетінің тағдыры – ертеңгі ел әдебиетінің тағдыры. Бүгінгі ертегі тыңдап, өлең-тақпақ жаттап өскен балдырған – ертеңгі сіз бен біздің оқырманымыз. Сыр өңіріндегі осы балалар әдебиетінің ауыр жүгін көтерісіп, өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген Рахат Наурызбайқызы Наурызбаева білім саласының барлық сатыларында: балабақша, бастауыш-орта мектеп, колледж, жоғары оқу орындары бұдан тыс басқа да мекемелерде қызмет атқарған. 

Қазір де бос отырған жоқ. «Өрлеу» ұлттық орталығының Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында дәріс оқып жүр. Біз оны, негізінен, балалар ақыны қата­рында қарастырсақ та, ғалым­дығын аттап өту еш мүмкін емес. Себебі, Татарстандағы Қазан университеті­нің педагогикалық кафедрасында қорғаған «Балабақша – мектеп– жо­ғары оқу орны жүйесінде жеке тұл­ғаны ұрпақтар сабақтастығын қам­тып шығармашылық бағытта тәр­­биелеу» атты кандидаттық диссертациясы да, «Оқушыларды – ха­лық өнері арқылы көркемдік-шы­ғар­машылық іс-әрекетке эв­­­рис­­ти­калық оқытудың педаго­ги­калық жүйесі» атты докторлық диссертациясы да, тақырыбы көрсетіп тұрғандай, балалар мен жасөспірім­дерге тікелей қатысты құнды дүние­лер.
«Шығармашылық – тұлғаның рухани әлемін ашып, адамды адамға тартатын магнит», – дейді әйгілі ағартушы-ғалым В.А.Сухомлинский. Р.Наурызбайқызы да шәкірттерінің бойындағы қасиеттерді дөп басып танып, оны әрі қарай дамытуға шы­ғар­машыл орта ұйымдастыра алған ғалым-педагог. Мұның бірден-бір дә­лелі: балдырғандар мен жасөс­пі­рім­­дерді қатыстыра отырып, өзі даяр­лаған «Балбұлақ», «Кел, қазақша үй­ренейік», «Бала – Абай, дана – Абай» атты хабарларын облыстық те­­леар­нада жүргізу барысында, бала-ақын, бала-суретші, бала-әртістер дү­ниеге келгенін айтсақ та жетк­і­лік­ті.
Ғылыми ізденістері үстінде татар елінде ұзақ уақыт тұруы оның аударма саласына қызығушылығын оят­қан болатын. Атақты Ғабдолла Тоқай­дың «Шурәлі» поэмасы 15 тіл­ге аударылып, барлығы бір кітапқа топ­тастырылғанда, оның қазақша нұсқасы осы Рахаттың тәржімасымен шыққандығының өзі неге тұрады?! Шәукат Ғалиев, Фәнис Яруллин, Зөлфаттың жырлары мен Туфан Минуллин, Ләйс Зұлқарнай тағы басқалардың прозалық дүниелерін өз тілімізге аударып, «Сүйімбикенің қоштасу дұғасы» («Ғылым ордасы» 1914 жыл) деген атпен жеке кітап етіп шығаруы – оның аударма саласын­дағы жемісті еңбегінің нәтижесі. Кітап атауын Зөлфаттың осы аттас өлеңінен алуы да жайдан-жай емес. Сүйімбике – «Алтын Орда» тұсында­ғы сөз бастаған шешен, ту ұстаған – қолбасы, ірі тарихи тұлға Едіге бидің ұрпағы боп келеді. Діні мен ділі бір, тілі ұқсас екі елге де бөтен емес. Өз кезінде көрші елге ұзатылып барып, жазмыштың жазуымен Қазан ханды­ғы­ның тізгінін ұстаған Сүйімбике туралы Қадырғали Жалайырдың «Шежірелер» кітабынан («Қазақстан», 1997 жыл) біз енді ғана біліп жатырмыз. Қырғыздың Күнімжан дат­қа­сын­дай… Жауға тірідей беріспей, ақ­тық сәтте мұнарадан құлап, өзін-өзі мерт еткен намысқой батыр қыз­дың бейнесі тарихтан қайта тірілген­дей болады.
Жаулармен жойқын алыстым, Еділ,
Жеңілмеймін деп қарыстым, Еділ,
Судай ағызып қан көп төктім, Еділ,
Енді, ғафу сұрап кетпекпін, Еділ,
Олар жеңді.. Біздің қолдан түсті қылыш, – деп өзегін өртей күңіреніп Еділден де, елінен де кешірім сұрайтын бір ғана шумағының өзінде қаншама сыр, шырқыраған шындық жатыр?! «Сүйімбикенің қоштасу дұғасы» жырын сәтті аударып, бізге жеткізген Рахатқа қалай риза болмасқа?! Солай бола тұра оның аударма саласын­дағы ауқымды еңбегіне терең бойла­май-ақ, сөз басын қайтадан ба­­ла­­­лар­ға арнаған шығармашылы­ғы­на бұрайық. Ақынның бұған дейін: «Бастау» («Жалын»,1980 ж.), «Аққозы» («Жалын»,1985 ж.), «Сергек Серік» («Балауса», 1993 ж.), «Алма берсем, аласың ба?», «Сахнада самғаймыз» («Аңсар», 2003 ж.), «Үй-ішімізбен қазақша үйренейік» («Ана тілі», 1994 ж.), «Әуен әлемінде», («Ғы­лым ордасы», 2014 ж.), «Ақ батамен өс балам» («Білім», 2015 ж.), «Ала­қаныңда алтын бар» («Дария» 2002 ж.) кітаптары жарыққа шық­қан.
Осы дүниелерімен таныса отырып бір байқағанымыз – ақын назарынан ешнәрсе тыс қалмайды. Ол қайсы бір тақырыпқа бармас бұрын ең алдымен терең саралап, өзінің бала психологиясы, танымы жөнін­дегі білігімен ұштастыруға тырысады екен. Балаларды көркемдік-шығармашылық іс-әрекетке эв­рис­­тикалық, яғни сұрақ-жауап түрінде тәрбиелеу әдісін ұтымды пайдалануы – ақынның айшықты бір жетістігі дер едік. Өйткені, сұрақ қоя отырып оның жауабын іздеуге жетелеу баланың ой-өрісін кеңей­теді, дамытады, тапқырлыққа үйре­те­ді: Мысалы, «Тапқыр Нұрай» өлеңін алайық:
– Нұрай қайда барасың?
Үлкен екен шелегің,
Жоқ па менің керегім…
– Бұлақтан су аламын,
Дәу әжеме барамын.
Барғың келсе жүре ғой,
Балағыңды түре ғой.
– Дәу ит шықса қайтеміз?
– Таяқ ұстап барармыз,
Сабап-сабап алармыз.
– Аю көрсек не істейміз?
– Өлген болып жатармыз.
– Ол кеткесін не істейміз?
– Үйге қарай қашармыз…
Міне, көрдіңіз бе, күші жетер нәрседен ықпаса да, шамасы келмей­тін нәрсеге жоламай аулақ жүру, сақтану қажеттігін ұғындырып тұр­ған жоқ па балаға… Әрине. Тәрбиелік мәні зор осындай жырлар Рахат шы­ғармашылығының басым бөлігін қамтиды. Әрі өлеңдерін мазмұнын ашатын суреттермен көркемделген «Алма берсем, аласың ба?» бояма кі­тапшасынан тағы бір сұрақ-жауап өлеңін алайық:
– Алма баққа барасың ба?
– Барам, барам.
– Ағаштарды қағасың ба?
– Қағам, қағам.
– Жапырағын жұласың ба?
– Жұлмайм, жұлмайм.
– Тентек бала боласың ба?
– Болмайм, болмайм.
Осындағы сұрақтарға жауап берерде бала өзінің іс-әрекеттеріне айрықша мән беріп, қайсысы дұ­рыс, қайсысы бұрыстығына назар аударып, соған сәйкес жауап беріп тұр. Ақы­нның бұдан басқа біраз өлең­дерінде бір әріпті айрықша даралап көрсетіп, соны балаға іздету тәсілі бар: «уілдейді ұлан, су іздейді Қуан, осылардың ішінен «у» әрпін тауып тұрам» немесе «Аң-таң, маң қала­мын, шаң-тозаң қағамын, осы­лар­дың ішінен «ң» әрпін табамын» дейтін өлеңдері, сөз жоқ, баланы тап­қырлыққа, шапшаң ойлауға баулитыны Оспанхан Әубәкіров ата­мыздың «Ңөң» өлеңін еске түсі­реді.Тіпті, жаңылтпаштарының өзі бір әріпті ерекше даралап көрсетуге құрылған: «Үркек күшік үрме, үйрек жаққа жүрме. Үрбибіні үркітіп, үйге үріп кірме» дейтін жаңылтпашынан бала «ү» әрпін ажыратып тани қояды. Дыбыстар әлемінің сыңғырлы үйле­сімін қандай шеберлікпен берген десеңізші! Еріксіз тамсанып, таң қаласың. Ал жұмбақ жасыруының өзі бір керемет! Аң-құс, жан-жануар­лар әлемін жұмбақтап айтқанда: «мө-ө» деп мөңірейді, молшылық төңірегі» немесе «кісінейді жайлауда, көндікпейді байлауға» деп сол жасырынған нәрсені өзіне ғана тән дыбыстық өлшеммен береді. Бұл қан­дай аң-құс, жануардың қалай үн шығаратынына бала назарын аударып, таным-көкжиегін кеңейтеді.
Айта кетерлік бір жәйт, тілі шы­ғып былдырлай бастаған бүлдіршін­дер үшін жазылған қысқа да тұжы­рым­ды тақпақтары – өз алдына бір төбе. Мысалы:
Балабақшам – ғажап,
Елім менің – азат.
Еркіндікті аңсаған,
Ата-бабам қазақ.
Осы бір шумақтың ішіне бала­бақ­шасының ғажаптығы, елінің азат­тығы, ата-бабасының, өзінің де қазақтығы қалай үйлесім тауып тү­гел­дей сыйып тұр десеңізші?! Ол өз шығармашылығы арқылы балаларды үй жануарларымен достасып тіл табысуға шақырып: «піс тамағым, пісе ғой, дастарханға түсе ғой, қар­ның ашып қалды ма, мысық сен де іше ғой» десе, басқа бір өлеңінде «алмаларды тере ғой, Ақтөске де бе­ре ғой» деп күшігіне қамқор болуға, қайырымдылыққа баулиды.
Бала ұғымы, бала психологиясы ересектерден гөрі өзгешелеу. Осы кереғар қайшылықты «Дәу қыз болдым» өлеңінде баланың өз аузымен жеткізеді: «Апай болып ойнаймын, дәу қызбын деп ойлаймын» дейді кішкентай қыз мәз болып, масаттана сөйлеп. Тез есейгісі келу – балаға тән табиғи құбылыс. Бұл оған еш айып емес. Ал енді осыған керісінше «Майтабан» өлеңіндегі «қозы-лақпен ойнайды, еркелеуін қоймайды, дәу ит болып кетсе де күшікпін деп ойлайды» дейтін жолдарды оқығанда ересектерге тән емес бұл іс-әрекеттің ерсілігі бірден көзге ұрып тұрады. Бұл екі өлеңдегі салыстырмалы іс-әрекеттің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екендігін балалар өздері сезіп-білуге тиіс. Ақынның түпкі мақсаты да – осы. Сөйтіп, ол оқырманын та­биғи үйлесімділікке жетелейді, ой-өрісін жетілдіреді. Осылайша ой­лануға, ізденуге жетелейтін тағы бір нәрсе – санамақ. Мұны ақын екі түрлі тәсілмен үйретеді: біріншісін – тура, екіншісін – жанамалай басқаша сипатта. Мысалы: «Сана­мақ» өлеңін­де: «бір дегенім – бала, бала болар – дана, екі дегенім – ерлік, ер­лікке тән – өрлік» деп тура мағы­насында санаса, басқа санама­ғын есеп арқылы жүргізіп: «біз, біз едік, біз едік, болғаны – бес қыз едік, кі­ріп келді Қадиша, үйде отыр Дариша, тез ойланып табайық, нешеу бол­дық санайық» дейді ақын есепке үй­рете отырып.
Ақынның тағы бір ерекшелігі: айналамыздағы табиғи болмыстың өзіне тиесілі бояуы, түр-түсі барлы­ғына бала назарын аудара отырып оларды байқампаздыққа, қырағы­лыққа баулиды. Мысалы: «Қарға» дейтін өлеңін алайық:
– Қара қарға, қара қарға,
Түрің неге қап-қара?
– Қара бояу көп болды,
Басқа бояу жоқ болды.
Көрдіңіз бе, сұрақ қоя отырып, бала ұғымына сәйкес жауабын да өзі береді. Бұл көп баланың ойында жүрген сауалға әдемі жауап екендігі даусыз. Көп білуге, көп оқуға тырысатын, әр нәрсеге қызығушылығы мол, зейінді балалардың сұранысын қанағаттандыра аларлық мұндай тар­тымды туындылар ақында же­терлік.
Р.Наурызбаеваның ауыз толтырып айтарлықтай тағы бір жетістігі – жергілікті композитор-сазгерлер­мен шығармашылық байланыс жасап, жүзге жуық әнге мәтін жазуы дер едім.
Қорыта айтқанда, ҚР Білім ми­нистрлігінің «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Білім көшбасшысы», «Халықаралық ғылым мен білімді қолдау орталығының «Әл-Фараби» медалінің иегері, ұлағатты ұстаз-ғалым, балалар ақыны Наурызбаева Рахат – Сыр бойындағы тума талант­тардың бірі.
Ал көзге түспей елеусіз жатқан өзіміздің «алтын-жауһар­лары­мыз­ды» жарқырата көрсету – бізге серт. Сол үдеден шыға алсақ, қане­ки?..

Қатира ЖӘЛЕНОВА, ақын.
Қызылорда.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір