Інжу-Маржан
03.02.2017
3461
0

Мен ол кісіні аса танымайтын едім. Бірақ экраннан бет-бейнесін әлденеше рет көргем. «Жамбылдың жастық шағы» фильмінде Сарбас ақынның рөлін шынайы сомдады. Кейіннен «Күлпәш», «Рэкетер», т.б. фильмдерге түс­кені бар. Ол бөлек әңгіме.

Әрбір ақындар айтысы өткен сайын ақ плашын жарастыра киген, өңі сұсты, сол бір кісі айтысқа қал­май келетін. Қазылардың дәл желке тұсына отырып алып, олар­дың көтерген ұпай санына байланысты әрекідік келіспеген кейіп­те­гі даусын да нөпір халықтың ара­сынан естіртіп қоятын. Ол кез – ақындар айтысының дүрілдеп, Мэлс, Аманжол, Мұхаметжандар бір шаңды бір шаңға қосып жатқан уақыт еді. Әсіресе, М.Тазабековтің адамның он күн ойланса есіне түс­пейтін, қиыннан қиыстырған не­бір сүбелі сұлу сөздері мен кесек-кесек ойлары барлығымызға бас шайқататын. Дүбірлі дода біткен соң сәндеп қойған сақалы болған­мен, шашын тықырлатып алып тастаған, қияқ мұрт, қысық көзді, сырт қараған кісіге атаманнан ау­май­тын ақ плашты ағай Мұхамет­жан­ның оқ қағары секілді қасынан табылатын. Айтыскер жігітті пла­шының етегімен көлегейлеп, еш­кіммен сөйлестірмей ертіп кететін. Мен секілді талайлар осы бір адамның айтысқа, өнерге қатысы қанша екен, ең болмаса ақынмен суретке де түсе алмай қалдық-ау, деп ренжіген кейіпте соңынан қа­рап қала беретін. Сөйтсек, М.Таза­бековтің айтыстағы бас бапкері ақ плашты ағай екен ғой. Оны кейін­нен білдік.
Күндердің бір күнінде әлгі кө­кем әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі журфактың баяғы № 5 жатақ­ханасының төменгі қабатындағы оң қапталынан жеке кабинет алып, Ұлттық университеттің тәртібіне жауап беретін бас маман болып орналасыпты. Жыға білмесек те, сырт пішініне қарап өзіңізге сай қызметті енді тапқан екенсіз деп қойдық ішімізден. ҚазҰУ-дің Т.Қожамқұлов бастаған сол кездегі басшылығы қандай уәдемен әкелгенін кім білсін, тәртіптің на­ғыз маманы келген соң, әсем қалашықтағы анау-мынау бассыз­дықтар пышақ кескендей тыйылды. Арада ай аунап, жылдар жылжып уақыт алмасты. Темірдей тәр­тіп орнатқан әлгі кісі жур­фак­тың деканы Бауыржан Жақыптың орынбасары болып шыға келді. «Апырай, бұл адамның журфакта несі бар екен», – деп одан сайын таң қалдық.
2009 жылдың қаңтар айында Қазақ радиосының директоры Ж.Ерманның 2-ші рет шақыруы­мен радиоға қайта жұмысқа тұра­тын болдым. Кіре беріс есікте баяғы жүзі таныс ағаймен тағы ұшырастым. Бас директор ол кісіні де радиоға қызметке шақырған екен. Сонымен, менің бүгінгі бас кейіп­керім Қошан Мұстафаұлы «Әдебиет және музыка» редакциясына қабылданып, «Інжу-Маржан» хабарын дайындайтын жүргізуші-ре­дактор болып бекі­тіл­ді. Сол күні екеуіміз рес­ми танысып, кешке қа­рай үйге бірге қайт­тық. Қошан көкем Гүл­даланың арғы жағында Панфилов дейтін ауылда тұрады екен. Біздің тұ­ра­тын жа­ғымыз да, ба­ғы­ты­мыз да бір болып шық­ты.
«Жылқы кісі­нес­­кенше, кісі сөй­­лескенше» дейтін сөздің қат­пары­ның қаншалықты қа­лың еке­­ніне Қошан ағамен та­нысып-білісіп, сырласа бастаған­нан кейін мән бергенімді несіне жасырайын.
Қарашаңырақ Қазақ радиосында қауышып, аға мен інідей та­быстық. Жұмыстан қайтқан уақытта аузын ашса жүрегі көріне­тін ақ пейіл, парасатты жары Роза әпкемнің қолынан талай шай іштім. Дастархан басында шежіре, тарих, әдебиет пен өнер хақында алуан түрлі әңгіменің тиегін ағы­тып, бүтін болмысыңды баурап алатын Қошекеңнің қоңыр үні толқындағы тораптан мүлде бөлек боп естілді. Оның сырына үңілгіңіз келсе, Қазақ радиосындағы «Інжу-Маржан», «Терме» хабарларына құлақ түріңіз!
«Інжу-маржан» деп ат қойып, айдар таққан хабарының әліппесін бар қазаққа ортақ тұлға әйгілі Қабан жыраумен ашқан еді. Бүгінге дейінгі «Алтын қорға» өткізген 400 хабарының әлқиссасын осылай бастап еді.
Осы хабардың авторы Қошан Мұстафаұлының өз сөзімен айтсақ: «Көненің тарихы боп қоңыраула­тып, құлаққа жағымды қобыз сарынындай жыраулық дәстүрдің, жыршылық-термешілік өнері жіп иірген ұршықтай дөңгеленіп, ХХІ ғасырға да иек артты. Ел басынан өткен үлкенді-кішілі оқиғалар, тарихи тұлғалар туралы деректер, ақылды, аталы сөздер, өнегелі
өс­иет­тер халық жадында өлең-жыр, аңыз-әңгіме болып сақталды. Ел аузында өмір сүрді. Осындай құн­ды мұраларымызды ұрпағына жеткізуші жыршы-жырауларымыз. Олар әдеби тіліміздің, тілдік қоры­мыздың баюына, қалыптасуына үлкен үлес қосты. Қазақтың қай жерін алсақ та, ән, жыр-термеден кенде емес. Ерлік, батырлық дас­тандар, лиро эпостар, шығыстың аңыз сюжеттерінен құралған хикаялар барлық жерлерде тегіс жыр­ланған. Осындай жыр-дастан­дардан алдыңғы ата ұрпақ сусындап өсті. Қазақ халқы бағзы замандардан табиғатынан ойшыл, дана, көсем де шешен, батыр халық. Мұ­ны жырауларымыздың жырынан, әдебиеттен қалған байтақ мұра­ларымыздан да көреміз. Соның бірі – жыр кеніші, таусылмайтын мөлдір бұлағы Жетісу өлкесі. Бұл өлке әнші-күйші, ақын, сал-сері­лерді ақ­иық қырандай түлетіп, балақ бау­ын босатып, талай бәйгеге қос­қан саңлақтардың құт мекені. Жетісу ақын-жырауларының көш басында Қабыл Иса Қабан жырау тұрады».
Көрдіңіз бе, өзі де балақ бауын босатып, қияға шырқайтын қы­ран­дай қомданып, Қабан жырау жайлы толғай-толғай сыр айтып, даңқты жыраудың арғы-бергі тарихын қопарып, құм ішінен ашу тас аршығандай жыр-дастандарын жинады. Оны Жетісу мектебінің дәстүрлі мақам-сазына салғызып А.Әбдуалиев секілді бүгінгі жыр­шы­ларға айтқызды. Сиқырға арбал­ғандай радиоқабылдағышқа құлағымызды төсеп әлі тұрмыз. Бағдарлама аяқталып қалған екен. Кенет шыр ете қалған телефон үні ойымызды үзіп жіберді. «Шынды­ғында мән бермейді екенбіз, Қабыл Иса бабамыз не деген телегей-теңіз жырау болған. Өзі кеткенмен бүгінге сөзі жеткен Қабан ақынды қайта тірілтіп, оның өнегелі өсиеті арқылы жаҺанданудың шылауына шырмалып бара жатқан барша­мыздың санамызды сілкіндірген «Інжу-Маржан» хабарының «Айтаманы» Қошан Мұстафаұлына мың алғыс!», – деп, өз пікірін жет­кіз­ген тыңдарман сөзінен шынайы ықыластың нышанын се­зіндік. Бұл – радиоға қоңырау шал­­ған тыңдарманның тек алғаш­қысы ғана болатын.
Айтаман деген терминді енгіз­ген ф.ғ.к., доцент Сағатбек Медеу­бек­ұлы. Ғалым 2012 жылы «Түркіс­тан» газетінде Қ.Мұс­тафа­ұлы ту­ралы жазған мақаласының та­қырыбын «Айтаман» деп қойған болатын.
Шынында Қойшығұл Зарлиев Қазақ радиосының айтаманына айналды. Небір асыл-жауһарларды жарқыратып эфирге шығарды. Көне қиссаларды айта алған майталмандарды майын тамыза дәріп­теді. Қабан жыраудан кейін дереу Жамбыл ақынның шығарма­шы­лығын хабарға арқау еткен Қоше­кең өзіне тән зердесі де, хабар са­зы­ның пернесі де бөлек екенін байқатты. Жүз жасаған Жәкемнің осыған дейін әрбір жыры жете зерттеліп, дамылсыз дәріптелге­німен, Қошан ағаның «Інжу-мар­жанынан» Сүйінбай шәкіртінің құнды дүниелерін басқа қырынан таныдық.
Жампоз жыршы Алмас Алматовты да тыңдаушысымен қайта табыстырған Қошекең еді. Уақыт ырғағымен Алматовтың аты-жөні радио эфирінен айтылмай қалған кезеңдер де болған. Топты көрсе кісінеп, шиыршық атқан тұлпар­дай қос құлағын қайшылап, шабыс тілеп тұрған сәтті кезінде Қошан ағамыз диктофонын көтеріп, Ақмешітке жөнелді. Барғанына орай, Қобыланды, Алпамыстан тартып Тұрмағамбетке дейінгі тегеурінді тұлғалардың тәмсілін толқын-толқын тулатып, таңды-таңды ұрып жырлаған Алмас жыраудан мол олжаға кенелді. Оның бәрі «Тұғыры биік сұңқар» деген атпен 6-бөлімге бөлініп, 30 минуттан Қазақ радиосының толқы­нынан тарады.
Жыр десе ең алдымен, Сыр өңірі еске түсері хақ. Бірақ Қоше­кең сырды да кешіп өтіп, кен іздеген кен­шідей Қазақ даласының төрт бұрышын түгел шарлады. Тіпті, Түркімендер жаққа да барып қайту ойында бар екенін айтқан-ды. Оны уақыт көрсетер.
«Ілімді Қытайдан да алуға болады» дейтін өсиет қалдырыпты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.). Қайбір жылы тіл мен діннің қай­мағы бұзылмаған Қытайдағы қан­дастарға да барып-қайтты. Кезінде қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасының олқы тұстарын осы Қошекең толықтырды десек, артық айтқандық емес. Мұқағали ақын бүкіл қазақ даласын құша­ғына сыйғызып, қалай еміреніп жақсы көрсе, Қошан Мұстафаұлы да ешкімді жері мен еліне, ру-тайпасына бөлген жоқ. Парламент­тің төрінде отырған жыршы мен қал-жайынан ешкім хабарсыз, саяжайды паналап отырған жырауға да эфирдегі уақытын тең бөлді. Академиктермен халық қалаулы­ларын ел ішіндегі ескі әңгімені білетін қарапайым еңбек адамдарын да хабарына қатыс­тырды.
Төле би, Абылай хан, Қойгелді, Қабанбай, Райымбек, Сұраншы мен Саурық, Жанқожа батырлармен Таңжарық секілді ақындар жайындағы әрбір хабары елдік пен өрліктің, ақыл мен парасаттың байламын жеткізді. Осы аталған бектер мен би-батырлардың тек қана жеке басы айтылған жоқ. Солар арқылы арғы дәуірлердің бүтін болмысы ашылды.
Сүйегіне сөз сіңіп, тамырында өнер тулаған Қошан ағаның әу бастағы арманы – Құрманғазы атын­дағы Ұлттық консерваториясында білім алу еді. Оған сан түрлі себептермен қолы да, жолы да жет­педі. Ауылдан келген арманы асқақ жі­гіт­тің ендігі бағыты – ауыл шар­уа­шылық институына бұрылды. Ол жерде білім алған шағында ортекедей ойнақтаған оғыланның жанына небір дүрлер жиылды. Білекті де жүректі Қошекең өзі наси­хатта­ған ерлер секілді, кереғар қоғамның кезеңінде ұлттық намысты ту етті. Куәгер курстастары ол күндердің қызығын сыр ғып шертіп, жырғып айтып жүр.
Қолына диплом алған жас маман, агроном болып Қаракемерден бір-ақ шықты. Домбыра шертер қолына тағдыр төреші секатр-қай­шыны ұстатты. Күні-түн егіс алқа­бында жүретін бас маман Кегенде жыршы-термешілердің байқауы өтетінін естігенде байыз таппады. Ішкі сенімі үмітін ақтады. Терме-толғаудан төгілтіп, Ақан серіше ән салды. Қазылардың төрағасы Жәнібек Кәрменов Зарлиевтің өне­ріне тамсанды. Сол бір өнер додасы Қошекең үшін руханияттың ауылына қайтадан жол салды.
Сол қалпы шаруашылық саласына бұрылып кетсе, сіз бен біздің Қошан Мұстафаұлын мүлде біл­меуі­міз де мүмкін еді.
Ауыл шаруашылығынан Қоше­кең­нің «Ауыз шаруашылы­ғына» ауысқаны абырой болды. Қыр мен даланың емес, жыр-терме дейтін саланың агрономына айналған білгір маманның жемістері Қазақ өнерінің бақшасында жылдың төрт мезгілінде де пісіп тұрады енді.
Ал өзінен тараған ұл-қыздары да ұлағатты. Әсел қызы мен күйеу­ба­ласы Айдос та, ұлдары мен келін­­дері Дулат–Әйгерім, Азамат–Арай да бұл күнде бір-бір отау иесіне ай­налды. Өзі де, сөзі де әкесінен ау­­май қалған кенжесі Әбіш өнер жолын таңдап, Чайковский атын­дағы колледждің күйшілік класына қабылданды. Әке арманының бір орындалғаны осы болса керек.
Бүгінгі уақытта жыршы-термешілердің шырақшысына айналған асыл ағаның тынымсыз еңбегі еленіп, ел-жұртының да, Елбасының да құрметіне бөленіп, Тәуелсіздіктің 25 жылдық тойы­ның тұсында «Құрмет» орденімен марапатталды. Марапат нағыз өз иесін тапты. Осындай өренді өмір­ге әкел­ген Әулиеата өңіріне де мың алғыс! Жаппар иеміз Мұстафа ата­мызбен Тұрған анамыздың да рухын көкте шалқытсын!
Қошан Мұстафаұлының әр жасаған хабарында іздеп тапқан інжу-маржандарын жарқырата шашып, дауылдатып айтқым келіп-ақ отыр. Әттең, газеттің беті санаулы, уақыт та өлшеулі. 60-тың арғымағына ер салған Қошан көкеме Құдай қуат берсін!

Бақыт Жағыпарұлы,
Қазақ радиосы,
Алматы студиясының тілшісі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір