Жастарда да жастар бар…
03.02.2017
11248
1

Жас кезде адамның екпіні тасып, бойындағы күш-жігерін қайда жұмсарын білмей дал болады. Ойлы жастың еркі дұрыс бағытқа қарай бұрылса, уақыт өте келе ол ер­теңгі күннің ең қастерлі қазы­на­сына айналады. Даңқты батыр Бау­ыржан Момышұлы «Жиырма жас – тарихи ерліктер жасайтын жас» деген екен. Кешегі сұрапыл соғыс жылдары халқы үшін бойындағы барын берген басқаларды атамағанның өзінде Талғат Бигелдинов, Төлеген Тоқ­таров, Әлия мен Мәншүк, Хиуаз сынды қазақ ұлтының ұл-қыздары қаршадай жастарында-ақ ерлік жасап, ел жадында мәңгі қалды. Әдебиет майданында Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Ілияс Жансүгіров, Бейімет Майлин, Сәкен Сейфуллин сынды ақын-жазушыла­рымыз да өздерінің негізгі еңбек­те­рін жастай қолға алып, жаза бастаған. Иә, болашақта жасалынатын ең негізгі дүниелердің бастамасы жас кезде ойға алынып, санаға жазылып қояды. Жазушы Мұхтар Мағауин «Әбіш екеуміз» атты толғанысында студенттік кезеңнің алғашқы күндерінде, сол кездегі Пуш­кин атындағы орталық кітап­ханада жазушы Сәбит Мұқановпен кездесу болғанын, сол кездесу барысында көптеген жастардың сөз сөйлегенін, олардың ішінде суырылып шыққан көзі ойлы, қа­раторы баланың сөздері өзіне ерекше әсер еткенін жазады. Сол қараторы бала әлі көпшілікке таныла қоймаған халқымыздың біртуар ұлы – Әбіш Кекілбаев еді. Екі заңғардың таныстығы осы тұс­тан басталады.
Орыс әдебиетінің көрнекті клас­сиктері негізгі туындыларын жиырма жас төңірегінде жазып үлгерді. Мәселен, М.Лермонтов «Де­мон» атты көлемді поэмасын он төрт жасынан бастап жаза бастаған. Он жылдай уақыт жұмсалған аталмыш еңбек орыс әдебиетінің ең тамаша шығармасы ретінде баға­ланады.
Әр заманның өз ерекшелігі болатыны ақиқат. Мәселен, Кеңес­тік кезеңде өскен азаматтар жас кезіндегі оқиғаларын айтып отырады. Ата-аналарымыздың мектеп қабырғасында жүргенде, студенттік кезеңдерде түрлі қоғамдық жұмыс­тарға барғандығы мәлім. Бұл сол кездегі қоғамдық-саяси өмірдің ықпалынан туындады. Бірақ олар қоғамдық еңбекке жегілдік екен деп, өздерінің болашаққа деген сенімін жоғалтқан жоқ. Тиісінше өнерге, білімге құштар болды. Ал қазіргі құндылықтар бұрынғыдан бөлектеу. Бүгінгі жастар техноло­гия­ның түрлі жетістіктеріне,
смар­т­­фондар мен әлеуметтік желі­лерде пікір қалдыруға әуес. Мұны тек сыни жағынан қарамай, жастар­дың қоғамдық ойға араласуы деп қабыл­даудың да реті бар. Өйткені, қазір технологияның жетістіктерін тиім­ді пайдалану арқылы көптеген дүниеге қол жеткізуге болады.
Қай қоғамда да келер күннің кепілі ретінде сол кезеңнің жастары аталады. Өткенге көз жүгіртіп қарасақ, тәуелсіздік алған жылы туған бала жиырма беске келіпті. Қазіргі жастар – тәуелсіз мемлекетте дүниеге келген азаматтар.
ЮНЕСКО Статистикалық Инс­титутының 2016 жылдың наурыз айында жариялаған мә­лі­мет­­теріне жүгінсек, жастар арасын­д­а­ғы (ерлер мен әйелдер) сауат­­ты­лық деңгейі – 99.81 пайыз бен 99.87 пайызды құрайды. Бұлар 15-тен 24-ке дейінгі жас көрсеткіштегі азаматтарды есепке алып отыр. Бұл мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан­дағы жастардың барлығы дерлік сауатты екенін көруге болады. Бірақ бұл сандар көрсеткіші сападан дерек береді ме? Олардың ой-санасында нендей жаңалықтар бар және тұрмыс-тіршілігі қандай? Қазіргі жастарды бұрынғы жастардан не ерекшелейді? Олардың өз өмір­леріне көңілі тола ма? Бұл сұ­рақ­тарға жастар арасында бел­сен­ділігімен көзге түсіп жүрген бір­­қатар отандық, сондай-ақ, шет­ел­дік азаматтардан жауап алған едік.


Әйгерім Әлімжанова, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің аға оқытушысы:

– Жастар – қоғамның айнасы. Бүгінгі жастар бәсекеге қабілетті, интеллектуалды ойлау жүйесі бұрынғы буынмен салыстыруға келмейді. Жаңа технологиялар қарыштап дамыған заманда олар тез үйренуге, кез келген ортаға бейімделуге ұмтылуда. Өз өмірлерін техникамен байланыс­тырған жастардың әдебиетке деген құлшыныстары төмендеге­нін байқауға болады. Ал ғылымға деген ынтасы бар жастар жоқ емес. Тың дүние жасауға мүмкіндік, бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеп жіберсең ары қарай дамытып алып кететін алғыр буын бар екендігі қуантады. Негізінен, бүгінгі жастарға мүмкіндіктер көп. «Іздеген жетер мұратқа» демей ме дана халқы­мыз? Алдына нақты мақсат қоя білген адам ғана жетістікке жетері сөзсіз.

Руслан Меделбек, «Азаттық» радиосының тілшісі:
– Қазіргі жастарда мүмкіндік өте көп. Яғни ол –жаңа технологияларға деген қолжетімділік. Бүгінгі жастармен бұрынғы жастарды салыстыра алмаймыз. Қазіргі жастардың шетелге оқуға мүм­кін­дігі көп. Ағылшын тілін мең­геруге де өте қолайлы жағдай қалып­тасқан. Бір қынжылтатыны – баспана алу мәселесі қиын. Қазір жастарға ең керегі де бас­пана ғой. Ал білім деңгейі жақсы деп айтар едім. Орта білім – тегін.

Жұлдыз Әбіл, Халықаралық «Қазақстан-Заман» газетінің журналисі:
– «Еліміздің ертеңі – жастар» деп ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бізге үлкен сенім артып отыр. «Жұмыспен қамту – 2020», «Қазақстан жастары» сынды көптеген мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы сарабдал саясаттың жемісі деп білемін. Әйтсе де шешілмеген бір түйткіл бар. Он жерден қаражат бөліп, материалдық жағдай жасасын мейлі, рухани демеу болмаса, мұның бәрі бекер. Одан кейінгі мәселе – жастар қазір саналы, жаңа технологияны жетік меңгерген дейміз. Оның да кері әсері жоқ емес. Виртуалды әлемге байланып, жүзбе-жүз жолыққанда тілдесуден қалып барамыз. Жанның азығы болатын қазына – кітап дер едім. Менің ойымша, осы бір әдемі дәстүрді қайта насихаттау кезек күттірмес істердің біріне айналатын кез келді.

Сұлтан Мұсахан, Назарбаев университетінің 4 курс студенті:
– Қазіргі жастарды бұрынғы жастардан не ерекшелейді? Бүгінгі жастар бақытты ма? Мен олардың білім деңгейін қалай бағалаймын? Ғылымға деген қызығушылықтары бар ма? Бұл сауалдарға жауап берместен бұрын, «жастық» ұғымы мен үшін нені білдіретіндігіне тоқталғым келеді. Мен мұны іште қайнап жатқан сан алуан сауалдарға жауап іздеген, белгісіз әлеммен танысуға ұмтылып, өмірді түсіне бастаудың бастамасы ретінде қарастырған болар едім. Балалық балғындық сенен аулақтап, критикалық ойлау қалыптаса бастағанда белгілі бір идеяларға таңдана түсесің. «Жастар» туралы жазғанда, мен Алматы қаласының көпконфессиялы, көпұлтты бөлігінде өскендіктен, осыған ұқсас жағдайды университетте оқығандықтан, тек либералды бөлігін жазамын. «Жастар» туралы анықтама берерде, олардың бүгінгі таңда соңғы технологиялар жетістігінің арқасында мейлінше жаһанданғанын айта отырып, сондай-ақ, жаңа ақпараттар ағыны ішкі дүниеңді айқындауға неғұрлым кеңірек үңілуге, өз-өзіңді тануға мүмкіндіктер алаңын тудырғанын сөзіме арқау етер едім. Ата-анамыздың өз-өзін айқындаудағы «қазақ», «ру», «дәстүр» деген түсініктері «қазіргі жастар сүзгісінен» өтіп, мүлде басқа форматқа ие болуда. Мәселен, менің ортамдағы «ру» мәселесі қазіргі құрдастарымды онша мазаламайды. Сондай-ақ, қазіргі жастар әр адамның жеке ерекшеліктерін өте қатты сыйлайды. Мысалы, ұлт немесе дін тақырыптары жастар арасында көп қозғалмайды. Себебі, мұны сегрегация деп түсінеді. Яғни адамдардың қоғамда әлеуметтік статустарының айырмашылықтары бойынша санаттарға бөлінуі деп қарайды. Қазір «жақсы не жаман адамның» басқаша көрсеткіші қалыптасқан. Мысалы, өз ісіне берілгендігі, қарапайымдылық, өнерпаздық деген қасиеттер қатты сыйланады. Жаңа технологиялардың арқасында жастар мейлінше ашық әрі толерантты болып қалыптасуда. Оның жарқын мысалын заманауи музыкалық форматтарда, жаңа өнер түрлерінің жаппай таралуынан бауқауға болады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жастардың өмірі тек жарқын жағынан көрініс бермейтінін де ескеруге тура келеді. Қазақстан 15-29 жас аралығындағы жастар арасында суицид бойынша үштікке кіріп отыр. Бұл Қазақстан үшін өте ұятты көрсеткіш. Өйткені, жаңа әрі шығармашыл жастарды жоғалту тым өкінішті жағдай. Менің жеке көзқарасым бойынша мұның себебі қайта құру кезеңіндегі ұрпақ пен жаңа либералды жастар көзқарасындағы төңкерістер мен айырмашылықтар. Бірінші кезекте, қазіргі жастар
90 жылдардың барлық ауыртпалығын білмеуі, экономикалық күйзеліссіз өскендігі себепті олардың стреске қарсы тұруға осалдығы байқалады. Қайта құрудың «тозағын» көрген ата-аналарымыз, кейде біздің идеяларымызды түсінбей жатады. Себебі, қазіргі жастар жаһанданудан көп әсер алған. Менің қатарлас достарымның көпшілігі ғылымға, философия мен өнерге қызығады. Бірақ олар аталмыш салаларға кәсіби түрде барады деп те айта алмаймын. Өйткені, көпшілігін ғалым­дардың, суретшілердің жұмысы мен жалақылары алаңдатады. Көптеген қатарластарым не басқа мемлекетке кетуді қалайды не, қандай қиындық болмасын, осында қалып либералды көзқараста үлкен қалаларда өмір сүруді көздейді. Қазіргі жағдай мейлінше жақсарып, зиялы, ойлы жастар саны артып келеді деген ойдамын.

Джонгджинг Джао, Польша мемлекетінде білім алып жүрген қытайлық студент:
– Қытай жастарының көпшілігі азат ойлы, жоғары білімді, терең көзқарастағы азаматтар. Себебі, компаниялардан жақсы жұмыс табу үшін біз сапалы білім алумен қатар, көп тер төгуге тиістіміз. Сонда компаниялар да, біз де бір-біріміздің ойымызды дөп басқан болып шығамыз. Біздерде түрлі армандар бар. Олар тек санамыздың түбіндегі қиял болып қалмай, соны іс жүзінде орындауға тиістіміз. Әлемде қытайлықтар өте көп. Қытай жастарының көпшілігі бакалавр, магистр, докторантураны шетелде оқығанды құп көреді. Бұрындары көптеген жастар шетелде оқып, сонда қалып қоятын. Ал қазір бәрі керісінше. Көп жастар оқу бітіргеннен кейін Қытайға қайтып оралуда. Біз, қытайлық жастар, бос уақытымызда көңіл көтеру орталықтары мен караокеге барғанды ұнатамыз. Мүмкіндік бар кезде түрлі аспаптарды үйренгенді жөн санаймыз. Қытайлық жастар үшін оқу мәселесі өте маңызды әрі қатал. Мәселен, мектептерде күрделі үй тапсырмалары беріледі. Мектепте оқып жүрген кезімізде әр күні сағат таңғы алтыда тұрып, түнгі бірде жататынбыз. Бес сағат қана ұйқыға жұмсалатын. Өйткені, жоғары оқу орындарына түсу үшін көп еңбектену керек. Біз оқуда жақсы баға алуға тырысамыз.
Людмила Паламарчук, Польшаның Познань қаласындағы Адам Мицкевич университетінде білім алып жүрген украиналық студент:
– Менің ортамдағы араласатын жастар білімді әрі интеллигент деп айтар едім. Елдегі қиыншылықтарға қарамай жастарымыздың алдағы болашаққа ұмтылып, мақсаттарына жетуге деген талпынысына шын жүректен риза боламын. Мені қуантатын тағы бір жайт – 20-25 жас аралығындағы жастар оқи отырып, жұмысты қатар алып жүр, кейбірінің жеке бизнесі бар. Яғни олар қаржылық жағынан ата-анасына тәуелді емес, тіпті оларға көмек беретін жағдайға жеткен. Біздің жастарымыз қай жағынан да талантты: өлең айтып, би билеп, жаңалықтар ашуда. Бұл басқа елдерде жоғары бағаланады. Өкінішке орай, елімізде жастарды қолдау жағы осал. Бірақ бұл олардың мотивацияларына әсер етпейді. Өйткені, Украина жастарын түрлі гранттар бөліп, оқу-тәжірибе алмасу жағынан шет мемлекеттер құшақ жая қарсы алып жатады.
Осыдан ғасыр бұрын көрнекті ақын Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп, елінің ертеңі болар ұрпағына үміт артып еді. Алаштың арда ұлының сенімін ақтап, болашақтың шамшырағы болу– жастардың ең абыройлы парызы. Қазақстан жастары жаңа заманның ағынына ілесіп, бүкіл әлемге ешкімнен кем еместігін дәлелдеуде. Өнер, ғылым, техниканы меңгеру жағынан оқушылар, студенттер төрткүл дүниеде болып жатқан олимпиадалық жарыстарда жүлделі орындарды иеленгені де көпшілікке аян. Өнер саласында, бүгінде қытайлық «I am a singer» байқауына қатысып жатқан Димаш Құдайбергеновке бар қазақ жанкүйер болып отыр. Жиырмадан енді ғана асқан жас өрен қазақ әнін алып империяға паш етіп, миллиардтарды шынайы өнерге тәу еткізуде. Бұған дәлел – көзінен жас аққанша қолпаштап отырған қытайлық жанкүйерлердің қазақ әншісіне деген құрметі. Осыларға қарап отырып, бүгінгі күні біз жастар жасаған істер ертеңгі күнге бағдар, келер заманның өрендеріне үлгі болуы үшін де алда қаншама міндет тұрғандығы күн өткен сайын айшықтала түскендей.
Нұрлайым БАТЫР.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 24.12.2019 | 17:26

Кой жастар күн болды ойланарлык дегенге шыгарма

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір